МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІҢ ӨРКЕНДЕУІНЕ ҮЛЕС ҚОСУ БАРШАМЫЗДЫҢ БОРЫШЫМЫЗ

d0b0d181d0bad0b0d1801

А.Жұмағалиев, Қазақстан Респуб­ликасы Байланыс және ақпарат министрі:

«Тілдерді қолдану мен дамытудың 2001-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының аяқталуына байланысты, байланыс саласына мемлекеттік тілді енгізу іс-шараларына Қазақстан Республикасы Байланыс және ақпарат министрлігі тұрақты қолдау көрсетіп, іске асырып келеді. Осы орайда, жыл сайынғы «Мемлекеттік тіл – ел бірлігінің кепілі» атты Тілдер фестивалін ұйымдастыру дәстүрге айналған. Ықылым заманнан бүгінгі күнге дейін маңыздылығын жоғалтпай отырған байланыстың ең көне түрі – пошта байланысы болғандықтан, іс-шараны өткізуді «Қазпошта» АҚ сенім танытып отырмыз. Қазіргі заманның жаңа технологияларын игерген, байланыс саласының көшбасшы болып табылатын компания қызметкерлерінен халыққа қызмет көрсетуде мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін және тіл тазалығын анық байқауға болады.

Аталмыш шараға байланыс операторларының өкілдері қатысып, өнерлерін ортаға салды. Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру, телекоммуникация саласына мемлекеттік тілді енгізу мәселелері Министрлікте жиі қарастырылып отырады.

Алдағы уақытта осындай игі бастамаларға әрдайым жол беріп, мемлекеттік тілдің өркендеуіне аянбай қомақты үлес қосу баршамыздың борышымыз.»

Айдос Байбосын, Қазақстан Республикасы Байланыс және ақпарат министрлігі Мемлекеттік тілді дамыту бөлімінің бастығы:

Міне бүгін өздеріңіз көріп отырғандай, мемлекеттік тіл саясатын Қазақстан Республикасы Байланыс және ақпарат министрлігі де өзге министрлікке үлгі боларлықтай игі бастама бастап отыр. Атап өтейік бұл шараға Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің «Жаңа Қазақстан» депутаттық тобының мүшелері де атсалысты. Іс-шараны бастап қана қоймай байланыс қызметкерлерінің арасында жыл сайын атап өтуді мақсат етіп отырмыз. Бастамамыздың бағасын халық бере жатар...

Маханбетәлі Ізмаханов, «Қазпошта» АҚ Персоналдарды басқару департаментінің директоры, фестивальді ұйымдастырушы:

– Бұл шараны ұйымдастырудағы мақсат – байланыс саласындағы мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейтіп, оның әлеуметтік-коммуникативтік қызметтерін арттыру. Тамшыдай болса да мемлекеттік тілдің Конституцияға сай мәртебесін көтеруге ықпал ету. Бұдан бастап мұндай шараны дәстүрлі фестивальдерге айналдыруды көздеп отырмыз. Әрбір құрылымдар жоғарыдан тапсырма күтпей өз еріктерімен тілімізді дамытуға әрекет ете берсе алынбайтын асу жоқ.

Астана бюросы