АЛАШТЫҢ арда емген Ақселеуі

0
1218

(Жыл толды үлкен жүрек тоқтағалы)

Таулар алыстаған сайын биіктей береді. Таудай алып, нардай шоқтығы биік тұлға – ол Ақаң, Ақселеу Сланұлы Сейдімбек еді…

1977 жылдың қараша айы. Сол кездегі астанамыз Алматыдағы Қазақстан Жазушылар одағында еліміздегі жас ақын-жазушылардың республикалық кеңес-семинары өткізілді. Жас ақындардың, прозаиктердің, драматургтердің шығармалары секция-секцияларға бөлініп талқыланды. Біз – Жұмаш Кенебай, Жаркен Бөдеш, Мейірхан Ақдәулетов және мен Ғафу Қайырбеков һәм Сағи Жиенбаевтың секциясында өлең оқыдық. Үзілісте біраз жас өскін құрбы-құрдас, біраз жазуар талапкерлермен таныстық. Солардың арасында Қарағанды облысынана келген жас талап, қазір белгілі ақын Сәбит Бексейітов та бар еді. Ол маған: «Арқадан Ақселеу Сейдімбеков келді, жүр, барып, сәлемдесейік», – деді. Жазушылар Одағының үшінші қабатына көтерілдік. Жұлдыз» журналының редакциясына кіріп келгенімде бізді бойшаң, жіптіктей, ақсары сұлу жүзді, үстінде шымқай қара барқыт костюм (сол кезде ол сән еді) киген жігіт қарсы алды. Көзі өткір, адамға сынай, барлай қарайды екен. Сәлемдескеннен кейін шығармашылық бағыт-бағдарымызды тәптіштеп сұрап, өзінің ақыл-кеңесін бере бастады. Сәбитке:

– Әй, бала-ай, шығармаларыңды жүйеге түсіріп, кәдеге асатындай бір кітапша шығаратындай кезің болды ғой, – деді ағалық қамқорлықпен.

Сонда Ақаң 35-ақ жаста екен. Сол тұста мен одан зерделі жанның, ақыл-ойдың тұнығын көрдім. Шығармаларын іздеп жүріп оқуға ден қойдым. Ақаң сол мезетте «Социалистік Қазақстан» газетінің редакциясына әдебиет және өнер бөлімінің меңгерушілігіне ауысқалы жүр екен. Редакцияға барып араласып-құраласып тұрдық. Газеттің ғылым, өнеркәсіп бөлімдерінен менің энергетика, экономика жөніндегі мақалаларым шығып тұрды да, ал Ақаң инженер-кенші ретінде Жезқазғандық Қуаныш Ахметовтың жырларын, инженер-энергетик санатындағы менің өлеңдерімді арагідік газет бетіне жариялап тұратын.

1982 жылы Ақаңның «Күңгір-күңгір күмбездер» атты танымдық-зерделі кітабы жарық көрді. Мен сол кітапты өзіне апарып, автордың қолтаңбасын алдым. Басылымның құндылығы сондай, Сарыарқадағы, жалпы қазақ жеріндегі қадау-қадау ескерткіш мазарлар, кесенелер, күмбездер тарихи сапар іздері айшықтала суреттеліп бейнеленген. Әйгілі Алаша хан, Жошы хан мазарлары халықтың әфсанасы, тарихи жырларымен бедерлене түсіп, оқырман қауымды тәнті етті.

Келесі 1983 жылдың жаз айында Алматыда Қазақстан Жазушылар одағының Шығармашылық үйі ашылды. Оның басы-қасында айтулы сөз зергері, классик жазушы Ғабит Махмұтұлы Мүсірепов болды. Шығармашылық үйде сондай-ақ халық жазушылары Мұзафар Әлімбаев, Әбу Сәрсенбаев, Шерхан Мұртаза, Сәкен Жүнісов демалып, шығармаларын жазды. Біз – профессор Әбілфайыз Ыдырысов, балалар ақыны Ермек Өтетілеуов жұбымызды жазбай бірге жүретінбіз. Бізді сондағылар «үш ноян» деп атап кетті. Сол тұста Ақаң да жолдастарымен бірге келіп, үйдің төменгі қабатында орналасқан бильярд үстелінде Тахауимен, Сәкен серімен сайысқа түсетін. Ақаң бірсапарға жақсы ойнады. Қимылы шалт, нысананы дәл көздейді.

Сол жылдың аяқ шенінде айтулы оқиға болды. Қашанда қырағы, партияның қолшоқпары атанған комсомолдың Орталық Комитеті «Білім және еңбек» журналының бір нөмірінен «өрескел» қате тауыпты. Сөйтсек, журнал байшыл-ұлтшыл, алашордашыл ақын Мағжан Жұмабаевтың мақала ішіне бір өлеңін басып жіберіпті. Айғай-шу, аттан! Сөйтіп, 3-4 жыл өнімді еңбек етіп жүрген, өзі жазушы, ізгілікті жан Бейбіт Қойшыбаевты орнынан жұлып тастады. Редакция мүшелері қиянатқа қарсы бас көтеріп, енді партияның Орталық Комитетіне шағымданып, сол кездегі идеолог-хатшы Кәкімжан Қазыбаевтың қабылханасынан бір-ақ шығады. Кәкең сарабдал, салмақты парасатымен журналистерге мән-жайды өзінше түсіндіріп, болған іс болды, ары қарай жұмыс істей беріңдер дегендей ақыл-кеңес береді.

Осы арада комсомол жетекшілері асқан білімді, танымал журналист-жазушы Ақселеу Сейдімбековты «Білім және еңбектің» бас редакторлығына көндіреді. Ақаң келе журнал құлпырып шыға келді. Пішімі де, мазмұны да өзгеріп, көзі қарақты оқырман қауымның көзайым басылымына айналды. Мұнда тарих та, этнография да, этнология да, философия ғылымы да қайта жаңғырып, көшіп келгендей болды. Әлбетте, дәл ғылым мен техника да қалыс қалған жоқ, бірақ кейін Ақаңды техниканы аз бердің деп сынады. Журналда қандай тақырып қозғалмады десеңізші!

Ақаң бұл журналға табаны күректей төрт жылын арнады. Мен үзбей осы басылыммен араласып, мақала мен өлеңдерімді жариялап жүрдім. Сонда деймін-ау, не деген шыдамдылық, көнтерілік, аядай кабинет-бөлмеде шыжыған ыстықта тапжылмай қолжазбаларды үтір-нүктесіне дейін оқып отыратын. Менің де үлкен альбомға тоғытып жарияланған дүниелерімді бастан-аяқ оқып шығып, жөн сілтеген еді-ау! Мені өзі редакцияға алатын болды. Сол мезетте Желтоқсан көтерілісі бұрқ ете түсті. Барлық жерде айғай-сүрен, жазықсыздан жазықсыз оқудан шығару, қызметтен босату. Қызыл көздердің ұзын құрығы қойсын ба, үнемі ұлттық, ұлтқа жанашырлық дүниелерді үзбей жариялап келе жатқан «Білім және еңбек» журналының бас редакторын да іліп түсті… Сөйтіп Ақаң жұмыссыз қалды. Бірақ, мойымады. Жазуын жаза берді, шығармаларын өндіртіп туындатып жатты. Бір жылдай бас редактордың міндетін атқарушы болып бұрын осындағы жауапты хатшы, «СҚ»-дан келген ақберен журналист Жұмабек Кенжалин отырды. Мен сол 1988 жылдың көктемінде конкурстан өтіп, журналдың ғылым және техника бөлімінің меңгерушісі болып келдім. Кейін редакция алқасының мүшесі ретінде бекітілдім. Редакцияа сайдың тасындай озық ойлы журналистер Марат Тоқашбаев, Әшірбек Амангелдиев, Қайырғали Медетов, Бейбіт Сапаралин, фотожурналистиканың ардагері Жүнісбек Пайызов, хатшы келіншек Күлән істеді. Ал мұның алдында өзі суретші, өзі журналист, ал қазір қабырғалы қаламгер Әлібек Асқаров істеп кетіпті. Ұжым ұйысқан тату, әрі бір мақсатқа жұмылдырылған еді. Және де редакцияда Ақаңның ізі, таңбасы сайрап жатқандай болатын. Дайындайтын материалға әрбір тақырып, әрбір айдар қойыларда Ақаң үңіліп, байыптап тұрғандай, жігіттер сол кісімен кеңескендей күйде жүретін. Бір сөзбен айтқанда, басылымда Ақселеу Сейдімбековтың мектебі қалыптасқаны айдан анық болды.

Қандай кісілік десеңізші, жазғытұрым Ақаңның өзі редакцияға келіп, мені жаңа орныммен құттықтап, былай деген еді:

– Ай, Бақытжан-ай, көп уақытым біреулер­дің қолжазбаларын оқып, редакциялауға ке­тіпті, ал ғылымнан кенжелеп кейін қалып қо­йып­пын, енді қуып жетіп, еңсеруіме тура келеді.

Сөйтсек, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтына 80-ақ сом айлыққа лаборант болып орналасыпты! Неткен жанқиярлық, неткен ғылымға деген адалдық!

Айтқандай, 3-4 жылда кандидаттық диссертациясын қорғады, ал сол екі ортада еліміз тәуелсіздікке ие болды, туған тіліміз қайта жаңғырып, Наурыз мерекеміз оралып, ұлттық салт-дәстүріміз, әдет-ғұрпымыз қайта түлегендей болды. Алайда, КСРО ыдырағаннан кейін өндіріс орындары тоқтап қалып, елді жұмыссыздық жайлап, экономикамыз құлдырап кетті. Сонда да Қазақ елі дес бермей, қиыншылыққа, ауыртпашылыққа қарамастан «Мәдени мұра» бағдарламасын қабылдады. Ақселеу аға осы бағдарламаның басы-қасында болды десек артық етпес. Және де қара өлең табиғатын, күй шежіресін зерттей жүріп, монографиялардың бірінен соң бір тоғытып, докторлық диссертациясын қорғап, профессор атанды.

Ақаңның ғылым-білімдегі ұстанған қағида­ларының бірі – евроцентризмге қарсылық еді. Шындығында, евроцентризм теориясы бойынша барлық өркениет атаулы Еуропадан басталған, жердің кіндігі – Еуропа, ал шығыс халқы – номадтар, жабайы деп түсіндіріліп уағыздалады. Мұндай тұрпайы социологиялық трактовкаға профессор А.Сейдімбек үзілді-кесілді қарсы болып, керісінше көшепелілердің Еуразия кеңістігіне өркениет дәнін сепкенін, отырықшы да болғанын, кезінде гүлзар бақтары жайнаған шаһарлары бой көтергенін, ғылым мен білімнің шарықтай дамығанын соқталы уәждермен дәлелдейді.

Ақаң өз еңбектерінде отаршылықтың, жаппай орыстандырудың қазақ халқына нәубет пен зобалаң әкелгенін ашына жазды. Ол қазіргі таңда да Ресейдің империялық саясатын еліміздегі халықтың санасын жаулап бара жатқанын күйінішпен қағазға түсірді. «БАҚ-тағы «31-арнаның» 20% акциясын СМС сатып алуы мұң екен, бұл канал ресейлік болып шыға келді. Бүгінде Қазақстанда,ы теледидар жүйесі өз көрермендерімен «Секайел», «Универсальный», «Алма ТВ», «Стандарт» деген секілді кабельдік ТВ компанияларының арқасында табысып отыр. Олардың әрқайсысы 50-60 астам телеарналарды трансляциялайды, солардың ішінде қазақстандық көрерменге жат ареалдар да кездеседі», – деді А.Сейдімбек.

Қазақ әдебиетін, оның ішінде фольклорды індете зерттеген Ақаң ауыз әдебиетінің ақтаңдақ тұстарын тереңінен байыптап, шежірелік үлгілерге ден қойды. Сөйтіп ол бір өзі қазақтың генеологиялық шежіресін бәйтерек түрінде үлгілеп, оны басып шығарды. Әрі әр шаңыраққа жететіндей оның молынан таралымына септігін тигізді. Сонымен бірге даланың ауызша тарихнамасы (ДАТ) атты термин енгізіп, оның шығу төркініне ғылыми талдау жасап берді.

Өткен ғасырдағы 90-шы жылдардың аяқ шенінде ойлы да парасатты оқымысты, қаламгер Ақаңа Үкімет тарапынан жаңадан құрылған Білім академиясының Президенті лауазымы ұсынылады. Бастықтық лауазымды суқаны сүймесе де Ақаң сыйлы адамдар қолқалағаннан соң осы қызметке барды және педагогика ғылымын бір жүйеге келтіруге барын салды. Салалық оқулықтардың сапасын жақсартуға жан аямай күш-жігерін жұмсады. Алайда… Өзі сол кезде зерделеп жүрген шежіренің тарам-тарамдары кабинетінде жатпай ма. Ал ілік, пәле іздеген кейбір қызметтес әпербақандар соларды тауып алып, газет бетіне жариялап: «міне, көрдіңдер ме, трайбализм қайда жатыр», – деп жар сала байбаламға басады. Ақкөңіл де аңқау Ақаң бұл пәлеқұмарлардан қатты түніліп, пәледен машайық дегендей, қызметінен босанып жүре береді…

Алтын кездік қап түбінде қалмас. Қайсар да жайсаң ғалым-ұстаз астанамыз Ақмолаға көшірілгеннен кейін 1999 жылы Л.Н.Гумилев атындағы Евразия ұлттық университетінің журналистика факультетіне кафедра меңгерушілігіне шақырылады.

2002 жылы Астанаға арнайы ат басын тіреп, Сәкен Сейфуллиннің мұражайына бас сұқтым. Бөлменің төрінде Ақаң, абзал да ардақты қаламгер, кейін марқұм боп кеткен Жомарт Әбдіхалықов және Серік Тұрғынбеков аға отыр. Амандасып, кеу-кеулесе шүйіркелесіп қалдық. Аңқылдаған ақын Секең:

– Бақытжан Жетісуда туып-өскенімен, ата мекені – Қарқаралы, әйгілі Жанақ ақынның ұрпағы ғой, білесіздер ме, – деді.

Сол мезетте Ақаң:

– Ал, Жанақтың зираты қайда екенін білесіңдер ме, ол мына Осакаровкада (Аса қарлы), – деп Жанақ пен Түбек ақынның исі алашқа белгілі айтысынан үзінділерді жатқа айтып келтірді. Не деген зеректік!

Ақаңның дәулескер күйшілігі, бірсыпыра сазгерлігі, бесаспап ұсталығы, ісмерлігі, – жалпы жігіттің сұлтанына тән сегіз қырлылығы – жеке бір зерттеу тілейтін дүние. Ал енді арда азаматтың адамгершілігі – тұтас әлем. Оның дос-жарандарына, інілеріне деген қамқорлығын, қолынан келсе жақсылығын аямайтындығын ауызбен, сөзбен айтып тауыса алмайсыз.

Демократияны Ақаң өзі қызмет істеген орындарда орната білді. Демократияның лебі еспей тұрғанның өзінде, «Білім және еңбек» журналының редакциясында ол, мәселен, бас редакторға тиесілі автокөлікті («Волга») тек ұжымның шаруасына – кітапханаға, ғылыми мекемелерге бару, кәсіподақ жұмысына жұмсаған. Осы үрдіспен біз де жүрдік. «Білім және еңбек» (кейін «Зерде») және «Балдырған» журналының біріккен кәсіподағының төрағасы ретінде менің ұжым шаруасымен жүріп-тұруыма тура келді. Соңында «Халық кеңесі» газетінің кәсіподағын басқарып, редакция қызметкері, талантты ақын-сатирик Басқар Битанов (марқұм) науқастанып, ауруханасына баруға автокөлікті пайдаланғанымызда басшымыздан сөгіс естігенде жағамды ұстадым.

Евразия университетіне Ақселеу аға өмірінің соңғы он жылын арнапты. Ұстаз-ғалымның осында дәріс беріп жүргендегі жазған сүбелі кітаптарының бірі – «Елтұтқа». Екі автормен бірге жазылған. Кітаптардағы тараулардан Ақаңның стилін айқын аңғарамыз. Ол – стилист еді. Шығармаларын бір демде жазатын. Осынау еңбектен де соны танимыз. Бір әттеген-айы, Ақтамберді жыраудың түп-төркіні – тегінен жансақтық кеткен, бірақ атақты ақын әрі батырға арналған тарауды Ақселеу аға жазбапты.

Ақаңның ең соңғы соқталы да шоқтығы биік еңбектері – «Күй шежіресі» және «Қазақтың ауызша тарихы». Бұл шығармаларға автор он жылдан артық ғұмырын сарп етті, алдыңғысы үшін мәртебелі мемлекеттік сыйлыққа ие болды. Осы кітаптың тұла бойы тұнған шежіре ғой, қазақтың даналық әліппесі деуге болады. Бұл шығармаға халық арасында кең тараған «Қарашорда Сенкібай, Әлтекеде Жидебай, Тобықтыда Құнанбай» сөзі кірген екен. Ал мұндағы Сеңкекең Оразұлы (Биата) – Абылай ханның барлаушысы, мыңбасы болған, Бұланты, Шұбартеңіз шайқастарында ересен ерлік көрсеткен батыр, кейін би болған, Бұхар жыраудың атақты толғауына кірген менің нағашы бабам.

2006 жылы Ақаң өзі бас-көз болып туған жері Жаңаарқада Байғозы бабасының 300 жылдығына орай ұлан-асыр ас берді. Бұған қатысқан біз тойдың тәлімдік, тәрбиелік мәніне тәнті болдық. Ақаң артында қалдырған азбайтын, тозбайтын еңбектерімен, қайталанбас үнімен, кескін-келбетімен алаштың аспан көгінде алдаспандай жарқылдай бермек!

Бақытжан ТОБАЯҚОВ,

ҚР Ұлттық Инженерлік академиясының мүше-корреспонденті,Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, Мәдениет қайраткері, Ә.Бөкейханов атындағы сыйлықтың лауреаты

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз