Абақтыға тоғытылған алаяқ
2010 ж. 11 қазан
1128
0
Оралда алаяқтықпен азаматтардың 13,8 млн. теңгесін иемденіп кеткен Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бұрынғы қызметкері сегіз жылға сотталды. Батыс Қазақстан облысы бойынша Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бұрынғы қызметкері С.Шапековке қатысты қылмыстық істің аяқталғаны мәлім болды. Аталмыш азамат 2007-2009 жылдар аралығында алдау арқылы,мемлекеттік тұрғын үй құрылысы бағдарламасы бойынша пәтер алуға көмек көрсетемін деген желеумен, 16 азаматтың 13,8 млн. теңгесін иемденіп кеткен. Бұған қоса пәтерлердің Орал қаласы әкімдігіндегі лауазымды тұлғалар арқылы берілетіндігін «түсіндіріп», азаматтарды пара беруге итермелеген.
Орал қалалық сотының үкімімен С.Шапеков ҚР ҚК 177-бабы 3-бөлімі «б» тармағы (алаяқтық), 28-312-бабы 4-бөлімі «б,в» тармағы (пара беруге айдап салу) бойынша кінәлі деп танылып, мүлкін тәркілеумен бірге 8 жылға бас бостандығынан айыруға сотталды.