КӨРНЕКТІ ҒАЛЫМҒА ЕСКЕРТКІШ ҚОЙЫЛДЫ

0
1982

Еліміздің экономикасына қан жүгіртіп тұрған күретамырдың бірі – Қазақстанның қазба байлықтары. Жер қойнауындағы қазынаның мемлекет пен халықтың игілігіне қызмет етуі Қаныш Сәтпаев сынды ғұламалардың табиғи таланты мен табанды еңбегінің жемісі мен жеңісі. Ел игілігі үшін аянбай еңбек еткен сонадайдан көзге шалынар сондай сом тұлғаның бірі – Патшайым Тәжібайқызы Тәжібаева. Ол Қазақстанда ғана емес, Орта Азия әйелдері арасынан оқ бойы оза шығып, геология ғылымының тұңғыш докторы, Ұлттық Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі болған, АҚШ, Жапония, Канада сынды алыс шетелдер ғылым Ассоцияларының мүшесі дәрежесіне көтерілген, қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде баяндамалар жасап, ғылыми еңбектер жазған әлемге әйгілі ғалым еді. Қазақстандағы литология ғылымының негізін қалаған да Патшайым.

Ғалымдығына қоса Жоғарғы Кеңестің депутаты, Жоғарғы Кеңес төрағасының орынбасары болған, мемлекет және қоғам қайраткері биігіне көтерілген көрнекті тұлғаның есімін есте мәңгілік қалдыру бағытында біраз игілікті істер жүзеге асты. Алматы, Шымкент қалаларындағы, Оңтүстіктегі Қазығұрт ауданындағы үлкен көшелер, екі бірдей мектеп Патшайым Тәжібаева есімімен аталады. Осындай игілікті істердің жарқын жалғасындай болып, Патшайымға Оңтүстікте ескерткіш қойылды.

Қазығұрт ауданындағы П.Тәжібаева атындағы орта мектептің ауласына қойылған ескерткіш-мүсіннің ашылуына орай өткен салтанатты жиында аудан әкімі Тұманбек Әлиев, осы салтанатты жиынға Алматыдан арнайы келген жазушы, М.Шолохов атындағы Халықаралық сыйлықтың лауреаты Сәбит Досанов, Патшайымның қызы, профессор Құралай Аққошқарова, ғалым атын еншілеген мектептің директоры Жидебай Жолаев, кәсіпкер Балтабай Құрманбаев, аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі Құдірет Қыстаубаев және басқалар осыдан жиырма жыл бұрын өмірден озған Патшайым Тәжібаеваның ғылымға қосқан аса үлкен үлесі жайлы тағылымды сөз сөйледі. Ескерткіш лентасын Т.Әлиев, С.Досанов, Б.Құрманбаев қиды.

Ғалымды еске алу аясында өткен П.Тәжібаева атындағы география пәнінен аудандық олимпияда жеңімпаздарына диплом мен бағалы сыйлықтар табысталды.

Жерлестері ғалым аруағына арнап ас берді.

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз