ҚЫТАЙДАҒЫ БАУЫРЛАРДЫҢ РУХАНИЯТЫ

(Қытай сапарынан естелік)

Тұрсынбек Кәкішев,

Жәди Шәкенұлы

(Соңы. Басы өткен сандарда

- Қажығұмар Қазақстанда туған екен ғой?

- Иә,1925 жылы Аягөздің Таңсық елді мекенінде туған. 1931-1932 жылдардағы ашаршылық тұсында осы Тарбағатай жеріне қашып өткен ғой.

- Өмірінің көбі түрмеде өткені шын ба?

- Тілі уытты, шындық десе шырылдап қоя беретін жан болса керек. Шындықты қай үкімет жақсы көрсін. Билік басына кім шықсада, ол Қажекеңе, ал Қажекең оларға жақпаған ғой. 1951 жылдан 1978 жылға дейін Тарым жаза лагерінде болған. 1986 жылы әр түрлі жалалармен қайта қолға алынып, түрмеге тағы түскен екен. 2000 жылы мерзімін өтеп шыққан. 2000 жылдан 2005 жылға дейін үйінен ұзап шықпайтын, сыртқы бақылауда болыпты.

- 2005 жылдан кейін бостандыққа шықса, туған жері - Қазақстанға неге жібермейді?

- Соны Қазақстандық газеттер даңғазалатып шулатқанымен мемлекет тұрғысынан, қытай заңдарын басшылыққа алып нақтылы іске кіріскен ешкім жоқ дейді.

Біз Қажығұмар туралы айтылатын соңғы аңызға сенгендей болдық. Қара ормандай қазақ баласынан Қытайдың құзіретті органдарына білек сыбана кіретін бір ердің тумағанын мойындамасқа амалымыз не! Қайтеміз, «қазақпыз» деп тасимыз, «қазақпыз» деп жасимыз. Тек Қажығұмар ғана емес, қаншама қазақ ерінің ата жұртына жете алмай қанаты қырқылып отырғанын кім білсін!?

Тарбағатай тауларының оңтүстігі Жоңғар ойпатының жиегіне ұласып, бұл өңірді майға шылап, алып Қарамайлы мұнай қаласы жатыр. Қытайдағы көп дастархандардың қысыр кеңесінің бірінде әңгімешінің біреуінің:

-Егер Қарамайлыдан шығатын байлықтың бір ғана пайызы Шынжаң үшін пайдаланатын болса, мұндағы халықтың бәрі де жоғары өреде өмір сүрер еді, - деген әңгімесі еске түсті.

Біз Қарамайлы қаласын кесіп өтіп Жоңғар төсіндегі жұлдызды қала Күйтүнге қонағаға іліндік.

28 шілде таңертең ерте Күйтүн қаламгерлері бізге жолығуға келді. «Іле халық баспасының» жауапты редакторы, жазушы, сыншы Серік Қауымбайұлы, баспа редакторы Алға Ақанұлы, Іле оқу-ағарту инситутының оқытушысы Тұрсынхан Әлхан, ақын Гүлнар Қуанбеқызы, Құрылысқан Тәлиянқызы, Нұржан Қожекеқызы т.б. Ал бұлардан басқа Мырзахан Құрманбайұлы деген қарт қаламгер-сыншы ауру себепті, Ыдырыс Әділханұлы деген әдебиетші азамат сыртқа кетіп келе алмапты. Қытай қазақтарындағы белгілі күйші Дәулет Халықұлы да осы қалада өткен екен.

Күйтүн қаласында қазақтар аз болғанмен өзінің радио-телевизисы, Іле облысына қарасты баспасы, инситуты бар екен. Шынжаң қазақтарының көптеген кітаптары да осы «Іле халық баспасынан» шығатын көрінеді. Бұлар да шамасынша ұлт әдебиеті мен мәдениетіне деген өзіндік үлесін қосып жатыр.

Біз көп аялдамай Күйтүннен Құлжаға қарай жолға шықтық. Бұл жол да талай-талай тарихқа куә болып, не бір Алаш ұлдарының табан ізін алып қалған көне соқпақ екен. Райымжан Мәрсеков осы өңірді шиырлап кетіпті. Таңжарық Жолдыұлының Үрімжі түрмесіне «кіріп-шыққанына да» осы жол куә болыпты. Сәбит Мұқанов та Үрімжіден Құлжаға осы жол арқылы жүрген екен. Тіпті күні кеше ғана осы жолмен жүріп өткен, марқұм Оралхан Бөкеев Жоңғардың ащы аязы дірілдете қысқан автобус ішінде: «Ау, ағайын, Қытайдың көлігінің ішінде үсіп өлгенше, ішіп өлейік» деген көрінеді. Сол Орекеңмен бірге жүрген Рымғали Нұрғалиұлы бақида, Мұхтар Мағауин шетелде жүр.

Айта берсек, тарлан тарих таусылғысы келмейді. Сәбең демек­ші, Сәбит Мұқанов ағамыз тура осы біз жүрген жолмен жүріп Іленің кербез де керім тауларының алақанында жатқан Сайрам көлін көргенде қатты толқыған екен. «Алыптың адымдары» аталатын еңбегінде(338 бет) мынадай жолдар бар:

«Сәнді киінген сұлу келіншектей мөлдіреп, бетіндегі әлсіз толқынның әр тамшысы батысқа еңкейген күннің сәулесіне алтын балықтай шағылысып, шалп-шұлп, жарқ-жұрқ ойнаған көлдің өзінің де, мұнарта маужыраған төңірегінің де көркіне қайран қалған біз, машинаны жарқабаққа тоқтаттық та, өзіміз домалай төменге түсіп, жүгіріп көл жағасына келдік. Жағасы құм-қайраң екен. Желсіз тымық ауада әлденеге ақырын ғана қозғалған су, жұқа ғана ирелеңдеп, көл шетінде көбікпен көмкерілген сарғылт құмға шылп етеді де, кейінгі иректердің астына сүңгіп кері кетеді. Жеңіл қимылды судың мөлдірлігі көздің жасындай, шетінен қараған кісі құс таңдайланған түбін алысқа дейін айқын көреді. Дәмі – саумалдау.

Суға қызыққан біздің шомылып та алғымыз келіп еді, көлдің батыс жиегінде бұлдыраған таудың төбесіне жақындаған күн көзін сол кезде түтіндене бастаған бұлт бүркеуге айналды».

Міне, қазақ жерінің қасиетті көліне Сәбең тамсана қарайды. Көлге шомылғысы келеді. Себебі түркі бауырларының, қазақ ауылдарының мейіріне қанып болмаған қаламгер сол даладан алыстап барады, аттанып барады. Қимай барады. Бірақ шомыла алмайды.

Көл туралы Сәбеңнен асып біз не дейміз. Біз де шомыла алмадық. Тек қана көл жағасына суретке түсіп, қимастықпен аттана бердік. Әсем табиғат, талай қаламгердің шабытын оятқан, Марфуға Айтқожинадай ақын қыздың да сезімін сел еткізген сұлу айдын, киелі көл артта қалып барады.

Сосын алдымызда Талқының кезеңі. Таңжарық ақын қатігез үкіметтің қанды қармағына ілініп зар илеп, запыран құсып бара жатып «Ілемен қоштасуын» айтқан шерлі төбе. Осы кезеңнен ары асқанда Үйсін даласының ұлтанды бөлегін бауырына басып қасиетті Іле жері жатыр. Іле дегенде тағы да Қытай қазақ жазба әдебиетінің көрнекті өкілі, әйгілі ақын Таңжарық Жолдыұлы еске түседі.

Сұрасаң Іле жердің ортасындай,

Егерде дене болса қолқасындай.

Тауы – алтын, тасы – күміс, ағашы – жез,

Сулары еркек қойдың сорпасындай.

Осыны айтқан Тәкеңнің өмір жолы да бізге бейтаныс емес. Т.Жолдыұлы 1903 жылы Күнес ауданының Шапқы деген жерінде туған екен. Әуелі ауыл молдасынан, кейіннен 7 жылдық «Қазақ-моңғол мектебінде» оқып, тоғыз жасынан бастап өлең құрай бастапты.

1925 жылы Шапшал шекарасы арқылы Қазақстанға өтіп, Қойдыммен айтысады. 1928 жылы қоржын-қоржын кітап теңденіп, Күнесіне қайтып келеді.

1933 жылдан бастап ел ісіне араласып әдебиет-көркемөнер кештерін ұйымдастыру, газет шығару, спектакль қою секілді көптеген жұмыстар тындырады. Шың Сысай үкіметі қазақтарды жаппай тұтқындай бастағанда 1940 жылы Таңжарықты да ұстап, түрмеге жабады. Аяусыз жәбірлеуге, жан төзгісіз қинауға ұшырайды. 1946 жылы Ұлт-азаттық күресінің ықпалымен түрмеден босап, 1947 жылы маусымда тұйықсыз аурудан о дүниелік болады.

Т.Жолдыұлының өкілдік шығармаларынан – «Ел сыры», «Іле көркі», «Қоштасу», «Түрме халі», «Амандасу», «Туған жер», «Шын тілек» секілді жыр толғаулары, «Нәзигүл», «Анар-Сәуле», «Санауар», «Сәлиқа-Садық», «Молда мен бақсы», «Қасқыр мен бөрібасар» дастандары бар. 1948 жылы ақынның өлеңдерінен «Алғашқы жинақ» атты жыр жинағы жарық көрген екен.

1980 жылдан бастап Таңжарықты зерттеу арнайы қолға алынып, оның еңбектерінен «Түрме халі», «Назигүл», «Анар-Сәуле», «Шын тілек» кітаптары жарық көрген. Кейіннен барлық шығармалары топтастырылып «Таңдамалы шығармаларының» көп томдығы шығыпты. Әрі Таңжарықты зерттеу қоғамы құрылып, «Төңкерісшіл ақын Таңжарық», «Сөнбес алау», «Таңжарықтану» атты зерттеу еңбектері жазылып, «Таңжарық» атты телефильм де жасалыпты.

Қазақстанда 1974, 1992 және 2003 жылы ақын еңбегі жеке-жеке кітап болып шықса, Алматыда 2003 жылы ақынның 100 жылдығы арнайы атап өтілген еді.

Біз Құлжа қаласына кештетіп жетсек те «Іле айдыны» журналының бас редакторы, Облыстық Жазушылар қоғамы төрағасының орынбасары, ақын Мақсат Нұрғазин бастаған бір топ азамат алдымыздан шықты. Кешкі қонақасыда Алматыдан барған тарих ғылымының докторы, профессор Нәбижан Мұхаметханұлы және Омаралы Әділбек, Рахым Айып, Базаралы Әріпұлы секілді азаматтармен бірге болдық.

Шағын делегециямыздың осы реткі сапарын Құлжа қаласында аяқтап, шілденің 29 күні Қорғас кеденіне келдік.

Кезінде Сәбит қытай сапарынан «Алыптың адымдары» атты еңбек жазғанда біреу табынып, біреу таңғалып еді. Тіпті кеңестіктер мен қытайдың арасы бұзылған тұста мұны «басы артық табынушылыққа» балағандар да табылған. Ал, араға тұп-тура 54 жыл салып біз де сол «алыптың» шынымен де алыптығына куә болып қайттық. Талай ойлар санамызды мазалады.

Өздерінің сөзімен айтқанда «сыртқа қарата есік ашып, дүниені бетке алған ұлы Жұңхуа елінің» бұл күндері шынымен-ақ тасы өрге домалап тұр екен. Бір қарағанда озық өркениетке бет бұрып, сан-салалы шаруашылығын шалқыта бастағанына қызығасың. Енді бір қарағанда кеше ғана томаға тұйық жатқан тобыры көп елдің жерден көктеп шыққандай жетістігіне қызғана қарайсың. Бірақ, бәрі бір амалсыз шындыққа мойын ұсынуымызға тура келеді. Әсіресе, өзгеге көз сала отырып, өзіңдегіні безбендесең ұятыңа өртенетін кезің көп. Басқасын емес, бір ғана керуен жолдарын айтыңыз. Қайда барсаң да «үстінен су төгілмес майда жорға» дегендей тақтайдай теп-тегіс асфальт. Ал біздікі, кеңестік лақса комунистер мүжіп-мүжіп лақтырып тастаған сүйектей арса-арсасы шыққан кәрі, бұралқы да бұраң соқпақтар. Көзбояушылықпен көпшілік көп жүретін кейбір қала жолдарын әдемі жасағанымызбен қалтарыстың барлығы қырық жамау, шұрық тесік! Қайтеміз, «жас мемлекетпіз» деп өзімізді өзіміз жұбатқымыз келеді. Бұл жұбаныш па, әлде өзмізді өзіміз алдау ма – ол жағын Алла біледі.

Ал, ондағы қандастар ше? Заттық өмірі шалқығанмен, руханият жағынан күн сайын жұтаңдап бара жатқан бауырларымыздың ертеңін елестетудің өзі қиын. Сөйте тұра көбі «жалған намыстың» шапанын жамылып алып, өтіп жатқан өмірлерін «аса тәуір» деп бағалайды екен. Баяғы Абай атамыздың «жұмысы жоқтық, қарыны тоқтық – аздырар адам баласын» дегеніндей қарнының тоқтығынан ұл-қыздарының қытай­ша шүлдірлегеніне мәз болып, қайғысыз өмір сүріп жатқан қан­шама қандасымыз бар. Көбі-ақ алдын­дағы асына, астындағы тағына семіріп қытай телегейіне үнсіз жұты­лып бара жатқанын білмейді. Ал, аз санды ұлтшылдары мен озық ойлы­ларының арманы көп, дәрмені жоқ.

Кезіндегі бізде – Кеңес заманында қазақтың қазақтығын сақтап қалған әдебиеті мен мәдениеті, өнері еді. Қытайдағы ағайындардың да сол ұлттық дәстүрі мен рухани дүниесіне Қазақстан тарапы өлшеусіз көмек көрсеткенде ғана аға-бауырларымыздың табиғи ассимилициясын барынша кешеуілдетуге болатын сияқты.

Қытайдағы қазақтар шоғырлы қоныстанған Іле мен Алтай жеріне жаңадан темір жолдың барғанын ескерсек Мағжанның зары – басымыздан өткен зұлматтар көз алдымызға келеді. Онда Жұмабаев қазақ жеріне келе жатқан темір жолды аждаһадан да қатерлі көрген еді ғой. Ал бізші, біздің қытайдағы қандастар ше...

Бас ауыртар іс көп, басын ауыртқысы келетін адам аз.

Алыс та болса да жақын, жақын да болса алыстап бара жатқан ағайынның арасына барып қайтқан сапарымыз мәнді де сәнді болды деп айта аламыз. Ал, арқалап қайтқан арманымызды тау көтере алса...