...ТҰЗ САСЫСА не себерсің?
2009 ж. 15 желтоқсан
1368
1
Біздің қоғамда адам баласына жасалынып жатқан әділетсіздіктер, заң дегенің, жеке азаматтардың құқы дегенің, басқаның емес әсіресе құқық қорғау орындарының қызметкерлері тарапынан аяққа тапталып, белден басылып жататындығы таң қаларлық дүние болудан қалғаны қашан. Сол әділетсіздіктің құрбанына айналып «қайдан ақиқат табамын» деп, менің де жаным арпалысқа түскелі жылдан асып барады.
Бар бәле менің әділетсіздік атаулыға төзе алмайтындығым мен кімге де болсын шындықты бетке айтатындығымнан.
Өткен жылдың басында ауданның бұрынғы әкімі А.Кәрімов Ақжар ауылының тұрғындарына есеп беру жиналысын өткізді. Сол жиында менімен бірге бес-алты ауыл тұрғыны А.Кәрімовтың кемшіліктерін сынға алған еді. Ақыры оның әкіреңдегеніне төзе алмаған тұрғындардың түгелге жуығы Мәдениет үйінен қарсылық білдіріп шығып кетті.
Бұл масқара оқиғаны облыстағы құзырлы орындар түгел естіп, ақыры біраз уақыттан соң әкім биліктен кетіп тынды. Оған дейін өзінің қорғаштап жүретін досы, бұрынғы білім бөлігінің бастығы Қ.Бейілғожиннің қызметтегі қырсыздығы мен ештеңеге былқ етпес жауап¬сыздығына наразылық біл¬діріп ресми хат жаздым. Ал, бір апта өткен соң мені мектеп директорлығы қызметімнен «үш және үш сағаттан артық жұмыста болмай, қыды¬рымпаздылыққа салыну» деген, еңбек заңының бабына сүйене отырып босатты.
Сондағы жазығым 2008 ж. 20-мамыр күні қызмет бабымен аудан орталығы Ақсуатқа білім бөлімінің бастығының рұқсатынсыз барғандығым екен.
Осы себеппен менің қыз¬метімнен босату үшін 2008 жылы 9 маусым күні, аудандық мұғалімдер кәсіподағы ко¬митетінің президиумына ша¬қырылдым. Сол президиум жұмысына қатысушы мүшелер мен төрағаның ешқайсысы «мені қандай құжаттарды, актіні негізге алып қызметтен босатуға келісім бермексіздер» деген сұрағыма ешқандай құжаттарды көрсете алмады.
Бірақ, заңсыз шешім шы¬ғарылды. (Кейіннен прокура¬тураның араласуымен сол президиум мүшелері өз шешімдерінің күшін өздері жойды.) Есесіне мен қызмет істейтін мектептің кәсіподақ комитеті бір кісідей мені қолдады.
Әрине, мен сотқа жүгіндім. Әділ болған жағдайда, маған қолданылған ҚР Еңбек кодексінің 54-ші бабының I тармағының 6) тармақшасы, сауатты жазылған бір актімен-ақ шаруаңды тәмәм қылатын дүние екендігін кез келген қарапайым адам да біледі. Ал менің ісім бойынша аудандық сот отырысы жеті мәрте болып, бір айға созылды.
Себебі, білім бөлімінің шалағай, заңсыз, сауатсыз жасаған әрбір іс-әрекеті мен бұйрықтарын реттеп, жөндеуге әрнені бір сылтау етіп, мүмкіндік беру үшін. Соның арқасында, оқиғаға мүлде сәйкес емес күнді қойған бұйрықты «техникалық қателік» деп, келесі жолы отырыста түзетіліп әкелінсе, мені қызметтен босатуға негізге алын¬ғаны қандай құжат және қай күні жасалғанын сұраған соттың сұрағына, аузына сөз салып беріп тұрғанда әрең жауап берді және ол құжатты да «ұмытып қалдырыппыз» - деп келесі отырысқа жасап әкелді.
Жауапкер жаққа осыншама «еркелік» көрсетуге мүмкіндік жасалған масқара сот отырысын өз өмірімде алғаш рет көзіммен көрдім. Сөйтсем олар мені 2008 жылы 9 маусым күні жасалған «қызметтік тексерістің» қорытындысына сүйеніп қызметтен босатыпты.
Ол «қызметтік тексерістің» ойдан шығарылған, жалған құжат екендігіне мынадай дәлелдер келтірер едім:
Егер ол құжат бар болса, неге мен талап еткенде президиум мүшелері, немесе сонда қатысып отырған білім бөлімінің бастығы, онымен мені таныстырып, заң талабына сай маған қол қойдырып алмаған?
1.Сол 2008 жылы 9 маусымдағы мені қызметтен босату жөніндегі №115 бұй¬рықта, менің себепсіз жұ¬мыстан қалған күнім деп тек 2008 жылы 20 мамырды ғана көрсетеді? Ендеше менің сол күні уақытша жұмысқа жарамсыз, яғни ауырғанымды ескеріп ол бұйрықтың күшін жойып, 19 маусым күні, қайтара қызметтен босатқандағы №120-К бұйрығында, менің себепсіз жұмыстан қалған уақытым 20, 23 мамыр деп екі күнге айналып шыға келген? Әлде бір күнді «қорға» сақтап келген бе?
2.Менің арызымды негізге алып еңбек қорғау инспекторы Қ. Ильясов тексеру жүргізгенде: 2008 жылы 9 маусым күнгі №115 бұйрық 2002 жылы 5 қаңтар күні басталған бұйрықтар кітабына тіркелді. Сол бұйрықтың күшін жою туралы 19 маусым күні шыққан бұйрық басқа сан құрып қалғандай №115-К деген номермен жазылады да мүлдемге басқа 2004 жылы 1 қаңтар күні басталған бұйрықтар кітабына тіркеледі.
Ал 2008 жылы 9 маусым күні жасалған қызметтік тексерудің анықтамасы «Шығыс хат-хабарды есепке алу журналында» 2007 жылы 31 қаңтар күнгі №50 санымен тіркелген.
Сонда мен туралы жазылған, айналасы он күннің ішінде ойдан шығарылған үш құжат 2002, 2004, 2007 жылдары басталған үш кітапқа неғып қаңғып кеткен?..
Бұндай сорақылықтарға ары қарай жеке-жеке тоқталып жа¬тудың өзі артық.
Облыстық сотқа, азаматтық істерді қарайтын алқаға және қадағалау тәртібімен қарау алқасына шағымдандым.
Бірақ облыстық Соттың төрағасы Б. Мақұлбековтың ауданға келгендегі, бұрынғы әкім А. Кәрімов тарапынан көрген «ерекше құрметі» өз жемісін беретіндігін мен алдын-ала-ақ білген едім. Өйткені ауданда менің ісімді қарап жатқан сот Қадырбек Мұратты менің іс-құжаттарыммен қоса облыс орталығына шақырып алыпты дегенде-ақ істің мән-жайы белгілі болған еді мен үшін.
Желеп-жебеуші әкімі қызметтен кеткеннен кейін, білім бөлімінің жұмысы «қанағаттанғысыз» деген ресми бағасын арқалап Қ. Бейілғожин де қызметтен кетті.
Ал мен үшін «орынтақтың» тіпті де керегі шамалы. Мен үшін керегі, күні бүгінге дейін үш сағатты қойып, үш минутты да дәлелденбеген 54-баптың астына тапталған:
-Елбасының жарлығымен өңіріме медаль қадаған абыройымды;
-Аудандық, облыстық мәсли¬хаттарға депутат болып, халықтың қалаулысы болған абыройымды;
-Аудандық энцикло¬педия¬¬лық-анықтамасынан суре¬тім¬мен орын алған абыройымды;
-Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап-ақ мекеме басқаруға, өнер мен спортқа т.б. қосқан зор үлес-абыройымды қалпына келтіру!
Осылардың бәрін бере¬кесіз бір қыдырымпаздық дәре¬жесіне түсіруге жол бермес деп, Жоғарғы Сотқа, ол болмаса Ата заңымыздың кепілі Елбасына ғана жүгіну қалды.
Төлеген ҚАЛИМАЖАНОВ
Тарбағатай ауданы,
Ақжар ауылы
№48-49