АТҚОСШЫ БОЛЫП ШЫҚПАСЫН

Ақындық сөзді саралап: «Тіл өнері дертпен тең» деген Абай бабамыз, әрине, кейін Ана тілінің – елінің мемлекеттік тілі болар қазақ тілінің «әләуләйі бітсе де, хәләуләйі бітпейтін» (Аладр көсе) жарымжан жырға айналарын білген жоқ. Ал: «Мен ішпеген у бар ма...» деген ұлы ақының «ыдысының түбінде» бір тамшы удың ішілмей қалғанына шүкіршілік. Абекеңе ол мүлде ауыр болар еді. Сол бір тамшы соңындағы ұрпақтарына жеткілікті болып жатыр. Оны әуелі татқан Байтұрсынов Ахмет, Сейфуллин Сәкен ағаларымыз: «Кеңседе іс қағаздары қазақ тілінде жүргізілмейінше қазақ тілі мемлекеттік мәртебе алып жарымайды», деді. Ол арыстарымыз да бүгінгі ұрпағының «кеңседен» бастап біраз төл сөздерінен айырылып, «офис», «департамент», «конгресс холл», «корпорация», «компания»... деген өгей сөздерге телмірерін қайдан білсін. Жұмабаев Мағжан ағамыз:

Ерлік, елдік, бірлік, қайрат, бақ, ардың

Жауыз тағдыр жойды бәрін –

не бардың.

Алтын күннен бағасыз бір белгі боп,

Нұрлы жұлдыз – Бабам тілі, сен қалдың, - деп, (ей, заман-ай!), бодандыққа тап болған қасіретті халқымыздың талапайға ұшыраған тарих қазынасында жабыққан Ана тілі ғана қалғанына күйінсе, Мағаңның бүгінгі інілері де мерейленіп жүрген жоқ. Президенттің, премьер-министрдің мемлекеттік тілді ауық-ауық ауызға алған сөздері мен жарлықтарына кәмпит көрген балаша қарайды. Мұндай күйде жүргендеріне енді үш айдан кейін жиырма жыл толады. Бұл – қазақ еліне, қазақ халқына тәуелсіздік бұйырған уақыт өлшемі. Тәуелсіздіктің тәтті дәмін татып, алғашқы Конституциямызға: «Қазақстанның мемлекеттік тілі – қазақ тілі» деп нықтап жаздық. «Конституцияны» «ата заңымыз» деуге аузым бармайды, себебі: ата заңда екі-үш жыл сайын өзгертіле салатын арзан бап болмаса керек. Ал бізде, мысалы, Кеңес дәуірі кезінде одақтас республикалардың бәрінде биік мәртебелі мемлекеттік тіл болған орыс тілі жаңа заман талап еткен соң Қазақстанда ол биігінен түсіріліп, «ұлтаралық қатынас тілі» делінді де, орыс ағайындар, оларды шашбаулаған шалақазақтар ойбайға басып: «Орыс тілі қуғынға ұшырай бастады» деп еді, билік басындағы әрі-сәрілеріміз шошып кетіп, Конституция бабын бассалып түзетіп, «орыс тілі - ресми тіл» дей қойды. Мемлекеттік тіл өзінен өзі ресми тіл екенін ескерсек, ресмиленген орыс тілі сол ыңғаймен мемлекеттік тіл бола салды да, қазақ тілімен бой таластырып шыға келді. Соның салдарынан өкіметіміз де, үкіметіміз де, парламентіміз де күні бүгінге дейін орыстілді. Олардың шет елдерге барғанда, шетелдік шендестерін Астанада қабылдағанда да тек орысша сөйлейтінін, Ресейдің бөлімшесі сияқты екенімізді жаза-жаза шаршадық.

Кейде президентіміз, кейде премьер-министріміз өзіміздегі ресми жиын-жиналыста орыс тілінде сөйлер ұзын сөзін қазақ тілінде бастап, 3-4 минөт сөйлесе, жағымпаздана алақайлаймыз, ол 3-4 минөттің көпшілікті алдарқата салу екенін ойламаймыз. Ондаған депутаттың бес-алтауы қазақша сөйлесе, оны да мемлекеттік тілімізге мән берілгендік деп даурығамыз. Тәуелсіздіктің жиырма жылында парламентіміз, мәселен, мемлекеттік тілде бір мәжіліс өткізген жоқ, сондай-ақ осы мерзімде ол мың қаулы қабылдады десек, оның мемлекеттік тілде жазылғаны онға жетер-жетпес екені есімізге келмейді.

Рас, көше тілімізде қазақшаның пайызы өсті. Ана тілінде сөйлейтін жастарымыз көбейіп келеді. Бәрекелді дейміз. Бірақ ол – басымыздығы екі көздің біреуі ғана. Екінші көзіміз – экономикалық нарықтың, нарық билеген заманымыздың тілі. Ол – орыс және ағылшын, қытай, кәріс... тілдері. Міне, осы тіл мемлекеттік тіліміздің, яғни қазақ тілінің құзырына илікпейінше, Ахмет, Сәкен ағаларымыз айтқандай, қазақ тілі өз елінде, өз жерінде мемлекеттік мәртебе алып жарымайды. Бүгінгі билік мұны ескерер емес. Қайта, ол аз десе керек, түйеге үшінші өркеш етіп тігіп қондырылғандай әлгі Халықтар ассамблеясы шіркін «үш тұғырлы тіл» дегенді ойлап тауып, бетімізге үшінші көзді жапсыра жаздады. Әйтеуір, Мұхтар Шаханов бауырымыз бас болған қозғалыстың, жалпы жұртшылықтың қатты қарсылық жасауы арқасында бетіміз аман қалды. Десем де, билік ол пиғылын да үндемей-ақ, Білім министрлігіміз арқылы іске асыруы мүмкін. Орта есеппен екі жылда бір жаңаратын министрлерінің аты-жөнін есте сақтап үлгіре алмаймын, солардың қазіргісі қазақтарға «дені дұрыс» оқу құралдарын жазып беретін «дені дұрыс» мамандарды қазақтың өзінен «таба алмай», алыс-жақын шет елдерден шақырып жатқан көрінеді, анау әлгі «Көшпенділер» киносын бөгделерге жасатып «қарық болғанымыздай», ал сол мамандандардың біреуі, айталық, Гвинея-Бисау жақтан сап етіп, оқу бағдарламамызға папуас тілін енгізіп кетпесіне кім кепіл?

Бізде қай мәселенің болсын қағаз жүзіндегі қарқыны күшті. Қазақ тілі туралы берілген нұсқау, алынған шешім жетерлік, бірақ: «Міне, мынау іске асты!» деп марқаярымыз қайсысы? Тілдерді(?) дамыту, тағысын тағы қоғам, комитет, комиссия дейсің бе, аз емес. Олардағы жиналыс, қарар да жетіп жатыр. Үкіметіміз де бей-жай қарап отырудан жалығып, тілдерді(?) жарылқаудың 2020-жылға дейінгі бағдарламасын жасапты. Онысын аты шулы 2030-жылға тура тартпай, орта жолда ат шалдырмағы қалай деп ойлап қойдым. Және бір ойлағаным: қазақстандықтарға қазақ тілін үйретуге, үйренуге миллиардтаған теңге бөлінген екен, ендеше, мен – «кәріспін» деп жазылсам («ақысын берсем, боқысын шығарып», «Ғаббас Қабышұлы. Қазақстан Республикасында туып-өскен азамат. Ұлты – негр» деп те жазып беретіндер оп-оңай табылатын), онда гәзеттерге тегін кетіп жатқан мақалаларымның қаламақысы қайтпай ма?!. Жә, жаңа бағдарлама жөн делік. Алайда нәтижесі оң боларына күмәндімін. «Олай десек былай болып, былай десек олай болып кетер ме екен?!» деген сыңайы бар. Меніңше, «Өкімет пен үкімет шенеуніктері 2015-жылға дейін мемлекеттік тілді меңгеруге міндетті!» делінген биліктік ресми шешім болмайынша, бүгінгі нарық тілін мемлекеттік тілге тәуелді етпейінше, қазақ тілінің айы оңынан тумайды. Осы ретте Балтық бойы мемлекеттерінің қимылы еске түсе береді. Олар тәуелсіздік алысымен өз тілдерін ғана мемлекеттік тіл деп ресми жария етті. Үшеуі де өздерінде түпкілікті халықтың саны отыз-қырық пайызға жетпегеніне қараған жоқ. Бізше жалтақтамады, басқа ағайындар көп-ау, борша-боршамызды шығарады-ау деп сескенбеді. Шовинистерден қаншама қоқан-лоққы көрсе де, ескі жұртқа қайтпады. Ал біздегі әсіресаясатшы билікшілдер: Балтық бойын Қазақстанмен салыстыруға болмайды, деп «теория» соқты. Мәселе намыста, ынта-жігерде, батылдықта десек ше?!

Биліктің пәлен облыста іс қағазы жүз пайыз мемлекеттік тілде жүріп жатыр деген аңыз-әңгімесіне де сену қиын. Өткен аптада маған, мәселен, біздің билік басындағы мырзаларға аты аса қымбат Павлодар қаласынан хат келді. Руза Бейсенбайтегі деген бейтаныс қыз нақты дәлелдерімен жазыпты. «Қала орыстілді. Қазақ тілін – мемлекеттік тілді есіктен сығалатпайды да. Намысым қайнап, қала, облыс әкімдіктеріне, басқа тиісті орындарға ауызша айтқанымнан да, жазғанымнан да ештеңе шықпады, қайта өзім мазаққа айналып барамын» депті. Менен өзіне жәрдем тілепті. Менің аты-жөнім жоғарыдағыларға испан бұқасына көрсетілетін қызыл шүберектей екені қайдан білсін. Мен ол хатты Мұхтар Шахановқа жолдап, Рузаға қолынан келгенінше көмектесуін өтіндім. Ал сол Павлодардай «тонды қала» Қазақстанда біреу ғана екеніне көзіміз жетіп отыр ма?

Әйгілі сықақшы Адамбеков Садықбек ағамыз 1998-жылы:

Басқа емес, үкіметтің үйінде

Ана тілім жетімектің күйінде...

Қазақтар қазақша сөйлесе - таңданып,

Бастықтар қызарақтайды шамданып, - деп жазған болатын. Сол бастықтар әлі сонда. Біразының креслосы биіктеп, біразының портфельдері қалыңдамаса, басқадай өзгеріс шамалы. Ал мемлекеттік мәртебесі бар қазақ тілінің жанашырлары болса, бармақтарын тістей-тістей тістері таусыла бастаған халде.

Сонау жылдары: «Айға адам ұшты!», «Адам айға барып қонды!», деген айқай аспанды жаңғырықтыра бастағанда 82 жастағы әжем: «Айда нелері бар? Сөйтіп жүріп құлатып алады ғой?!» деп еді, сол сияқты мен де: «Тіл!.. Тіл!..» десіп жүріп, қайран қазекемнің тілі бір күні орыс-ағылшын-қытай тілдеріне атқосшы болып шықпаса жарар еді, деп қауіптенемін. Заманның сұрқы солай.

Ғаббас ҚАБЫШҰЛЫ