ОЙЛАНБАҒАН АДАМ – САЯСАТТЫҢ ҚҰЛЫ...

d0bad0b0d0b7d0b0d185

«Сен доллар емессің, жұрттың бәрі жақсы көретіндей»

Адам баласы әрдайым өткеніне өкініп жатады. Неліктен? Себебі оның қате екенін өтіп кеткеннен кейін ғана түсінгендігінде. Ал өкінішке дейін ойланбаймыз. Егер де кез келген жағдайда алдын-ала бір сәт ойланып алған болсақ өкінішіздің азаяры хақ. Өмірдегі барлық қателігіміз ойланбағандығымыздан деп білемін. Жақсы ойлау өміріңізді жақсы жағына қарай өзгертетіні де рас екен. Себебі адам ойлағанын ғана істейді. Ойламағанынан артық бір нәрсе қалай істесін, егер ол туралы ойламаса, білмесе. Өз басым ойланбайтын адамдарды мүсіркеймін.

Негізі кеш ойланаты­нымыздың ықпалы ұлтымыздың тағдырына дейін әсер етіпті. Әрбір қазақ ұлтты құраса, қазақ өмір бойы тарихқа, уақытқа есесін жіберіп келе жатқан ұлт. Өткеніне өкініп, кеш ойланатын ұлт. Әлихан Бөкейханов айтқандай біздің кемшілігіміз «әрбір ұрпақ өзіне жүктелген міндетті атқармай келесі ұрпаққа қалдырып кететінінде». Мұның себебі уақытынан кеш ойланатынымызда. Ойымыз жасаған іс-әрекеттерімізді ойлаудан босай алмайды. Сәл алдын-ала ойланып отырсақ қой. Осының бәрі ұлттың тағдырына кері әсерін тигізіп келді. Сол себепті әлем ұлттарының алдында әрдайым артта келдік.

Бір ғана мысал жеткілікті болар. Өз басым қазақ ретінде тәуелсіздігімізді қалай алғанымызды айтуға ұялам. Себебі ең соңынан, амалсыздан алғанымыз ақиқат. Қанша жерден намысымыз келсе де, тарихты түзетеміз десек те шындығы осы. (Бұл арада өткен ұрпақтың тәуелсіздікке қосқан еңбегін таразылап отырғаным жоқ.) Әрдайым кеш қозғалатынымыздың себебі, кеш ойланатынымызда. Оның да себебін айтайын, жалқаулық ойлануға кедергі. Жұмыс істемеген адам ойланбайды. Бір қызық мысал келтіре кетейін, кабинетте отырған адамнан гөрі сол ғимаратта еден жуып, қоқысын жинайтын жұмысшының ойлау қабілеті жоғары болады екен. Көрдіңіз бе, маңдай тер төгіп еңбектенгеннің пайдасы мол. Компьютердің алдында көп отырған адамның ойлану қабілетінің азаятынын ғалымдар дәлелдеген.

Әрине, адамдар ойсыз жүреді дегеннен аулақпын, әрдайым бірнәрсе ойлап жүреді. Бірақ мәселе оның ойының маңыздылығында, деңгейінде. Адамның басқа жан-жаратылыстардан ерекшелігі де ойлана алуында. Әйтпесе адамның атқара алатын ішіп-жеу, ұйықтау, көбею сияқты көптеген биологиялық әрекеттерін басқа да жаратылыс иелері атқара алады. Бір қызығы, егер де күнделікті ойларыңыз жөнінде ерінбей жазып жүрсеңіз, бірнеше айлар, жылдар өткен соң ол ойларыңыздың пайдасыз, іске алғысыз екенін, алтын уақытыңызды босқа өткізгеніңізді түсінесіз. Күнделікті күйбең тіршілікпен өміріңізді өткізіп жатқаныңыз секілді, бос ойлармен де өміріңіз өтіп жатады. Оны ойсыздық деп санасаңыз да болады.

Адамдардың көбісінің ойсыз жүретіндігін «бұл өмірде қандай мақсатпен өмір сүріп жатырсың» деген сұраққа бөгеліп қалатындығынан байқауға болады. Бірақ қызмет қуып жер бетінің патшасы болсақ та, жер бетіндегі бар байлықты иеленсек те өмірге келу мақсатымыз бұл емес екенін білеміз. Біле тұра осы жолда өмірімізді зая өткізіп жатқанымыз шындық. Ал шын мәнінде терең ойланып қараған адамды бұл өмірде не үшін, қандай мақсатпен жүрміз деген сұрақ мазалайтыны рас. Әрине Алла-тағала, бізді болсын, басқа да кез-келген жаратылысты болсын, бекерден-бекер жаратпағанын ғана ұғына аламыз. Неліктен шексіз галактиканың ішінде жер шарында ғана пайда болғанымыз, бар жаратылыс адам үшін қызмет етіп жатқаны бізді ойландырмайды?

Ойсыздығымызға да бір себеп, жаһандық саясат барлық адам баласын үйіндегі теледидардың алдына телміртіп үйінен шығармайтын жағдайға жеткізуінде. Көшеде асыққан халыққа қарап ойланып қалмаңыз не деген пысық деп, олар телесериалын немесе сүйікті телебағдарламасын көруге асығып бара жатқандар. Бұл телесериалдардың халқымызға тигізген зардабы ұшан-теңіз. Сол се­бепті кезінде сауаттылығымыздың жо­ғарылығынан оқырман халық едік, енді көрермен халыққа айналдық. Бұл - өте қауіпті құбылыс. Әрине, оқы­ғаннан көре салған оңай. Бірақ ол кезде адамның ойлау қабілеті тоқтайды. Бейнекөріністің басыбайлы құлына айналады. Кез келген билікке де осындай жағдай тиімді. Өйткені ойланбаған адам - саясаттың құлы. Ал Алланың адам баласына ең бірінші бұйырғаны ОҚЫ екенін естен шығармайық. Және бұл өмірден көзің жұмылғанша оқу керектігі бұйырылған.

Жер шарындағы ресурстардың таусылып бара жатқанын, тіпті өмірдің уақытша екенін біле тұрсақ та ажал, өлім деген жоқтай, мәңгі өмір сүретіндей алшаңдаймыз. Өміріміздегі кішкентай бір көрініске тоқтала кетсем; құран оқытуға жиналған көпшілік дастарқан басында қызу өсек-аяң айтып жатып, кезек құран оқуға келгенде бәрі мүләйімсіп қалатыны, артынша тез ұмытып,қайтадан қызу «әңгімесін» жалғастырады. Қыздарымыз мешітке кіріп бара жатып басына ғана бір нәрсе жаба салып, шыға салысымен шешіп тастайтыны қызық. Бұл дегеніміз Алла мешітте ғана бар да, сыртта жоқ, көріп тұрған жоқ деген түсінік қалдырмай ма? Менің ойымша бұлардың барлығы Алланы «саясатқа» айналдыру. Біз табиғатымызда Алланы, өлімді ойламауға, тез ұмытуға бейімбіз. Бір жағынан бұның да себебі бар. Таңертеңнен кешке дейін ақпараттың бәрі осы жалған өмірдің күйбең тіршіліктерінен, ләззаттарынан бас көтертпейді. Ойландыратын ақпарат жоқтың қасы. Оның үстіне өлімді ойлағанда терең ойға кетеміз. Себебі Алланың әмірлерін орындамай жүргеніміз, күнәларымыздың көп екенін сезгендіктен қатты ойға берілеміз. «Судың да сұрауы бар» демекші, бұл өмірдің де сұрауы бар екенін білгендіктен, ойлағысы келмейді, өлгісі келмейді, азаптан қорқады. Әйтпесе, мұсылмандар өлімнен қорықпауы керек. Біздің түсінігіміздегі өлім деген ол жанымыз өліп қалмайды, тек тәніміз ғана өледі. Тән деген ол Алла тарапынан уақытша пайдалануға берілген мүлік. Тәнді қалай пайдаландың, қалай күтіп баптадың сұрауын, есебін бересің.

Алла адамға «екі байлық бердім, біреуі уақыт өткен сайын арта береді, біреуі азая береді» деген екен. Көбейе беретіні – ақыл, уақыт өткен сайын азая беретіні – денсаулық. Тән деген уақыт өткен сайын қартая бергенмен жанымыз қартаймайтынын бәріміз білеміз. Жаны жас, тәні қартайған қарттықтың белгісі емес, тәннің қартаюы өмірдің уақытша сынақ екеніндігінің белгісі. Адамды ойландыру үшін тән қартаяды. Кейде тәнімізге де қарап ойлануға болады, бастағы шаш өсіп отырады да, кірпік пен қас өзінің өлшемінен өсіп кетпейді. Әйтпесе екеуінің құрамы да бірдей, екеуі де шаш типтестер.

Бір нәрсені естен шығармаған абзал, біздің ойлануымыз керек. Миллиардтаған мәселелердің бірнешеуін ғана әңгімеге арқау етіп жатқанымды ұмытпаңыздар. Бұдан да басқа әлі шексіз мәселе бар. Тіпті біздің ойлау қабілетіміз жетпейтін мәселелер тағы да бар.

Дегенмен сананы берген Алла ойларымызды да өзіміз бақылай алатын мүмкіндік берген. Егер де адам баласы ойланып іс әрекет жасаса адамзаттың даму процесі жылдамдар еді. Өйткені Алла адамның әлеуеті көп нәрсеге жететіндей етіп сана берген. Мәселе соны дұрыс пайдалана білуімізде.

Ойланудан қашқандар сылтау іздеп, халқымыздағы «көппен көрген ұлы той» деген түсініктерді басқа қырынан түсініп, өз-өзін алдайтындар көбейіп кетті. Бір нәрсе жөнінде ойлануды сұрасаң «көпшілікпен бірге жүре берейік», «көпшіліктен қалма» деп ойланғысы келмейді. Ойланудан ерініп қашады. Ал сол көпшіліктің қайда бара жатқанын ойланбайды. Бір жағынан бұл биліктегілердің еңбегінің жемісі ме деп қалам. Себебі, халықтың санасына «жалғыз өзім не істей аламын», «көп ойлана берме, жынданып кетесің» деген сияқты ойларды сіңдіріп тастаған. Әрқайсысы бір-бір сылтау жетегінде мойнындағы жауапкершіліктерді оңай ығыстырып, жеңілдеген кейіппен кете береді. Ал дамыған елдерде «егер де мен дауыс бермесем, ол сайлана алмай қалады», «менің даусым маңызды», «мен атсалыспасам іске аспай қалады» деп, өзін азамат ретінде сезінеді. Бізде алға қарау деген жоқ, айналасындағыларға қарап өмір сүреді. Қасындағысы өзінен озып кетпесе болғаны, жайбарақат жүре береді. Оза бастаса оңай ғой, аяқтан шала салады. Бәлкім біздің осы «қасиетіміз» алға жылжуымызға, дамуымызға кедергі болып отыр. Ең қиыны бұның бәрі алыста емес, айналамызда болып жатқаны.

Ал айналама қарап жүріп, түрлі қасиеттерімен ерекше есімде қалған адамдар да баршылық. Оларды атап өту азаматтық борышым, әрі ел біліп жүргені абзал деп ойлаймын. Ұлтына шексіз берілгендігімен, тазалығымен Мұхтар Шаханов және еркектігімен ерекше есімде қалған Тобылбек Омаров. Бұндай азаматтар тұлғасымен айналасындағыларға әрдайым ой салып жүреді. Ойланудан қашқан адамдар ғана көргенін істеп өмір сүреді. Жаңадан жол іздеп, кәсібін дамытуға ұмтылмайды. Айналасындағыларға ғана қарап өмір сүретіндер ойланатын халыққа жатпайды. Яғни біз қазір ойшыл халықтар қатарына кірмейміз. Бір ғана ерекшелігіміз - қызмет, мансап қана қуу жағынан алдымызға жан салмаймыз. Бірақ мұны кәсібін нәсіп етіп жүргендермен шатастырмауымыз керек. Біздікі кәсібімізді ілгерілетуге жатпайды. Біздікі - қызмет қуу жолында адамгершіліктен ада қылатын, қызметін көтеру үшін бар ар-ұятын төгетін жол. Сондықтан қоғамымызда қызметіне адал, жанын салып жұмыс істейтіндер, әділеттікті ту еткендер ешқашан өспейді деген түсінік қалыптасқан. Бұл рас та. Керісінше қызметті көтеру үшін қажетті «қасиеттер»: бастығына құлдық ұратын, бастығы үшін жанын беретін жағымпаздық. Осыдан болар, өзіміз өз ұлы ойшылымызды өз ішімізге сыйғызбай басын жарып, тірі кезінде қадірін біле алмаған қазақпыз. Кейде өз халқыма таң қалам, өмірінде керемет жетістіктерге, яғни үй-жай, коттедж, машина, қызметі көтеріліп жатса «сіздің арқаңыз» немесе «менің арқам» әйтеуір біреудің арқасында бола қалады да, адам өлгенде «Алланың ісіне амал бар ма?», «Алланың ісі ғой» деп жатамыз. Ал жетістікке жеткенде неге «Алланың рақымы, Алланың ісі», «Алла кез келген уақытта береді, қайта ала алады» деп шүкіршілік етпейміз. Зәулім ғимарат, вилла көргенде таңырқап жатамыз да, Алланың кереметтерін көрсек таңданбаймыз, ойланбаймыз. Әйтпесе күшті болсақ, Алланың жаратқан көзге көрінбейтін микробтарына, вирустарына қарсы тұра алмай ауырып жатамыз ба? 70-80 килолық дене тіпті көзге көрінбейтін нәрсенің қасында әлсіз қалуы бір жағынан таңқаларлық.

Бұл ойларды жазудағы мақсатым адамдарға ой салып, түкке алғысыз, пайдасыз ойлардан арылтып, мәнді мағыналы өмір сүруіне себепші болу.

Ойланыңыздар!

Фазылбек Әбсаттарұлы