ОТАНЫ ҰЛЫЛАРДЫҢ БІР СІЛКІНДІ немесе Отырардағы той

dsc_0184

...Талантыңа талай ел таңдай қағып,

Бас бермей-ақ шабасың шалғайға алып...

Тұнған сезім тұла бой болғасын ба,

Есімің де кетті ғой әнге айналып...

Жасыра алар өмірдің кім шындығын,

Қадіріңді қайдан ел білсін бұрын...

Ескерусіз, елеусіз жүрген жерде

Ескерткіш боп еңселі тұрсын бүгін...

Жағасында Арыстың отырар кім?

Ойындасың жүректе оты бардың.

Оралдың ғой ән болып туған жерге

Тарқамайды тойы енді Отырардың!..

Қазыбек ИСА

dsc_0589

Жаңарған, жасарған өңір

Алғашқыда Шәуілдір, сосын Қызылқұм, Отырар ауданы атанған ауданымызда адамдардың рухын асқақтатар қуанышты тірліктер көбейіп келеді. Бұған қыркүйек айының кешегі 24-25 күндері өткен әлемге танымал ғұлама ғалым Әбу Нәсір әл-Фарабидің 1140 жылдығы, ән падишасы Шәмші Қалдаяқовтың 80 жылдығы, ауданымыз бен аудандық газеттің 75 жылдығы, сатира сардары Көпен Әмір-бектің 60 жылдығы мерейтоларына қатысушылардың көзі анық жеткендей болды. Сол күнгі Қазақстан Республикасы Парламенті сенатының төрағасы Қ.Тоқаев пен облыс әкімі А.Мырзахметовтың құттытауынан бастау алған Отырар тойы қазақы қанды қозғайтын,көңілдерге шаттық,ақындарға шабыт беретін айтулы шараларға ұласып жаты.

Халық ақыны Әселхан Қалыбекованың:

Біреуі біреуінен күманданып,

Басынан не кешпеді мынау халық.

Отаны ұлылардың бір сілкінбек,

Жетпіс бес жыл парағын бір аударып – деген тебіреніске толы жырлары ұлылардың Отаны атанған Отырарда туып өскен әрбір адамның көңіл күйін шарықтатып,жан сарайын аша түскендей болды. Әріден айтсақ Сұлу сыр мен әсем Арыс өзенідерінің түйіске тұсына орналасқан Отырар ауданы тұнып тұрған шежіреге толы. Олай дейтініміз әлемге танымал ғұлама ғалым Әбу Нәсір әл-Фараби осында туылған. Күллі мұсылман дүниесінің ардақтысы Арыстанбаб осында жерленген. Тәуелсіз еліміздің ән ұранының авторы Шәмші Қалдаяқов та, әлем мойындаған ақын Мұхтар Шаханов та шыр етіп осынау киелі өңірде дүниеге келген.

Әрине,75 жыл тарих үшін зулап өте шыққан сәт ғана. Осы уақыт ішінде ауданның рухани келбеті қаншалықты өзгерді? –десек,бұл салада Елбасымыз бен Үкіметіміздің қамқорлығын айқын сезіне түсесіз. Әсіресе әне бір жылдары тасқын судан зардап шеккен маяқұмдықтар Елбасымыздың тікелей қамқорлығының арқасында қоныс тойын тойлағанын әлі ұмытқан жоқ. Елге көрсеткен қамқорлығы үшін Елбасымызға жедел хат жолдап, Президентімізді ауылға шақырды.Елбасымызда 2005 жылғы 2 қыркүйекте ауданымызға арнайы ат басын бұрып, олардың қолынан дәм татты. Мұның бәрі Тәуелсіз еліміздің тұңғыш Президенті Н.Назарбаевқа деген ел құрметі еді.

Сондай-ақ Үкіметіміздің 2004 жылғы 30 қыркүйектегі көне Отырарды қайта қалпына келтіру жөніндегі №1009 қаулысы елдің рухын биіктете түссе, 2009 жылдың қыркүйегінде облыс әкімі А.Мырзахметовтың өзінің командасымен ауданымызға келіп, барлық 43 елді мекенді аралап шығып, ауыл тұрғындарымен кездесуі де аудан тарихында бұрын-соңды болмаған айшықты оқиға болды. Онда киелі өңірдің келешегі мен оны өркендетудің жайы кеңінен сөз болған еді. Осыған байланысты облыс әкімі А.Мырзахметовтың тікелей қолдауымен Отырар ауданын өркендетудің өзекті мәселелері жөнінде бағдарлама қабылданды. Бағдарламада ауданның дамуының барлық көкейкесті проблемалары қамтылды. Сөйтіп бұрын таудай болып көрінетін талай тірлік тізгінделіп, көптеген салмақты шаруалар еңсерілді. Жиырма жылдан бері жарықсыз отырған елді мекендерге электр бағанасы тартылып, ауыз судың тауқыметінен мезі болған ауылдарға таза су жеткізілді. Аудан көлемінде 125 км аудандық және облыстық маңызы бар жолдар орташа жөндеуден өткізіліп, демеушілік тәсілмен 8 км жол салынып, оның 2,5 км. тас төселіп асфалтьталды.Алтынбеков,Кенжалиев каналдарын қаптау жұмыстары мен «Менің Қазақстаным» кешенінің құрылысы аяқталды. Аудан орталығындағы «Жібек жолы» даңғылы қазіргі заманауи талаптарға сай жөндеуден өткізілді.Биылдың өзінде 5 мектептің ірге тасы қаланып,жаңа құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде.Отырар орта мектебі мен бірнеше балабақша пайдалануға берілді. Бір Мәдениет сарайы, екі мәдениет үйі, екі клуб күрделі жөндеуден өткізілді. Ауданнан жаңадан бір кітапхана, 1 музей ашу үшін жеке меншіктен ғимарат сатып алдық.Бұрын тозып кеткен «Аққу» мәдениет үйін күрделі жөндеуден өткізіп, «Жастар» орталығын аштық. Дәрігерлерге арнап ауданнан 10 үй берілді. Демеушілікпен бір медициналық тірек салынды. Аудандық білім беру мекемесі мен «Бір терезе» халыққа қызмет көрсету орталығы жаңа жайға көшірілді.Бұлардан бөлек кешегі Жеңістің 65 жылдығы мерекесіне орай 33 ардагерге 20 млн теңге көлемінде көмек көрсетілді., оның ішінде 2-не үй берілді. 9-на үй салуға,6-на монша салуға, 13-не үйін жөндеуге, 3-не қаржылай көмек берілді. Ауыл шаруашылық, өнеркәсіп өнімдерін өндіру артты. Мал басы өсті, кәсіпкерлік дамыды. 2010 жылдың 6-айында аудан бойынша өнім 9,2 млрд теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 39,6% өсті, оның ішінде ауыл шаруашылық өнімі -4,2 %-ға, өнеркәсіп -50,6 % ға өсті.Кәсіпкерлер көмегімен бүгінгі таңға 97,8 млн теңгенің жұмыстары атқарылды. 2666 адам жұмыспен қамтылды.

Өткен жылдың қыркүйегінен 2010 жылдың қыркүйегіне дейінгі мерзімде ауданда 190-нан астам игі істер атқарылып отыр. Бұл жөнінде облыс әкімінің алдында есеп берді. Отырарлықтар жұмысы оң бағаланды. Ауданның таяу жылдардағы қажеттілігінен туындайтын міндеттер ой сарабынан өткізіліп, қайта жүйеленді. Мүлдем жаңа, озық қағидаларға құрылған бағыты айқын бағдарламалар қолға алынып, аудан бойынша шешімін табуды қажет ететін мәселелерге ерекше көңіл бөлініп келеді.

Отырардағы той

Ия, Ұлы Отырар - Елбасымыз айтқандай «қазақ өркениетінің алтын діңгегі». Ауданымыздағы Отырар архелогиялық қорық-мұражайы мен «Отырар-руханияты-Әбу Нәсір әл-Фараби мұражай-кітапханасын» аралап көрген адам осындай ойға қалары анық. Сондықтан да отырарлықтар тәуелсіздігімізді қалай қадірлейтін болса,көне Отырарды, да солай қастерлеп келеді. Солай бола береді де..

Десе дегендей-ақ тойдың бет ашары әлем ақыны Мұхтар Шаханов пен жазушы Амантұр Мұсаев, композитор Мыңжасар Маңғытаев, сенатор Рахманберді Орынбай бастаған той меймандарының Әбу Нәсір әл-Фарабидің ескерткішіне гүл шоқтарын қоюмен және әл-Фарабидің 1140 жылдығына арналған халықаралық ғылыми конференцияның салтанаты ашылуымен басталды. Оған елімізден және шетелдерден 40-қа жуық белгілі ғалымдар, академиктер қатысты. Онда сөз алған Араб мемлекетінен келген академик, Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетінің ректоры Махмуд Фаһми Хижази, сенатор, ғалым Қуаныш Айтаханов және басқа да ғалымдардың мазмұды баяндамалары көпшіліктің көңілінен шығып жатты. Қонақтардың қатысуымен Шәуілдір ауылындағы Жібек жолы даңғылы бойынан орын тепкен мемлекет және қоғам қайраткері Нұртас Оңдасыновтың ескерткіші мен «Қобыз бен домбыра» композициясы және Шәмші ауылындағы «Шәмші саябағы» ашылды. Кешкісін мәртебелі меймандар аудандық Мәдениет сарайына ат басын тіреп, Ш.Құсайыновтың «Әбу Нәсір әл-Фараби» драмалық шығармаларын тамашалады.

Ертесіне басталған ән падишасы Шәмші Қалдаяқовтың 80 жылдығы, ауданымыз бен аудандық газеттің 75 жылдығы, сатира сардары Көпен Әмір-бектің 60 жылдығы мерейтойлардың мазмұны мен ажарын аша түсті. Жиналған халықта есеп жоқ. Бәрінің жүзінде қуыныш лебі есіп тұр. Той салтанатына келген атақты ғалымдар Өмірзақ Айтбаев, Әмір Мұсақұлов,Құлбек Ергөбек, Оразбек Нұсқабаев, қаламгерлер Мырзагелді Кемел,Қазыбек Иса, Нұртөре Жүсіп, Еркін Қыдыр сияқты ел жүрегінен орын алған алаш ұлдары отырарлықтардың рухын көтере түсті. Сондай-ақ аталмыш тойға байланысты жарияланған республикалық бәйге жеңімпаздары Көпен Әмірбек, Әділхан Мәлік, Рухабз Халдарбек, Бауыржан Рысбеков, Сейтісхан Кішібайұлы, Қалдыбек Құрманәлі, Еркін Қыдыр, Сәрсенбек Алтынбеков, Гүлназ Файзулла,Сейділдахан Елбасы, Шерәлі Біләл, Ғалым Есенсариевтың марапатталуы аудан тарихына жазылып, ұрпаққа үлгі етілер рухани жаңалық болды.

Бұны аз десеңіз мерекелік безендірулер аудан орталығындағы саябақтармен, ескерткіштермен толыға түскен. Бәрінен де Алтынбеков каналын жағалай орналасқан «Менің Қазақстаным» кешені көрермендердің көз жауын алуда. Саябақтың кір берісіне орналасқан Шәмші Қалдаяқовтың ескерткіші, одан әріректе Кеңес Одағының Батырлары Сейітқасым Әшіров пен Темірбек Ибрагимовты бюсті, «Батыр аналар гүлзәрі, онымен жалғасып жатқан «Жастар саябағы», бәрі де ойлы адамның ойын байытар, саналының санасын сергітер, жас ұрпаққа тәлім-тәрбие беретін орталыққа айналып тұрғанын көріп куанасыз. Кешкісін сатира сардары Көпен Әмір-Бектің мерейтой кешін жүргізген қазақтың ақиық ақыны Қадыр Мырза-Әлі Отырар аспанын қуаныш пен күлкіге орады. Екеуіне деген халықтың құрметі шексіз болды. Бұның бәрі аудан әкімі Бейбіт Сыздықовтың үлкен іскерлік, ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында өткізілген игі шаралар еді. Осыған орай біз де аудан әкімінен өткізіліп отырған меретойлардың негізгі мәні, мақсаты жайлы айтып беруін өтінген едік.

-«Өздеріңізге белгілі ұлылардың отаны атанған Отырардан 20-дан астам әлемге әйгілі әл-Фарабилер дүниеге келген. Ал бүгінгі жыл санап жаңарып, жасарып келе жатқан ауданымыздан 2 Кеңес Одағының Батыры, 22 Социалистік Еңбек Ері, жүзден астам ғұлама ғалымдар, партия, мемлекет қайраткерлері, ақын, жазушылар, өнер адамдары, еңбектің не бір дүлділдері өсіп шықтты. Мен өз басым киелі Отырарды, оның мәдениеті мен ғылымын, тарихын және даңқты перзенттерін халқымыздың рухани қуат көзі деп бағалаймын. Әсіресе әл-Фараби бабамыз бен ән ұранымыздың авторы Шәмші Қалдаяқовтың есімдері қазақ деген халық барда ұмытылмақ емес. Ал Көпен Әмір-бек те біздің мақтанышымыз. Сондықтанда олардың және ауданның мерейтойларын өткізудегі мақсат - елдің рухын көтеру, жігерін шыңдау, әрі көне Отырардың бүгінгі таңда жеткен жетістіктерін, келешегін,өркендеу мен өрлеу жолындағы баянды батыл қадамдарын халыққа жеткізу. Осы арқылы көпшілікке бабалар рухы сіңген Отырар топырағының қасиетін сезіндіріп, жастарға туған өлке тұнған рухани байлық иесі екенін білдіріп, отансүйгіштік сезімін ояту-деді».

Десе дегендей-ақ бізде аудан әкімінің сөзі мен ісінен киелі өңірдің кемел келешегін көргендей болдық. Соған қуандық

Файзулла Рахматуллаұлы

Отырар ауданы