ЭКСПО-ға қосымша бөлінетін 35 млрд теңге депутаттың ашуын келтірді
2015 ж. 15 қыркүйек
2562
10
Депутат Розақұл Халмұрадов 2017 жылы өтетін ЭКСПО халықаралық көрмесіне 2018 жылы неліктен тағы да 35 млрд теңге бөлініп отырғанын түсінбей әлек.
Бұл туралы бүгін ол мәжілісте «2016-2018 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасын таныстырған Қаржы министрі Бақыт Сұлтановтан сұрады.
Бақыт Сұлтанов баяндамасында 2016-2018 жылдарға арналған жаңа бюджетте ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесін өткізуге 306 млрд теңге қарастырылғанын жеткізді. Бұған депутат Розақұл Халмұрадов өз наразылығын білдірді.
“ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне 2016 жылға 173 млрд, 2017 жылға 98 млрд теңге қаржы бөлінген. Көрме 2017 жылы аяқталады. Көрменің барлық құрылыстарын 2016 жылдың соңына дейін бітіру керек деген елбасының тапсырмасы бар. Не себептен осы көрмеге 2018 жылы 35 млрд теңге қаржы қарастырдық? Ұлттық компаниядан ұрланған қаржының орнын толтыру үшін салып отырмыз ба? Көрме бітсе, біз неге тағы қаржы саламыз? 3,5 млрд болса түсінер едік, әңгіме 35 млрд жөнінде болып отыр”, – деді ол
Депутаттың сұрағына жауап бере отыра, Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов ЭКСПО-2017 көрмесінің ірі жоба екенін алға тартты.
“Бұл бір күнде, бір жылда жасалатын жоба емес. Келесі жылға қарастырылған 173 млрд теңге негізгі құрылыстарды аяқтауға көзделіп отыр. 2017-2018 жылдары қаражат ұйымдастыруға бөлінеді. Өйткені, құрылыспен жұмыс бітпейді ғой, одан арғы жұмыстары да бар. Құрылыс біткеннен кейін, мемлекеттерге павильондар дайындау керек, осы секілді жұмыстарға көзделген. Тереңірек бағыттарды айтып беру керек болса, Ұлттық экономика министрлігінің өкілдері отыр, жұмыс тобының отырысында да толығырақ айтып бере аламыз”, – деді министр.
Заметили ошибку на сайте? Нажмите Ctrl+Enter
Дереккөз: BAQ.KZ