БАУЫРЖАН МОМЫШҰЛЫН ЕСКЕ АЛУ КЕМПІР МЕН ҚЫЗ ЖОЛДАҒАН ҒАШЫҚТЫҚ ХАТ ЖӘНЕ АЛМАТЫДАҒЫ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ КЕШ...

d0b1d0bcd0bed0bcd18bd188d183d0bbd18b2

(Ш.Айтматов туралы эсселер кітабынан)

Мұхтар ШАХАНОВ

(Басы өткен санда)

Ал Қырғыз Республикасында шы­ғатын «Эркин Тоо» газетінде (21-мамыр, 1997 ж.) Құшубақ Өмірәлиев қазіргі кезеңде екі қаламгердің бірлесіп шығарма жазуы ой-сана бірлігін қажет ететін, әрі өте сирек ұшырасатын жағдай екеніне тоқтала келіп: «Әдебиетте Ш.Айтматов пен М.Шаханов бара-бара бірлесіп еңбек жазысқан К.Маркс пен Ф.Энгельстердей бір-бірінен бөлінбес, ажырамас тұлғаға айналуы мүмкін» деген пікір білдіріпті.

Ең қызығы кеш соңында оқырмандарға қолтаңба берер кезде басталды. Мыңға жуық адам қолтаңба аламыз деп лап қойғанда, екеуміз отырған үстел сытырлап сынып кетті. Мен орындығымнан құлап түстім. Қасымдағы жігіттерге «Ойбай, Шікеңді алып кетіңдер» деп дауыстап үлгердім. Бірнеше жігіт қалың жұртты күшпен шетке ысырып, Шікеңді, онан соң мені сахна ішіндегі бөлмеге апарып, есікті жауып қойды. Иә, бізде әлі күнге дейін Батыс мемлекеттердегідей қолтаңба алу мәдениеті орнығар емес.

Келесі күні екеуміз қатар отырып, атымызға қалың жұрттан келіп түскен хаттарды, ұсыныс-пікірлерді, кездесу үстінде жауап беруге мүмкін болмаған сұрақтарды қарап шықтық. Әсел деген бір әйел жас шағынан Шікеңе сырттай ғашық болғанын, беттің арын белге түйіп Қырғызстанға екі рет барғанын, бірақ жолыға алмағанын, оның бұл өзгеше ықыласына күйеуі ұзақ жылдар бойына қызғанышпен қарағанын, жасы елудің ортасынан асқанымен бүгінгі таңда да Шікеңнің рухани қуатына деген құштарлығы суымағанын, үлкен немересінің атын Шыңғыс қойғанын жазыпты.

– Мына хатты Мәкеңе көрсетсем қалай қарайсыз? – дедім әзілмен.

– Бұл күнде жеңгең мұндай хаттарға селк етпейтін болып алған, – деп күлді Шікең.

– Ал мен селк еткізер жолын тапсам ше?

– Ондай «арандатушы­лықты» доғарып, мына хаттарды аяғына дейін қарап шығайық та, – деп жымиды ол.

Нақ осы сәтте жинақталған қағаздар шоғыры арасынан маған арналған бір «құпия хаттың» шыға келмесі бар ма?! Онда С. деген 24 жасар қыз Шікең екеуміз жазған кітаптың «Біздің өміріміздегі әйелдер...» бөлімін құлшына оқығанын, көп өлеңдерімді жатқа білетінін және өзінің менен балалы болуды жасырын түрде армандайтынын, әрі мұны менің қалауымша өте құпия түрде ұстауға мүмкіндік бар екенін де ескертіпті.

– Міне, сені тікелей бұзылуға шақырған осы хатты мен кешке келінге оқып беремін, – деп Шікең хатты қалтасына салып алды.

– Ондай хаттарға Мариям жеңгей сияқты келініңіз де селк етуді қойған.

– Бірақ мен де өзің сияқты селк еткізудің жолын қарастырсам ше? – деп қулана күлімсіреді Шікең. – Өйткені маған хат жолдаған әйелдің алпысты алқымдап қалған кемпір екенін, ал саған хат жазған 24 жасар, әрі тұрмысқа шықпаған қыз екенін ескерсек, үлкен қауіп осы жақтан туып тұрған жоқ па? Егер 3-тен 2 есебімен жеңілгеніңді мойындасаң ғана хатты қайтарамын.

– Жеңілгенімді мойындайын. Бірақ кейде жеңілістен жеңіс намысы оянатынын да ескертейін, – деп әзілдедім мен.

Шікеңнің атына келесі бір хатты Ғафура Байназарова деген Қазақ мемлекеттік университеті аспирантурасының тарих факультетін бітірген ғалым қыз жолдапты. Ол өзінің Шығыс Қазақстаннан келгенін, туған көне Алтай жерінде мұсылман дінінен бұрын салтанат құрған тәңірші діні туралы ғылыми диссертация қорғамақшы ойы бар екенін, бірақ қазақ халқын тәңірші дініне бұрылуға үндеген пікіріне көп адамның қарсы екенін әңгімелепті.

– Кейінгі жылдары біздің қырғыздар арасында да осындай ағым бой көрсете бастады, – деді Шікең. – Бұл мәселе төңірегінде сенің пікірің қалай?

– Иә, біздің Қазақстанда да «Мұсылман діні – басқыншы дін. Сондықтан бәріміз ата-бабамыздың он екі - он бес ғасыр бұрын ден қойған діні Тәңірші дініне ауысуымыз керек деп уағыз айтушылар бой көрсете бастады, – дедім мен. – Біріншіден, бабаларымыздың тәңіршілік ұғымы дін деңгейіне көтеріле алған емес. Әрине, қазіргі күнде қазақ жерін сан түрлі діндер ағымы қаптады. Ұлтымыздың едәуір бөлігі өзге дінге көшіп кетті. Елімізде мұсылман немесе христиан дінінен басқа діндерге ауысқандарды Америка жыл сайын жасырын түрде қаржыландырып отыр. Тәңірші дініне көшпекші болғандар да Америка қамқорлығында. Екіншіден, бабамыздың бабасының бабасы, әкеміздің әкесінің әкесі осы мұсылман дінінде болды. Жеке өз басым үшін мұсылман дінінен ажырау, он – он екі ғасырлық баба рухын сыйламау деген сөз. Сондықтан осы дінде туылдым, осы дінде өлемін.

– Дұрыс, мен де осы идеяны қолдаймын. Дін ауыстыра бергеннен не ұтамыз? – деді Шікең.

Сол күні Әбунәсір әл-Фараби атындағы мемлекеттік ұлттық университетінде екеуімізбен кездесу болды. Университет ректоры, Қазақстан ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі Көпжасар Нәрібаев Шыңғыс Айтматовқа университет ғылыми кеңесінің шешімі бойынша құрметті профессор атағын табыс етті. Кездесуде академик Зейнолла Қабдолов, Шікең жөнінде талай ғылыми еңбек жазған қырғызстандық академик-ғалым Рустан Рахманалиев сөз сөйледі. Дарынды айтыскер ақын Мұхамеджан Тазабеков екеумізге жыр шумақтарын арнады. Қазақ жеріндегі бұл жолғы кездесуіміз осылай аяқталды.

АЙТМАТОВ АТЫНДАҒЫ МЕКТЕП... ЖӘНЕ АДАЛДЫҒЫ ЖАҒЫНАН ЖАНУАРЛАР НЕГЕ АДАМДАРДАН БИІК ТҰР?

1998 жылдың 17-сәуірі күні Шікең екеуміз Ташкентте өткен халықаралық жиыннан келе жатып Оңтүстік Қазақстан облысының орталығы Шымкентке бет бұрдық. Өйткені облыс басшылары екі-үш жылдан бері Шыңғыс Төреқұлұлын кездесуге шақырып жүрген еді. Соның сәті осы жолы ғана түсті. Белгілі кәсіпкер Серікжан Сейтжанов Шікең екеумізге арнап Шымкенттегі «Фосфорник» қонақүйінен орын дайындап қойған екен. Сонда орналастық та түскі тамақты Жаңабай Сәлімбаев деген інімнің үйінен ішуге уағдаластық. Жаңабайдың үйіне Шікең, облыс әкімі Қалық Абдуллаев үшеуміз бірге бардық. Мен әкемнен 9 жасымда жетім қалғанда осы Жаңабайдың әкесі Тасбау ағаның талай рет туысқандық, азаматтық мінезіне тәнті болғаным бар. Тіпті жасым ұлғайған шақта да Шәмші Қалдаяқов екеумізді баласындай еркелетіп жүрді. Осыдан бір жыл бұрын Ташкенттен келе жатқан бетімізде Тасбау ағаның кіші қызы Шекер мен күйеу баласы Нұркөздің үйінде де болып есте қаларлықтай жақсы кеш өткізгенбіз.

Түс қайта Шымкент қаласындағы №46 орта мектепке Шыңғыс Айтматов есімі берілуіне орай өтетін жиынға қатысуымыз жоспарланған-ды. Мен облыс басшыларының бұл жоспарын бірнеше күн бұрын білсем де «тосын жаңалық» болсын деп Шікеңе тіс жармағанмын. Өйткені осы күнге дейін Айтматовтың атында Қазақстан түгілі қырғыз елінде де бірде-бір мектеп жоқ еді. Ал Қазақстанда көзі тірі классиктерді былай қойғанда орташа ақын-жазушылардың, ға­лымдардың, жүз қойдан 150 қозы алған шопандардың, тіпті мәдениет ошақтарын, балабақшаларды, өзге де ел игілігіне жарар нысандарды жеке меншігіне тоғытқан қомағай кәсіпкерлердің әке-шешелерінің аттарына қойылған мектептер де аз емес-ті. 1992 жылы 50 жасқа толғанымда Отырар ауданындағы өзім туылған Шілік совхозының орта мектебін менің есіміммен атау туралы қаулы шығыпты. Мен республикалық газеттерде жарияланған арнайы мәлімдемемде де, көзі тірі адамға мұндай құрмет көрсетілуіне қарсылық білдіргенмін. Бірақ ұсынысым назарға алынбады. Пікірімді баспасөзден оқыған Халық Қаһарманы Қасым Қайсеновтің мені үйіне шақырып: «Тіршілік мүддесінің бәрін ақша шешіп жатқан қазіргі кезеңде «көзі тірі адамдарға мектеп атын бермеу» туралы пікірің ескерілмейді. Туған жеріңдегі мектептен өз есіміңді алдырып тастағаның жеңіс пе, жеңіліс пе? Сенің орныңа бір қалталы кәсіпкер ақшаны аямай төгіп, өз ата-анасының, немесе бір жақын жұрағатының есімін қойдыруы әбден мүмкін. Айтқан жерден аулақ, егер көзің жұмыла қалса, туған жеріңдегі сол мектепке сенің атың берілетініне ешкім күмәнданбайды ғой. Ендеше тілді, ұлттық мүддені сақтау мен қорғау халқымыздың басты міндеті екенін айтудан, айқайлаудан және дәлелдеу мен айқындаудан жалықпайтын сенің рухың мен есіміңнің мектеп маңдайшасында тұрғанынан ұлт ұтылмайды. Сондықтан бұл райыңнан қайт!» деген сөзінен соң едәуір ойланып қалдым. Бірақ негізгі пікірім өзгерген жоқ.

Ал әлем әдебиетінің көзі тірі классигі Шыңғыс Айтматовтың есімін иеленген мектеп – жұлдызы жанған мектеп екеніне ешкім таласпас. Болашақ Айтматов мектебі қабырғасында өткен кездесу көңіл толқытарлық болды. Одан кейін Шымкенттегі В.И.Ленин атындағы орталық алаңға Әбунәсір әл-Фараби есімі берілген салтанатты жиынға да қатысып сөз сөйледік.

Кешкілік Жұмат Шанин атындағы облыстық театрда Шікең екеуміз бірлесіп жазған «Миғұла терісі үстіндегі сот» (Сократты ескеру түні) атты драмамыз қойылды. Спектакльдің режиссері Әскер Құлданов, кеңесшісі Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Райымбек Сейтметов екен. Сейтметов кейінгі жылдары Түркістан қаласындағы театрды басқарып жүрген-ді. Мен осы адамға ерекше қарыздар едім. Алматыға жаңа келген кезімде қыс ерекше суық болды. Сырт киімім болмағандықтан Зәкір Асабаев деген дархан мінезді ағаның пальтосы мен құлақшынын сұрап киіп, материалдық қиындық көріп жүрген тұсымда, Райымбек аға қазақтың Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театры сахнасында, менің оқиғаларға құрылған өлеңдерім негізінде «Махаббат заңы» атты поэзиялық спектакль қойды. Бұл өлеңдеріме деген жұрт ықыласының өзгеше қарқынмен ояна бастаған тұсы болатын. Спектакль апта сайын, тіпті кейде аптасына екі рет өтіп тұрса да, бірде билет таба алмай қаумалаған жастар театрдың үш темір есігін сындырып кетті. Сонда театрдың бас режиссері Әзірбайжан Мәмбетовтың: «Мейлі есік сынса сына берсін. Жастардың театрға және Шаханов поэзиясына деген өзгеше ықыласы үшін бәрін де кешіруге болады» деген сөзі жадымда қалыпты.

Мен үзіліс кезінде Шікеңді Райымбек Сейтметовпен таныстырдым.

Есіңізде бар ма, жоқ па, бұл жігіт туралы көп жыл бұрын Сізге айтқанмын, – дедім мен Шікеңе – 1970 жылдардың екінші жартысында осы Рекең менің «Сенім патшалығы» атты екінші драмалық поэмамды қойды. Бұл кісі сол драманың ішіне, кезінде өзіңіз алғысөз жазған, Саяси бюродағы қалт-құлт етіп зорға жүрген шалдарды келемеждеген, КОКП Орталық комитетінің идеологиялық хатшысы Сусловтың қаһарына іліккен «12-3=?» атты поэманы да ендіріп жіберген болатын.

Сол кезең үшін ол ерлікке барабар мінез ғой, – деді Шікең.

Бір-ақ рет көрсеттік. Келесі күні бізді Орталық партия комитетіне шақырып қатаң ескерту жасады және поэманы түбірімен алып тастауға мәжбүрледі, – деп жымиды Райымбек.

«Миғула терісі үстіндегі соттың» соңы Шыңғыс Төреқұлұлының 70 жылдығына ұласты. Егер дәл мерзімін сақтасақ Шікең 70 жасқа 12-желтоқсанда ғана толады. Оған дейін жарты жылдан астам уақыт бар. Бірақ ол кезде жазушымен жолығуға мүмкіндік тумайтындықтан облыс қайраткерлері қазақ-қырғыз топырағында бірінші болып, Шікеңнің 70 жылдық мерекесінің тұсауын кесіп жіберді. Облыс әкімі Қ.Абдуллаев, қала әкімі Қ.Ізбасқанов Шікеңе қазақтың оқалы шапанын жапты, ескерткіш сыйлықтар тапсырды. Театр әртістері, облыстық мәдениет, әдебиет қайраткерлері жарыса тілек білдіріп, Шікеңді гүлге бөледі.

Келесі күні Арыс қаласына қарай жол тарттық. Бізді облыс әкімінің орынбасары, әдебиет пен өнерді терең талдап пайымдай білетін Дархан Мыңбай бастап жүрді. Қасымызда Айтматов шығармаларын зерттеуші ғалым, Бельгия Корольдігі Академиясының профессоры Жан Бланкоф жұбайымен, өзбектің атақты жазушысы, ұзақ жылдар Өзбекстан жазушылар Одағын басқарған Адыл Якубов бар.

Бізді Арыс ауданының әкімі, бұрын Шікеңмен Бішкекте де бірнеше рет жолығып, сырлас інісіндей болып кеткен Әлімжан Құртаев өздерінің бетке ұстар адамдарымен, ақын-жыршы, әншілерімен аудан шекарасында қарсы алды. Арыстағы кездесуіміз тіптен ерекше болды. Есімі әр кезеңде Айтматовтың құрметіне орай Шыңғыс деп қойылған оншақты адам қатар тұрып Шікеңе қол берді. Аудан орталығында өткен үлкен жиында екеумізге «Арыс ауданының Құразы», яғни «Құрметті азаматы» атағы беріліп, ауыздығымен алысып, тықыршып тұрған қос сәйгүлікке мінгізді. Шікеңе сыйланған тұлпар мен мінген аттан әлдеқайда асау болып шықты. Бірнеше рет алдыңғы екі аяғын аспанға көтеріп, мөңкіп-мөңкіп жіберді. Бәлкім, жібі бостау өзге адам болса құлап түсуі әбден мүмкін еді. Бірақ Шікең жас кезінде ат құлағында ойнағандығын көрсетіп, былқ етпеді.

(Жалғасы бар)