БАЙЛАНЫС САЛАСЫНЫҢ МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ҚОЛДАУ БАСТАМАСЫ

0
814

30 қыркүйек күні Қазақстан Республикасы Байланыс және ақпарат министрлігінің қолдауымен «Қазпошта» акционерлік қоғамы мемлекеттік тілді қолдау аясында «Мемлекеттік тіл – ел бірлігінің кепілі» атты байланыс саласындағы компаниялар арасында фестиваль ұйымдастырды. Аталған шараға «Қазақтелеком» АҚ, «Қазтранском» АҚ, «Транстелеком» АҚ, «Қазпошта» АҚ, «GSM Қазақстан», «Beeline» ЖШС, «Алтел» ЖШС қызметкерлерінен жасақталған топтар қатысты.

Сайыс «Мамандығым – мақта­нышым», театрландырылған қо­йы­лым, ұлттық киім үлгісін көр­сету сияқты кезеңдерден тұрды.

Сайыстың ең қызықты сәті өзге ұлт өкілдерінің қазақ тіліне байланысты өнерлерін ортаға қойғанда басталды. Қазақ тіліне деген құлшыныстарына қарап, мәңгүрттенген қазақ жастарына да осындай талап берсе екен ғой деп тамсандырып, таңғалдырып тастады. Осы арада қазақтарға қазақ тілін өзге ұлттар сөйлесе ғана ұялғанынан үйренер ме екен деген ой келді. Себебі сахнада өзге ұлт өкілдері қазақтарды ұялтып тастаған койылымдар беріліп жатты. Айтып өтпесе болмас, өзге ұлт өкілдері қазақ тілін нақышына келтіріп думандатып жатқанда жарық сөніп кештің шырқын бұзды. Бәлкім шара өтіп жатқан ҚР Президенті Мәдениет орталығында қазақ тіліне қарсы адамдар отыр ма екен? Не болса да айдың, күннің аманында қазақ тіліне келгенде кездейсоқ проблемалар туындай беретіні қызық. Дегенмен кедергілерге қарамастан тас қараңғы залда қазақша әндерді хормен шырқаған байланыс қызметкерлері қазақ тілін тек сахнада ғана емес бар жерде қолдайтынын, рухтары биік екендігін көрсетті.

Ерекше атап өтер жайт, қазағы бар өзгесі бар қаражорға биін билемеген адам қалмады. Барлық командалар келісіп алғандай кезек кезекпен қаражорға билеп фестивальдің көркін қыздыра түсті. Сайыс қорытындысына сәйкес «Қазақтелеком» АҚ бас жүлде, «Қазпошта» АҚ 2-орын, «Алтел» ЖШС 3-орындарды бөлісті.

Мерекелік шара аясында байланыс компанияларындағы мемлекеттік тілдің жағдайы туралы ақпараттар мен қызметтерін ұсынған көрме ұйымдастырылды.

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз