ҚАРАУСЫЗ ҚАЛҒАН ШАҒЫН «МЕМЛЕКЕТ» үкімет қолдауына қашан ілігеді?!

ОҚО облысы әкімі А. Мырзахметовтың назарына!

нәжiс араласқан су iшкен саяжай тұрғындары

Редакцияға Оңтүстік Қазақстан облысы,Төле би ауданы, Тоғыс ауылы, «Химик» саяжайының тұрғындарынан арыз түскен еді. Толығырақ журналистикалық зерттеу жүргiзу мақсатында жолға шықтық.

Саяжай тұрғындарының жанды жерiне тиетiн мәселе шаш-етектен екенiн сырт көз бiле бермесе керек. Бізбен кездескен тұрғындар ағынан ақтарылды. 400-ден аса халқы бар «Химик» саяжайында көптеген мәселе осы күнге дейiн шешiмiн таппай келедi. Бұл елде таза ауыз су, ағын су, электр қуаты мен мектеп, медпункт мәселесi өте қиын. Ең өзектісі - халықтың осы уақытқа дейiн тiркеуге алынбағандығы. «Химик» саяжайының «экс»-төрағасының қысымы тағы бар.

Елбасының таза су бағдар­ламасы елде кеңiнен етек алып отыр. Ал, саяжай тұрғындары нәжiс арласқан су iшуде. Халық ренiшiн жасыра алмай, бiзге осы жөнiнде айтқанда, жағамызды ұстадық.

Ауыл ақсақалы Әдiлхан Әбдiқадiров:

– Шырағым, бұл мекендi саяжай деп атаудың қажетi шамалы-ақ. Ал, егiстiкке су айдайтын насос бұрынғы төраға Исмайлов Алексейдiкi. Егер егiстiкке су керек болса, әр үйден күнiне 500 теңгеден жинап алып, 2-ақ сағат су ағызады. Соған үлгерсең үлгердiң, үлгермесең қалдың! Ал 500 теңгенi бiр адам бермейтiн болса, сол көшедегi барлық адам сусыз қалады. Ол аз десең, су айдайтын насос бұзылып қалатын болса – халықтан ақша жиналады. Бұзылған насосты жөндету үшiн былтыр 300 үйден 1000 теңгеден жинап алған болатын. Ол 300 мың теңге қайда кеткенi белгiсiз.

Халық осында су тазалайтын «Омега» қондырғысы орнатылды дегенде әжептәуiр қуанған едi. Алайда, бұл қуаныштары ұзаққа созылмады. Саяжайға Елбасымыздың таза су бағдарламасына сәйкес, суды тазартатын «Омега» қондырғысын «Қазығұрт» ауыл округiнiң әкiмдiгi мемлекеттiк бюджеттен құрған болатын. Оның тереңдiгi 16 метр, жеке адамның ауласына орнатылған. Дәл сол ауланың маңында тереңдiгi 2 метрлiк әжетхана бұрыннан бар. Әлгi суды iшкен адамның iшi ауырып, құсып, дертке душар болады. Өйткенi, дәретхана «Омеганың» жанында болғандықтан, су зәктеп бiр-бiрiне қосылады. Сол суды әкiмдер iшiп көрсе жақсы болар едi?!.. Бүгiнгi таңда осы судың салдарынан ауруханаға түсiп жатқан халық саны көбеюде. Бірақ, оларды ауруханалар қабылдамайды. Дәрігерлер: «Сендер қайда есепте тұрасыңдар, сонда барып қаралыңдар! Бiз осы саяжай тұрғындарынан бәлеге қалдық қой!», - деп айқайлап шығарып салады. Өзiмiзде не медпункт жоқ, не мектеп жоқ, одан бөлек еш жерде есепте тұрмаймыз. Бiз қараусыз далада қалған шағын ғана мемлекет секiлдiмiз. Сонда бiз қай қайда баруымыз керек? - дейдi ашынған ақсақал.

Ауылдың тағы бір тұрғыны Берниязов Ербол:

– Бiздiң саяжайда медпункт мәселесiнен басқа, өзектi мәселенiң бiрi – мектеп. Балаларымыз саяжайдан 4 шақырым қашықтықтағы Тоғыс ауылының мектебiне қатынап оқиды. Ленгерге кетiп жатқан автобус әр кезде оқушыларды мектепке жеткiзiп салады. Алайда сол автобус мектептен қайтқан оқушыларды қайта саяжайға алып келмейдi. Балаларымыз үйге келгенше, аман-есен ба екен? - деп уайым үстiнде отырамыз. Қазiргi таңда бiздiң саяжайдан 250-ге жуық бала көршi ауылдағы мектепке қатынап дәрiс алуда.

Тағы бiр мәселе – жарықтың жиi өшуi. Оқушылардың қиналатыны, кешке сабақ оқиын десе, электр жүйесi өшiп қалады. Егер бiр үй жарықтың ақшасын кешiктiрсе, «қожайын» Алексей: «Сен төлемақыны уақтылы төлемедiң. Сондықтан саған 3000 теңге айыппұл салынады»,-деп Энергосбыттан айлық алатын электрик Исабекке кестiртiп тастатады. Мiне, содан 2 ай жарықсыз отырдық. Кескен жарықты жалғауға Алексей 1,5 мың теңге талап етедi. Бермесең жарықсыз, май шаммен отыра бересiң. Бiз ай сайын жарыққа счетчик көрсеткiшiмен ақша жинағанда әр айға – 140 теңгеден қосымша төлеп отырамыз. Ал, 12 айға 1680 теңге. Сонда 300 үйден жылына 1680 теңгеден жинағанда 504 000 теңге артық ақша алады. Бұл ақша кiмнiң қалтасына кетiп жатыр?

Барлық мәселелердiң шешiмiн сұрау үшiн Исмайловқа барсақ, «көмекшiлерi» Толик пен Луговскаяға барыңдар деп жолатпайды. Дәл осы Исмайлов Алексейдiң қисынсыз әрекеттерiне байланысты, 2010 жылы 24-шi сәуiрде «Қазығұрт» ауыл әкiмiгiнiң орынбасары Әбдиев Жұман, «Оңтүстiк жарық» ЖШС бас ревизоры Нышанбаев Бауыржан, Жылқайдаров Өскенбай, Төле би ауданы электр жүйесiнiң бас энергетигi Қарабаев Ерлан, контролер Байдуллаев Нұрлан халықты жинап, тұрғындармен кездесу өткiзген болатын. СПК «Химик» саяжайының төрағасы қызметiн атқарушы А.Исмайловтың жекеменшiк су айдайтын насосына электр энергиясын «счетчиксiз» пайдаланып, «Оңтүстiк Жарық Транзит» ЖШС-ке 1 035 000 теңге шығын келтiргенi анықталды.

Өзбекстаннан келген оралман Сара Ғалбиева:

- Бiз 2007 жылы Ташкент қаласы, Бөке ауданынан 11 жанұя осы «Химик» саяжайынан кiшкене үй алып, қоныс аудардық. Жаңа қоныста түрлi қиыншылықтарға кездестiк. Ауыз су, емхананың жоқтығы, балалардың оқуы дегендей. Бiз осында көшiп келгенде, саяжай төрағасы Кравец Мая деген әйел болатын. Ол өте кiшiпейiл, халықпен тығыз байланысты жүретiн пысық жан-тұғын. Оны қазiргi «қожайын» өйтiп-бүйтiп жүрiп құртты-ау әйтеуiр. Төраға Исмайлов Алексей болғаннан соң барлық көретiн зорлық-зомбылығымыз әлi алда екенiн кейiннен түсiндiк. Алексей бiзге үнемi Толик деген азаматты жұмсап отырады. Ол келiп неше түрлi дөрекi, балғалат сөздермен ақша талап етедi.

Алексей бiздiң саяжай «Қа­зығұрт» ауыл әкiмдiгiне қосылып кететiн болса, «айырылып қаламын» деп, саяжайды қоршап тұрған 500 метрлiк тор мен бағаналарды алып кеттi. Және саяжайдағы газ баллондар, трансформатор мен саяжайдың никелденген темір қақпасы мен металл конструкциядан жасалған аялдама, мiне осылардың барлығы саяжай меншiгi болатын. Аталмыш заттарды 2010 жылдың 20 қаңтарында Х 849 СА автокранымен Х 072 ГВМ нөмiрдi «Камаз» автокөлiгiне артып кеткен.

Халықтың мұңын тыңдап болған соң біз Төле би ауданы прокурорының көмекшiсi Әзiлхан Жарынбетовтің қабылдауында болдық. Ол бiзге саяжай тұрғындарының мәселелерiнен хабардар екенін айтты.

«Химик» саяжайының мәселелерi бойынша «Нұр Отан» партиясы, Iшкi iстер Департаментi, прокуротура және қаржы полициясының қатысуымен жиын өткiзiлген болатын, - дейді Жаринбетов.

Прокурор көмекшiсi, - Бұл мәселелердi ушықтырып, даурықтырудың және жазудың еш қажетi жоқ, ол жерде оралмандар тұрады. Керек десеңiз олар «пропискаға» тұратын құжатты қалай дайындау қажет екенiн де бiлмейдi. «Химик» саяжайының мәселесiн көтерiп жергiлiктi тұрғындардың құлағын түрудiң де керегi жоқ, - деді прокурор көмекшісі.

Ал, «Химик» саяжайы жөнiнде Төлеби ауданы бойынша аумақтың қаржы полиция бөлiмiнiң бастығы М.Имаштың «Нұр Отан» ХДП-ны жолданған жауабы:

«Төлеби ауданы Тоғыс ауылдық округi «Химик» саяжайы тұрғындарының жазған арыздары бойынша аудиторлық тексеру тағайындалып, толыққанды тексеру жүргiзiлiп, саяжай төрағасы және бухгалтерi мен кассирiне қатысты әкiмшiлiк iс қозғалып, сотқа жолданған. Алайда олардың iс-әрекеттерiндегi аудиторлық тексерумен анықталған кемшiлiктерi қылмыстық iс қозғауға соммасы жетпегендiктен қылмыстық iс қозғаудан бас тарту жайлы шешiм қабылданды, ол арыз иелерiне жолданған». Қабылданған шешiмнiң заңдылығын тексеру үшiн Төлеби аудандық прокуратурасына хат жолданған екен.

Бірақ, бұл жауаптан «Химик» саяжайының тұрғындарының жағдайы жақсарған жоқ. «Шықпа жаным шықпаның» күйiн кешуде. Бүгін ХХI ғасыр екенін ескерсек, мына «Химиктегi» жағдай олай деуге бермей отыр. Бұл жөнiнде жергiлiктi әкiмдер облыс әкiмiне, үкiметке не деп есеп бердi екен?

Назипа МАМЫҚОВА