«ӘЗІРЕТ СҰЛТАН» кесенесінің тағдыры ӘЛІ ДЕ ҚЫЛ ҮСТІНДЕ...

d18fd181d181d0b0d183d0b8

ҚР Бас прокуроры Қ. Мәми мырзаның назарына!

Бисмиллаһир Ирахманир Рахим!

Елбасымыз Н.Назарбаев айтқандай бүгінде «Түркістан - Қазақстанның рухани орталығы», рухани астанасы. Қаланы осындай абройға жеткізіп отырған қала орталығындағы әлемдік сәулет өнерінің інжу маржанына айналған Қожа Ахмет Ясауий кесенесі екені ешкімге дау тудырмаса керек. Өткен тарихымыздан мұра қасиетті жалғыз шаңырақ тәуелсіз еліміздің тарихында тұңғыш рет ЮНЕСКО-ның Әлемдік мұралар тізбесіне енгізілді. Күмбезі көк тіреген көркем кесене ел мәдениетінің өткен тарихы ретінде әлем халықтарын мойындатты. 1989 жылы Қазақстан Республикасы үкіметінің арнайы қаулысымен Қожа Ахмет Ясауи кесенесі «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи мәдени қорық музейі» болып қайта құрылып, ережесі бекітілгеннен кейін 88,7 га. қараусыз жатқан көне шаһардың орыны мемлекет қарауына алынып, музейдің қорғау аймағына енгізілді. Бұл қорғау аймағының асты тұнып тұрған тарих...

Бір сөзбен айтқанда, қасиетті кесене «Әзірет Сұлтан» еліміздің асыл мұрасына айналды. Алты ғасыр бойы от пен оқтан аман сау жеткен мұндай жауһар жәдігерді көздің қарашығындай сақтап өзімізден кейінгі ұрпақтарға мүрін бұзбай дәстүр сабақтастығымен жеткізу бәрімізге сын...

Бірақ, халық қазынасына айналған осы қасиетті жәдігердің басына соңғы он-онбес жыл көлемінде қара бұлыт шырқ айналып шықпай-ақ қойды. Осы шырқ айналған шырғалаң қайдан және неден шығып отыр? Бұл жерде екі-үш мәселені қадап айтқымыз келіп отыр.

Бәріміз білеміз, еліміздің тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың ұсынысы бойынша Қазақстан мен Түркия арасында үкіметаралық келісім жасалып, 1993-2000 жылдар аралығында Түркияның «Вакиф иншат» фирмасы, түрік мемлекеті бөлген 20 миллион долларға жуық қаржыға «Казпроектреставрация» институты жасаған құжаттарды басшылыққа алып, Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне күрделі рестоврация, жөндеу және қайта қалпына келтіру жұмыстарын жүргізді. «Даудың басы Дайрабайдың көк сиырынан» демекші негізгі дау ең алдымен осы жерден басталып отыр.

Бірінші, кесенедегі жөндеу жұмыстары кезінде ел ішінде үлкен дау туғызған ғасыр наласы әруақтар сүйегінің жатқан орындарынан бей-берекет шашылуын қайта сөз етпегеннің өзінде, еліміздегі рестоврациялық институт басшылары бекіткен жобалар бойынша іске асырылып, Әмір Темір сыздырған жоба талаптары өрескел бұзылды. Әмір Темір сыздырған жобасы бойынша орта ғасыр шеберлері кесене қабырғаларының ұлтанына ұсақ мал қиын салып, үстіне ши қамыс төсеген. Бұл материялдар екі түрлі қызмет атқарған, біріншісі – жер асты суын жоғары өткізбесе, екіншісі жер сілкінісінен сақтаған. Түрік құрылысшылары «Казпроектреставрация» институты жасаған құжаттарды басшылыққа алып, осы сақтық қабатын алып тастаған. Бұл – нағыз қылмыс! Осының салдарынан қазір кесененің қабырғалары ылғалданып, құздана бастауда. Қазандық күмбезінде жарықшақтар пайда болып, жекелеген бөлме қабырғалары шытынап, түрлі-түсті сызаттар түскен. Сордың жоғары шығып кетуіне байланысты қазбеттің қаптамалары мен басқа да жобалық материалдар бұзыла бастаған. Осы кесенені салдырған көрнекті қолбасшы Әмір Тарағайдың ұлы Әмір Темір Көреген Баһадүр бабамыздың 22.05.1901 жылы «Түркістан ведомстерінде» жарияланған мұрағат-кепілдік Вакуфында «...Вакуфты өзгертем немесе басқа игілікке алмастырам деп әуре болмасын, мұндай құлықтыларға қатаң жаза қолданылатыны ескертілсін. Вакубтың қайсыбір шарттылықтарын ғана алмастырам деп оның хұқына тиісетіндер табыла қалса ондайларды қарғыс атсын. Алланың қаһарына, әулие, періштелердің, бүкіл елдің қарғап сілеуіне душар болсын, жаратушының мәңгілік азабына тап болсын!» деп жазылған екен. Вакуф деген сөз мұрағат, кепілдік, кейінгілерге өсиет. Сонда Вакуф не айтып отыр, біз не жасап қойғанбыз?

Қазір, жөндеу және қайта жөндеу құрылыс жұмыстары кезіндегі көтерілер тұз бен ызаға сақтық ережелері жасалмауы салдарынан кесененің күмбездеріне дейін шығып кеткен ығал мен тұз, қаланған кірпіштердің үгітілуіне, оның сапалық құрамының нашарлап езілуіне әкеліп соғуда. Бұдан, кесене үстіндегі үлкен күмбездің құлап түсу қаупі туып отыр. Мұның алғашқы көрінісі, төбедегі бірнеше әсем оюлардың (сталакиттер) құлап түсуі. Қазір гипс құймаларының салмағы 300 тоннадан жоғары. Егерде күмбез құлап түсер болса, онда ішкі ауа қысымынан кесененің қандай күйге түсетінін көзге елестетудің өзі қорқынышты... Қазір, мәжілісте қалың ұйқыда отырып, көш соңында жүретін Парамент депутаттары да осы мәселеге орай «бармақ тістеген болып» кеш те болса дабыл көтеріп жатқан сияқты...

Екінші, бүгінгі таңда, кесене басына үйірілген осы дабылдан қорытынды шықпай жатқанда, кейбір қара басының жағдайын күйттеген берекесіз «белсенділердің» бассыздығынан, тағы да Түрік ағайындар, Әзірет Сұлтан кесенесінен 140 метр жерден көлемі 74м Х 35м, күмбезінің биіктігі 31,5м. минареті 38,2м. 2000 орындық мешіт пен 4 пәтерлі 15 коммуналдық үйдің құрылысын жау қуғандай екпінмен, асығыс бастап кеткені. Бәріміз білеміз, Қожа Ахмет Ясауи кесенесі ЮНЕСКО-ның тізіміне енгізілген халықаралық және республикалық маңызға ие тарихи мәдени ескерткіш болғандықтан, оның қорғау аймағы көлеміне ешқандай жаңа құрылыс түспеуі тиіс. Бұл заңдылықты бұзуға ешкімге құзыр берілмеген. Бұған қосымша ортағасырлық Түркістан қаласының тарихи мәдени орыны болашақта дүние жүзілік мәдени мұра тізіміне енгізілуі жоспарланып қойған. Осы заңдылықтарды біле тұра Түрік ағайындар жаңа мешітті, қасақана, ортағасырлық қаланың тарихи бөлігі болып саналатын осы рабатқа түсіріп отырғанын қалай ұғынуға болады? Түркістанның маңында қанша мешіт салса да жер жетерлік қой. Әлде біз білмейтін басқа есеп бар ма?.. Ел ішінде мұндай да әңгіме бар...

Қазір ғасырлар бойы қалыптасқан ортағасырлық көне Түркістан қаласының мәдени қабаттары жойылу үстінде. Ортағасырдан бері белгілі Жәудір мешітінің қалдығына зор қауіп төніп тұр. Мешіт маңынан Арыстанбаб бағытына түсетін автокөлік жолы да осы қала рабадының тап үстімен жүргізілмек. Оның да ескі қаланың мәдени қабаттарын қирату қаупін туғызып отырғанын қала сәулетшілері назардан тыс қалдырған.

Көз алдарында болып жатқан осындай вандализмге тосқауыл болу үшін Түркістан қаласында «Қожа Ахмет Ясауи кесенесін қорғау» қоғамдық бірлестігі құрылып, жұмысқа кірісті. Іле, осы бірлестік жұмысын белгілі ғалымдарымыз Рахманқұл Бердібай, Құлбек Ергөбек, Досан Кенжетай, Түркістан қаласының ақсақалдары Жарылқасын Әзіретберген, Елтай Бимағанбетов бастаған үлкен топ қолдап, елді «Ясауий кесенесін аялайық, ағайын!» атты республикалық қайырымдылық акциясын өткізуге шақырған республикалық басылымдарда үндеу тастады. Ел осылайша дабыл қаға бастаған кезде тиісті министрліктер тарапынан қаржыландырылатын басылым басшыларына қатаң ескерту-тиым жасалғанын да естідік. Қысылған шақта әуре сарсаңға түсіп Қазақстанның ЮНЕСКО жанындағы тұрақты өкілі Олжас Сүлейменов пен ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі Қазақстанның ұлттық комиссиясының төрағасы Иманғали Тасмағанбетовтерді іздеуге тура келді...

Біз әлем мойындап отырған елміз ғой. Ел болған соң ел мүддесін, халықтың қажетін айтатын басылымдар табылды. «Қазақ әдебиеті», «Жас қазақ үні», «Үш қиян» газеттері кеш те болса орынды дабыл көтерді. Әрине, журналистер жазады, бірақ соңғы кезде көпшілік БАҚ беттерінде жарияланған сыннан қорытынды шықпай да қалып жүргені және рас қой. Әдетте, мұндай маңызды мәселеге ел тізгінін ұстаған, «елім» деген қайраткер азаматтар араласпаса көтерілген мәселе қаншалықты маңызды болғанымен, жедел өз шешімін таба қоюы екі талай. Осы орайда біздің жабыла көтерген бұл көтерген дабылымыздың жолы болды.

Жазылған осы мақалалар әсері ме немесе ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар орталығының директоры Ф. Бандарин мен ҚР Мәдениет министрлігінің «Хазірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайының директоры М.Садықбековтың өз атына жазған сұранымы ой салды ма, әлде өзінің елге таныс имани азаматтығы ма, ҚР ЮНЕСКО және ИСЕКО істері жөніндегі ұлттық комиссияның төрағасы, Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағанбетов 14.06.2010 жылы ҚР Премьер Министрі К.Мәсімовтың атына «ЮНЕСО-ның қорғауындағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесі маңындағы құрылыс туралы» шұғыл шара көруді сұрап екі беттік имани хатын жолдады. Хатта үкімет басынан осы мақалаларда айтылған жайлар түгел қамтылумен бірге, орын алып отырған заңсыздықтың және вандализмнің жедел тоқтатылуы талап етілді. Бұл хат бойынша К.Мәсімов Мәдениет министрі М. Құл Мұхаммед, ҚР Құрылыс және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық істері агенті төрағасы С.Нокин, Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі А. Мырзхметовке шұғыл тапсырма беріп, ЮНЕСКО қорғауындағы кесене маңынан рұқсатсыз салынып жатқан мешіт құрылысын жедел тоқтату және істелген шаруалар туралы 25 маусымға дейін ҚР ЮНЕСКО мен ИСЕКО істері жөніндегі Ұлттық қомиссиясы мен ЮНЕСКО-ның Алматы қаласындағы Кластерлік бюросына хабарлауды міндеттеді... Артынша «Қазақ әдебиеті» газетінде Мәдениет министрі Мұхтар Құл- Мұхаммедтің кесене маңындағы құрылыстың тоқтатылғандығы туралы жауап мақаласы жарияланды. Бұған қосымша осы мәселеге орай Елбасының «Мен Түрік ағайындарға мешіт салуға кезінде ұрықсат бергенмін. Бірақ дәл қазіргі ұрықсатсыз құрылысты бастап кеткен жерге салсын деген нақтылы тапсырыс бергенім жоқ» деген сөзін де естігенде бөркімізді көкке аттық . Бұдан соң саналы азаматтарға ел басы рұқсатынсыз заңсыз салынған құрылыс жайлы қайталап әңгіме айтудың өзі әбес қой...

Осындай әңгімелерден соң, бар мәселеге нүкте қойылды ғой деген оймен осы жұмыста үлкен имандылық танытқан Иманғалиға ел рахметін айтып «Иманғалидың иманды хаты Ясауи кесенесін сақтап қалды...» деген тақырыппен ұлкен мақала жазып интернетке жолдап едім, мақала көптеген басылым беттерінде бірінен соң бірі жарық көрді.

Иманғалидың имандылығына орай жазылған бұл мақала Республика Бас прокуратурасы тарапынан нақтылы қорытынды тауып, заңсыз құрылыс бастағандар жауапқа тартылыу орынына, бұғып, бойын көрсетпей жатқан «дөкейлердің» жынын бөтелкеден шығарып, солардың тапсырмасымен мемлекетке қаншама қаржылай зиянын келтірер жапа-тармағай комиссилар мен негізсіз тексеулерге ұласып, Қожа Ахмет Ясауи кесенесі үшін шырылдап жүрген мекеме басшысы артынан шам алып түсушілер де табылған.

Кезінде алғашқы мақаламызды жазғанда осы жағдайға байланысты ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитетінің 26 ақпанындағы №46 бұйрығымен келген «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи қорық мұражайының қорғау аймағы маңындағы жер телімін пайдаланудың жай күйін тексеру мақсатында министрліктің тарихи мәдени мұра басқармасының сарапшысы Ғалымжан Өтелбайұлы жетекешілік еткен, құрамы алты адамнан тұратын арнайы жұмыс комиссиясы өз жұмысын аяқтап, Комиссия Түркістан қаласы рабадындағы құрылыс жұмыстарымен танысып, уәкілетті мемлекеттік органның рұқсатынсыз басталып кеткен жаңа мешіт құрылысы мен 4 пәтерлі 3 үйдің құрылысын жедел тоқтатуға, Түрік ағайындар қажет деп тапса, жаңа мешіт құрылысын басқа жерден салуға ұсыныс жасаған қорытындысын көрген едік. Олардың аталарын рахмет!.. Сол қорытындымен тоқтау керек еді. Олай болмай отыр.

ҚР Мәдениет Вице- министрі Г.Т.Телебаев пен осы министрлікке қарасты Дін комитетінің төрағасы А.Досжан бастаған осындай тексерудің бірі 12-13 қыркүйек күні тағы да өткізілді. Біз бұл комссияның жұмысын да Түркістандағы «Қожа Ахмет Яссауи кесенесін қорғау» қоғамдық бірлестігі мүшелері арқылы хабарласып біліп отырдық.

Не шықса да өзімізен шығады ғой, осы комиссия мәжілісінде комиссия құрамына облыс көлемінен қосылған Б.Әшірбеков, Қ.Молдасейтов, Б.Жалмұрзаев, Б.Байтанаев, Е.Үрістемовтер басталған мешіттің аяқталуын талап етіп сөйлегенін хаттама жобасынан көргенде төбе шашымыз шымырлады. Хаттамаға түспегенмен осы отырыста мешіт жанашырларына көздерін алартып, тістерін қайраған комиссия жетекшілерінің сөздері де біздің жағамызды ұстатты. Министр М.Құлмұхамбет не дейді, қарамағындағы жауапты адамдар не дейді? Бұл жерде ЮНЕСКО мен ИСЕКО атынан сөйлеген Н.Төреқұлова, А.Өтегенова, Н.Иманжанов, Б. Алтаевтарға рахмет. Олар өз сөздерінде халықаралық талаптар негізінде жаңа мешіттің құрылысын қайта жалғастыруға болмайтындығын, ондай болған жағдайда дауға ЮНЕСКО халықаралық ұйымы араласып, көздің қарашығындай сақталуға тиісті маңдайымызға біткен жалғыз жәдігерімізді өз тізімдерінен шығарып тастайтынын мәлімдеді. Сонда Оңтүстік Қазақстан облысының әкімдігі әлдекімдердің сөзіне алданып, сазға отырғандарын қалай білмей отыр. Егер Яссауи кесенесі ЮНЕСКО қорғауынан айырылса оған кінәлі болмақ? Әрине, алдымен облыстық әкимат, сонан соң біздің Үкіметіміз.

Осы жағдайлармен қанық болған соң, осы мақаланы жазбас бұрын, болған мән -жайды түсіндірмек болып, ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі Қазақстанның ұлттық комиссиясының төрағасы, Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағанбетовке хабарлассақ, оның Францияда іс сапармен жүргенін естідік. Біз бұл сапарын жақсы ырымға жорып отырмыз. Өзі бастаған ісін қашан да табандылықпен аяғына дейін жеткізетін Иманғали Қожа Ахмет Яссауи кесенесі тағдырын бас кеңсесі Парижде орналасқан ЮНЕСКО арқылы түбегейлі шешіп келетін шығар деген ойдамыз. Саған құдай қуат берсін, қазақтың иманды азаматы Иманғали!

Бақтыбай АЙНАБЕКОВ

«Қазақстан қажылары» діни бірлестігінің төрағасы.