Қазаққа тиіскенді доғару керек!
2009 ж. 15 желтоқсан
1196
0
Ол кісіні ел экономикасының тұрала¬ғандығы, ауылшаруашылығы өндірісінің құлдырауы, өңдеуші өнеркәсіптің дамы¬мағандығы қынжылтады екен. Әрине, ұлан-ғайыр жері, ұшан-теңіз қазба байлықтары бар, халқы сирек еліміздің осындай күйге түскені кімді болса да өкінтері анық.
Алайда, мақала авторы бар кінәні қазақ ұлтына артқысы келеді. Азық-түліктің сырттан келетіндігіне, жеміс-жидек пен газдың Өзбекстаннан, киімнің Қытай мен Қырғызстаннан келетіндігіне қазақ кінәлі екен. Көңіл түкпірінде қытай, орыс, өзбек, қырғыз жасағанды қазақ жасай алмай ма деген сауал көлденеңдейді. Бірақ, олардың жасағанын жасай алмай отырғанымыз –факт депті. «Тіпті, елді дамытудың жалғыз жолы - қытай, өзбек, қырғыз мамандарын Қазақстанға әкелу» деп «соны» пікір білдіреді.
Не деген «көрегенділік»! Орыс, қытай, өзбек, қырғыз керек болса сырттан әкелмей-ақ елімізде толып жүр емес пе? Биылғы жылғы санақ нәтижесіне қарасақ елімізде төрт миллионға жуық орыс, жарты миллион өзбек бар екен.Елді дамытқыш болса осылар дамытар еді ғой. Ал, қытайлардың қаптағаны өз алдыны бөлек әңгіме.
Жалпы, сырттан мамандар келсе еліміз дамиды екен деген - қате пікір. Елді дамытудағы негізгі фактор халықтың ұлттық құрамы емес - биліктің сындарлы саясаты. Гәп халықта емес - билікте.Қазақ істемейін демейді, істетпей отыр ғой.
«Қазақта байлыққа мастану, масылдық психология етек алды» дейді Расул Жантайұлы. Қайдағы байлыққа мастану. Қазақ қазір ондай халде емес. «Халық әлі күнге өкіметке иек сүйеп, емексуді қоймай келеді, экономикалық қарекетшілдік кем» дейді. Халықтың өкіметтен үміті үзілгелі қашан. Бірер малы мен бірнеше тауығын санап бір үйлі жанды байытып шыға келетін «сиқырлы» саясаты бар биліктен халыққа не қайыр болсын. Ондай билікке халық қайтіп иек арта қояр дейсің.
Еліміз тәуелсіздік алғалы 18 жыл болды. Бұл аз уақыт емес. Осы жылдар ішінде дамыдық немесе дамып келеміз деп айтуға ауыз бармайды. Біз тек құлдырадық. Тек, мұнай мен уран болмаса. Бұл жайлы саясаткер Серікболсын Әбділдин өзінің «Аңыз бен ақиқат» атты кітабында нақты деректер келтірген.
Жалпы, тәуелсіздік алғанымыз сөз жүзінде ғана болмаса, іс жүзінде оның нәтижесін халқымыз әлі көрген жоқ. Қазақтың бүгінде материалдық жағынан да, моральдық жағынан да еңсесі түскен. Басқасы басқа - аумағы жағынан дүние жүзі бойынша тоғызыншы орында тұрған, ұлан-ғайыр жері бар Қазақстанда қазаққа үй салуға жер жоқ. Қазақ өз жерінде әркімге жаутаңдап, пәтер жалдайтын ұлтқа айналған. Кәмелеттік жасқа толған әр азаматтың 0,1 га жер телімін тегін алуға заңдық құқығы бар болса да, әртүрлі сылтаулармен халыққа жер үлесі берілер емес. Сатып алуға қымбат. Жасанды қымбатшылық. Бұған құрылыс материалдарының қымбаттығын қосыңыз.
Тұрғындарының басым көпшілігін қазақтар құрайтын шалғай ауылдарда жағдай тіпті ауыр. Ондағы шаруалар өз өнімдерін өз бағасына сата алмай қиналады. Ал, тұтынушылар сол өнімді керісінше қымбатқа алуға мәжбүр. Әрі көпшілігі импортталатын өнімдер. Ал, енді еліміздің саясатын түсініп көр.
Осындай жағдайда қазақты мынандай жемқорлыққа, қағазбастылыққа батқан елде кәсіпке қыры жоқ деп айыптау- қатты адасушылық.
Негізінде, елді дамытатын шешуші күш халық емес - басшы. Елді өрге сүйрейтін де, көрге сүйрейтін де - басшы. «Басшысыз ел жетім» деп дана халқымыз бекер айтпаған. Мәселе - басшының жоқтығында емес, халқын сүйетін, халқының қамын ойлайтын басшының жоқтығында.
Біз сияқты отар болған елдер аз емес. Әрқайсысының таңдаған жолы әрқилы. Дұрыс саясаттың арқасында жетістікке жеткен елдер қаншама. Анау «Азия жолбарысы» атанған Малайзияны алып қарайықшы. Бұрын қандай болып еді - қазір қандай? Бастапқыда бұл елдің жағдайы да бізге ұқсас еді. Малай халқы да қазақтар сияқты өз елінде азшылық болды. Олар да біз сияқты өз елінде өте кедей болды. Бірақ, билік басына келген премьер - министр Махатхир Мұхаммед малай халқының бағы болып жанды. Ол, малай халқының есіктегі басын төрге сүйреді. Ұлт мұратына қызмет ету жолында ешкімнен қаймықпады, ешкімге жалтақтамады да. Малай халқына көңіл бөлсем – қытайлар ренжіп қалар деп жүрексінген де жоқ. Оның Малайзиядағы көк пен жер арасындағы барлық игіліктер малай ұлтына қызмет етуі тиіс – деген ұлағатты сөзі ел саясатының өзегіне айналды. Нәтижесіне бүгінгі әлем куә.
Осындай салиқалы сөзді президентіміз Назарбаев айтқанда ғой ,халқымыздың төбесі көкке жетер еді. Әттең...
Жалпы менің қолыма қалам алдырған елдің әлеуметтік – экономикалық жағдайы емес. Мен атап кеткен мақала авторының жеке пікірі ғана емес. Мені қынжылтатыны – қазақты сынаушылық. Қазақты жамандау, балағаттау жазылмайтын заңға айналған. Ел ішінде кемшілік болса немесе қандай да бір қателіктерді айту керек болса, міндетті түрде қазақты жамандау арқылы жеткізу дәстүрге айналған. Біз бүгін сұраушысы жоқ, кім – көрінген беталды тіл тигізе беретін бейшара халыққа айналғандаймыз.
Айтыңдаршы, кемшілік қай ұлтта жоқ?
Қазақты жамандауды доғару керек! Бұл жақсылыққа апаратын жол емес.
Кемшілік барлық ұлттарда бар. Кемшілік орыстарда да бар. Бірақ, орыс газеттері бүкіл орыс ұлтына тіл тигізіп жазбайды. Өйтіп жазған адамды түсте өлтіріп кетуі мүмкін.
Біз қазақтар нені көрмедік? Қанша қанды қырғынды, қанша ашаршылықты көрдік. Енді ес жиямыз ба десек қазақты тұқыртатын «үш тұғырлы тіл» мен «қазақстандық ұлт» деген бәлелер бас көтерді.
Қазақты тек қазақ қана қорғайды. Қазақ тек қазаққа ғана керек. Елімізде президенттің пәрменімен ұлттар ассамблеясын құрып алған әртүрлі диаспораларға да, көп ұлттымыз деп жар салып жүрген билікке де қазақ керек емес.
Қазақ қазір жетім халық. Қазақ қазір тізерлеп тұрған жоқ – жығылып жатыр. Жығылғанды жұдырықтау абыройлы іс емес. Жығылғанды жұдырықтау әрбір ездің ісі, ал, жәрдем беру ердің ісі. Сондықтан, қазақты мінеп – сынауды тоқтатайықшы – ағайын!
Сымбат СӘЛИҰЛЫ
«Ел болашағы»
жастар қанаты мүшесі