ТАҒЫЛЫМЫ МОЛ БЕКЕТ АТА ТОЙЫ

d0b1d0b5d0bad0b5d182-d0b0d182d0b06

d0b1d0b5d0bad0b5d182-d0b0d182d0b04

Өз заманында ұлыстың ұраны болған Бекет атаның 260- жылдық тойы есте қаларлықтай-ақ болды. Және бұл тойдың өтер-өтпесі әу баста белгісіздеу болып тұрған екен. Үкімет тұлғалардың мерейтойын ресми түрде әр ширек ғасыр сайын атап өту жайлы қабылданған қаулыны алға тартса керек. Бірақ, Маңғыстау облысының іскер әкімі, есімі біраз жылдан бері болашақ премьер-министр ретінде аталып жүрген Қырымбек Көшербаев тойды өткізу қажеттігіне жетерлік уәж сөз таба алған сыңайлы. Тек уәж сөз ғана емес, ұлы баба тойына облыстық бюджеттен қомақты қаржы да бөлдіруге қол жеткізіпті. Және онысы өте дұрыс болған дер едік. Өйткені, бұндай ұлы жиын-мереке ең алдымен халықтікі, халық үшін жасалады, ал «жақсы мен әулие көпке ортақ» дейді қазақ даналығы. Мемлекет болса сол халық байлығын жаратушы. Ендеше Алла-Тағаланың халқымыздың несібесі үшін беріп отырған мол байлығын сол халқымыздың рухын көтеруден, бірлігі мен ынтымағын нығайтудан неге аяуымыз керек? Біз тіпті, бұл бағытта мемлекетіміз әлі де болса халықтың өзі тауып жатқан байлықты өзіне қайтарып беруде жеткіліксіз дәрежеде жұмыс ісеп жатыр деген болар едік. Дәл осы мәселеде билік басындағылардың араб елдеріндегі басшылардан үйренері көп болса керек...

Тойдың беташары 15-қыркүйек күні кеште қона­қасы беруден басталды. Сөз сөйлеушілер бір-екеу ғана болып, әсем әндерді, тек осы өлкеге тән күйшілер мен жыраулардың қайталанбас шығармаларын жергілікті өнерпаздар нақышына келтіре орындап жатқан әдемі кештің соңына таман бір «әттеген-ай» дегізген жайт орын алды – Парламент депутаттары, басқа да ірі деген басшылар отырған екі үстелдің қонақтары дәм қайырып, бата ету жоқ, әруақтарға арнап құран оқу да жоқ, орындарынан...тұрды-тұрды да кете барды. Оларды көріп басқа көпшіліктің де көбесі сөгіле бастады. Ойпырмай, ел бетіне қарап отырған серкелер соншалықты қайда асықты екен?..Иә орыс емес, иә қазақ емес, не болып барамыз өзі? «Бисмилла» демей тамақ ішпе, бата жасалмай дастарханнан тұрма» дейтін ата-баба үлгісі қайда қалды?

Жалпы, біздің элитада қарапайым халықтың түсінігіне ауыр соғатын мінез көрінісі көбейіп бара жатқан сыңайлы. Олай дейтініміз, ұйымдастырушылар бастапқы бағдарламаны дер кезінде сәтті ауыстырып, тойды Оғландыдағы Бекет Ата басына барудан бастаған екен. Осы арада да сенаторлар, мәжілісмендер бар біраз басшы Атаның басына таудан өз аяқтарымен төмен түскенімен, қайтарда тікұшақпен көтеріліп кетті. Олардың бұл ісін көпшілік берісі зияратты туризммен алмастыру, арысы өз халқын сыйламауы деп бағалап жатты...

Бұның бәрі реті келген соң айтылып жатқан сөз. Және ондай майда әрі ұйымдастырушылардың кінәсі жоқ келеңсіздіктер, күннің бетіндегі дақ секілді үш күн бойы дүрілдеп өткен тойдың қадірін түсіре алмақ емес. Ал, тойдың берер тағлымы шын мәнінде де аз болған жоқ. Оның ең біріншісі әрі біздіңше ең бастысы – халықтың рухын көтеру, «біз қазақ деген керемет халықпыз, біз біріксек аспайтын асуымыз, алмайтын қамалымыз жоқ, біздің мыңдаған жылдардан бері жалғасып келе жатқан өз жолымыз бар» деген ойды ел санасына сіңдіре түсіру. Оның мысалы ретінде Отпан таудағы Адай ата кесенесінің қасыдағыа Көк бөрінің ескерткішін атап кетуге болады. Біздің бәріміз «барыс боламыз» деп жүрміз, ал бұл жақтағы ел түркілердің, оның ішінде бірінші кезекте қазақтың ұлттық тотемін ең биік шынына, биік тұғырға шығарады. Міне, өткенге деген құрмет, өз дәстүріңе деген адалдық! Ескерткіштің астындағы жазу қандай: «Тіріден болсаң халалдан жиғаның болсын, Маңғыстау! Өліден болсаң жолдасың иманың болсын, Маңғыстау!» Арқалы Сабыр Адай ақынның бұл сөзі тек Маңғыстаудың ғана емес, бүкіл қазақ еліне, оның үлкен-кішісіне, ірісі-ұсағына түгел арналып тұрғаны кім-кімге де болса түсінікті шығар...Бұл ескерткіш бұдан үш жыл бұрын көтерілген болса, кешегі тойда сол шыңның сәл төмендеу етегінде үлкен Ақсарай тарихтық-тағылымдық мұражай кешені ашылды. Кешегі мен бүгінгіні жалғастыру дегеніміз осы болар.

Оғландыңа барар жолда қонақтар алдымен бұрыннан келе жатқан жөн-жоралғымен Шопан-Атаның басына соқты. Және бұлай ету де оңайлап қалған, облыс басшылары асфальт жол келетін Сенек аулынан Оғландыға баратын, тойдың дәл қарсаңында пайдалануға берілген су жаңа 120 шақырым тасжолды арнайы Шопан-ата арқылы жүретін етіп жасаған екен. Олары өте оңды болған, енді Бекет Атаға зиярат етушілер Маңқыстаудағы үш жүз алпыс әулиенің ұстазы саналатын адамның қабіріне қалай да құран оқып өтуге мүмкіндік алды.

Той қонақтары мен сол күнгі Шопан Атаға зиярат етуге келгендер өзге де ағайындар ел ағасы, осы тойдың жүгін белі қайыспай көтерісіп жүрген атпал азаматтардың бірі, көп жылдан бері Жаңаөзендегі «КРУЗ» ЖШС-і деп аталатын бұрғылау кәсіпорнының директоры, облыстағы талай өнерпаздың өмірге жолдама алуына көмектескен меценат, әдебиет жанашыры, өндірісте жүріп, «қартайғанына» қарамай биыл Қазақ Ұлттық техникалық университеінде техника ғылымының кандидаты атағын абыроймен қорғап шыққан ғалым Майлыбай Өтебаевтың ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында әлемге қазақтың атын жайған қонақжайлылық дәстүрінің анық озық үлгісін көрді десек ешкім де арттық кеттіңіз дей қоймас. Бәрі бірдей қазақтың сары бүрмелі шәйі көйлегі мен қынама бел қызыл қамзолын киген күтуші қыздар кіргенде үйдің іші гүл-гүл жайнап, кей қонақ алдындағы тағамға емес, ақ тамаққа қараумен болды...Сүлгіні иығына асып алып, құманмен қолға су құйып жүрген жас жігіттерді айтсаңызшы! Той тұрмақ, қайсымыз қонақ күткенде осы ізетті орындап жүрміз? Осы жерде атақты мұнайшы, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Халел Өзбекқалиевтің аты шыққан кезінде де үйіне келген қонағының қолына өзі су құятын әдетін еске түсіре кеткен абзал болар. Кейбір туыс-тумалары: «Халеке, осынша атақты, үлкен басыңызбен бұныңыз қалай?» дегенде: «Е, онда тұрған не бар? Сауап іс қой» дейді екен. Ұлық болсаң кішік болудың үлгісін көрсетіп, үйде де, түзде де еліне қызмет етіп, елінен бата алғанының арқасы да шығар, Халекеңнің балаларының бәрі ел таныған азамат болып өсті... Той дастарханында түйе сүтінен жасалатын, осы өңірде ғана кездесетін балқаймақ бастаған сирек тағамның түр-түрі тұрды. Қонақтар қайтар кезде барлығына жасыл масатыдан әдемі етіп тігілген, «Шопан-Ата» деген жазуы бар тақия таратылды. Барды көрсете білу, сол арқылы өзіңді таныта білу осындай-ақ болса керек.

Оғландыдағы Бекет Атаның басына 250-жылдық қарсаңында салынған кешенді жай бұрынғыдан абаттанып кетіпті. Мен өз басым осыдан он жыл бұрын зиярат етушілердің құрбандыққа әкелген малы тұратын қора-жай мен оны соятын арнайы орыннан бастап, бір түнде 500 адам тынығып, намаз оқи алатын үйге дейін салынған бұл керемет кешенді жайды көргелі бері «оңтүстіктің қазағымын» деп айтуға ұялатын болдым. Неге? Себебі Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің басында әлі күнге зиярат етіп келген адам малын соятын, тамағын беретін, алыстан келгені қонып демалатын жай жоқ. Қаланың мың жарым жолдық тойының қарсаңында да салынған жоқ ол жай...

Жалпы, осы орайда үкімет мүшелері мен парламенттік депкорпусты, облыс әкімдері мен облыстық мәслихат хатшыларын жылына бір рет мемлекеттің есебінен Бекет Атаның басына әкеп, түсіріп-шығарса (олардың бәріне бірдей тікұшақ қайда) және оңтүстіктегі Сайрам, Отырар, Түркістан, Қаратаудағы Арыстанбаб, Қожа Ахмет Яссауи, Қарабура, Бабай Түкті Шашты Әзиз әулиелерге апарып зиярат еткізіп тұрса, халыққа қалтқысыз қызмет етудің үлгісін көріп, олардың санасында бір сілкініс туар ма еді ой келді...

Тойдың тағы бір тағылымы – екінші күнгі ғылыми конференцияда Өзбекстаннан, Хиуадан келген ғалым «сіздер Бекет Атаға осынша қызмет істей отырып, әлі күнге дейін оның өмірбаянын ғылыми түрде зерттеуді қолға алмай отырсыздар, қолға алған болсаңыздар неге жеті жыл оқыған жері біздің шаһарға келіп, бір ғалым ізденіс жасамайды?» дегенде облыс әкімі Қырымбек Көшербаев қалың елдің көзінше: «айтқаныңыз орынды, бұл мәселені шешуді облыс әкімшілігі толығымен өз мойнына алады» деп шұғыл шешім қабылдады. Әр облыс әкімі осылайша ең болмағанда бір ғалымды дайындап шығарып отырса ғой...

Ұйымдастырушылар сондай-ақ жұрттың бәрі сырттай атына қанық, ал өзін көре алмай жүрген Иман(бұл мәртебені Египеттің Әл-Азхар университеті исламды дамытуға қосқан үлесі үшін әлемдегі санаулы-ақ адамға берген) Валерия Порохованы арнайы шақырғаны болды. Конференцияда баяндама, сосын Ш.Есенов атындағы мемлекеттік университет студенттері алдында лекция оқыған ғұлама ғалым жиһадтан бастап хиджапқа дейін қазіргі заманғы ең өзекті мәселелердің мәнін қолмен қойғандай етіп ашып берді. Бұл күні жаңа Мұнайлы ауданының болашақ орталығы – Батыр кентінің іргетасы қаланып, кешке таман жаңа қала – Ақтау-Ситидің алғашқы мөлтек ауданының тұсаукесері болды.

Тойдың үшінші күні Отпан тауда 300-ден астам киіз үй тігіліп, сахнада концерт қойылса қасындағы Жыңғылдыда аламан бәйге, жорға жарыс өтті.

Жан-жақтан келген қонақтар жұдырықтай жұмылған елдің ерен ісіне тамсанып, таң қалып, басын шайқап қайтып жатты...

Өмірзақ АҚЖІГІТ