АРУАҚТАРДЫ АЛАЛАҒАН ЗИЯНДЫ КІТАП
2009 ж. 15 желтоқсан
3051
0
«Елтұтқа» кітабындағы өрескел қателіктер туралы «Мен тарихқа «Ештеңені де жасырмаймын» деп эпиграф жазар едім. Ол ол ма, тіпті өтірік айтпау керек, өтірік айтқанша, үндемеуге тырыс». Лев ТОЛСТОЙ Бұл кітапты сұрап жүріп әрең таптық. Қазақ тарихына тікелей қатысты болған соң оқығымыз келді. Өйткені, мұндай кітаптың алғашқы рет жарық көруі. Кітаптың мұқабасы жақсы да екен. Түсі көк байрағымыздай. Құшақтасып тұрған барыстардың сұлбасы да біраз жайды аңғартса керек. Сапалы қағазға көзге ұнасымды әріптермен басылыпты. Кітап авторлары жұртшы¬лыққа кең танымал, ғалым-әдебиетшілер М. Жолдасбекұлы, Қ. Салғараұлы, А. Сейдімбек. Сонымен білікті авторлар «іштен шыққан шұбар жыланның» қадыр-қасиеті қандай екенін өздерінің алғы сөздерінде жеріне жеткізе баяндапты. Мұнда ел тарихын әйгілі тұлғалар арқылы зерделеу ғылыми негізде жасалды деп атап көрсетілген. Бұған қосып, алар ештеңе жоқ. Басқаның мадағын қажет етпейді. Сондықтан таңдай қағуға уақыт алдырып, қағаз шығындаудың жөні жоқ тәрізді.
Жаңа оқулық-кітаптың мән-ма¬ғынасын баспагерлердің ша¬ғын мазмұндамасынан да бағам¬дауға болады. Онда былай делінген: - Ел тарихын әйгілі тұлғалар арқылы тану мүмкіндігі — тәуелсіздік жемістерінің бірі. Президент Н.Ә.Назарбаевтың қолдауымен, Премьер-министрдің орынбасары И.Н.Тасма¬ғамбетовтың тікелей араласуымен түркі қағанатының әйгілі батыры Күлтегін құрметіне орнатылған тас ұстынның тұңғыш рет жасалған көшірмесі қазір Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің бас ғимаратында тұр. Бірінші атриумда киелі тас ұстынның мазмұнын ашатын жайым (экспозиция) жасақталған. Солардың ішінде дарынды суретші Нұржан Қарымсақовтың қолынан шық¬қан «Бата», «Алтын адам» атты көлемді паннолар да бар. Бұл панноларда екі жарым мың жыл аясы қамтылып, ел тарихының 150-ге тарта әйгілі тұлғалары бейнеленген. Қолыңыздағы кітапта сол тарихи тұлғалар туралы ғылыми мағлұмат берілген. Осы ізгі ниетті оқулықтың кіріспесіндегі мына пікір де толықтыра түсетін сияқты. «Елтұтқа» кітабы, - делініпті онда, - қазақ тарихының алтын қазығы, ұйтқысы болған ұлы тарихи тұлғаларға арналған. Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 10 жылдығымен орайластырып, оқырман назарына ұсынылып отырған бұл кітап, түптеп келгенде, Отан тарихына әйгілі тұлғалары арқылы ден қоюды мақсат етеді». Кітаптың Тұмар ханша, Мөде қаған, Еділ (Атилла) қағаннан басталуы елдік та¬рихымыздың сонау тереңде, ғасырлар қойнауында жатқанын көрсетсе керек. Бұрын айтылмай келген ақиқаттар жалғанның жарығына шығарылып, біздің ата-бабаларымыздың бас¬қа¬лармен терезесі тең, текті бол¬ға¬нын әлемге мақтанышпен паш етеді. Ежелден келе жатқан іргелі ел екеніміз тарихи жәдігерлермен айғақталады. Сонымен қатар Ұлы Дала төсінде көшпелі өмір салт мәдениетін қалыптастырғанымыз толып жатқан бұлтарғысыз фактілермен қапысыз дәйек¬теледі. Ең бастысы, қаншама замандар өтсе де ұрпақтар сабақтастығы ешбір селкеу тартпай, жалғасын таба білгендігі дер едік. «Тарих табалдырығынан аттағалы келе жатқан ортаға¬сырлар қарсаңында Еуразия көшпелілерінің құрсағында түркінің тәңір тектес ұрпағы жарық дүниеге әмірін жүргізу үшін асыға бұлқынып жатты» деп, авторлар өте орында айтыпты. «Елтұтқа» оқырман назарын өзіне бірден баурап алады. Кітапты оқыған кезде санаңа ғайыптан нұр-сәуле құйылып өзіңе бейтаныс ата-бабамен жақын тілдескендей тамаша әсер аласың. Солардың ізгі мұрат жолындағы ғажайып істері, теңдесі жоқ ерліктері, өсиет еткен арман-аңсары бойыңа тың күш-жігер бітіріп, көңілдің көк дөнені ауыздықпен алысады, сәлден соң «осы, біз бабаларға лайықпыз ба?» деген зілмауыр сұрақ кенет жай оғындай осып өткенде едәуір есеңгіреп қаласың, баянсыз да күйкі тірлігіңе опынасың кеп. Амал не, қолдан келер дәрмен жоқ. Сенің пүшәймандығыңды сезгендей енді бір сәт бабалар рухы маңдайыңнан сипап, самал болып желпиді, қайтадан жылт еткізіп үміт отын жағады. Жан-дүниең өзгеріп сала береді. Көз ұшында сағымданған Ұлы Даланы көктей өтіп, баяу жылжып бара жатқан салқар көштің соңына түйе тіркеп, алаңсыз ілесе жөнелесің... Тарих көшіне осылай ере бергің келеді. Бірақ, біраздан соң кітап авторлары әуелгі жорғасынан жаңылып, шоқыраққа ауысады. Оқырманды әлгінде имандай сенген құбыласынан адастырып, басқа жаққа бұрып кетеді. Оу, бұл қалай? - деп, аңырып қаласың. Әттеген-ай, деген өкініш өзекті өртеп, құныға оқып отырған кітаптан көзіңді тайқытып жібереді. Шындыққа, нақты деректерге негізделгенде ғана тарих танымдылығына бас идіреді. Аңыз бен шежіреден тарих жасалмайды. Егер деректер бұрмаланатын болса, ақиқат айтылмай қалады. Ондай кезде жалғаншылық белең алады. Тарихқа қиянат жасалады. Осындай өрескел қателік Үйсін ұлысының түп атасы саналып жүрген Бәйдібек Қарашаұлына арналған мағлұматтарда бірден көзге шалынып, көңілге қаяу түсіреді. Біз Бәйдібекті тарихи тұлға деп танимыз. Ол кітапта ешбір қоспасыз, әсірелеусіз жазылуы тиіс еді. Өкінішке орай, бұл қағида орындалмаған. Асыра мақтап, құдай пешенесіне жазбаған қасиеттерді тықпалаудың, көреген көсем еді деудің кімге қажеті бар? Батыр болса, қай жауды жеңді? Ұрпағы деп Майқы биді қосақтаудың да реті жоқ. Бұған Еуразияның, Рум (Византия) сияқты империяның және түрік тектес ұлттардың қанша қатысы бар? Ең соңындағы «қазақ даласындағы ру-тайпалардың этникалық тұтастануына мұрындық болған тұлға» деп дабырайтады. Көңілге қонымды ешбір дәлел, дерек келтірілмейді. Кітап авторларының оның ерекше қайраткерлігін қайдан тауып алғаны беймәлім. Нақты дерекке сүйенсек былай. Өз атасының қандай адам болғанын бір білсе, Қазыбек Тауасарұлы білуі тиіс. «Түп- тұқианнан өзіме шейін» деген кітабында ол: «Бәйдібек бай өте ауқатты, қарымды, шаруасын өргізуге бейімді де, пейілді де адам болған... Атамыз Бәйдібек бай ер көңілді, көбіне байлықпен аң аулап, сейіл құруға бейілді кісі екен» дейді. Міне, бар болғаны осы. Батыр болғаны, ел билегені туралы ештеңе айтылмаған. Бұдан соң кейбір желбуаздардың Бәйдібекті хан болған екен, Ташкентті билепті дегендерінің бос сөздігі түсінікті. Қисынсыз өтірік сенімсіздік туғызатынын, баба бейнесіне көлеңке түсіретінін желөкпе рушылдар қашан түсінер екен? Қалың жұртшылыққа, әсіресе кейінгі ұрпаққа мүлде белгісіз, әрі Алаш баласына жасаған жақсылығы, сіңірген еңбегі аңызда ғана айтылатын адамға Тараз қаласының қақ төрінен ескерткіш салу, президентіміз Н. Назарбаев орынды атап көрсеткеніндей: «...ұлттық этногенезі мен тарихын өз «руының төбешігіне» шығып алып жазатын тұрпайы тарихшылардың» әрекетін байқатса керек. Бұл осы ежелгі қаланы баяғыдан мекендеп отырған басқа қазақтарды кемсітіп, көкіректен итергендей мүлде теріс әсер етті. Кімнің атасы бай болмаған, бірнеше қатын алып, ұрпақ өсірмеген. Соның бәрі бәсекемен ескерткіш салуға көшсе, мұның ел бірлігіне нұқсан келтірері сөзсіз. Осы жерде мынадай ақиқатты айтуға тиіспіз. Ол көпшіліктің ұйғарымы. Тараздың орталық алаңында тұруға лайық адам Т. Рысқұлов және Б. Момышұлы еді. Бұлар қазақ халқына еңбегі сіңген, әлем таныған біртуар қайраткерлер. Ал, аңыздың кейіпкерінің бұлармен теңесе алмайтыны бір Аллаға аян. Келесі дау туғызатын тарихи тұлға Қарасай батыр Алтынайұлы. Соны асыра мадақтауға әр жолы есептеулі кітаптың үш беті шығындалыпты. Бұған кітапта: «қазақтың қаһарман батыры, әйгілі қолбасшысы, есімі Шапырашты руының ұранына шыққан (айналған шығар — С.A.) аса көрнекті тарихи тұлға» деп өте жоғары баға берілген. Сол шындыққа сай келе ме? Қазақ Совет Энциклопедиясында ол туралы мынадай дерек бар. Жетісуда жоңғар шап¬қыншылығына қарсы азаттық соғыста қол бастаған батыр. 1664 жылы туып, 1727 жылы қайтыс болған. Ал оқулық авторларының мәліметі бойынша Қарасай батыр 1589 жылы (кітапта қате кеткен 1598 жыл болуы тиіс - С.А.) туып, 1671 жылы өлді дейді. Батырдың туған жылын 66 жасқа шегеру, әрі тым ұзақ жасату неге қажет болды? Егер бұрын жазылмаса себебін айтуға болады ғой. Бірақ, ол жөнінде жабулы қазан ашылмай қалған. Мұны оқырманның мақаланың кейінгі жағынан білуіне болады. Кітап авторларының мына пікірімен толық келісеміз. Олар «...елдің шетіне, желдің өтіне, жаудың бетіне шығып ерлік көрсеткен батырлардың сапында Қарасай Алтынайұлы да болды» дейді. Қарасай туралы Сүйінбайдың шағын дастаны сақталған. Жамбыл бір ғана жерде: «Ұраным менің Қарасай» деп атайды. «Елтұтқада» жазылғандай Қарасай батырдың қолына қару алып, ел қорғағаны Еңсегей бойлы Есім хан мен Салқам Жәңгір ханның заманы. Дәл солай жазылған. Ал Қарасай батырдың тікелей ұрпағы Президент Н. Назарбаев 1997 жылғы 5-шілдеде «Егемен Қазақстанда» жарияланған сұхбатында өзінің аталары жайлы сөз қозғап, Қарасайдың Жолбарыс ханның тұсында өмір сүргенін қадап айтады. Бұл нағыз шындық. Жолбарыс XVIII ғасырдың алғашқы жартысында, яғни 1720-1740 жылдары Ұлы жүздің ханы болған. Осы ақиқатты бұрмалаушы «Егемен Қазақстанның» сол кездегі бас редакторы, У. Қалижан және басқалары. Ол неге қажет болғанын жауапты соңырақ береміз. Жоғарыда айтылған Қазақ Совет Энциклопедиясындағы деректі жазушы М. Етекбаев та растайды. Ол 1991 жылғы 29 қарашада «Қазақ батырлары» газетінде жарық көрген мақаласында былай дейді: «Қарасай батыр қазіргі Алматы облысы, Жамбыл ауданындағы Қарасаз деген жерде шамамен 1664-ұлу жылы туған. Ұлы жүз Шапырашты тайпасының Есқожа руынан шыққан... Аңырақай, Қарашеңгелдің маңында болған қырғын шайқаста шамамен 1727-қой жылы 63 жасында ерлікпен қаза тапқан». Сонымен Қарасай батырдың 1598 жылы тумағаны, Есім хан заманында - XVII ғасырда өмір сүрмегені белгілі болды. Алайда, қарасайшылардың мұны мойындағысы келмейді. Олардың біржола тізгін алып кетуіне Ж. Ерғалиев дегеннің бұрынғы Көкшетау облысының Айыртау деп аталатын жерінде батырдың қабыры табылды дейтін дақпырты отқа май құйғандай болды. Мұның шылғи өтірік екенін, Арқада Айыртау делінетін бірнеше мекен барлығын дәлел¬деп көкшетаулық қарт ұстаз Жа¬ғыпар Мұсаұлы мақалалар жазды. Амал қанша, оның шырылдап айтқан шындығын ешкім құлаққа ілмеді. Айқайға аттанын қосып Ш.Мұртаза шықты. Ол тізеге салып, тұқыртып сөйлейтін әдетімен әділетті жақтағандардың жер-жебіріне жетіп, тарихқа қиянат жасаушылардың шашбауын көтерді. Ру сойылын соғушылардың түпкі мақсаты 1998 жылы Қарасай батырдың 400 жылдығын тойлау болатын. Қалайда Президенттің назарына ілігуге жанталасқан жарамсақтар барын салды, оған 1997 жылы айтқанын ұмыттырды. Батырға (Ағынтай екеуіне) әйдік кесене салдырып, дүрілдетіп той өткізді. Рушылдардың арманы осылай жүзеге асты. Бұл жағдайлар кітап авторларына мәлім болса да, олар тарихи мағлұматтың бұрмалануын түзетуге мән бермеген. Мұның Қарасай батырдың қандыкөйлек досы Арғын Ағынтай батырға да тікелей қатысы бар. «Матай атамның, — дейді Қ. Тауасарұлы, — күнін көрсетіп жазған жазбаларына қарағанда әрқайсысы (Қарасай мен Ағынтай) кескілескен соғысқа екі жүз мәрте рет кірген екен». Бұдан шығатын қорытынды Ағынтайдың ерлігі Қарасайдан бір де кем еместігі. Солай болса да кітап авторлары Ағынтай батыр туралы қалам тартпаған, оны тарихи тұлғалардың қатарына қоспаған. Аруақпен арбасқан олардың жымысқылығы белгілі, олай еткенде Қарасайдың «қа¬һар¬мандығына», «әйгілі қол¬басшылығына» көлеңке түсіріп алады. Сұрауы жоқ Арғынды қайтсын, сұрауы бар Шапыраштыны ұлықтаса жетіп жатыр. «Қой да аман, қасқыр да тоқ». Осыған байланысты шындық үшін арпалысқан көкшетаулық Жағыпар Мұсаұлының мына пікірін еске салғымыз келеді. «Ғалым болу үшін — залым, атақты болу үшін — арсыз, бақытты болу үшін — алдамшы бола бастаған кейбір зиялыларымыз аңыздан тарих жасамақ болып «ар ұялар іс» (Абай) қылып жүр» дейді ол. Айтқаны дұрыс қой. Марқұм Б. Қыдырбекұлы ақ тер, көк тер болып бабасы Қ. Тауасарұлының атынан кітап жазса да, бір шындықты аттап өтпеген еді. Ол: «Шапыраштылар Үйсіннің басқа тайпаларынан айырықша ерекшеленбеген, шоқтықталмаған, көптің бірі болған» дейді. Өкінішке орай, кітап авторлары мұны ескермеген, сырт көздің сыншыл болатынын қаперге алмаған. Бар көлемі 350 беттен аспайтын оқулыққа тек Шапырашты руынан тарихи тұлға деп 8 адамды енгізген. Қазақтың басқа руларына келгенде бетінен қалқитыны қалай? Жауапты редакторы М. Жолдасбекұлы қайда қараған? «Тура биде — туған жоқ» дейтін белгілі қағиданы неге ұстанбаған? Кітаптағы кемшіліктің бастысы — елге тұтқалық қасиеті шамалы адамдардың орынсыз дәріптелуі. Мұның ең алдымен Сыпатай Әлібекұлына қатысы бар. Қазақтың орыс отаршылдығына қарсы ұлт-азаттық кетерілісінің туын ұстаған Кенесары ханның сәтсіздікке ұшырауына патша жендеттерімен және қырғыз манаптарымен қатар жауапты адамның: «...ерлігі мен шешендігі, әділдігі мен ақылдылығы ел жадында сақталып қалған үлкен бедел иесі» делінуі бізде әлі де рулық, тайпалық сана үстем екенін көрсетсе керек. Соның салдарынан көзді жұмып қойып, ұлттық мақсатты көбіне рулық мүдденің құрбанына шалып, көкірек қағатын қу әдетіміз көлеңкеше соңымыздан қалар емес. Рүстем сұлтан мен Сыпатай би сияқтылардың сатқындығынан қазақтың ондаған жылдарға созылган ұлт-азаттық көтерілісі біржолата бас көтерместей жеңіліске ұшырап, ел тарихындагы 144 жылға созылған отарлық езгі қанды шеңгелін қазақ даласына аямай салды. Енді нақты дәлелге тоқталайық. 1847 жылы қазанның 15-інде қырғыздың бас манабы Жантай Қарабеков Кенесары ханның қырғызбен соғысы және қаза табуы туралы Сібір казактарының шекара бастығына хат жолдаған. Бұл құжат ҚР-ның Орталық мемлекеттік архив қорындағы 2920 істе сақтаулы. Хатта былай делінген: «Сол кезде (1847 жылдың көктемі, дәл майдан басталатын түнді айтып отыр) Рүстем сұлтан, Сыпатай би Әлібеков енді Кенесарымен не істесең оны істе, саған бердік, деп әскерлерін алып (12 мың адам) шығып кетті». Кенесары ханның басына Ресей патшасы тіккен 3000 күміс ақшаны Рүстем сұлтан, Сыпатай би және Жантай манап үшеуі бөлісіп алған. («Ақ жол Қазақстан» № 1 (01) тамыз, 2000 жыл). Сыпатайдың «батырлығы» туралы Жамбыл былай жырлаған: «Дулатта батыр Сыпатай, Жаудан қорқып сенделіп. Сары бұлақтың басына, Аңырақайдың тасына Түнде барып тығылды. Батыр тұлға бола алмай, Елдің туы жығылды... Батыр деген Сыпатай Қара басып сауғалап Тауға кіріп жоғалып, Шықпай кетті дабысы!». (Жамбыл Жабаев. Шығ. толық жинағы. Алматы. 1946 ж. 569-577 беттер.). Міне, Сыпатай Әлібекұының тарихи тұлғалық бет-бейнесі осындай. Кітап авторлары бұл жөнінде жұмған аузын ашпайды. Қайта, Кенесарыға жасаған сатқындығын жуып-шаюға, оның бұл қылмысын бүркемелеуге әрекеттеніп бағады. Жасында Сыпатай өз елінен қуылып қырғызды паналағаны, солар қатын әпергені, сол себепті қырғыздармен соғыспағаны ұзақ сонар әңгімеленеді. Сонымен, жалған тарих жасаушылардың жазуынша Сыпатай би бүгінгі қазақ тарихының төрінен ойып орын алған тұлға саналады. Меркілік Ботбайлар оған ескерткіш орнатып, Жамбыл облысы емес, басқа жақта жүргендер де сонда жиналып, гуілдеді. «Бұларың қалай, үй артында кісі бар ғой» дегенді есіне алған басшы да, басқасы да болмады. «Мырзатайдың кітабында мақталған» дейді. Елге тұтқа бола алмайтын адамның тағы бірі—Жәңгір хан. Ол қазақ халқының жауы. Ресей патшасының жалдамалы жендеті. Елді қан қақсатып езіп-жанышқан, туған жерінен айырған сол. Исатай-Махамбет бастаған халық көтерілісін қанға бояп, біржола тұншықтырды. Ең шұрайлы жерлерді өзі және қайын атасы Қарауылқожа иемденді. Қалғанын орыс помещиктеріне үлестірді. Бұл туралы кітапта бірауыз сөз айтылмайды. Ердің сойы—Махамбет ақын: «Хан емессің қасқырсың, Қара албасты басқырсың... Хан емессің лаңсың, Қара шұбар жылансың», — деп неге айтқанын да еске алмайды. Осындай адам қалай елге тұтқа бола алады? Авторлардың кімді алдағысы келеді. Нағыз сорақылық қой, бұл. «Біз білеміз» дейтін өзім¬шілдік қашанда қателіктерге ұрын¬дыратыны белгілі. Сондық¬тан кітап авторлары сөз болып отырған, өздері тарихи тұлға санайтын адамдарға қатысты баспасөзде бұрын-соңды айтылған пікірлермен санаспайды. Сол себепті, оқу¬лықта жарияланған кейбір ма¬териалдардың бір қайнауы жетіспейді, көбіне күмән ту¬ғызады. Жер-көкке сиғызбай дә¬ріптелген адамның тағы бірі— Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы. Ол: «...қазақтың әйгілі шипагер ғалымы, елдің әлеуметтік-саяси өміріне жүйрік тарихшысы, «Шипагер баян» атты толымды емшілік-этнографиялық еңбектің авторы, өз тұсында Жәнібек хан, Жиренше шешен сияқты тарихи тұлғалармен бастас болып, ел қамы, халық тағдырына қатысты келелі істерге араласқан қоғам қайраткері» екен. Егер кітап авторлары маңғыстаулық Серікбол Қондыбайдың 2002 жылғы 11 қаңтарда «Алтын ордада» басылған «Жалғаншының табиғаты» деген көлемді мақаласын оқып шықса, Өтейбойдақ туралы, оның отыз ұрпақ бойы жасырын сақталып келген «кигіз кітабы» туралы көпірмеге салынбай, байыпты қорытынды жасар еді. Бұл кітапты біз де оқып көрдік. Көп ойландық. Өтейбойдақтың ұрпақтарының төзіміне таңқалдық. Сонымен бірге күдігіміз де құлағын қылтитты. Мұндай кемеңгер емшіні, оның тамаша кітабы «Шипагерлік баян» жайлы осы уақытқа дейін ешкімнің білмеуі ақылға симайды. Бұл туралы Шоқан Уәлихановтың, қала берді Мұхаметжан Тынышбайұлының, тіпті Әлкей Марғұланның білмеуі мүмкін емес қой. Албандарың не деген аузына берік халық, мұның қасында Шапыраштылар жіп есе алмайды екен. Қазір қазақтың пысықайлары «түлкі болған заманды, тазы болып шалып» жалған өмірбаян, шежіре, неше түрлі қияли естелік жазудың кәсіпқой маманы болып алған кезде, бәрін де күтуге болады. Олар елеуреп өз руластарын мадақтағанда алдарына жан салмайды. Басқалардың шамына тисе, қатыны ұл тапқандай қуанады. Мұның бүкіл елдің тарихына, мәдениетіне орны толмас нұқсан келтіретінімен жұмысы жоқ. «Қой дейтін қожа, әй дейтін әже» алжып өлгелі қашан. Демократия, сөз бостандығы, ойыңа келгенді көки бер. Мүмкін, болған шығар немесе болмаған шығар, сонда да Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы бабамыздың аруағынан кешірім сұрана отырып, сонау 1473 жылдарға дейін жазылып біткен емшілік туралы кітабын басқа қазақтардан жасырып келген ұрпақтарына, оның ішінде бүйректен сирақ шығарып, дүниеде теңдесі жоқ «шығарманың» өңін айналдырған Нұртай Түменбайұлына өкпеміз қара қазандай. Соған сеніп, «жерден жеті қоян тапқандай» мәз болып отырған оқулық авторларының құлағына алтын сырға. Серікбол ініміздің зерттеп, ғылыми негізде жазылған әлгі мақаласынан мына пікірді оқырманға ұсынғанды жөн санадық. Билігін өзі айтсын. Ол былай дейді: «Біреу айтар: «сенің руың, жүзің басқа болғасын, көре алмағандықтан, қызғаныштан жазып отырсың» деп. Немесе «сенің не шаруаң бар, сенен де үлкен, білімді ғұламалар үндемей отырғанда, сенікі не, яғни, «больше всех надо?» деп сұрар». Мәселе—жерде, не руда емес, мәселе ғылыми этикетте. Өйткені, дәрігердің «Гипократ антын» орындау кодексі сияқты, ғалымның да жазылмаған жауапкершілік, жөн-жосықтық кодексі бар. Қазақ ғалымы да осындай кодекс ауқымында жұмыстануы тиіс...» «Елтұтқа» кітабын жазушылар өздері ұсынған негізгі ұстанымды соңына дейін сақтамаған. Олар «қазақ тарихының алтын қазығы, ұйтқысы болған ұлы тарихи тұлғалар» деген сөздерінен айнып, ғалымдыққа жатпайтын алақолдылыққа жол берген. Бұлайша бұлаң құйрыққа салынуға оларды кім мәжбүрледі? Ақиқаттан аттап өтіп, тарихи шындықты бұрмалау, қандай мақсатты көздеп отыр? Бізді, жалпы оқырман қауымды мұндай өрескелдік қатты абыржытты. Ел тарихынан осылай зерделей ме? Әлемге жақсылығымызды толық көрсетуге кімнен именеміз? Қазақстанның көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Жұмабай Шаяхметов тарихи тұлғалар санатынан неге біржола сызылып тасталган? Еліміздің бірінші басшысы болған тұңғыш қазақ азаматы Жұмабай Шаяхметов кім еді? Бұл орынды сұраққа ол кісінің туғанына 100 жыл толуына байланысты шығарылған «Күрделі заманның қайсар қайраткері» деген шағын кітаптан бірқатар нақты деректерді келтіре отырып жауап беруге болады. Соның өзінен Жұмабай Шаяхметовтың қиын да қысталаң кезеңде жауапты жұмыста істеп, ар-абыройын жоғары ұстап, парасаттылықтың, іскерліктің үлгісін көрсете білген абзал жанды азамат екенін білуге болады. Жұмекеңнің өмір жолы мен басшылық қызмет атқарған жылдары И.В.Сталиннің Кеңес Одағы мемлекетін басқарған кезеңмен тұстас келді. Сондықтанда ол тоталитарлық жүйеде өсіп-қалыптасқан, сол жүйе аясында қызмет еткен аса көрнекті басшы, белгілі қайраткер екені мәлім. Жұмабай Шаяхметов 1902 жылы 30 тамызда Ресейдің Омбы облысы, Шарбақкөл ауданының 1-ауылында дүниеге келген. Ол 1917 жылы Полтавкадағы екі жылдық орыс-қазақ училищесін бітіргеннен кейін ауыл мұғалімі, 1916- 1923 жылдары Теке болыстық атқару комитетінің хатшысы, 1923-1925 жылдары Ақмола губерниясы әкімшілік бөлімінің іс жүргізушісі, инспекторы болды. Ал 1926-1930 жылдары ішкі істер халық комиссариатының Петропавл, Алматы органдарында әртүрлі жауапты қызметтер атқарған. 1938-1946 жылдары Қазақстан КП Орталық Комитетінің үшінші және екінші хатшысы, ал 1946-1954 жылдары бірінші хатшысы болып сайланды. 1954-1955 жылдары Оңтүстік Қазақстан облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметін атқарды. 1938-1954 жылдары Қазақстан КП Орталық Комитетінің бюро мүшесі. БКП(б) XIX съезінің делегаты, сол съезде БКП(б) Орталық Комитетінің мүшесі болып сайланды. Ол 2-4 сайланған КСРО Жоғарғы Кеңесінің, 2-4 сайланған Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты, 2-4 сайланған КСРО Жоғарғы Кеңесінде Ұлттар Кеңесінің тө¬рағасы болып сайланған. Кеңес заманының 70 жылында елімізде билік құрған 21 адамның арасында Қазақстанның бірінші басшысы болып үш-ақ қазақ қызмет атқарды. Соның біріншісі Жұмабай Шаяхметов. Жұмабай Шаяхметов—жүрегі ұлтым, елім деп соққан үлкен жүректі қазақ халқының асыл азаматы. Соғыс алдындағы және соғыс кезіндегі ауыр кезеңдерде республиканың экономикасы мен мәдениетін өрге бастыруда қажырлы еңбек етті. Сондықтан оның беделі халық ішінде де, партия қатарында да жоғары болды. Жұмекеңмен бірге өмір сүрген замандастарының басым көпшілігі оның іскерлігін, әділдігін, принципке берілгендігін, турашылдығын айтады. «Мен Орталық Комитетте істеген уақыттарда Ж. Шаяхметов бүлдірді, зорлады, қудалады, жазалады деген арыз болған жоқ», — дейді өзінің естелігінде бұрын Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің хатшысы болған М. Әбдіхалықов. «Шаяхметов ұлтшыл да, рушыл да болған емес»,— деп жазды белгілі саяси қайраткер М.Сужиков. Дінмұхамед Қонаев өзінің «Өтті дәурен осылай» атты естелік-эссесінде Ж. Шаяхметов туралы «Айтары жоқ, тәртіптің адамы еді. Қия баспайтын, қия да бастырмайтын. Өзінен бұрынғы бірінші хатшылардан артықшылығы аса ұқыпты әрі қиыннан қиыстыра білетін ұйымдастырушы еді. Оның осы қабілетінің арқасында соғыстан кейінгі жылдары Қазақстан экономикасы күрт жоғары өрледі», — деген болатын. Шаяхметов республиканы өзі басқарған 16 жыл ішінде ұлттық кадрларды өсіруге үлкен қамқорлық жасады. Соның нәтижесінде елімізге ерекше еңбегімен белгілі болған мемлекет және қоғам қайраткерлері тәрбиеленді. Бұлардың қата¬рында И.Тәжиев, Т.Тәжібаев, Д.Қонаев, Ж.Жанғозин, С.Шәріпов, С.Бәйішев, Қ.Қанафин. Р.Ілияшев, Д.Керімбаев, I. Омаров, С. Жанбаев, А.Бородин, Ж.Тәшенов, Ш.Қабылбаев, Г.Қаржаубаев, С.Тоқтамысов, X.Арыстанбеков т. б. бар. Мұнымен бірге Н.Бердіғұлов, Б.Доспаева, Г. Хайдин, Ш.Берсиев, М. Қазыбеков, Ы.Жақаев, Н.Алдабергенов, Б.Ихласов, М. Қаптағаев, Ким Ман Сам, Б. Нұрмағанбетов, Ю. Победоносцев, М. Сағымбеков, Р. Мақатова, Ж. Жүнісов сияқты еңбек адамдары бағының жануына Жұмекең тікелей моральдық қолдау көрсетті. Өз халқының келешегін ойлаған көреген қайраткер, әсіресе қазақ әйелдерін тәрбиелеп, оларды аудан, облыс, республика бойынша басшы қызметтерге жоғарылатып отырды. Сол кезде 162 әйел республика Жоғарғы Кеңесінің, 14 әйел КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланды. Солардың ішінде Қарағанды шахтасының инженері Зәуре Омарова, атақты сауыншы Caлиxa Оңғарбаева т. б. болды. Осы тұста аренаға шыққан Мақпуза Нұрымбаева республика үкіметі төрағасының орынбасары, Мариям Бейсенова Қазақстан КП Орталық Комитетінің бөлім меңгеруішісі, соғыста ерлік көрсеткен атақты ұшқыш Қиуаз Доспанова Қазақстан комсомолының бірінші басшысы болып істеді. Жұмекең қазақ әйелдерінің нағыз қамқоры еді. Қазақстан индустриясының өткен ғасырдың елуінші жылдары құлашты кеңге сермеуі, мал шаруашылығының жаңа белеске көтерілуі Жұмабай Шаяхметовтың іскер басшылығының жемісі болатын. Тікелей саяси ұйымдас¬тыру¬шылық, экономикалық мәсе¬ле¬лермен шұғылданып жүрсе де, Ж.Шаяхметов әрқашан мәдениет, білім беру ісіне жанашырлықпен қарай білген. Аласапыран соғыс кезінде Шет тілі институты, Қыздар институты мен педучилищені, Қазақ консерваториясы, Шымкент химия-технология институты, соғыс біте салысымен Қазақ Ғылым Академиясының ашылуы, сол сияқты Алматыда опера және балет театрының ғимаратын салғызуы көп жайды аңғартады. Қазақтың ауыз әдебиетінің қайнары — суырып салма ақындар айтысын жандандыруға ат салысып, қазақ әдебиетін дамытуға көп ықпал жасай білді. Қаныш Сәтбаевты жаладан қорғап, М. Әуезовты елге тез қайтарып алуға жәрдем жасады. Шоқан Уәлихановқа ескерткіш салдырды. Елімізде халықтар достығын баянды етті. Әпербақан Н. С. Хрущевтің тың игеру саясатына батыл қарсы шықты. Сол үшін социалистік жүйенің ауыр азабын шекті... Жұмабай Шаяхметов Қазақстанның аса қауырт та қиын кезеңдерінде басшылық тізгінін босатпай, адал да абыройлы еңбек етті. Ол 1955 жылы денсаулығына байланысты қызметінен босап, өмірінің соңғы кезіне дейін Мәскеуде тұрып, 1966 жылы 17 тамызда дүниеден өтті. Алматыда жерленді. Жұмабай Шаяхметов үш рет Ленин орденімен, Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет белгісі» ордендерімен және көптеген медальдармен марапатталды. Қалай болғанда да Жұмабай Шаяхметов өз заманының тұлғасы. Ол қызмет еткен жылдардағы Қазақстанның қол жеткізген табыстары да, қиын-қыстау күндері де барша халқымыздың тарихынан лайықты орын алары даусыз. Жұмабай Шаяхметов сол бір күрмеуі қиын күрделі заманның қайсар қайраткері ретінде қазақ халқының жүрегінде мәңгі сақталады. Елі үшін тынымсыз еңбек етіп, қарапайым ғана өмір кешкен, бар қажыр-қайратын туған елі мен болашақ ұрпағына арнаған ұлы адамды естен шығару ешқашанда кешірілмейтін күнә екенін «Елтұтқа» авторлары қалай түсінбейді. Қазақты алалауда бұдан өткен сұмдық болмас. Басылымның жауапты редакторы М. Жолдасбекұлы бұдан соң ел бетіне қалай қарайды. Кітап авторларының ел тарихын объективті тұрғыда жазуға жауапсыз қарағандығының тағы бір айғағы- бірегей істерімен қалық жүрегіне жол тапқан Қазақ ҚСР Жоғарғы Кеңесінің төрағасы және Қазақстан үкіметінің басшысы болған, белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Жұмабек Ташеновты қасақана ұмыт қалдыруы дер едік. Жұмабай Шаяхметовтан кейін ел билігін жаулаған комунист-шовинистердің қазақтан шыққан басшы кадрларды қуғындағаны, Хрущев сұмпайы бастаған орыс отаршыларының ежелгі қазақ жерін талан-таражға салуға озбырлықпен жауыға кіріскені тарихтан белгілі. Солармен қаймықпай арыстанша айқасқан жалғыз Ташенов болатын. Ал, Қонаевтың бұғып қалғаны белгілі. Қазақтың елім деп еңіреген маңдай алды азаматының өмір жолын, қаһармандық күресін кейінгі ұрпаққа үлгі - өнеге етіп ұсынбау, тарихи шындықты жасырып қалу ешкімге де абырой әпермейді. Жұмакең туралы атақты Нұрмолда Алдабергенов айтыпты деген мына сөз әлі халық жадында: «...бір де бір қазақ Жұмабек Ташеновке жетпейді. Өйткені, ол қазақтың жанын, намысын түсінген ұлы қайраткер.» Омар Шипин, Нұрпейіс Бай¬ғанин және Шашубай Қош¬қарбаевтың Жамбыл мен Кенен қатарынан қалып қоюы мүлде түсініксіз. Егер бұлардың алдында Жанақ, Дулат, Шөже, Шортанбай және Мөңке туралы айтылған болса, онда ауыз әдебиеті бір¬шама толық қамтылғандай болар еді. Амал не, «қазақта ақындықтың туын көтергендер Жетісу өлкесінің түлектері» деген жаңсақ та зиянды қорытынды жасалған. Жазба ақыннан Қасым Аманжоловтың, сазгерден Шәмші Қалдаяқовтың ескерілмегені қалай? Бұл екі тарихи тұлғаның тірлігінде көрген теперіші аз болған жоқ қой. Ең болмаса, осындайда жақсы-жайсаңдардың қатарында бағаланса, кейінгі ұрпақтар оларды ұмытпас еді. XX ғасырда қазақ елінің атын шығарған академик Нәйла Базанованың, Кеңес Одағының Батырлары Әлия Молдағұлова мен Мәншүк Мәметованың және Социалистік Еңбек Ері, мемлекет қайраткері Кәмшат Дөнентаеваның бұл кітаптан орын алмауы үлкен қателік. Басқасы басқа, өздері кісілік шарапатын көріп, тәлім алған тарихшы-этнограф, өнертанушы ғұлама мемлекет пен қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібековты жақсылардың санатына қоспау көре алмаушылықтың салдары демеске болмайды. Ел билеп таққа отырмаса да, Құдай берген данышпандығымен қалың қазақтың шаруақорлық-диқаншылық, малшылық іскерлігін бүкіл әлемге паш еткен, ел байлығын еселеген қайыспас қара шалдар: Шығанақ Берсиевті, Ыбырай Жақаевты, Жазылбек Қуанышбаевты және Нұрмолда Алдабергеновты көзге ілмеу қандай қисынға келеді. Кітап авторлары өздерінен басқа да қазақтың ауыз әдебиетінің тарихын зерделей білетін қалың жұртшылық бар екенін қаперге алмай өрескел қателіктерге ұрынған. Атақты жырау, танымал батыр Ақтанберді Сарыұлын Үйсіннің ошақтысы, оның ішінде Мырзатайдың руы тасжүректен еді деп жазыпты. Ал, Ақтанберді жыраудың найман екені ежелден белгілі ғой. Бүкіл қазаққа тән тарихи тұлғаны «тек қана біздің аулдан шыққан» деп рушылдықтың сойылын соққаны қалай? Ғылыми еңбекте: ақын стихиясы, эпикалық қарым, интернационалист ақын, азаматтық позиция, әуендік интонациялық секілді күлдібадам тіркестер және детермин, ареал, акселерация, атриум, импровизация деген сияқты бөгде сөздер орын алған. Батырлардың руларын қазбалап көрсету де лайықсыз. «Тарих адам бар жерден басталады» дейтін ділмарлық кімге қажет? Қазақ тілінің ережесі бойынша «жауапты редактор» емес, «жауапты редакторы» болып жазылатынын ғалымдардың білмеуі қалай? Кітап авторлары дарынды суретшіге Жұмабай Шаяхметовтың суретін салдыруды қажет деп таппағанымен, кейбір батырлардың бейнесіне өздерінің бет әлпетін салғызуды ұмытпапты. Егер сақал-мұртты, басындағы дулығаны алып тастаса Ошақты Саңырық батырдың бейнесі М.Жолдасбекұлынан айнымай қалыпты. Қолынан келген соң көн етікті қоншынан басу деген осы ма? «Бата» атты паннода Үйсіннің батырлары атойлап неге алда тұр? Суретші Нұржан Қарымсақовтың тағы бір кемшілігі Күләштің басына кепеш тәрізді бірдеңені кигізіп қойғаны. Сақ, Ғұн, Үйсін... дегенде бұлар қай Үйсінді айтып отыр? Қытайдың жазбаларындағы «Усуньнің» түріктің «Үйсініне» ұқсайтыны ғылыми түрде дәлелденбегені жұртқа мәлім. «Елтұтқа» авторларының бірі Қ. Салғараұлы өзінің «Қазақтың қилы тарихы» роман-эссесінде былай деген еді: «Дыбыс үндестігінің сырт ұқсастығына қарап қытайша «усунь» дегені қазақтың «үйсіні» деп, ешқандай дәлелсіз тарта беру бұл тарихымызға деген адалдыққа қала берді ғылыми сауаттылыққа жата қояр ма екен? Бұрынғы үйсінге соңғы үйсіннің қисынсыз тіркелуі Қойшығараның әлгі сұрағын тағы қайталауға алып келеді. Бұл өзі оқулық болғанда кімге арналған? Әлі оңы мен солын танып үлгермеген бозбастарға ма? Қазақ тарихының түбегейлі мәселесін тілге тиек еткендіктен ол бүкіл қазақ қауымына, қажет болса, қазақ еместерге де арналған бірегей оқулық болуы тиіс еді. Амал не, ізгі ниет орындалмаған. Онсыз да алты бақан алауыз болып отырған қазақтардың бірлігін ыдыратуға, теріс тәрбие беруге ықпал жасайтын зиянды кітап. Алқа мүшелері қайда қараған? Қазір қазақ халқы Алаш баласының талай заман армандаған тәуелсіздігінің іргесін нығайтып, өркениетке қол артып отыр. Ел тарихын жан-жақты ойластырып жазудың маңызы зор. Бұл біздің елімізді жақсы қырынан әлемге танытады. Егер тарих қандай да бір болмасын билік иесінің көңілінен шығуға икемделіп жазылса, өмірдің объективтік заңдылықтары негізге алынбаса, онда ол тағылымдық, танымдық қасиеттерінен жұрдай болады. Әлеуметтік маңызды оқиғаларға субъективтік жұтаң көзқарастар қалыптасады. Мұндай дүмбілез тарихты ешкім де оқымайды. Өмірдің пәлсапалық ұстанымдарын терең зерттемеген, біржақтылыққа жол берген тарихшылар кейінгі ұрпақтың қарғысына қалады. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні мынау. Көпшілікке мәлім ақиқатқа мойын ұсыну керек. Сондықтан болашаққа ел иесі болатын жастарымыздың санасын жылдар бойы улап келген бұл зиянды кітапты жоғарғы оқу орындарында бұдан былай қолдануға үзілді-кесілді қатаң тыйым салынуы тиіс. Мұндай шешімді сөзді Республиканың Білім және ғылым министрлігі айтуға міндетті. Жауырды жаба тоқуға болмайды. Сонда ғана өркениеттің талабына сай сапалы мамандар даярлау қамтамасыз етіледі.
Сағат АРЫНҰЛЫ Қазақстан журналистер одағының мүшесі Тараз қаласы №48-49