Баймағанбетов: Мені колонияда жұмыс істейтін әйелдердің алдында жалаңаш жүруге мәжбүрледі

Қарағандыда ІІМ экс-басшысы Баймағанбетовті соққыға жығып, колонияда жұмыс істейтін бақылаушы әйелдердің алдында жалаңаш күйде жүруге мәжбүрлеген деп хабарлайды NUR.KZ сотқа сілтеме жасап.

image28736

24 тамызда Қарағанды облысы Шахтинск қаласының сот отырысында ІІМ экс-басшысы, әрі Кеден комитетінің бұрынғы басшысы Серік Баймағанбетов АК 159/6 түзету колониясында өзіне қандай жәбір көрсетілгенін баяндап берді.

«Сотталушы Серік Баймағанбетовті түзету мекемесінің ішінде жалаңаш күйде еден жууға мәжбүрлеген. Соттан айыпталушыны кінәлі деп танып, Қылмыстық кодекстің 141-1 бабы бойынша «жәбір көрсеткені» үшін 3 жылға ортақ режимдегі түзету колониясында бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұраймыз», – дейді мемлекеттік айыптаушы, Шахтинск қаласы прокурорының орынбасары Талғат Әлекпаев.

Алайда сұраққа алынған колония қызметкерлері Баймағанбетовтің сөзін теріске шығаруда. Олар Баймағанбетовтің өзін колонияда нашар ұстағанын және дене мүшесін зақымдаушылыққа әрі суицидке бейімдігі үшін есепке алынғанын алға тартты.

Айыпталушының қорғаушысы Фаиль Гибаев Баймағамбетовтің бұған дейін арызда өзін жалаңаш күйде еден жуып, әйел қызметкерлердің алдында киімсіз жүруге мәжбүрлегені туралы айтпағанына баса назар аудартты.

«Бас прокурор Дауылбаев пен Ішкі істер министрі Қасымовқа жолдаған арызында “тірі дәліз”, соққылар, жалаңаш күйде еден жуу, әйел қызметкерлердің алдында киімсіз жүру туралы бірауыз сөз жоқ. Мұның бәрі арызда кездеспейді», – дейді қорғаушы Фаиль Гибаев.

Қорғаушы Баймағанбетовтің өзге колония қызметкерлерін айыпталушы қызметкерге қарсы қоюға мүмкіндігі болғанын алға тартты.

Офицер Руслан Поповьян, сотта істі болып жатқанына қарамастан, әлі күнге дейін колония қызметкері саналады. Колония басшысы оның жақсы қызметкер екенін ескеріп, жұмыстан шығармайтынын мәлімдеді.

Офицер Баймағанбетовтің колонияда өзін ұстау ережелеріне қол қоймай, дөрекілік танытқанын, өзге колониядағыларды қызметшілерге қарсы арыздануға дәріптегенін айтуда.

«Баймағанбетов келгелі, тұтқындардан колония қызметкерлеріне қарсы түрлі арыздар легі түсе бастады. Сонымен қатар маған Қайрат Аллазов, Барон Беков және Алдаяр Исманқұлов есімді тұтқындар өзге тұтқындарды Баймағанбетовтің мүддесіне болысатын жалған куәгерлік беруге дәріптегені туралы ақпар келіп түсті», – дейді колонияның жедел бөлімі басшысының орынбасары Р. Доминов.

Еске салсақ, Кеден комитетінің экс-басшысы Серік Баймағанбетов Астананың қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық сотымен 2013 жылы 10 жылға бас бостандығынан айырылу жазасына кесілген болатын.

Ол $80 мың көлемінде пара алғаны үшін кінәлі деп танылды. Президенттің 2014 жылдың 9 қыркүйегіндегі “Кешірім беру” туралы жарлығымен Серік Баймағанбетовтің жазасын өтеу мерзімі 10 жылдан 5 жылға қысқартылды. Сот оны мерзімінен бұрын шартты түрде босатқан.

Дереккөз: NUR.KZ