БАУЫРЖАН МОМЫШҰЛЫН ЕСКЕ АЛУ КЕМПІР МЕН ҚЫЗ ЖОЛДАҒАН ҒАШЫҚТЫҚ ХАТ ЖӘНЕ АЛМАТЫДАҒЫ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ КЕШ…

0
1061

(Ш.Айтматов туралы эсселер кітабынан)

Мұхтар ШАХАНОВ

(Соңы. Басы өткен сандарда)

– Терең мазмұнды дүние екен. Осы өлеңіңді маған берші. Мен оны Абдулла Ариповқа беріп өзбек тіліне аудартқызайын, – деді Адыл ака.

– Жақында Ресей телеарнасы айтуға аузың бармайтын масқара жағдайды көрсетті, – деді бізге қызмет етіп жүрген жігіттің бірі. – Бір орыс еркегі өзінің туған қызынан екі бала тудырыпты. Әкелі-қызды әлгі екеу бір-біріне деген іңкәр сезімдерін әңгімелегенде беттері бүлк етер емес. Дәл қазір сіз суреттеген тілсіз жануардың өзі адамдардан әлдеқайда биік тұрады деп кім ойлаған?!…

Арыс қаласынан кейін біз Отырар ауданына қарай бет түзедік. Жол бойы Шікең екеуміздің арамыздағы әңгіме тек Отырар төңірегінде болды.

– Өткен жылы мен Брюссельде бір араб ғалымымен ұзақ әңгімелестім, – деді Шікең. – Ол сендердің ұлы бабаларың Әбунасыр әл-Фарабидің ғылыми еңбектерін зерттеумен шұғылданады екен. Оның дәлелдеуінше «Әбунасыр мұхиттан да терең адам, бүкіл жер шарында оған тең келер ғалым жоқ». Бір ғажабы сол Әбунасыр әл-Фарабиден басқа да Отырардан отыздан астам Әл-Фараби шығыпты. Олардың ішінде математика, астрономия, физика тағы басқа салалардан әлемдік деңгейде жаңалық ашқандары бар екен. Бірақ Қазақстан, оның ішінде Отырардың төл перзенті сен де барсың, сол бабаларыңның аттарын да білмейсіңдер. Солай ғой?

– Дәл солай, – дедім мен қаным қайнап. – Көп жыл бұрын Шәмші Қалдаяқов «Отырардың даңқты перзенттерінің арасында біз төменнен санағанда бірінші орын аламыз» деген сөзді жиі айтатын. Сол пікір айна қатесіз дұрыс. Біріншіден, біз сорлылар ғалым емеспіз, екіншіден араб және басқа тілдерді білмейміз. Білетіндердің бұл мәселеге құлқы жоқ. Өйткені үлкен билік басындағылардың ата тарихымызды зерттеуге мүлде ықылассыз екенін және де олардың қазақ тарихының маңызды беттерін тек өзінен бастағысы кеп тұратынын жақсы біледі. Жалғыз Әбсаттар Дербісәлі деген арабша оқыған ғалым ғана Отырар төңірегінде анда-санда бір мақала жазып қояды. Сонымен бітті. Баяғыда, Кеңестер Одағының кезінде Әбунасыр әл-Фараби еңбектерін жинақтаған, аударған, кітап етіп бастырған Әлкей Марғұлан, Ақжан Машани сияқты бірен-саран ғалымдар болды. Бүгінде олардың көпшілігі о дүниеге командировкаға кетіп қалды. Кетпегендері бұл маңызды шаруаға биліктің ниетін, көңілін айқын сезгендіктен басқа салаға бағыт алды. Кеңестер Одағы салтанат құрып тұрған шақта Қазақстан Жазушылар Одағы Басқармасының бірінші хатшысы Әнуар Әлімжанов Қонаевтың тікелей қолдауымен, шетелдік ғалымдардың қатысуымен Алматыда Әбунасыр әл-Фарабидің 1110 жылдығын үлкен той етіп өткізді. Ал енді Қазақстанның егеменді ел атанғанына бірнеше жыл болды. Әбунасыр бабамыздың 1125 немесе 1130 жылдығын өткізуге ұсыныс та жасадық. Бірақ билік бағзы қулығына басып, үндемей құтылды…

– Әлгі араб ғалымының айтуынша Отырарда бір мың бір жүзден астам белгілі ғалымдар шоғыры болған көрінеді, – деді Шікең ойлана. – Александриядан кейінгі дүниежүзіндегі ең үлкен кітапхананың да Отырарда жинақталуы тегін емес қой. Менің ұғымымша, Отырар тарихы тек Қазақстанға ғана емес, бүкіл Орта Азия мемлекеттеріне және рухани өркениет парасатын қадірлейтін өзге елдер үшін де аса маңызды. Сондықтан Отырардың мүлде дара рухани тарихына немқұрайды қарайтын саясаткерлерді өз басым түсінбеймін.

– Мына бір қызыққа назар аударыңыз, – дедім мен Шікеңе. – Отырарда Александриядан кейінгі дүниежүзіндегі ең үлкен кітапхана болды деген мәлімет жаңа өзіңіздің де аузыңыздан шықты. Егер сондай үлкен кітапхана Отырарда салтанат құрса, ендеше оны оқитын бір мың бір жүз белгілі ғалымдар шоғырына ілесе, сан мыңдаған парасатты оқырмандар да болды емес пе? Енді бүгінгі заманға оралалық. Басқа емес Отырардың өз тұрғындарын мысалға алалық. Алды бір емес бірнеше институт, университет, соңы оныншы, немесе жетінші сынып бітіргендер. Баяғы ғасырлардағыдай оқи алмайтын, жаза алмайтын адамдар мүлде жоқ. Сөйте тұра Отырардың бұрынғы оқырмандары мен қазіргі оқырмандарын салыстыру күлкілі жағдайға апарады. Бүгінгі таңда Отырардан шыққан он-он бес ғалым бар шығар. Бірақ біздер отырарлықтар олардың атын білгенімізбен, көпшілігінің затынан хабарсызбыз. Түпкі негізі тіл, ұлт мүддесі үшін болған 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісіне қарсы бір журналдың 17 санына қатар мақала жариялаған да осы Отырар ғалымдарының бірі екенін өткен жылы өзіңізге айтқанмын. Олардың кейбіреулері Отырар өркениетін күл-талқан етіп қиратқан Шыңғыс хан нөкерлерінің басқыншылығын ақтап алуға жанын салуда.

Өз басым олардың мұнысын түсінбеймін, – деді Шікең қабағын шытып.

Өкінішке қарай солай, – дедім мен. – Ал білім жағына келсек, Шыңғыс хан шапқыншылығынан бұрынғы жеңімпаз оқырмандық рух біздің дәуірімізде үлкен жеңіліске ұшыраған. Бәлкім, кітапты сол баба ғасыр мінезіне сай зерттеп оқитын екі-үш адам табылар. Бірақ өз басым қазіргі кезеңде ондай оқырмандардың бар екеніне де сене бермеймін. Тек қана қарын мүддесін алға шығарған бүгінгі дәуірде кітап оқу, рухани парасатқа үңілу біреулер үшін күлкіге айналып барады. Ал тоталитарлық жүйеге иек артқан Кеңестер Одағының кезінде рухани байлыққа деген үлкен сұраныстың әсерінен сіздің кітаптарыңыз жүз мың, жарты миллион, кейде миллион таралыммен жарық көріп жүрді. Сол тұста менің бір өлеңдер жинағым қазақ тілінде 200 мың данамен басылып еді. Қазір кітабымыз мың, екі немесе үш мың дана деңгейінде жарық көрсе үлкен жетістік саналады. Енді сол кітаптарды да тарататын бұрынғы жүйе жойылған. Жазушылар анда-санда ғана біреулердің жәрдемімен басылатын кітаптарын үйіне жинап қойып, тамыр-таныстарына ғана тарататын болды. Ал Қазақстанның барлық дүкендерінде, кейбірінде 100 пайыз, кейбірінде 90-95 пайыз тек Ресей баспаларының өнімдері. Адамды қорлаудың, зорлаудың және рухани арнасынан алыстатудың және төсек қатынасының сан түрлерін насихаттаған кітаптар самсап тұр. Сонда алған тәуелсіздігіміз қайда? «Осы біз егеменді Қазақстанда тұрамыз ба, жоқ әлде Ресей мемлекетінің қарамағына өтіп кеттік пе?» – деген сұрақ алдымызды жиі орайтын болды. Әрине біз Ресей жазушыларының, ғалымдарының басқа да өнегелі парасат иелерінің туындылары Қазақстанға таралмасын демейміз. Санамызда ондай ой атымен жоқ. Біз тек Ресей баспаларының өнімдері қазақ тіліндегі басылымдарды ығыстыру, шеттету мақсатында пайдаланып жатқанына және де қазақ кітаптарын қазақтың өзіне жеткізбеу мүмкіндігін алға шығарған, космополиттенген өз билігімізге ғана өкпеліміз. Өткен жылы Қазақстанда 10 мың кітапхана жойылды. Оның бәрі дерлік ауылдық жердегі, негізінен қазақ жазушылары мен ғалымдарының шығармалары еді. Мұны кім ойлап тапты? Кезінде Гитлердің 10 мың кітапты өртеткені үшін әлемдік деңгейде қандай сөзге қалғанын білесіз. Ал Қазақстанды, о тоба, таңғажайып салғырттық жайлаған. Әлгі сұмдық оқиғаға Парламенттегі, жайшылықта тіл, тіл деп өзеурейтін Мұртаза, Оңғарсынова секілді депутаттарымыз да аузына су тотырып алғандай үндемеді. Биліктің қаһарына ілініп қаламыз ба деп қауіптенеді. Он мың кітапхананың жойылуы, ұлтқа, рухани байлыққа қарсы жасалған Шыңғысхан шабуылынан кем түспейтін қасірет.

Отырар шекарасында бізді аудан әкімі Зәуірбек Салықбай қарсы алды. Алдымен Мұхтар Қожа басқаратын Отырар­дың тарихи археологиялық мұражайын араладық. Біздің сапарымыздан соң «Оңтүстік Қазақстан» газетінде (22 сәуір 1998 ж.) Алмас Ақылбек пен Асхан Майлыбаеваға берген сұхбатында Шыңғыс Төреқұлұлы былай депті:

«Отырар тарихын Мұхтар досымның баяндауымен өте жақсы білемін. Екеуміз бірігіп жазған кітапта да Отырар жайлы көп айтылады. Сондықтан болар, Отырар менің жаныма жақын. Дегенмен, жүз рет естігеннен бір рет көрген жақсы дегендей, бір көру арманым еді. Бүгін сәті түсті. Қуаныштымын. Мені таңқалдырғаны сол заманда Отырардың ұлы мәдениетке қол жеткізуі. Өкініштісі осының бәрін Шыңғысхан әскерінің қиратуы…»

Мұнан кейін Әбунасыр әл-Фараби атындағы Мәдениет сарайында кездесу болды. Онда Шікеңе «Отырар ауданының құрметті» азаматы атағы беріліп, Отырардан шыққан суырып салма ақын қыз Әселхан Қалыбекова Шікеңе арнаған толғауын оқыды. Сосын менің жерлестерім Шыңғыс Төреқұлұлын арнайы жабдықталған үлкен қара нарға мінгізіп, ары-бері алып жүрді. Жұрттың көпшілігі лап қойып, қолын биікке әрең-әрең жеткізіп жазушыдан қолтаңба алып жатты. Сол сәтте Шікең өзінің оң жақ қанатында тұрған Дархан Мыңбай мен Серікжан Сейтжановқа бұрылып: «Бір кезде «Боранды бекет» романында өзім суреттеген қара нардан айнымайтын нән түйенің үстінде отырып қолтаңба беру – өмірімдегі тұңғыш оқиға. Осындай тосын әрі қимас сәтті сыйлаған отырарлық бауырларыма шоң рахмет айтқым келеді!» деп дауыстады.

Түркістан қаласына кіре берісте бізді қала әкімі Уәлихан Қайназаров қарсылап мұсылман әлеміндегі екінші Мекке боп саналатын Қожа Ахмет Иассауи бабамыздың кесенесіне алып барды. Онан кейін Қазақ-түрік университетінің ректоры, белгілі ғалым-академик, кейіннен Қазақстан Ғылым академиясының Президенті болған Мұрат Жұрынов Шікең екеумізге университеттің «Құрметті профессоры» атағын табыс етті.

Келесі жылы облыстың жаңа әкімі Бердібек Сапар­баевтың шақыруымен, онда да Ташкентте өтетін Орта Азия халықтары Ассамблеясының кезекті жиынынан келе жатып Шымкентке тағы соқтық. Қала орталығында өткен үлкен кездесуге қатысып сөз сөйледік. Түн ортасына дейін Бердібекпен әдебиет, өнер төңірегінде қызықты әңгіме қозғадық. Шікең оның әдеби талғамына, ой-өрісіне ерекше тәнті болды. Кейін екеуміз оңаша қалғанда: «Мына жігіттің өте алысқа баруға мүмкіндігі бар екен. Сенің туған өлкең, ондағы кейбір өрелі азаматтар ой-санама елеулі деңгейде әсер ете бастады» – деп сүйсіне жымиды Шікең.

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз