Елімізде Ислам демократиялық партиясының құрылуы мүмкін бе?

Алматыда 27-қыркүйекте Қазақстандағы Фридрих Эберт атындағы қор мен Ұлттық зерттеулер институты ұйытқы болып, «Қазақстан модернизациясы барысындағы мемлекет пен діннің қарым-қатынасы: өзекті мәселелер мен болашағы» деген тақырыпта халықаралық конференция өткізді. Күні бойы созылған жиынға тек дәстүрлі дін өкілдері, құқық қорғаушылар, билік органдары мен ғалымдар қатысты. Жиынның пікірталас бөлімі аса тартысты болмаса да Ислам демократиялық партиясының құрылу мүмкіндігі туралы да бірер ауыз сөз айтылып қалды.

Дерек бойынша, 90-шы жылдардың басында Қазақстанда 500-ден астам діни бірлестік болса, ал қазір олардың саны 4500-ге жуықтаған. Бұл да болса, елде діни ұйымдардың еркін жұмыс жасауына жағдай жасалғанының айғағы деді ҚР Мәдениет министрлігінің дін істері жөніндегі комитетінің өкілі Айдар Әбуов.

Жиында аса өткір мәселелер талқыланбағанын тілге тиек еткен Қазақстанның Мұсылмандар Одағының төрағасы Мұрат Телібеков елде жекелеген діни топтардың қуғынға ұшырап жатқанын айтты. Және мұның барлығы Ислам Конференциясы ұйымына төрағалық ету қарсаңында болып отыр деді. Бейбітшілікті жақтайтын діни басқарма, дәстүрлі дін өкілдері неге діни көзқарасы үшін қуғындалған азаматтарға ара түспейді деп сынады.

М.Телібеков алдағы уақытта Қазақстанда Ислам демократиялық партиясының пайда болу мүмкіндігін жоққа шығармайтындығын да айтып өтті.

- Исламның саяси жүйемен интеграциясы сияқты ағым үдеп келеді. Мұндай ұмтылыстар болған да. Бірнеше жыл бұрын есімі көпке белгілі Қайрат Сатыбалды сондай ислам саяси партиясын құру ниеті бар екенін мәлімдеген еді. Өкінішке қарай, бұл жүзеге аспай қалды. Менің ойымша, бұл ағымнан қашып құтылу мүмкін емес. Мұны Ақорда сол кезде сезген де еді, - деді ол өз сөзінде.

«Ақжол» партиясының төрағасы Ә.Бәйменов:

- Бізде Конституция бойынша діни бағыттағы саяси ұйымдар құру тыйым салынған. Жалпы түркі әлемінде, Орталық Азияда бірнеше модель бар екенін білеміз. Мысалы, Түркияда ол рұқсат етілген. Тәжікстанда ислам партиялары бар. Біріншіден, бұл бағытта ғылыми зерттеулер жүруі керек. Оның қоғамға ұзақ мерзімді әсері қандай? Соңы неге алып келеді?.. Екіншіден, әлі де діни сауаттылық төмен болып тұрғанда ондай партияларды шынайы имандылық жолындағы емес, басқа саясаткерлер пайдаланып кетпей ме? – деген күдік-күмәнін де білдіріп қалды.

Жақсылық Шапағатов