Ұзақбай Қарабалин мұнай арзандап жатқанда бензин бағасы неге қымбаттайтынын түсіндірді
2015 ж. 09 қыркүйек
2307
0
Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәжілісінде Энергетика вице-министрі Ұзақбай Қарабалин еліміздегі жанармайдың бағасы бір айдың ішінде тұрақталады деп мәлімдеді.
“Қазіргі кезде АИ-92 маркалы бензин бағасының 124 пен 130 теңге арасында қайта-қайта өзгеріп жатқанын көріп отырмыз. Бірақ жанармай бағасының бір айдың ішінде тұрақталатына сенімдімін. Негізінен жағдай Ресейдегі бағаға байланысты. Себебі біздің басты жанармай тасушымыз Ресей мемлекеті. Өз еліміздегі мұнай зауыттары нарықты толық қамтамасыз етпей, Ресейдегі нарыққа тәуелді болатынымыз анық”, – деп келтіреді Ұзақбай Қарабалиннің сөзін BAQ.KZ.
“Ал бағаны төмендету келетін болсақ, бұл жерде неге? деген сұрақ туындайды. Егер нарықта бензин көп болып, бізге ұсыныстар молынан түсіп жатса, ондай сатушы әлбетте бағаны төмендетеді. Меніңше, қазан айы өтіп, қараша-желтоқсан айына жеткенде нарық тұрақталатын болады. Сол кезде бағаны түсіру жағын қарастырамыз”, – деді ол.
Осы орайда ол бұл шаралардың нәтижесінде ағымдағы айда қажетті бензин көлемі толық қамтамасыз етілетіндігін атап өтті.
«Үкіметтің бензиннің бағасына қатысты жасаған соңғы шешімінің арқасында елімізге бензиннің жеткізілімі жақсарды. Оны біз бірінші күннен байқап отырмыз. Қыркүйектің басынан бері 22 мың тонна бензин Қазақстанған жеткізілген. 11 мың тоннадай бүгінде жолда келе жатыр. Сонымен қатар 80 мың тоннаны алу үшін тиісті шарттарға қол қойылды. Енді қыркүйек айының ішінде оның көлемі 110 мың тоннаға дейін жетеді деп есептеп отырмыз», – деп келтіреді вице-министрдің сөзін Қазақпарат.
Естеріңізге сала кетейік, қыркүйектің төртінде Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында вице-премьер Бақытжан Сағынтаев Үкімет Аи-92/93 бензині бағасын мемлекеттік реттеуден бас тартқандығын хабарлаған болатын.
Сағынтаевтың айтуынша, Үкімет бензин тапшылығын болдырмас үшін Аи-92/93 бензині бағасына мемлекеттік реттеуден бас тартып отыр. Қазақстан бұрындары Ресейден жетпейтін бензинді 97 теңгеден алған еді, яғни 1 рубль – 2,95 теңге бағамы бойынша. Бүгінде теңгенің еркін бағамы аясында бензин 120 теңгеден сатып алынып, 108 теңгеден сатылуда.
«Сәйкесінше, шығынмен ешкім де жұмыс істегісі келмейді. Егер осылай жалғасса, жақын арада, қыркүйектің аяғына қарай бензин тапшылығы туындайды», – деді ол.
Дереккөз: NUR.KZ