Президентке жақпады, биліктен кетті

d18e-d0bbd183d0b6d0bad0bed0b2jpeg4

Юрий Лужков кетеді немесе оны кетіреді екен деген қауесеттің тарағанына да бір жылдай болған еді. Федералдық телеарналарда Лужковтың бал арасы мен Елена Батуринаның милиардтары туралы кеңінен айтыла бастаған соңғы айда бұл әңгіменің көрігі тіптен қыза бастаған болатын.

Халық айтса қалт айтпайды деген рас екен.

Дмитрий Медведевтің «Луж­ковқа сенбеймін» деген сәлем хаты Шанхайдан 29 қыркүйек таңғы сағат сегіз болмай келіп үлгірген екен. Мұндай тосын хабарды ешкім де күтпеген көрінеді. Ресейлік ақпарат құралдарының хабарлауынша, Лужковтың жұмыстан кеткені туралы ақпарат ең қуанышты сәтте келіпті. Дәл осы уақытта жандайшаптары мен жақтастары Мәскеу басшысын өткен туған күнімен құттықтап жатса керек.

«Мэр – Президент сенбе­гендіктен жұмыстан кетті» деген Ресей тарихында бірінші рет. Сөйтіп, Ресей Президенті Дмитрий Медведев Мәскеу мэрі Юрий Лужковты жұмысынан босатты. Ресми себеп: «Мэрге Мемлекет басшысының сенімін жоғалтуы».

Юрий Лужковты жақтаушылар «Қалай дегенмен Юрий Лужковтың есімі Ресей тарихында қалды. Ол, басқарған 18 жыл ішінде Мәскеу әлемдегі ең қымбат мегаполиске айналды. Мәскеу көшелері түзеліп, зәулім ғимараттар пайда болды» десе, ал оны табалаушы мұсылман бауырдларымыз: «Лужковты Алла Тағаланың өзі жазалады. Өйткені, ол 2 млн мұсылман тұратын қалаға төрт Мешіттен артық Мешіт салдырмай қойған», - дейді.

Кімнің ақ, кімнің қара екенін «темір басты әулие» өзі білмесе, біз білмедік. Бір-ақ ауыз сөз: «Президентке жақпады, биліктен кетті!»