«Самұрық-Қазына» басқармасының мүшелері 345 млн теңге сыйақы алды
2015 ж. 02 қыркүйек
2447
1
«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ басқарма мүшелеріне берілген сыйақы мөлшерін KASE сайтында жария етті.
«Облигациялары Қазақстан қор биржасының (KASE) ресми тізімінде бар «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» (Астана) KASE-ке жолдаған ресми хатында «2014 жыл бойынша атқарушы орган мүшелерінің алған сыйақы мөлшері 345 468 000 теңге» екенін мәлімдеді», – делінген биржа сайты берген ақпаратта.
Қор сайтының мәліметтеріне сәйкес, ҰӘҚ басқармасына алты адам кіреді: Өмірзақ Шүкеев (басқарма төрағасы), Елена Бахмутова (басқарма төрағасының орынбасары), Дәурен Ердебай (басқарма төрағасының орынбасары), Нұрлан Рахметов (қаржы директоры, басқарма мүшесі), Талғат Сәрсенбаев (құқықтық мәселелер бойынша бас директор, басқарма мүшесі) және Берік Бейсенғалиев (бизнесті дамыту бойынша бас директор, басқарма мүшесі).
Егер ортақ сыйақы мөлшерін 6 адамға бөлетін болсақ, бір адам орташа есеппен 57,5 млн теңгеден немесе 245 мың доллардан алады (қазіргі KASE бағамымен долларына 234,94 тг деп алсақ).
Еске салсақ, бір жыл бұрын “Самұрық Қазынаның” қаржы директоры Нұрлан Рахметов бонус ретінде 29,8 млн теңге алған болатын. Ол сол кездері қорда жұмыс ауыр екенін және ресейлік топ менеджерлер қазақстандықтардан әлдеқайда көп алатынын алға тартқан еді.