БАУЫРЖАН МОМЫШҰЛЫН ЕСКЕ АЛУ КЕМПІР МЕН ҚЫЗ ЖОЛДАҒАН ҒАШЫҚТЫҚ ХАТ ЖӘНЕ АЛМАТЫДАҒЫ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ КЕШ...

(Ш.Айтматов туралы эсселер кітабынан)

Мұхтар ШАХАНОВ

(Басы өткен санда)

Түскі шай үстінде Шікең мінген аттың қиқар мінезі мен табиғаты жайлы пікір айтылды, әңгіме бірте-бірте өркен жайып, кей тіршілік иелерінің түйсігі мен талғамы туралы кейінгі кезеңде, жаһандану үрдісіне орай рухани құндылықтардың шегініске түсуі себепті жан-жақты өзгеріске, азғындыққа ұшыраған адам болмысынан жануарлардың әлдеқайда биік тұрғаны сөз болды. Осы кезде әңгімеге облыс әкімінің орынбасары Дархан Мыңбай араласты:

– Сіздер кейбір жағдайларда жануар­лардың адамнан әлдеқайда биікте тұратынын, мәселен бұғылар­дың күйек алу науқаны кезінде не үшін төбелесетінін, киттердің, қас­қырлардың адалдығы және адам бойындағы мәңгілік қасірет садизм жайлы «Құз басындағы аңшы­ның зарында» жан-жақты ой қозға­ғансыздар, – дей келе, кітаптан нақты мысалдар келтірді. (Сол шы­ғар­мадағы Дархан Мыңбай еске салған жәйттерге үңіле кеткен жөн шығар).

«Шаханов. ...Бір деректі фильмнен жабайы бұғылардың өмірін тамашалағаным бар. Әншейінде өріс таңдауда, суат белгілеуде, жыртқыштардан қорғануда бір-бірімен соншама тату, момын жануарлардың ашық алаңқайға жинала қалып, күш сайысатыны қызық.

Күйек алу науқаны кезінде ұрғашы бұғылар сауырлары діріл қағып, бір жерге жиналады да, қалған еркек кіндіктері шаңырақтай мүйіздерін шайқасып, сайысқа түседі. Кері қарай шегінісіп барып, екпінмен қайта ұмтылысып, сүзіскен кезде, бастарындағы бұтақ-бұтақ мүйіздері жан-жаққа ұшып кететіндей көрінеді. Бір жыл бұрын өзімен бәсекеге түскен еркек атаулының бәрін жалғыздап жеңіп, жиырма-отыз ұрғашыдан бір өзі ұрпақ өргізген, көрер көзге қомақты ірісі тым айбынды. Жеті-сегіз талапкердің салғаннан бетін қайтарып тастады. Гүрс-гүрс ұрған кезде, мүйіздерінің ортасынан от шашырағандай. Жеңіліп қалғандары меселі қайтып, тағдыр салды – біз көндік дегендей, бір шетке ығысып жатыр.

Ақыры, былтырғы жеңімпаз бен бір жас, қайратты бұғының арасындағы шайқас сүт пісірімдей уақытқа созылды. Бір-біріне қапелімде алдырар емес. Баста шекені қаусырған қуатты мүйіз тұрғанда, өзгеге тізгінді бере салу оңай ма? Жас перен қояр болмады, үйір басын болдыртып жығып, ортадан түріп айдап шықты. Мұны көріп тұрған ұрғашы атаулы жас переннің ығына құлап, ыңғайына жығыла берді... Барыңда баптаған, жоғыңда таптаған бейдауа тіршілік деген осы.

Айтматов. Ұрпақ өргізуге деген құштарлық жануардың да жанын жегідей жейді екен. Бұғылардың үйірге түсу кезіндегі төбелесінде өмірдің үлкен заңдылығы жатыр емес пе? Қатал табиғат пен әртүрлі қауіп-қатерге аңның ең мықтысы, қаражон қайраттысы ғана шыдайды. Бұғылардың әлгі әрекетінде болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілік жатыр. «Құдай атасына бергенді ботасына да береді» демей ме халқымыз. Мәмілесіз күрес арқылы сұрыптау өткізіп, ұрпақ өргізу құқын жеңіп алу – осының айғағы. Өйткені ауру, әлжуаз бұғыдан өнген тұқым тіршіліктің ауыр сынақтарына төтеп бере алмай, құрып кетпек.

...Гималай тауларында тіршілік ететін кейбір тайпалар жаңа үйленген жас жұбайларға:

- Сендерге киттің махаббатын, иттің адалдығын қалаймын, – деп тілек айтады екен. Оларда бұдан асқан мәртебелі бата жоқ көрінеді.

Иттің иесіне адалдығы түсінікті, ал киттің махаббаты дегені несі деп ара-тұра ойланып қоятынмын.

Жақында баспасөзден Калифорния бұғазы маңында өткен бір оқиғаны оқып, сол жұмбақтың шешуін таптым.

Кит аулап жүрген «Аторранте» яхтасы қатар жүзіп жүрген екі киттің (кашалот) бірін ауыр жаралап өлтіреді де, олжасын темір арқанмен байлап, жетекке алады. Жұбайының адамдарға қолды болғанын көрген еркегі оны құтқарып алмаққа әрекеттеніп, яхтаның соңынан ұзақ жүзеді. Ақыры өмірлік серігінің қаза болғанына көзі жеткен кит ызаға булығып, яхтаға тура шабуыл жасайды. Алып денесімен күрт қимылдап, бар пәрменімен ұрған кезде, «Аторранте» аударылып түскен. Мол олжадан дәметкен экипаж мүшелері өз бастарымен қайғы боп, әрең дегенде аман қалыпты.

Адамдардың басты қателігі – өзге тіршілік иелерінің сезімімен санаспайтындығында жатыр-ау.

Шаханов. Сәби кезінде қасқыр ұрлап әкетіп өсірген Жұма Жұмаев есімді жігітпен теледидарда сұхбат өтті. Ұзақ жыл қаншық қасқырдың бауырында бөлтіріктерімен бірге жүріп, әбден тағыға айналып кеткен Жұманы аңшылар кездейсоқ көріп қалады. Қуалап жүріп, темір торға қамап ұстайды.

- Адамдар торға қамағанда, анам (қасқырды айтып отыр) басын қатерге тігіп, мені құтқарып алуға жан ұшыра ұмтылды. Торды тістелеп, арпалысты. Әттең, аңшылар атып тастады. Қасқырлардың арасында жүріп, еш жамандық көргенім жоқ. Олар өте әділ. Ал адамдардан ондай қамқорлықты сирек кездестірдім, – деген еді Жұма.

Айтматов. Ақбара мен Тасшайнарды жазар алдында қасқырдың мінез-тіршілігін зерттедім. Көптеген танымдық әдебиеттерді ақтардым. Жалпы, қасқырдың өмір сүру дағдысы аса тәртіпті де қызғылықты.

Мәселен, қасқыр өзі меншіктеп алған жердің малына, қыс қатты болып, аса ашықпаса, тиісе бермейді. Қайта, бөгде қасқырларды жолатпай, қорғап жүреді. Үйірлі қасқырлар түнімен алма-кезек өздерінің меншікті мекенін қадағалап, әр жерге зәр сындырып, тезек тастап, бір ізбен жортып, күзетіп шығады екен. Әсіресе, мұндай күзет қаншық қасқыр бөлтірік туғанда, аса күшейеді. Жат үйірдің қасқырлары кіріп кетсе, дереу қуалап шығады. Ондағысы – малды жеп, не жарақаттаса, мал иесі бұлардан көріп, бауырын енді көтере бастаған бөл­тірігіне зиян жасар деген ой. Көрдің бе, жыртқыштардың өзіндік логикасын!

Шаханов. Бала күнде естіген әңгіме есімнен кетпейді. Бір шопанның қорасының маңына қаншық қасқыр бөлтірік өргізеді. Қой қайырған шопанның бұларға, қасқырдың оған зияны жоқ, бейбіт қатар өмір сүріп жатады. Бөлтірігін алайық деп ауыл жігіттері жұлқынғанмен, шопан оларды маңайлатпайды. Дүниеде бөлтірігін алдырған қасқырдан ашулы аң жоқ, ертең-ақ қойын қырып кетуі мүмкін. Бөлтіріктердің атасы мен енесі де көршісінің отарына өзге тұқымдастарын жақындатпай, сырттай қорғаштап жүреді. Осы кезеңде мынандай оқиға болады.

Ін аузына шығып, күншуақта ой­найтын бөлтіріктер бір ақ қозыны абайсызда өлтіріп алады. Оны шопан да көреді. Ертеңіне енді қайтер екен деп бақыласа, отарында мойнында жібі бар бөтен бір ақ қозы пайда болып қалыпты.

Қызықты қараңыз, бөлтірігінің қылығына «ұялған» қасқырлар сол түні көрші ауылдың қотанына түсіп, әлгі ақ қозыны ұрлап алып келген екен.

Айтматов. ...«Адамдар табиғатқа шабуыл жасап болды, ендігі шабуылды адамдар табиғаттан күтеді» деген ақылман Циолковскийдің сөзі расқа айналып келе жатқаны парасат иелерін қатты ойлантуы тиіс.

Өйткені соңғы жылдары кейбір ғалымдар жер бетінде тіршілік бізден бұрын төрт мәрте қайталанған деген тосын (тіпті үрейлі) болжамға келді. Бұған сенсек, тіршілік атаулы алғашқыда жер сілкінісінен, келесісінде қанды қырғыннан, үшіншісінде ғаламат қарудың кесірінен, соңғысында топан судан жойылып, мүрдем кеткен. Осының бәріне кінәлі адамдардың рухани азып-тозуы, құлқынқұмарлығы, имансыздығы һәм табиғатты талқандауы екен. Міне, мәселе қайда жатыр!

Шаханов. Ғасырлар бойы тірнектеп жинаған адамзаттың рухани байлығы не себептен құнсыздануы тиіс деген сауалға Сіз екеуміз ғана бас ауыртпасақ керек. Адам бойынан қаталдық, қатыгездік жиі көрініс беріп, мейірімділік пен қайырымдылық күн санап өз жағалауынан алыстай бастағаны қалай? Күрмекті құртпасақ, күрішке күн жоқ. Дәрі сеуіп, жоймасаң, күш бермей өсетін арамшөптер күріш тамырын байлап, дәнін шажағай ғып тастайды. Адам санасының құпия қатпарында бұғып жатқан садистік қылықтардың оянуына мүмкіндік бермей, дер кезінде басып, жаншып отырмасаң, ізгілігіңе қауіп төнуі кәдік.

Кеңес Одағы тарасымен, шексіз еркіндіктің жөні осылай болады дегендей, коммерциялық теледидарлар мен сан мыңдаған кинотеатрлар экраны ертеңді-кеш адам өлтірудің, зорлаудың, қорлаудың және төсек қатынасының нешеме түр-түрін ашық насихаттай бастады. Кітап дүкендері де мәдени көркемдіктен алыс, ату мен асуға, қуғын мен сүргінге қарық қылатын, сексуалды маньяктар немесе осы саланың ұят пен адамгершілік сезімді тәрк еткен өзге қаһармандары жайлы өткір сюжетті детектив кітаптарға толып кетті. Бұл мағынада алғанда, өлім себер қару-жарақтың алуан түрі көше-көшеде еркін сатылып жатыр.

Айтматов. Дүниежүзілік дертке айналған садизмді шектен шыққан қатыгездік, қанішерлік деп сипаттаса болар. Оның адамдардың әрекетінде көрініс табуын ғалымдар тұқым қуалау арқылы келетін садизм, жан ауруы, яғни нашақорлық пен маскүнемдіктің әсерінен туындайтын садизм, қоғамдағы жағымсыз өзгерістерге байланысты әрі өз ортасының кері ықпалынан пайда болатын садизм деп, үш топқа бөледі.

Садизм деген атау француздың XVІІІ ғасырда өмір сүрген жазушысы Маркиз де Садтың есіміне байланысты шыққан. Сад өзі туралы көз жұмар алдында: «Жер бетінде менің зиратымның орны да қалмайды және мен туралы естеліктің де адамдар жадынан мәңгілікке жоғалатынына сенімім мол», – деп қатал үкім айтса да, оның ғұмыр бойы істеген қатыгездігі атын әлі күнге дейін өшірмей келеді. Маркиз де Сад қолын қанға малып, кісі өлтірмеген, ұрлық, қарақшылық жасамаған. Бірақ кезінде бүкіл француз жұртшылығына белгілі аты шулы сексуалды маньяк болған. Оның төсекке келгенде жын шашып, құтыратын бұзақы тірлігі мен жазушылығы бір-біріне тәуелді екендігі назар аудартады. Садтың дау-дамайға толы хикаялары романдарына көшіп, садизм, яғни қатыгездік идеясы бар қырымен көрініс табады…

Шаханов. …Жалпы, ол ләззат пен азапты бір-бірінен ажыратпайды. Бордельдерге келген Сад қасында жатқан әйелді алдымен қамшы ойнатып, көкала қойдай ғып сояды да, өз денесін ұруға кіріседі екен. «Осыдан кейінгі алар рақаттың шексіздігіне көзім әбден жетті» деп, әр жолы мойындап отырған. «Жюстина» романында ең алдымен көзге түсетін қатыгездіктің бірі – Жерканд атты кейіпкері өз әйелін жаралап, содан аққан қанды көріп, рақаттанып, ләззат алады. Әрі бұл әр аптаның белгілі бір күнінде қайталанып отырады. Ал автор осы азапты суреттегенде, өзінің де шын рақатқа берілгендігін жасыра алмайды.

Кез келген қатыгездіктің қарғысқа ұшырамай тұрмайтыны секілді, Маркиз де Садтың өмірі де аса қиындықта өтеді. Бірнеше мәрте жезөкшелер үйінде ұсталып, түрмеге жабылып, қуғынға түседі. Бүкіл елді бездірген маньяк ақыры Италияға қашуға мәжбүр болған. Оның замандастары: «1770 жылы 7-қыркүйекте Садты итальяндықтар, жабайы аң секілді темір торға қамап, Венсенге алып келіп тастады», – деп жазды.

Садтың шығармаларындағы жантүршігерлік көріністер мен шектен шыққан хайуандыққа лағнет айтасың. Өз шешесін өзі зорлаған, қызымен көңілдес болған қаныпезер әке қылығын оқудың өзі қандай азап десеңізші! Тіпті ерніме ұшық шығып кетті. Мойнына елу төрт әйел мен жас жеткіншектің қанын жүктеген Чикатило сындылар осы Маркиз де Садтың «үздік» оқушылары емес деп кім айта алар?»

– Менімше, бүгінгі, үстінен мені ұшырып түсіруге күш салған айғырда бір дара мінез жасырынып жатуы кәдік, – деп ойлана жымиды Шікең. – Мұхтар, осыдан екі жыл бұрын сен маған өзін азғындыққа итерген адамға қарсы бір таңғажайып мінез көрсеткен тұлпар туралы жырыңды оқығансың. Жасыратыны жоқ, сол өлеңің маған керемет әсер етті. Өзімнің Брюссельдегі, Мәскеудегі кейбір таныстарыма да өлең оқиғасын әңгімелеп бердім. Сол жырыңды дәл осы арада оқышы. Мына жігіттер естісін.

– Ол өлең менің әлі жазылып бітпеген бір ұзақ поэмама енген. Сондықтан күні бүгінге дейін жарық көрген жоқ, – дедім мен. – Бірақ, ойдан шығарылмаған, өмірде болған оқиға. Өлеңді жатқа білмегендіктен қысқаша мазмұнын айтып берейін: «Бір адамның жарыстарда бас бәйгені бермейтін тұлпар биесі бар екен. Соны басқа бір тұлпармен шағылыстырғанда одан екі тұлпар құлын дүниеге келіпті. Екеуі де өсе келе аймақты дүрілдеткен, шашасына шаң жұқтырмаған дарабоз сәйгүлік деңгейіне көтеріледі. Бірін қалтасы қарымды үлкен байға қымбат бағаға сатады. Екі-үш жылдан соң әлгі қос сәйгүліктің әкесі өліп қалады. Жылқылардың егесі қарт адам екен. Ол биесіне ұрық аларлық басқа тұлпар іздейді. Ондай айғыр жақын маңнан табылмайды. Сонда шал биені өз перзентімен жақындастырмақ болады. Бірақ нағыз текті айғыр анасымен, жатырлас қарындасымен ешқашанда байланысқа түспейді екен. Сондықтан да шал мынадай қулыққа барады. Биенің бүкіл денесіне қан сорпасы шығып терлеген басқа бір аттың терін ерінбей жағып, исін өзгертеді. Үстін баласы танымастай етіп жабулайды. Екі құлағының тұсына қалқан байлап, бетін майлап, жас тұлпарды қоя береді. Етқызулықпен бірден байланысқа шыққан ол сәлден соң биенің өз анасы екенін аңғарып, екі аяғын тік көтерген күйі тұрып қалады. Жанарынан жас парлап бар даусымен ышқына, жанұшыра кісінейді де, тағдырын осындай азғындық жағдайға алып барған шалды ызалана теуіп, екі аяғын бірдей шорт сындырады. Ұяттан өртенген ол бар даусымен кісінеген күйі құйғыта шауып барып, өзін екі-үш шақырым жердегі жалтыр құздан тастап жібереді». Міне бар оқиға осы.

(Жалғасы бар)