Жасөспірімдер үшін шахмат мектебін ашу ардагерлерге мұң болды

Алматы қаласындағы 28 панфиловшылар атындағы паркте «Ардагер» шахмат клубы «Медеу ауданы әкімшілігінің қолдауымен ашылып, жұмыс істеп тұрғанына да екі жылға жуық уақыт өтті. 160 –қа жуық мүшесі бар клубтың іші үнемі шахматшыларға толы. Мұнда шахмат спортының шеберлері А. Носков, А.Синявский және шахмат спортының шеберлігіне кандидат С. Сим, М. Рискин, Б. Тимурзаев, Б.Жароков тәрізді майталман шахматшылар тіркелген. Олардың қатысуымен мұнда үнемі түрлі шахмат турнирлері ұйымдастырылып, жеңімпаздары марапатталып отырады.

Қысқаша айтқанда қала паркіндегі «Ардагер» шахмат клубындағы күнделікті өміірі айтарлықтай қызық-ақ. . Яғни, бұл жерден еңбек ардагерлері – шахмат әуесқойларының бір –бірімен қызу қанды беттесулеріне куә болар едіңіз. Мен, тіпті шетел туристерінің «Ардагер» шахмат клубындағы шахмат «шайқастарын» тамашалап, сүйсінгенін бірнеше рет байқадым. Орысша шала білетін бір шетелдіктен сұрағанымда, ол:«Көптеген шетел мемлекеттерінде еңбек ардагерлеріне арналған мұндай шахмат клубын кездестіру мүмкін емес» деді.Сол сияқты шахмат ойындарына қызығып келетін жасөспірімдер мен жастарда көп –ақ. . Олармен бірге шахмат клубының жетекшілеріне ата –аналары да келіп, «біздің балаларымызды шахмат ойнауға үйретпейсіздер ме» деп өтінгендерінің де талай куәсі болып едім. Кейін бұл бастаманы жүз жиырма ата – ана қолдап, «Ардагер» шахмат клубына ұсыныс жасады. Ата –аналардың бұл қадамы кезінде «Ардагер» шахматшылар клубы Кеңесінің төрағасы, КСРО мемлекеттік сыйлығының лауреты Тұрар Тұрсынбаевты ойландырып тастаған болатын. Бірақ 28 панфиловшылар атындағы парктегі шахматшылар клубы тек жаз мезгілінде пайдалануға арналған, мұнда жасөспірімдерге арналған шахмат мектебін ашуға мүмкіндік жоқ.. Содан қалалық «Ардагер» шахмат клубының төрағасы Т. Тұрсынбаев ҚР шахмат федерациясының құрметті президенті О.Сүлейменовпен, Алматы қалалық шахмат федерациясының төрағасы А.Бөлекбаевпен және Алматы қаласының ардагерлер кеңесінің төрағасы Е.Шайхутдиновпен ақыл­даса келіп, 2009-жылы қыркүйек айында , сол кездегі ҚР білім және ғылым министрі Ж.Түймебаевқа әлеуметтік жағдайы төмен жанұялардың балаларына арналған шахмат мектебінің жұмысын жүргізу үшін үшін алпыс жылдан бері бос тұрған Ғылым акадаемиясының фойесін пайдалануға сұрап, хат жазған болатын. Бұл хатта «Ардагер» шахмат клубында тіркелген белгілі шахмат шеберлері жасөспірімдерге шахмат ойынының қыры мен сырын тегін үйрететіндігі айтылған. Бұл хаттың мазмұнына, онда айтылған ұсыныстың мәні мен маңыздылығына үңіліп қарасаңыз, ғажап! Ардагер шахмат шеберлері министрліктен әлеуметтік жағдайлары төмен жанұялардың балаларын еңбек ақысыз, тегін шахматттың сыры мен қырын үйретуді міндеттеріне алатындықтарын, тек соған қолайлы жағдай туғызуды сұрап отыр. Бар болғаны сол. Бір жағынан ойлап қарасаңыз, Білім және ғылым министрлігі бұл ұсынысты қуана қолдауға тиісті сияқты көрінер еді. Іс жүзінде осы игі бастама сол министрлік тарапынан қағаз жүзінде бір –біріне сілтеген бюрократтық сылтауға созылғанына мінеки, бір жылдан асты.

Республикалық шахмат федерациясы мен «Ардагер» шахмат клубының Білім және ғылым министлігіне жолдаған хатына қанағаттанарлық жауап болмағасын бұл іске Алматы қаласы әкімінің орынбасары С. Сейдуманов араласып, ол кісіде 2009-жылдың 5-тамызында Білім және ғылым министрлігіне «Ардагер» шахмат клубының « жағдайы төмен отбасылардағы балаларға тегін шахмат үйрету туралы» ұсыныстарын қолдап, тағы да хат жазған еді. Бұл хатқа да вице министр А.Жақыповтың сол баяғы бір-біріне сілтеген баянсыз жауабы келді.

Бір бастаған істі аяқсыз тастап кету «Ардагер» шахмат клубы кеңесінің төрағасы, КСРО мемлекеттік сыйлығының лауреаты Тұрсын Тұрғанбаевқа тән емес еді. Сосын ол болып жатқан істің мән -жайын баяндап, ҚР Парламаент Мәжілісіне хат жіберген-тін. Содан Т.Тұрсынбаевтың ұсынысын қолдап, Парламент мәжілісінің депутаты Сәт Тоқпақбаев бастаған бақандай 15 депутат қол қойған хатты ҚР-ың Премьер –министрі К.Масимовке жолдайды ғой. Сонымен он бес Мәжіліс депутаттарының сауалына Премьер министр К.Масимовтен 20320-жыл­дың 10 - наурызында ДЗ -185 нөмірлі мынандай жауап келді, онда:

«...Аталған ғимаратта Білім және ғылым министрлігіне қарасты Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010-жылғы 11-ақпандағы 84-қаулысына сәйкес «Ғалымдар үйі» мен Орталық ғылыми кітапхананы қосу жолымен құрылған «Ғылым ордасы» республикалық мемлекеттік кәсіпорны, академик Қ.Сәтпаев атындағы мемориалды мұражай, табиғат, археология, геология, қазақстан ғылымының тарихы және сирек кездесетін кітаптар мұражайы орналасқан. Сондықтан ол ғимараттан аталған шахмат мектебіне орын беру мүмкін емес.

Ардагерлердің бастамашыл­дығын қолдау мақсатында «Ардагер» Алматы қалалық шахмат клубының қоғамдық кеңесіне аз қамтамасыз етіл­ген отба­сы­ларынан шыққан бала­ларды ақы­сыз оқытатын шахмат мек­тебін ұйым­дастыру үшін қолайлы үй жай қарас­тыру жөнінде Алматы қалалық әкімдігі мен Туризм және спорт ми­нистрлігіне тапсырма берілді.» делінген.

Жоғарыда айтылғандай Алматы қалалық «Ардагер» шахмат клубының кеңесі жасөспірімдерді тәрбиелеу үшін мектеп ашуға «Ғалымдар үйінің» тек фойесін ғана сұраған. Ал. Премьер министрдің Мәжіліс депутаттарына берген жауабында «Ғалымдар үйінің» тек бір бөлмесі түгіл, фойесінің өзін шахмат мектебіне жолатқысы келмейтіндігі айдан анық көрініп тұр. Бірақ онда Алматы қаласы әкімдігі мен Туризм және спорт министрлігіне жасөспірімдерді тәрбиелейтін шахмат мектебіне басқа үй жай қарастыру тапсырылған.

«Ардагер» шахмат клубының кеңесі мен оны қолдап қол қойған жасөспірімдердің 120 ата- анасы Премьер министрдің жауабының соңғы жолдарындағы « басқа бір үйге» ақырғы үміттерін артқан.

Сонымен Премьер министрдің сол нұсқауына Туризм және спорт министрлігінің вице министрі А.Жақыповтан 2030- жылдың 5-сәуіріндегі жаубында: «... Жоғарыда айтылғандай (яғни , Премьер министрдің, Білім және ғылым министрлігінің жауаптарында айтылғандай ) әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардан шыққан балалар үшін ашылатын шахмат мектебіне Республикалық Ұлттық ғылым Академиясынан бөлме беру мүмкін емес.» делінген. Өздеріңіз көріп отырғандай, Туризм және спорт министрінің орынбасарының жауабында Премьер-министрдің «шахмат клубына басқа үй қарастыру» туралы нұсқауы жөнінде бір ауыз сөз жоқ.. Яғни, мемлекеттегі ең жоғары лауазымды адамның бірінің сөзін Туризм және спорт министрлігі артына да қыстырмаған.

Енді қалай болмақ,?! Алматы қалалық «Ардагер» шахмат клубы кеңесінің төрағасы, КСРО мемлекеттік сыйлығының лауреаты Т.Тұрсынбаев оған да мойымады. «Свобода слова», «Правда Казахстана» газеттеріне жоғарыдағы айтылған мәселелер бойынша мақалалар жазды. Одан да ешнәрсе өнбеді. Сосын ол «Нұр-Отан» партиясының Алматы қаласындағы бөліміне, ҚР Президентінің әкімшілігінің басшысы А.Мусинге де хат жазды. Олар өз жауаптарында: «Сіздің бастамаңыз қолдауға тұратын бастама...» деп қолпаштады да, одан әріге бармады. Болмағасын Т.Тұрсынбаев тіпті сағыздай созылып шешілмей жүрген осы мәселелерді айтып, Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың атынада хат жіберді.

Жасөспірімдерді мектептен тыс уақытта тәрбиелеу республика бойынша оң шешімін таппай жүрген терең мәселе. Тек Қазақстан бойынша ғана екі жүз мыңнан астам бала наркотик пен араққа тәуелді екен. «Ардагер» шахмат клубында жасөспірімдерге шахмат өнерін үйрете алатын шахмат шеберлері мен техникалық базасы бар, солай бола тұра ақысыз өткізілетін шахмат мектебін ашу туралы бастама бір жылға таяу уақыт өтседе, осы күнге дейін шешуін таба алмайтын өзекті мәселеге айналып отыр. Министрлікке жазылған хаттардың өзі қалың бір томға айналды. Бәрінен бұрын сол жоғарыда отырған лауазымды адамдардың қа­тарында жасөспірімдердің тәр­биесіне, олардың келе­шегіне шынайы жаны ашитын жанның жоқтығына жүрегіміз ауырады.

Жұмат ӘНЕСҰЛЫ