Досқалиев неден сүрінді

0
798

Таяуда ғана «өз қызметін асыра пайдаланды» деген айыппен Жақсылық Досқалиевтің үстінен қылмыстық іс қозғаған Қаржы полициясы Денсаулық сақтау министрін 9 миллион доллардан астам қаржы жымқырды деп айыптап отыр. Сөйтіп, жұрт аң-таң, билік үнсіз, беймәлім жұмбақ көп.

Қаржы полициясының ресми өкілі Мұрат Жұманбайдың айтуынша, Жақсылық Досқалиев 2005-2006 жылдары Қазақ мемлекеттік медициналық академиясының ректоры болып жүрген кезінде өзінің досы, «Астана КБТ» ЖШС-нің директоры К.Кенжинмен академияға тиесілі оқытушылардың тұрғын үй құрылысына арналған учаскіге екі тұрғын үй ғимаратын салу туралы келісім-шартқа отырған. Сенімхат негізінде Кенжин пәтерлерді академияға еш қатысы жоқ жеке тұлғаларға сатып, 1.4 миллиард теңге табыс тапқан.

Қаржы полициясының ақпарат құралдарына таратқан баспасөз мәлімдемесінде министрдің тергеу кезінде қылмыстық істегі куәгерлерге қысым жасағаны турасында баяндалған. Ондағы ақпаратқа сенсек, айып тағылғаннан кейін Досқалиевте елден кетпек ой болған.

Апта басында Денсаулық сақтау министрінің тергеу кезінде инсульт алып, Астанадағы қалалық ауруханаға түскені туралы ақпарат тарады.

Министрдің денсаулығына алаңдаған бір топ депутат 29 қыркүйек күні Бас прокуратурадан қаржы полициясының министрге қатысты әрекетін зерттеуді сұрап, депутаттық сауал жолдаған.

Дегенмен қаржы полициясы брифингте министрдің тергеу кезінде инсульт алғанын жоққа шығарған. Олардың айтуынша, қыркүйектің 26-сы күні таңертең министрдің қан қысымы жоғарылап, ауруханаға жеткізілген.

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз