ҚАЗАҚ ТІЛІ ҚАЛАМЫЗДА АЯҚҚА ТАПТАЛУДА!

Павлодар облысы Әкімі Б. Сағынтаев мырзаға, Павлодар қаласы Әкімі Б. Жоламанов мырзаға,

Павлодар облысы прокуроры Д.Сартаев мырзаға, Павлодар облысы Тілдерді дамыту басқармасына бастығы Т.Әбілқасымов мырзаға

(Соңы. Басы өткен санда)

Горводоканал. Осыдан 2- 3 жыл бұрын жағдайыма байланысты диспетчерлерімен сөйлескенімде, мемлекеттік тілімді керемет күлкінің астына алған. Ашу-ызамды тудырғаннан кейін, қателеспесем әулеметтік қызмет жөніндегі орынбасарға (орыстілді әйел, аты-жөні есімде жоқ) бардым, одан да, сыпайылау түрде болса да сол реакцияны көрдім. Сонда оларға қазақ тілі мазақ тілі болған ба! Бүтін бір мемлекеттің тілін масқаралағаны үшін кім жауап береді?

Теплосети. Биыл 13 мамырда үйдегі (Қайырбаев к., 104) жылы суды, тағы еш ескертусіз өшіргені туралы айту үшін, және қашан береді екен деп телефон соққанымда, диспетчер 2 рет «я не понимаю, говорите по-русски» деген соң, қазақша түсінбесеңіз А.Анищукка қоңырау шалдым. Хатшысы, менің сөзімді тыңдап алып, келемеж қылғандай (мүмкін нақтылы сондай пиғылмен) 4 минуттай күттіріп, тұтқаны тастай салды. Қайталағанымда да тастай салды! Қазақтілділерге табу-тыйым салған тағы бір сервис мекемесі! Білуімше осы мекемеде инженерлік-техникалық персоналда тек 1-2 қазақ істейді. Қаламыз бойынша қазақтың үлесі 50% дан асып жатқанда, мекемеде қазақтардың үлес-салмағы 1-2, әрі кетсе, жұмысшылармен қосқанда 10 пайыздан аспауы неліктен? Индустриалды облыс орталығында жергілікті қазақ ұлтының техникалық қадрлары жетіспейді деген жауап жалған болады. Осынысы арқылы, Анищук мырза тілге деген де, сол тілдің адамдарына да көзқарасын айқын көрсетіп отыр ғой! Басқаша болса Анищук мырза кадрлер жөнінен тепе-теңдікті не себепті сақтамайды? Егер, бәрібір қазақтың техникалық мамандары жетпейді дегенге саятын болса, не себепті, сервис орталығы бола отырып, тікелей халықпен жұмыс істейтін персоналына өздері өмір сүріп жатқан мемлекеттің тіліне, қазақтілділердің намысына тиетін көзқарасты қалыптастырады? Анищук сияқты көзқарастағы мырзалардың менталитеті, жұмыс тәсілі өзгермейінше, ұлтаралық қатынасқа сына қағу тоқтатылмайтын сияқты.

Біздің үйге домофон орнатқан «Домофон цифрал» деген мекеме менің: «Келісім-шартты қазақ тілінде әкеліңдер, мыналарыңа қол қоймаймын» дегеніме құлақ аспады, қолымды мен де қоймадым. Енді 1000 теңге қарызым үшін хат жазыпты, тағы тек қана орыс тілінде, төлемегеніңіз үшін сотқа береміз деп. Бұл не деген масқара, қалайша біз Қазақ мемлекетінде өмір сүріп, қазақ тіліндегі құжатты сұрағанымыз үшін сотқа берілеміз?! Солай болған жағдайда соттың да шешімін көреміз, қай жаққа шығаратынын! Ал тілдер заңын, Конституцияны аяққа таптамай, мемлекеттік тілді мойындап, Келісімді дұрыс әкеліп берсе, қол да қойылушы еді, ай сайынғы төлем де төленіп тұрушы еді!

«Умикум» атты ЖШС жеке меншік мекеме директорының орынбасары телефонмен сөйлескенімде: «Қазақ тіліндегі хабарландыруларды алмаймыз, сол жөнінде сотқа берсеңдер де ұтыласыңдар» деп, қазақ тіліне қарсылар сотты да сатып алған екен ғой деген ой тудырады. Ол бұдан 1 жылдай бұрын болған әңгіме. Содан бертін 1-2 коммерциялық хабарлама шықты қазақ тілінде. Ақысыз хабарландыруларды тек орыс тілінде қабылдайды. Осы орайда туындайтын сұрақтар: Конституцияда жазылған, ҚР қандай да болмасын тілді пайдалануға шектеу қойылмайды, оны қойған тараптар заң арқылы қудаланады, Тілдер заңы, «Әулеметтік-коммуникативтік саладағы тілдерді пайдалану» нормалары қайда қалған?! Газет – кешіріңіздер, станок, не басқа шығаратын өнеркәсіп орны емес, тікелей осы жарлықтың шеңберінде істейтін өнімнің қатарына жатады. Әлде біз білмейтін, «ҚР жеке меншік мекемелері оның заңдарына бағынбай, дербес саясат ұстануға құқылы» деген заң барма екен? Білеміз, әзірше орыс тілі барлық жерде тіркеліп тұрғанын, олардың сол тілде сол тілде газет шығаруға құқығы бар екенін. Кім оны тартып алайын деп тұр? Ал біздің қазақтілділердің ҚР заңнамалық құқықтарын қай мемлекет қорғайды? Өздеріңіз қауқарсыз болсаңыздар бізді қалай қорғайсыздар? Олай деу себебім, мақала жазу барысында қала прокуры көмекшісі Ерболат атты азаматқа бұл жайлы айтқанымда «они - частное предприятие, мы не можем им что-либо диктовать» деп, тілге қатысты заңнамалық нормаларды, қадап айтсақ, ҚР заңдары оның аумағындағы барлық субъектілерге қолданысты екенін емес, орыс тілін керемет білетін өнерін көрсетті! Және де Конституцияда көрсетілген, ҚР тіл таңдау жөнінен шек қойылатыны үшін жауапты адамдар үкімет тарапынан жазаланады дегенді білмейтін болып шықты!

«Ваяка» атты, кассалық аппараттар сататын мекемеде (атын сәл бұрмалауым мүмкін), рахмет тура айтқанына, «Мы обслуживаем только русскоязычное население!» деді. Енді түскен кірісімді (салық комитетіне төлеп те қойдым, сол еш жерде көрсетілмеген кірісімнен салықты) растай алмай отырмын, және сол кірісті берген мекемеге тиісті бухгалтерлік құжаттарды бере алмаймын. Ваяка қызметкерлерінің айтуынша, еш жерде маған Келісімді (кассалық аппаратпен салық мекемесі арасындағы) және де сол қызмет туралы өтінішті (заявка) қазақ тілінде жасап бермейді!

Медициналық мекемелерге келетін болсақ: шамамен жарты жыл бұрын Онкодиспансердің қабылдау бөлмесіне хабарласқандағы жауап: «Или говорите по-русски, или я ложу трубку»! Өзім тіркелге 2 емханамен ылғи «тіл майданында» жүрген жайым бар, бірақ ақырғы уақытта бас дәрігерімен мәмлеге келген соң, ондағы тіл жағдайы жақсарады деп үміттенемін. Облыстық стомотологияға 3 ай шамасында барудың барысында, теледидары тек қана көрші мемлекеттің арнасында тұрады екенін, біз Қазақстан азаматтары ретінде өз мемлекетіміздің телеарналарын көруге мүдделі екенімізді, олай болмағанда, «Бізді, тұтынушыларды орыстілді арналарды қарауға неліктен мәжбүрлейсіздер» дегеніме осы айларда еш нәтиже болмаған соң (бас дәрігер болған сәттерді есептемегенде), бір маманның мені орыстілді адамның айтқанына қазақша жауап бергенім үшін «фашистка» деп қан қысымымды көтергені себепті Денсаулық басқармасына Онкодиспансер, стомотология мекемесі жайлы айтуға бардым. Бірақ орыстілді хатшы бірден: «Я вас не понимаю, поэтому предлагаю перейти на русский язык!» деді. Әйтеуір, бастығына жібермей қойды. Бұл жайт Денсаулық басқармасы бастығы А.И.Кузековтың қазақтілділерді қабылдамау саясатын ұстанып отырғанын білдіреді. «Ақбет» атты клиникаға, Кузековтың орынбасары Д.Мусинге қабыл­дауына барғанмын. Қазақ­тілдімін, сондықтан қазақ ті­лінде қабылдаңызшы дегеніме бұлқан-талқан болып: «Кім жіберді Сізді, неге мұнда жіберді?» сұрақты қарша боратты. «Тіл туралы тыңдағым келмейді. Давайте по существу....» дегеннен кейін, қандай кеңес алғандарым менің есімде де қалмады. Оның маған жолдама берген терапевті де қыспаққа алғаны. Ал мен дәрігерді таңдау - әр адамның құқы деп, сұрап алғам сол жолдаманы. Мусиннің қандай адам екенін білсем, аяқ аттап баспаушы едім! Және де сол емханадағы қыздарға маған айттырғаны: «Мұнда тек ақылы қызмет көрсетіледі». Ал менің білуімше, мемлекеттің тапсырысынсыз, бюджетінсіз, еш дәрігер жолдама бермейді! Жалпы, аурухана, емханаларда халыққа ұсынатын рецептер, жолдамалар, т.б. негізінен мемлекеттің тілінде емес. Қызмет те солай.

Облыстық Білім басқармасы. Естуімізше Көлік және коммуникация колледжінде қазақ бөлімі биылдан бастап жабылыпты! Технологиялық колледжде қазақ мектебінен келушілер орысша оқуға мәжбүр. Неліктен?

2008 жылы (қазіргі жағдай одан жақсара қоймағанына сенімдімін) Басқарма құзыретіне жататын жетім балалар мекемелерімен танысқанымызда мынандай жағдайды көрдік. Тек Тереңкөлдегі «Жетімдер үйіндегі» балалардың тәрбиелену тілі 50 пайыздан астам қазақ тілінде. Басқасының барлығында қазақ тілі тәрбие тілі ретінде өте төмен пайызда қолданылады. Кейбіреуінде тәрбие қазақ тілінде мүлдем жүргізілмейді! Тек қана оқу барысындағы бағдарламаға сәйкес сабақтар өткізіледі. Балалардың басым бөлігі орыс сыныбтарында оқиды. Балалар облыс, республика бюджетіне тәрбиеленіп, ата-анасы сайып келгенде мемлекет бола тұрып, не себепті олар ҚР мемлекеттік тілінде емес, көрші елдің мемлекеттік тілінде тәрбиеленіп жатыр? Басым көпшілігіде балаларды қазақ тілінде оқыту мүмкіндігі бола тұрып, не себепті орыс тілінде оқытылады? Білім басқармасының сол туралы айтатын уәжінің өзі миға қонбайтын нәрсе. Оларша, балаларды ұлтына қарап оқытады екен. Сонда облыстағы барлық жетім балалар орыс пен қазақ болғаны ма? Ондай жағдайда басқа ұлтты балалардың (өзбек, неміс, кәріс, т.б) тілінде мектеп ашып жеке оқыту керек шығар барлығын? Олар аз адамды құраса да, барлығының құқығы бір емес пе Конституция бойынша! Ал осындай парадокс, және күмәнді жағдайды тудырмастай, халықаралық балалар құқығын қорғау Конвенциясы бойынша, 14 жасқа дейінгі баланың оқу, тәрбие тілін ата-анасы таңдайтынын ескере отырып, мемлекет жетімдерін тек өз тілінде тәрбиелеп оқыту керек деп есептейміз.

Банктерде, Халық банкінің өзінде, жұрт толтыратын бланкілер, басқа да құжаттардың басым көбі тек орыс тілінде. Олар сол жағдайды өздерінің жоғарыдан жүргізілетін банк саясатымен байланыстырады. Десек те Халық Банкінің Қайырбаев к., 92 үйдегі бөлімшесінде 2 жылдан астам қызмет тұтынамын. Ирина Васильевна деген бөлімше басшысының «арқасында» қазақ тіліндегі өзімнің, ақша жіберіліп тұратын қызымның құжаттары мәліметтер базасына әдейі орысша бұрмаланып енгізіліп, (қазақша шрифтері 2 жылдай бұрын енгізілсе де) маған: «Орысша жазыңыз аты-жөніңізді, әйтпесе қызыңыз ала-алмайды аударылған ақшаңызды» деп, шамасы келгенше қазақ тілін орыс тіліне қайта бұрмалап тастауға жан-тәнін салып келеді. «Өздеріңіз бұрмалаған мәліметтер базасын түзетіңіздер, не ресми түрде «түзетпейміз» деп хат жазыңыздар», және 2 жылдан астам уақыт орыс тілді кассирлердің тарабынан мемлекеттік тілге күлушілік, келемеждеу ылғи орын алып отырғанына, қанша айтсам да әдейі еш шара қолданылмағанын жария етем дегеннен соң ғана әріптерді 4.05.2010 жылы 4 мамырда түзетті! Бірақ соңғы барғанымда, 2010жылы 1 қыркүйекте. Нургалиева деген кассирі: «Басқа әйнекке барыңыз, мен қазақша түсінбеймін!» нен бастап, «Очередь задерживаете!» деп, бүкіл орыстілділердің менің қазақша сөйлегеніме наразылығын тудырып шулатып қойды. Менің жауабым: «Қазақ тілінде қызмет алу құқымды бұзбаңыз, аудармашыны шақыртыңыз, сіз тіл білмейтіндігіңіз өз проблемаңыз, сол үшін мен еш басқа кассаға жүгірерім жоқ. Әлде сіздерде кассалар орыстілділерге және қазақтілділерге деп бөліне ме, баяғы АҚШ – тағы ақтарға, қараларға арналған қызметтер сияқты?!» Жәрдемақымды 40 минут берді. Қазақ тіліндегі құжаттарым үшін (қазақша шрифтті әдейі барлық компьютерге орналастырмаған ба) ылғи осылай аламын.

Халыққа қызмет көрсететін әр әлеуметтік салада жоғарыда Көлікке қатынасты айтылған жұмыстар жүргізілсе, кәсіби қызметтіне байланысты күрделі сала дегеннің өзінде әрі кетсе 500-дей сөз қорын жаттаса, осындай масқараға тап болмаушы едік! Соған № 550 қаулыға қол қойылғаннан бері уақыт жетіп артылды!

Мемлекеттік мекемелер. Салық комитетінде есеп бланкілері тек орыс тілінде. Павлодарлықтардың үйіне жыл сайын үй, мүлік салығын төлеу қағазы келеді, жыл сайын көрші мемлекеттің тілінде! Мен биылдан бастап осы хаттар мемлекеттік тілге келтірілмейінше салық төлеуден бас тартамын. Оған кімді жауапты етер екен? Және де осы мәселемен бастықтарына ертеректе бірнеше рет кіргенмін. Бұл жолы қабылдаған да жоқ.

Ішкі істер бөлімінде де жағдай солай. Тіпті сол мемлекеттік құқық қорғау мекемесінің қызметкерлері, ұялы телефон туралы арыз түсіргенімде, орысша жазуымды талап етіп, қазақша хаттама бланкін сұрағаныма күліп, келеке қылды!

Тілдер басқармасының қызметкерлерінің облыс әкімінің хатшысы Виолеттадан бастап «говорите на русском языке» деп сөйлеуіне тосқауыл қоя алмауы айтпаса да түсінікті. ҚР тілдер туралы заңының 4 бабында: «Үкімет, өзге де мемлекеттік, жергілікті өкілді және атқарушы органдар: Қазақстан Республикасында мемлекеттік тілді барынша дамытуға, оның ха­лықаралық беделін нығайтуға...көмек көрсетуге міндетті» деп көрсетілген. Ал осы мемлекеттік қызметкерлер өз жұртының арасында керісінше мемлекеттің тілінің беделін түсіріп, оны білу ешкімге міндет емес деген саясатпен өмір сүреді!. Жоғарыда айтылған әр саладағы масқара жағдайлар, тағы да айтуға мәжбүрмін, осының салдарынан.

Осы жазғандарымды БАҚ-тарға жарияламас бұрын қала әкімінің қабылдауына жазылмақ ниетте 32-31-34 тел. биыл 13 мамырда телефон шалдым. Әдеттегідей: «Приемная акима города Вас слушает»! Менің: «Қашан қалалық әкімшілік тек орыстілділерге қызмет көрсетуін тияр екен» дегенімде: «Ваша фамилия?» деген сұрағына «Бейсенбайтегі» деп жауап бергенімде: «Ой, а Вас я даже слушать не хочу»! деген сөз естідім. Шағымданбақшы ниетте үстерінен қарайтын Г.Г. Мандикова дегенге хабарлассам тағы да: «Говорите по-русски»! Менің «Сіз әкімшілік қызметкері бола тұра менің мемлекеттік тілде қызмет алу конституциялық құқымды бұзып тұрсыз, мен қазақтілдімін, ол менің ҚР аумағындағы 100 пайыз құқығым» дегеніме қарамастан, «Я Вас не понимаю. Я все-таки предлагаю Вам перейти на русский язык» деп бірнеше минут ұстап тұрды! Орыс тіліне көшуімді мәжбүрлей алмаған соң ғана аудармашыны шақыртты! Бұл не деген әкімшіліктің қызметкері тарабынан қазақтілді адамның, конституциялық құқын бұзып, масқара мәжбүрлеушілік? Заң бойынша жауапқа тарту керек қой ондайларды! 2-3 жыл бұрын облыс Бас прокурорының бірінші орынбасарымен осы мәселемен кездескенімде, «Ұлтаралық тіл бізде орыс тілі»! деген. Таң қалғаным, 1989 ж.тілдер заңындағы норманы 1997 ж. адам құқын бұзушы факт ретінде алынып тасталғанын білмеген адам қалай сол орнында отырды? Мұнда көрсетілген де, көрсетілмеген де халыққа қызмет көрсету мекемелері жоғарыдағы масқара жайды мемлекеттік органдардың өздері мемлекеттік тілді аяққа таптаған соң ғана істеп отыр. Әлде қала, облыс әкімшіліктерінде халық білмейтін: «Тек орыстілділерге қызмет көрсетіңдер, қазақ тілін (ұлтын) бірте-бірте осы ассимиляциандыру жолымен жойып, облысты (елді) жояйық та, өмірге 100 пайыз орыстілді мемлекет әкелейік» деген бір құжат барма екен?!

Облысымыздағы масқара жағдайдың қалыптасуына, тікелей осы саланы басқарған Рысты Жұмабекованың «рөлін» ерекше атап өткен жөн. Ол кісі ылғи да айтады екен: «Қазақ тілі жөнінде ауыздарыңды ашушы болмаңдар, тыныш отырыңдар». БАҚ бетінде жазылғандары, әртүрлі жиындарда: «Я имею право говорить на любом языке»!, «Перейдем на общепринятый язык»!, «Я против переименования г. Павлодара» т.б. айтқандары, алдыңғы абзацта айтылған жорамалды дәлелдей түсетіндей! Ол апамызға кеткен соң топырақ шашып отыр деп ойламаңыздар. Ол кісі барда да, апамыздың мемлекеттік тілге қатысты істеп отырған «тіршілігін» 2008жылы 25 желтоқсанда облыс әкімінің сайтына жазғанмын.

Республикалық ҚБ өкілі ретінде өз тарапымнан көлік саласына қатысты жазған іс-шараларды, жүйелі түрде әр мемлекеттік, әулеметтік салада қолдануды ұсынамын. Және оларды Қоғамдық бірлестіктермен бірге өткізсе нәтижесі көбірек болады деген ойдамын. Ұсыныстарды қазіргі қоғамдағы пайдаланатын формаларға сәйкес өткізетіндей қылып, жүйелі түрде келесі 2011ж. жоспарына кіргізулеріңізді өтінемін.

Айтылғандардан шығатын қорытынды: Керекудегі әулеу­меттік-коммуникативтік сала тек орыстілділерге бейімделген! Қазақтілділердің өмір сүруі өте тар шеңбермен шектелген. Алдымен өз іштеріңіздегі бұл масқараны доғару, құрметті Облыс, Қала басшылары, тікелей Сіздердің мүдделеріңіз! Елбасы бір сөзінде: «Тілге қатысты заңнамалық нормаларға қол қойылған, жұмысты жүргізу тікелей Сіздердің міндеттеріңіз!» деп, салмақты атқарушы билікке түсірген! Дүниеде Ұлт пен оның Тілі ажырағысыз екенін түсінсек, жоғары айтылғандардың барлығы байырғы қазақ ұлты пен диаспора өкілдерінің арасына сына қағатыны сөзсіз! Ал бұл қаламыздағы тұрақтылыққа жұмыс істемейтіні айтпаса да түсінікті!

Жоғарыда жазылғанның бәріне әділ талдау жасап, заңбұзушылық, қазақтілділердің құқын аяққа таптаушылық, осымен ұлтаралық жағдайға сына қағушыларға шамаларыңызша тосқауыл болып, тиісті шараларды өткізіңіздер деген талап-өтінішпен

P.S. Бір себептермен осы хатты қалалық Әкімшілікке бұрын тапсырдым.

Арадағы уақытта мына фактілер тағы қосылды:

Е.Р.Пилипенко автовокзалы. 10.06.10. (Не үшін стратегиялық маңызы бар қалааралық көлік мекемесі жеке меншіктің қолында екенін мен мысалы түсінбеймін):

1. Барған уақытта 5 кассир отырды. Олардың біреуі де қазақ ұлтынан емес! Пропорциялық жағдайды алатын болсақ қалада 50% кем емес қазақ тұрады. Сонда Пилипенконың кассирлерді ұлтына қарап іріктеп алғаны ма?

2. 5 кассаның 3 кассирі менің Петропавлға билет алмақшы болғанымды мүлдем түсінген жоқ! Бір кассада (4-шісінде) әрең-әрең билет қазақ тілінде сатылды. 5-ші кассада аудармашыны шақыртты. Бұл жағдай бойынша сұрақтар:

- Жолаушылар көп маусымда қазақтілділер, бір кассаға 30-50 минут тұрып, неліктен қазақтілді кассир іздеуге тиіс?

- Аудармашы жоқ болған жағдайда (шығып кетті, жұмыстан сұранып кетті, бірнеше кассада бір уақытта қазақ тілінде қызмет көрсету керек болып қалды, т.б.) қазақтілді жолаушылыр қалай тығырықтан шығу керек?

- Қашан қазақтілділерді қор­лайтын заңбұзушылық доға­рылады? Қашан билеттер қа­зақыланады?

Біз, «Ұлт тағдыры» қоғам­дық филиалы 2009 жылы ақпан айында автовокзалдың жолаушыларға мемлекеттік тілде қызмет көрсетуі деңгейімен танысқанбыз. Дәл қазіргідей, кассирлердің мемлекеттік тілде қызмет көрсету «деңгейі» жөнінде туындаған сұрақтармен әкімшіге (администраторға) бардық. Ол баяғыдан мен танитын, өз ұлтын, өз тілін жек көретін космополит Ұлжан деген әйел болып шықты. Олай дейтін себебім, әр жылдары, бірнеше рет кассирлердің: «Говорите на нормальном языке!», «Идите в ту кассу, где казашка сидит!», «Ах вы женщина, бессовестная, зная русский язык, спрашиваете билеты на казахском!» т.т. шыдай алмай автовокзал басшыларын іздеп барғанымда, Ұлжанның айтатыны: «Вы женщина, скандальная, сеете межнациональную рознь, прекрасно зная русский язык билеты спрашиваете на казахском!». «Кассирлерге мемлекеттік тілде қызмет көрсетуі міндеттелмей ме?» деген сұрағыма: «У нас два государственных языка» деп бірнеше рет қайталады, тағы да осы сұрақты менен басқа ешкім көтермейтінін, ылғи да «ұлтаралық қатынасты бүлдіріп жүретінімді» бетіме басты. Бірақ менің: «Ұлтаралық қатынасқа бүлік салып жүрген нағыз Сіздер, еш мемлекетте оның тілін (бұл – ұлтты қорлаумен парапар) қорлап, мемлекеттіктілді адамдарды сол үшін «скандальная» деген ат тақпайды, ол қылмысқа жататын нәрсе, және де 2 тіл дегенді бұрмалап, тек 1 орыс тілінде қызмет алуға неге мәжбүрлейсіңдер» дегенім жауапсыз қалған!

Осылайша автовокзалмен «соғысып» келе жатқаныма бірнеше жыл болды. Былтыр Облыстық тілдер басқармасына да жазғанмын. Нәтиже жоқ. Қорытынды ойым мынау: шовинистік пиғылдағы адам мемлекеттік стратегиялық маңызы бар объектіні, мемлекеттің заңдарын бұзып, мемлекеттік тілді қорлап, ұстап отырмауы керек! Осыған да байланысты бір жағдайларды қарастырыңыздар деген өтініш-талабым бар.

Осындай жағдай салдарынан менің, қаламызда, өзімді қоршаған әулеметтік ортада қазақтілді адам ретінде өмір сүру шеңберім тарылып, қылғынып бара жатқандаймын. Басқа тілге қайта бейімделе алмаймын, ол мен үшін өз ұлтымды, мемлекетімді сатқанмен парапар. Мен, кешіріңіздер, өзгелердей сатқын бола алмаймын! Осы жерде әртүрлі себеппен орыстілді болып жүрген қарапайым қазақтарды (мемлекеттік қызметкерлерге қатысты емес) кінәламаймын. Егер қазақтың орыстілді мемле­кеттік қызметкерлері өздерін жөнге келтірсе олар­дың жан-дүниесі де маған жақындайды деген сенімім мол.. Өйткен орыстілді қазақтың да, диаспора өкілдерінің де айтатыны: «В акиматах сами на русском говорят!»

Елімізде дін мемлекеттен бөлек болса да Алла жаратқанда адамдарды ұлт-ұлтқа, әрқайсысына өз тілін беріп жаратты ғой. Ендеше қазақтың бір-бірімен басқаша сөйлеуі Жаратқанға қарсы істеп жатқан тіршілігі деп білемін.

Айтылғандарға байланысты атқарушы билік шара қолданбаса (жалғыз Тілдер басқармасы ешнәрсе істей алмайтыны түсінікті), барлық мемлекеттік мекемелер, өз қызметкерлеріне, қоғамдағы қадағалайтын структураларына Конституциядағы, Тілдер заңындағы, № 550 жарлықтағы тілдік нормаларды түсіндіру жұмыстарымен айналыспаса, қаламызда, облысымызда тілге деген көзқарасты өзгертпесе, және де аталып өткен өрескелдік иелеріне қолданысты заңдар шеңберінде, ең бастысы Конституцияда көрсетілгендей қазақтілділердің мемлекеттік тілде қызмет алу құқы аяққа тапталғаны үшін еш шарар қолданылмаса республикалық та, шетелдік те БАҚ өкілдерінің қолдауымен, заңмен рұқсат берілгендей рәсімдерден өтіп, басқа да осындай наразылықтағы адамдармен пикет не басқа наразылық акциясын жариялауға тура келіп тұр. Өйткені. қазақтілді болғандықтан, өздеріңіз хаттан көріп отырғандай, Қазақстанда, оның ішінде Павлодар қаласында, толыққанды өмір сүре алмайтын халге жеттім.

P.Р.S: Бұны қосымша беріп отырмын, әкімшілік органдарға үстіндегі ғана таратылған.

Кассалык аппарат жөнінде: «Технокомсервистің» бастығы А.Шевелевтің айтуы бойынша, қазақшаға керекті құжаттарды аударайық деген соң, аппаратымды соларға апарғам. Бір жаманы кассалық аппаратты тексеретін, салық мекемелері мен тұлғалардың арасындағы делдал тек сол орталық болып шықты. Олардың өкінішке қарай қожайындары не қазақ емес, не қазақтілді емес. Сол «Технокомсервистің» аудармасы мүлдем түсініксіз болды да, мен қол қоюдан бас тарттым. «Қазақ тілі мазақ тіл емес, жөндеңіздер аудармаларыңызды, сіздер менің ҚР заңнамалық номалары бойынша мемлекеттік тілде қызмет алу құқымды бұзып тұрсыздар» дедім. Олар: «басқа фирмаға барыңыз, біз қалай аударғымыз келді, солай аудардық, басқаша еш нәрсе істемейміз» деді.

Сонымен, мені орыс тіліндегі договорға қол қюға жанама түрде мәжбүрлеп отыр. Жұмысыма ақша алған мекемеге растайтын чек беруім керек, әйтпесе олар мені сотқа беруі мумкін. Ал мен орысша өліп қалсам да қол қоймаймын, өйткені осы сала халыққа қызмет көрсету саласына жатады, ал ол президенттің № 550 қаулысы бойынша қай тілде талап өтініш түседі, сол тілде қызмет көрсетуге міндетті (қазақ және орыс). Басқа жағдайда менің Конституциядан бастап, мемлекеттік тілді қолданудағы барлық құқықтарым бұзылған болып есептеледі.

Қазақтелеком. Жаңа ғана, яғни 2010 жылдың 14 қыркүйегінде осы хатты жіберер алдында 20 минут тосып қазақ тілінде ақпаратты ала алмадым. Жөндеу бюросы бастығы Е.Павленконың айтуы бойынша олардың қызмет көрсету стандарты орыс тілінде екен! Ол туралы Қазақтелекомның бастығына қоңырау шалдым, жоқ болды, орынбасарлардың қабылдау бөлмесіндегі Сейсик Т.Н деген қызметкері бірнеше рет: «Будем говорить орысша, говорите на русском языке» деп менің конституциялық құқығымды бұзғанымен қоймай, «У нас и государственный язык, и язык межнационального общения - русский!» деп шықты! Ал, керек болса! Не ақпарат ала алмай, не кәсіби де, әулеметтік де өмір де сүре алмайтын халге жеттім, көмектесіңіздерші!

Құрметпен

Р. Бейсенбайтегі, «Желтоқсан ақиқаты»,

«Ұлт тағдыры» қоғамдық бірлестіктер төрайымы