Білім майданындағы білікті ұстаз

«Ақырын жүріп анық бас,

Еңбегің кетпес далаға.

Ұстаздық еткен жалықпас,

Үйретуден балаға» деп Абай атамыз жырлағандай жас ұрпақты білім нәрімен сусындатып, ағарту саласында талмай еңбектеніп ел алқауына бөленіп келе жатқан ұстаздар қаншама?

Әнеғ сондай ұлағатты ұстаздардың бірі – ШҚО, Тарбағатай өңірінің түлегі Нұр­сипа Тұрсынқызы Карменова. Мектеп қабырғасында жүрген кезден-ақ педеагог болуды армандаған қыр гүліндей бойжеткен Нұрсипа 1967 жылы Ақсуат орта мектебін бітіргеннен кейін Қазақ Мемлекеттік Қыздар педагогикалық университетінің жараты­лыс­тану-география факультетінің география-биология мамандығына түсіп, қызығы мен шыжығы мол студенттік кезеңге жолдама алады. Оқу орынын 1972 жылы үздік нәтижемен тәмам­дайды. Ұстаздық жолын Комсомол орта мектебінен бастап, 1973 жылдан бері өзі бітірген университеттің география кафедрасында қызмет атқарып келе жатқан Нұрсипа Тұрсынқызы 1994 жылы кандидаттық диссертация қорғап, география ғылымдарының кандидаты атағын алса, 1996 жылы оған доцент атағы берілді. Ұзақ жылдар бойы жинақтаған біліктілігі мен ұстаздық тәжірибесінің арқасында 1996 жылдан 2001 жылға дейі география кафедрасының меңгерушісі міндетін арқалай жүріп, жас педагог мамандарға жол көрсетіп, әрдайым өзінің ақыл-кеңесін айтудан жалыққан емес. Бүгінгі таңда Нұрсипа апай кафедра доценті болып қызмет атқарып келеді. Ол қанатымен су сепкен қарлығаштай ұлт келешегінің кепілі болар жас өркендерді баулып, ұстаздық еңбектің ауыр сынынан өтті.

Доцент Н. Карменова «Қазақстан экономикалық және әлеуметтік географиясынан», «ТМД экономикалық және әлеуметтік географиясынан», «Экономикалық, әлеуметтік және саяси географияға кіріспе» қатарлы пәндерден студенттерге арнайы лекция оқып, семинар сабақтарын жүргізіп отырады.

«Жүргізген сабақтары әрқашан жоғары оқу орындарындағы халықаралық талаптарға сай, өте жоғары деңгейде өтеді, сабақ барысында соңғы ғылыми жаңалықтармен қоса, үздік әдіс-тәсілдерді де шебер қолдана біледі» дейді ұлағатты ұстаздың әріптестері. Доцент Н. Карменованың ұзын саны 100-ден астам ғылыми-әдістемелік еңбектері өз алдына бір төбе. Оның 40-тан астамы білімгерлердің игілігі үшін жасалған оқулық және әдістемелік оқу құралдары. Ал, ЖОО-ның студенттеріне арналған «Қазақстанның облыстар географиясы», «Рекреациялық география», «ТМД-ның экономикалық және әлеуметтік географиясы», «Қазақстанның экономикалық және әлеуметтік географиясы», «Материктер мен мұхиттардың физикалық географиясы», «Эконо­микалықжәне әлеуметтік географияға кіріспе» т.б оқулықтар жазып, білім қуған жастардың назарына ұсынды. Қазақ тілінде жазылған алғашқы төл оқулық авторларының бірі оның 9-сыныпқа арналған «Қазақстанның экономикалық және әлеуметтік георафиясы» атты оқулығы орыс және ұйғыр тілдеріне аударылып баспадан шықты. Доцент Н. Карменова кафедарадағы ғылыми жұмыстардың жоғары деңгейде жүруіне басшылық жасап, уневерситет аралық, республикалық, және халықаралық ғылыми-теориялық конференцияларға қаты­сып ұстаздар қауымына өнегеліктің үлгісін көрсетіп келеді. Бүгінде Н.Карменова докторлық диссертацияға байланысты құнды дереккөздер мен сүбелі материалдар жинақтауда. Сонымен қатар доцент Н. Карменова ғылыми оқу-әдістемелік жұмыстармен бірге, қоғамдық-әлеуметтік жұмыстарға да белсене қатысуды тамаша әдеткен айналдырған. Өнегелі ұстаз аталған университеттің оқу-әдістемелік кеңесінің және Жаратылыстану-география факультеті ғылыми кеңесінің тұрақты мүшесі. Талай талантты шәкірттерді қанаттандырған тәлімгердің ұстаздық ұлы еңбегі бағаланып «Халық ағарту ісінің үздігі» белгісімен және Қазақстан Республикасы Білім және Ғылым министрлігінің «Құрмет грамотасымен» екі мәрте марапаттылып, сыйлық сахнасынан көрінді. Өзі бітірген ШҚО Тарбағатай ауданы Ақсуат ауылындағы К. Нұрбаев атындағы орта мектеп ұжымы педагогикалық кеңесінің 2009 жылғы 16 қарашадағы №186 шешімімен аталған мектептің география пәні дәрісханасына Карменова Нұрсипа Тұрсынқызының аты берілгеніне бүкіл ел болып қуандық. Студент жастарға білім берумен қатар ұлтжанды шәкірттер тәрбиелеуде Нұрсипадай үлкен жүректі ұстаздың үлесі айрықша деп білеміз. Ұлағатты ұстазға білім майданындағы бақ жұлдызыңыз көк жүзінже жарқырай берсін демекпіз.

А.Тілегенова,

М. Тәлінбай, М.Есенова,

Қазақ Қыздар педагогикалық университетінің оқытушылары