КӨК ТУМЕН БІРГЕ ҚАЛЫҚТАҒАН «ҚЫРАН»

d0bcd0b5d0bad0bad0b5

Діни тақырып төңірегінде қалам тартып жүргендіктен әу бастан мешітке жақындау жүруге тура келді. Әу бастан деп отырғаным – тәуелсіздікке қол жеткізген алғашқы жылдар. Ол кезде қазіргі бас мешіт жанында орналасқан шағын ғибадатхана халыққа қызмет көрсететін. Сол «мешітке» кіре берісте құрқылтайдың ұясындай ғана бір бөлмелі жатаған «үй» – Алматы қалалық діни басқарма қызметін атқаратын. Сол жерде пәтуа шығарылып, сол жерде әртүрлі діни жоралғылар жасалатын. Өкінішке қарай, осы «діни басқарма» әлгіндей «сән-салтанатымен» халыққа ұзақ жылдар бойы «қызмет» көрсетті. Сол жағдай 2000 жылға дейін жалғасты. Ол кез біздің тәуелсіз ел ретінде танылып, шет елден қонақ қабылдай бастаған кезіміз. Ондай қонақтар мұсылман елдерден де аз келмейтін. Әрине, олардың діни басқармаға бас сұғып, біздің ұстанған діни бағыт бағдарымызбен танысқысы келетін кездері де аз кездеспейтін. Журналист ретінде сондай кездердің куәсі болғандықтан әлгіндей ресми қабылдау кездерінде қарадай қорынатын едік. Біздің мемлекетіміздің діни ұстанымы қандай деңгейде екендігін алқам-салқамы шыққан діни басқарма ғимаратының өзі-ақ әйгілеп тұратын. Бірақ соған қарамастан дін тұтқасын ұстағандар күпініп жүруші еді. Республика бойынша пәленбай мың мешіт салып тастадық деп те желпінетін. Ол өтіріктің қисыны келмейтіндігін қаншама жылдар бойы тек қауқиып қабырғасы ғана тұрған Алматы орталық мешітінің өзі айқындап тұратын. Ашылды делінген діни оқу орындарының қайда екендігін таба алмай жұрт сабылып жататын. Әрине, қағаз жүзінде ғана бар ондай діни оқу орындары ешкімге таптырмайтын.

Жә, көңілге кірбің ұялататын өткеннің көңілсіз жайттарын еске алуды осымен доғаралық. Мұның бәрін бүгінгі Діни басқарма жұмысына да көңілі толмайтын біздің тырнақ астынан кір іздегіш кей ағайындарға кешегі күнді қаперіне салу үшін айтып отырмыз. Дей тұрғанмен кезінде діни қызметкерлерге жараспайтын мінез танытып, жалпы діндарларға күйе жаққан, қызметке таласып кісілік келбетін жоғалтқан, тіпті садақа қаржысын жымқырған «діндарлардың» да болғанын несіне жасырамыз. Міне, бұл күнде көрген адам қызығатын, барлық ісі жолға қойылған әлеуетті мекеме – Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасының соқтықпалы, соқпақты жолы осындай. Оның біз түгіл шетел қонақтарының өзі қызығатын бүгінгі кейпін, халыққа жүйелі діни қызмет көрсету үрдісін қалыптастырған – шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі хазірет екендігін айта кеткен жөн. Құдайшылығын айтқанда, бізде бұрын-соңды дәл осындай өркениет талаптарына сай қызмет көрсететін діни мектеп болған емес. Сонау орта ғасырлық түсінік деңгейдегі діни жоралғылар шылауынан шыға алмай, мекеме ретінде оқшауланған кешегі діни басқарманы мемлекеттік қызмет көрсету деңгейіне дейін көтеру, әрине, айтуға ғана оңай. Ал бұл жолда Әбсаттар қажы Дербісәлі хазіреттің Бас мүфти ретіндегі тынымсыз еңбегі, білімі мен біліктілігі, кісілік келбеті мен парасат-пайымы жатыр. Атқарылған қызметті санамалап түгесу мүмкін де емес. Оның үстіне біз де оны мақсат тұтқанымыз жоқ. Мән берсек, көпшілік жұрт ескере бермейтін кейбір жағдаяттардың өзінен тұтас мемлекеттің бет-бейнесі аңғарылып қалатын кез болады. Соның бір көрінісі – дін. Әбекең соны жақсы түсінгендіктен де имамдардың сыртқы көрінісінен бастап, олардың халыққа қызмет көрсету жүйесін қалыптастырып, бұл тұрғыда да мемлекет мәртебесінің асқақтап тұруына баса мән берді. Әрине, оған өзінің кезінде елші болып қызмет атқарғандығының да септігі тигендігі күмәнсіз.

Біздің айтпағымыз, міне, осы сан-салалы Діни басқарма жұмыстарының бірі – қажылық туралы. Қажылық сырт көзге фирмалар қызметі арқылы ғана атқарылып жатқандай әсер қалдырады. Алайда, тіркелген ол фирмалардың бәрі Діни басқарма елегінен өткізіліп, сарапталып, белгілі бір жүйелі тәртіппен жұмыс жүргізеді. Негізгі ұйтқы – Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасы. Бұл тұрғыда да Әбсаттар қажы Дербісәлі хазірет өзінің ұзақ жылғы тәжірибесі негізінде қажылықты қажылар қалауынан шығатындай деңгейде сәтімен үйлестіріп, орайымен атқарып келеді. Қажылық – сын. Шынтуайтына келгенде қажылықтың талапқа сай деңгейде өтуі жеке адамдарға ғана емес, Діни басқармаға, қала берді мемлекетімізге де сын. Қажылық – әлем мұсылмандары бас қосатын жер. Міне, сондай кезде біз өзгелерге өзіміздің қандай мұсылмандық өмір салтымызды үлгі етеміз?! Сырт көз сыншыл. Олар кімнің кім екендігін бірден-ақ бажайлайды. Осы орайда өзіміздің де қажылық сапарға барған кезімізде байқағанымыз, Мекке мен Мәдина халқында Қазақстан мұсылмандарына деген жылы пікір қалыптасқан. Бізді көргенде қай-қайсысы да «О, Қазақстан...» деп жылы шырай танытып жатады. Міне, бізге деген жергілікті халықтың осы пейілін қалыптастыруда да Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасының тынымсыз еңбегі жатқандығын пайымдау қиын емес. Ендігі айтпағымызды өзіміз куә болған жайттармен байланыстыра сабақтайық.

2009 жылы қажылық парызымды өтеу маған да нәсіп болды. Біздің қажылық топты Жамбыл облысы, Тараз қаласы Молла Мұхаммед мешітінің бас имамы Оразов Исатай Жақыпұлы басқарды. Жетекшіге қойылар талап көп. 180 адамнан құралған біздің топты шашау шығармай алып жүрудің өзі мол тәжірибе мен жауапкершілікті қажет етеді. Бұл тұрғыда Исатай бауырымыздың қызметіне тәнті болдық. Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасының талабы бойынша ол бізге исламның бес парызы туралы уағыз жүргізді. Жамағатты қажылық сапардың мағлұматтарымен таныстырды. Меккенің әуежайына қонғанымызда онда қарақұрым қаптаған халық екен. Араб, парсы, түрік, Африка, Пәкістан, Орта Азия, Индонезия елдерінен келген мұсылмандарда есеп жоқ. Сауд Арабиясы қонақтарды күтіп алуға тас-түйін дайындалса да, қажылықты басқарып келген ұйымдастырушылардың мойнына артылар ауыр жүк мол екені көрініп тұрды. Қазақстанның көк байрағын желбіретіп, қажыларға насихатын айтқан олар бізді қонақ үйге жеткізді. Топ басшысы Ұлық пайғамбардың дүниеге келіп, дін тарату тарихын айтқанда көзіне жас алмаған адам қалмады. Қажылар түгел автобусқа отырып, Меккенің сыртына, Мұхаммед пайғамбарымыз жүріп-тұрған тарихи жерлерді зиярат етуге аттандық. Мұ­хаммед пайғамбарымыз жаудан қашып тығылған Сәуір тауы, пайғамбардың Алламен тілдескен Рахман тауы, Құран Кәрім түскен Нұр тауларын тамашаладық. Бұлардың әрқайсысы бірінен-бірі қашық жатқан, кеудесімен көк ті­реген үлкен-үлкен таулар. Әр таудың пайғамбарымыздың өміріне қатысты тарихы өз алдына жеке-жеке дастан. Қа­жыбасымыз Исатай Оразов әр таудың басына барғанда пайғамбарымыздың тарихынан толғай сөйлеп білімдарлығы мен шешендігін қабат танытты. Пайғамбарымыздың өмір тарихын соншалықты әсерлі, түсінікті баяндаған Исатайды беріле тыңдаған көпшілік оған тіпті риза болып, айтқан сайын айта түссе екен деген тілек білдірді.

Үлкен қажылықта көшелер адамға лық толып «Әл-Харамның» айналасы құж-құж қайнай бастады. Біз де ниет етіп ихрам кигенбіз. Ихрамнан бұрын ғұсыл алып денемізге әдемі иіс су септік. «Әл-Харам» мешіті үш қабаттан тұрады. Ашық төбелі, ішінде жарқырап жанып тұрған мәрмәр мұнаралар. Қабырғалары ылғи меруерт маржандармен әшекейленген. Бірінші қабаттың қақ ортасында Қағба. Қағбаның айналасы айналдыра ашық алаң. Екінші қабат Қағбаны зиярат ету үшін арнайы жағдайлар жасалынып, мүгедектерге арналған екен. Іргесінде – Сафа мен Мәруа тауы. Қағбаны 7 рет айналып тәуап еттік. Зәмзәм суы шығатын бұлақтың басына барып, судан қанғанша ішіп, Сафа мен Маруа тауларының арасына Ажар анамыздың ізімен сағи (жүгіріс) жасап шықтық. Сол күні мешіттен жеті шақырым қашықтықтағы Минаға бет түзедік. Исатай бауырымыз бір күн бұрын Мина тауына бет алатынымызды, онда түнейтінімізді, кеш салқындау болатыны себепті өзімізбен бірге жамылғы, шапан ала жүріп, ас-ауқатты да ала баруымызды хабарлаған болатын. Мина тауына келіп көк туымыздың астына тігілген шатырға түнедік.

Ертеңінде, яғни Арафа күні таңертең күн шыққан соң автобустардың ішінде «Ләббәйкә Аллаһумма ләббәйк» деп жамағатпен тәлбия айтып, Арафатқа қарай жүрдік. Арафат – Минадан он төрт шақырым қашықтықтағы, Мекке қаласының сыртындағы жердің аты. Арафа күні Арафатқа келу қажылықтың үш парызының бірі. Сондықтан қажылардың барлығы ол күні Арафатта тұруы керек. Егер Арафатқа келмесе, жасалынып жатқан қажылығы қабыл болмайды.

Арафатта тұрғанда құбылаға бет бұрып, қол жайып, өзі қалаған дұғаларды оқып «Лә иләһә иллалла» кәлимасын көбірек қайталайды. Сол тұрыста күн батқанша тік тұрып, күн батқан соң Аллаға рахмет айтып, Мүздәлифа тауына бет алады. Мүздәлифа тауы Арафаттан бес шақырым қашықтықта.

Автобустармен түнгі үш шамасында Мүздәлифаға жетсек құмырсқаның илеуіндей құжынаған адам. Мұнда Минадағыдай шатырлар жоқ. Мидай даладағы ығы-жығы адамның о басы мен бұ басына көз жетпейді, ұшы-қиыры жоқ. Бәрі шайтанға лақтыратын тас теріп жүр. Тастың саны қырық тоғыз немесе жетпіс болу керек. Тас лақтырар алдында қажыбасы бізге бұл рәсімнің шығу тарихын әңгімелеп, Ибрахим пайғамбардың хикаясын баяндап берді. Минаға қайта барып үлкен шайтанға тас лақтырған соң Меккеге оралдық. Құрбан шалынды. Құрбан шалу рәсімінен соң ортаншы шайтан мен кіші шайтандарға тас атқылау үшін қайта жолға шықтық. «Аллаһу акбарлап» тас атып ол шайтандардың да «көкесін таныттық». Мұның бәрін реті келген соң айтып жатырмыз. Болмаса қажылық парызды өтеу барысындағы атқарылар іс-шаралардың қай-қайсысы да бізге дейін де айтылып та, жазылып та жүр. Біздікі – осы мақала арқылы қаншама қажыларға сапалы да жоғары деңгейде қызмет көрсеткен топ жетекшіміз Исатай Оразов бауырымызға қызметінің қайыры ретінде ризашылығымызды білдіру. Қажылық парыз өз алдына, сонымен қатар қаншама тарихи орындар және ол жерде болған тарихи оқиғалар, егер айтушысы табылса кім-кімнің де таным деңгейін кеңейтіп, иманын кемелдендіре түсері күмәнсіз. Бұл тұрғыда Исатай бауырымыздың жетекшілігіндегі біздің топтың жолы болды. Мені оның әсіресе көк байрағымызды ұдайы көтеріп жүргендігі сүйсіндірді. Көк байрақ – бір жағы көпшілікті өз маңына ұйытатын белгі, екіншіден – мемлекетіміздің бір бөлшегі. Көк ту астында өзіңді соған лайықты ұстауға еліңнің, жеріңнің атына кір жұқтырмауға тырысасың. Бұл да болса Діни басқарма тәлімі.

Қызмет көрсету – бүгінде бизнестің еншісіндегі шаруа. Қа­жылық сапардың сәттілігі өзіңнің ниетіңнен бөлек қасыңдағы жол бастаушыңның да пейіліне тәуелді болатын кездер ұшырасады. Біздің қажылық сапарға ниеті бар ағайынға айтпағымыз: бұл салада жұмыс тәжірибесі мол, білікті діни маман Исатай Оразов жетекшілік ететін «Қыран Саяхат» туристік фирмасы сіздерге сапалы қызмет көрсететініне сенемін. Қажылық сапар барысындағы рәсімдер, шаралар, ғибадаттар, діни ғұрыптар іс-тәжірибемен қоса, зор білімді қажет етеді. Ал оны Исатай бауырымыздың тап-тұйнақтай етіп атқаратындығына шүбә келтірмеймін. Исатай же­текшілігіндегі «Қыранның» тұ­ғырынан таймай, өз биігіне көтерілетіндігіне деген сенімім зор. Соған сіздер де көз жеткізіңіздер, ағайын!

Құдияр БІЛӘЛ,

Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасының алқа мүшесі, жазушы, ҚР мәдениет қайраткері