Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дағы афераның жалпы соммасы 85 миллион теңгені құрады
2015 ж. 12 тамыз
2629
2
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың 120 студенті есепшілердің заңсыз әрекетіне қатыстырылған, афераның жалпы соммасы 85 миллион теңгені құрады.
Білім және ғылым министрлігінің “Время” газетіне берген мәліметіне сілтеме жасай отырып Today.kz хабарлайды.
“120 студент оқу ақысы ретінде жалпы 85 миллион теңге көлемінде қарыз болған, оның 82 миллион теңгесі өтелді. 2015 жылдың 30 шілдесіндегі жағдай бойынша ақылы бөлімде оқитын, жалпы 3 118 867 теңге қарызы бар тек бес студент қалды. Аталған студенттердің барлығы бүгінде дипломдарын алды, тек біреуіне қорытынды аттестацияға келмегендіктен диплом берілмеді”, – деп хабарлайды министрлік.
Құқыққорғау органдары алаяқтық фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізуде.
“Бухгалтерлер С. Т. Жекенова, Д. Р. Тұрсынбекова және Б. Нұрланның заңсыз әрекеттері мен қаражатты қолды ету фактісі 2014 жылдың соңында белгілі болды. Анықталғандай, аталған тұлғалар 2008 бен 2014 жыл аралығында қаражат жымқырумен айналысқан”, – делінген министрліктің хатында.
2015 жылы университеттен осы мәселе бойынша бухгалтерия жұмысына тиісті бақылау жүргізбегені үшін, түрлі уақыт аралығында экономика мен шаруашылық мәселелер бойынша проректордың міндетін орындаған департамент директоры М. С. Нұрғазин, бюджеттік саясат және экономикалық даму басқармасының басшысы С. С. Елемесова жұмыстан шығарылды.
Одан басқа, бас бухгалтердің орынбасары А.А. Нүсіпова мен ақша айналымы мен ақылы қызмет бөлімінің басшысы Г.М. Әубәкірова да жұмыстан шығарылды. ЖОО-ның бас бухгалтері Р.К. Жүсіпова жұмыстан шеттетілді.
Естеріңізге салсақ, осыдан біршама уақыт бұрын беделді ЖОО-ның бірнеше студенті диплом алар кезде университетке оқу үшін қарыз екендерін біліп полицияға шағымданған.
ҚазҰУ мәліметтері бойынша, бухгалтерияның электронды базасына кіре отырып, ЖОО қызметкерлері ақша төленгені туралы жалған мәліметтер енгізіп, қаржыны қолды етіп отырған.
Сондай-ақ, алаяқтық туралы хабарлаған ЖОО-ны бітірушілердің бірі ары қарайғы қудалаудан күдіктенетінін айтқан.
Дереккөз: Today.kz