ҚЫТАЙДАҒЫ БАУЫРЛАРДЫҢ РУХАНИЯТЫ

(Қытай сапарынан естелік)

Тұрсынбек Кәкішев,

Жәди Шәкенұлы

(Жалғасы. Басы өткен санда)

Ел басқарған Көгедайдың билігі баласы Ажы гүңнің тұсында әлсірей бастады ма, әлде қанаттанып кеткен керей баларын басқару қиындап кетті ме, әйтеуір, бас-аяқтағы ел жақсылары жиналып, төренің сыртында ел басқаратын төрт би сайлауды ұйғарысады. Сөйтіп 1836 жылы Буыршынның Қалутон жазығында билерді сайлайды. Сонда төрт бидің бірі болып осы Ержанның бабасы Көкен Мамытұлы сайланыпты. Көкеннің билігі ұлы Жұртбайға берілсе, Жұртбайдың билігі Мәмиге жалғасады. Мәми әділдігі мен шешендігі арқасында халқының қадіріне бөленген адам. Арғы беттен қашып келген Әбдікәрім болыс, Сейітқазы Нұртаев, Зият Шәкерімұлы секілді талай адам осы ауылдарды паналаған. Ал Мәмидің ұлы Мәңкей – мына отырған Ержанның атасы, 1934 жылы Алтай аймақтық уәли мекемесінің бас хатшысы болыпты. Әкесі Кәзім Алтай аймақтық орта мектепте ұзақ жыл ұстаздық етіп талай шәкірт тәрбиелеген сыйлы, өнерлі адам еді. Енді міне ата билігі жұғысты болды ма, әлде өзінің еңбегі бағаланды ма, атасының орнын басқан немересі осы Ержан болып отыр. Өзі бір жағы Шәріпхан Көгедаевқа жиен болады, - деп бір талай әңгіменің басын шалды.

Біз бүгінгі бас қосуымыздың да аса мәнді өтіп жатқанына іштей ризалық білдіре отырып, тағы бір жоралғы өтеуді жөн көрдік. Алтайдағы қасиетті орындар мен қара шаңырақтарға деп ала келген шапанымыздың біреуін Асқар атамыздың орнындағы Көбен Асқар ұлына, біреуін Мәми бейсінің шөбересі Ержанға жаптық.

Асқар Татнайұлының шаңырағынан шыққаннан кейін Алтай қаласын аралауды жөн санап біраз жерлерге бас сұқтық. Болат Ғазезұлы мен Көбен Асқарұлының бастауында Алтай қаласының орталғындағы Шинхуа кітап дүкені, Алтай аймақтық бірінші орта мектеп, Алтай аймақтық педагогика мектебі, Алтай аймақтық қазақ емшілік орталығы секілді орындарды араладық.

Соның ішінде қазақ емшілік емханасын ерекше ауызға алуға болады екен. Бұл шын мәнінде қытайда ғана емес, бүкіл дүниедегі қазақтардың өз емшілігіндегі жалғыз емхана екен. Қазақтың қара шаңырағы бізде де мұндай орталық әлі де жоқ. Дәрия қанша үлкен болғанмен мөлдір бұлақтың да өзіндік қасиеті бар ғой. Сол секілді қытайдағы қазақтар өмірінде де біз үйренетін, біз үлгі тұтатын талай нәрсе бар екен. Әттең, соған ынта білдіретін ынтық жүректер болса игі еді-ау.

Біз қазақ емшілік орталығынан шыққаннан кейін қаланың басына тіреліп жатқан ақ қайыңды «Шәріпхан аралына» бас сұқтық. Бізге кезігуге ықыласы ауған осы қаладағы біраз қаламгер жігіттер келе жатқанымызды біліп осында күтіп түр екен. Бәрі де жамырай сәлемдесіп жатыр. Шәйсұлтан Қызырұлы, Тұрсын Ғазезұлы, Әбдрахман Қалиоллаұлы, Мұрат Ғазезұлы, Болат Қаңтарбайұлы, Тасқын Ысқақұлы, Серік Бекбайұлы, Бақытбек Имаммәдиұлы, Мұрат Зұлкапин, Шалқар Қанікейұлы секілді азаматтар.

Біз Үрімжіде жолықпақшы болған жазушының бірі Шәйсұлтан Қызырұлы еді. Ақыры өзінің туған ауылынан тауып, әңгімеміз жарасып кетті. Жазушының 1930-1940 жылдар ішіндегі Алтайдағы ұлт азаттық көтерідісін тілге тиек еткен «Бұлаң дүние», «Дабыл», «Қайқая шапқан қаракер» романдарына сырттай қанық едік. Шынжаң қазағындағы көрнекті жазушылардың бірі, ҚХР мемлекеттік жазушылар одағының мүшесі.

Біз қаламгерлермен әңгімелесе жүріп, «Шәріпхан аралында» жатқан Шәріпханның мүрдесіне дұға оқуға бет алдық. Қабір басына жеткенше Шәйсұлтан ол кісінің өмір деректеріне тоқталып өтті.

- Өздеріңіз білетін Әбілпейіз ханның Көгедайының немересі. Қытай қазақтарынан шыққан көрнекті қоғам қайраткері. 1933 жылы Алтай аймағының дутыңы (бастығы) болса, 1937 жылы Шынжаңның имперализмге қарсы тұру бас қоғамының Алтай бөлімшесінің бастықтығын қосымша атқарған. Шәріпхан оқу-ағарту, баспа істеріне өте көңіл бөлген адам. 1934-1935 жылдары Алтайдың әр жерінен көп мектеп ашқан. 1935 жылы көктем кезінде Мұқаш Жакеұлын Зайсанға жіберіп, баспа машинасын алдырып, әр түрлі үгіт құралдарын басып таратумен бірге «Алтай Шыңжаң газетінің» тұңғыш санын шығарған. Сарысүмбе ауданының қала құрлысын жаңадан жобалаумен бірге «жетімхана», «панасыз қариялар орны» «қазақша мұғалімдер жетістіру курсы», «ерлер мектебі», «қыздар мектебі», «ұйғыр мектебі», «моңғол мектебі» «аудандық клуб» секілді көптеген халқтық - әлеуметтік орындарды ашып, игі жұмыстар істеді. Алтайда оқып тәрбиеленген үздік оқушыларды Үрімжі, Ташкент қалаларына білім алуға жіберіп отырды.

Амал нешік, өмірі қысқа болды. Елі үшін еміреніп еңбек еткен ерді 1939 жылы Шың Сысай қолға алып, 1940 жылы түрмеде жауыздықпен өлтірді. Сүйегі 1980 жылдардың ішінде осында әкелініп, қайтадан жерленді. Марқұм Алтайда билік құрған кезінде осы аралға үй тіктіріп, балық аулап, бие байлатыпты. Халықтың талап-тілегі бойынша жақында «Шәріпхан аралы» деген ат берілді.

Біз қабірдің алдына қатарласа тізе бүгіп, марқұмның рухына бағыштап дұға оқыдық. Суретке түсіп естеліктер қалдырдық. Шәріпхан аралынан шыққаннан кейінгі бірер сағатымызды ерікті базар аралауға жұмсадық. Сөйтіп Алтай қаласында екінші күнді де мазмұнды батырдық.

27 шілде таңертең жол жобамыз бойынша Буыршын ауданына қарай жолға шықтық. Буыршын да өзіндік тарихи шежіреден кенде емес көрінеді. Алтай бетінде сайланған төрт бидің екеуі – әйгілі күйші Бейсенбі Дөненбайұлы мен Құлыбек Жантеліұлы осы буыршында жатыр екен. Бейсенбініңұлы әйгілі қара Оспаны да, Құлыбектің немересі Өміртай Нәшінұлы да осында өтіпті.

Арғы тарихты айтпаған күннің өзінде бұл аудан 2005 жылы Астанада жарық көрген «Атазаман сөйлейді» повесь-әңгімелер жинағы мен 2008 жылы Алматыда жарық көрген «Алтайдың ақиықтары» романы арқылы бізге таныс болған жазушы Мағаз Разданұлының ауылы екен.

Мағаз сонау 1930 жылдардың өзінде-ақ Абай, Шәкәрім қатарлы ұлы ақын-жазушылардың шығарма­ларынан тәлім алып, 1936 жылдан бастап өз жанынан өлеңдер шығара бастаған екен. 1946 жылдан бастап «Шынжаң газеті», «Ерікті Алтай» газеті, «Таң шолпаны», «Бірлік» атты журналдарында да өлеңдері үзбей жарық көріп тұрған. Ол ақындық жағынан ғана емес, проза, драма жанрында да өз талантын танытқан қаламгер.

Өкілдік шығармаларынан – “Асулар толғауы” (1982 жылы Іле халық баспасынан), “Уақытқа жауап” (1984 жылы Ұлттар баспасынан), “Ертең” (1994 жылы), “Босаға” (1998 жылы) жыр жинақтарымен бірге “Сары бел” өлеңмен жазылған романы (1986 жыл Шынжаң халық баспасынан), “Ата заман сөйлейді” әңгіме-повестер жинағы (1994 жыл Шынжаң жастар-өрендер баспасынан), “Алтайдың ақиықтары” атты тарихи романы (1998 жылы Шынжаң жастар-өрендер баспасынан) жарық көріпті.

«Кебенек кигеннің тойы» әңгімесі мен «Сары бел» өлең-романы Қытайдың мемлекеттік сыйлығын еншілепті. Автордың отызға жуық өлеңі, бірнеше әңгіме-повесі қытай тіліне аударылыпты. Мағаз қазақы бояуды қанық беретін қара сөздің майталмандығымен ерекшеленетін жазушы.

Біз Буыршынға іліне бере атымыздың басын Бейсенбінің ескерткішіне қарай бұрдық. Ескерткішке жете бере артымыздан Бейсенбінің алтыншы ұрпағы Аникоп Ағзамұлын алып осы аудандағы жазушы Мейрамбек Әшімханұлы және ақын Әзия Мағыперқызы мен Сайран Рамазанқызы келді. Оларға «Алтай аясының» бас редакторы Болат Ғазезұлы біздің келе жатқанымызды ескертіп қойған екен. Аман-сәлем жасалған соң, Бейсенбі рухына дұға бағыштадық. Мейрамбек пен Әзия бірнеше жылдан бері қарай ауданның Бейсенбіні зерттеу жұмысына да ат салысып жүргендерін айтып, әйгілі күйшінің өткен іздеріне үңіліп өтті.

Бейсенбі Дөненбайұлы (1803-1872 ж.ж.) бала күнінен күйге әуес болып, жастайынан билікке де араласқан екен. 17 жасында арғын, найман, керей арасындағы үлкен бір дауға түсіп, шешендігімен, білгірлігімен ел көзіне ілініпті. Құнанбай қажымен де дастарқандас болып, билікке араласқаны туралы да аңыздар айтылады екен. Бұл аңыздарды ақиқатқа жақындататын нәрсе оның күйлері болып, алғашқы билікте өзіне сыйға тартылған атқа қарата «Майда жал» күйін тудырғаны айтылса, Құнанбайға қатысты «Бодау кеңес» күйін шығарғаны айтылады екен. Бейсембі өз өмірінде «Жеке батыр», «Қымыз күйі», «Арман-ай», «Тан-тан сал», «Жеңілдім», «Көкшұбар», «Бежеңнің кеңес күйлері» секілді көптеген күйлер шығарыпты. Шынжаң жағында «Бейсебі күйлері» атты алғашқы кітап көргенімен әлі де жүйелі зерттеуді қажетсінетін еңбектер көп екен.

Күй өнерінде, артында қалған мұралары жағынан да Құрманғазы, Тәттімбеттер деңгейлес осы бір дауылпаз күйшінің Қазақстан тарапынан да аса терең зерттелмеуі әлі де болса үлттық өнерімізге деген құнтсыздығымызды танытқандай. Еліміз бен жерімізді шет пұшпақтап жатқан ұлан-қайыр жәдігерлеріміздің ішінде ортақ қазанға құйылғанынан құйылмағаны да көп-ау деген ой келді бізге.

Біз Бейсенбінің ескерткішінен шыққаннан кейін аудан орталығына бұрылып, күйшінің атына берілген шағын бақшалықты тамашаладық.

Буыршын біздің Алтайдағы сапарымыздың соңғы аялдамасы. Біз енді Ертістің теріскейінен күнгейіне өтіп машинамыздың тұмсығын Сауыр-Сайқанға бұрдық. Талай ел «ағажайлап» көз жасын көл қылған алтын Алтай арт жағымызда қалып барады.

Сауыр дегенде естіп келе жатқан ескі әңгімелерімізден бұл өңірдің әйгілі Лақ шешен, Жәке би, Шәріпхан төрелердің ауылы екені де еске түседі. Тіпті арғы тарихты қойып бергіге мойын бұрсақ Қазақстанда марқұм болған жазушы Сейітхан Әбілқасымұлы мен Жақсылық Сәмитұлының туған жері. Жақсылықтың: «Туған жер нәрін берген, бәрін берген» деп жырлап кеткен алтын ұясы – әйгілі салқын Сауыр!

Машина таспадай тартылған әдемі жолда желдей есіп, Сауырды қиып, Тарбағатайдың Қобықсары ауданының жеріне іліндік. Сауырдың батыс тұмсығын бауырлап, оңтүстікке қиыстай тартқанда талай тарихқа куә болған қарт Тарбағатайдың тарлан таулары көсіліп жатыр. Өкінішке орай уақытымыздың тығыздығы себепті бұл өңірді аралауға мұршамыз келмейтін болды. Десе де Тарбағатай-Шәуешек дегенде ауызға алдымен Қажығұмар Шабданұлы ілінеді екен. Жол бастаушыларымыз болып, бір-біріміздің сұрағымызды толықтап жауаптасып келеміз.