ҚЫТАЙДАҒЫ БАУЫРЛАРДЫҢ РУХАНИЯТЫ

(Қытай сапарынан естелік)

Тұрсынбек Кәкішев,

Жәди Шәкенұлы

(Жалғасы. Басы өткен санда)

Зуқа батырға дұға оқып аттанғаннан кейін Ертісті бойлай, Бейтұн аталатын қытай қалашығына қарай жөнеп бердік. Алтай қаласының Шірікши ауылы осы қалашықпен қанаттасып жатады екен. Бұл – экспедеция құрамындағы Жәди Шәкенұлының туған ауылы болғандықтан ауылдастары мен аға-бауырлары жол бойы дастархан жайып, күтіп алды. Қарсы алғандардың ішінде Шірікшіи мектебінде мұғалімдік қызмет атқарып, зейнетке шыққан, жазушы Болтай Бидахметұлы, Күзеуши аталатын мектептің директоры Таугүл Шәкенқызы және Асқар Солтанұлы, Қуатбек Қызырұлы секілді азаматтармен бірге Сайраш Еркінқызы, Білімбек Бақытбекұлы, Серік Ғалымжанұлы сияқты әнші-күйші ауыл өнерпаздары да бар екен. Алдыға келген ас желіне бере-ақ әсем ән мен тәтті күйге де кезек берілді. Әңгіме арасында Болтай Бидахметұлы Сәбит Мұқановтың Қытайға келгені туралы мынадай бір деректі әңгіме айтты:

- Әкем Бидахмет Мұқайұлы биыл 91 жаста. Сол кісі 1956 жылы Сәбит Мұқанов Үрімжі қаласына келгенде алдынан шыққан көп оқушылардың қатарында болған екен. Сәбеңе залдағылар әр түрлі сұрақтар қойса керек. Біреу: «Сіздің «Ботакөз» романыңыздағы Асқар мен Ботакөз өмірде болған адам ба?»-деп сұрапты. Сонда Сәбең алақанын жайып: «былай қарасаң бар» деп, сосын алақынын төмен төңкеріп: «былай қарасаң жоқ» -деп жауап беріпті. Тағы біреу: «Роман, повесть, әңгіменің бір-бірінен айырмашылығы не?» деп сұраған көрінеді. Сонда Сәбең оған да қысқа да нұсқа жауап қайырып: «Өгіз, тайынша, бұзау деген сияқты ғой» деген екен. Сол Сәбиттен кейін қарапайым халықпен кездесіп, әдебиет жайында сыр шертісіп отырған сіздерсіздер.

Болтай өзінің аз әңгімесі арқылы тарихтың тағы бір қойнауын ақтарып тастағандай Сәбең сынды алыптың ескі іздерін есімізге салды.

Ауылдың ыстық ықыласы жанымызды бір желпіп, орнымыздан көңілдене тұрдық. Суретке түсіп естелік қалдырып, Алтай қаласына қарай беталдық.

Көне әңгімелерде көп айтылатын Сарсүмбе атауы – моңғолдың «сары будхана» дегенінен келіп шығыпты. Кейіннен жердің негізгі атауына сай Алтай аталып, қазір әрі қаланың әрі аймақ аталатын ауданнан үлкен, облыстан кіші әкімшіліктің орталығы екен. Алтай аймағына алты аудан, бір қала қарайтын болыпты. Олар: Алтай қаласы, Шіңгіл, Көктоғай, Буыршын, Қаба, Жеменей, Бурылтоғай аудандары екен.

Алтай қаласын қытайлар «Алтын тау» немесе «Тау қаласы» деп те атайды. Айтса айтқандай, айналасын тау қоршаған қаланы Қыран аталатын асау өзен бөліп ағып жатыр. Біз қалаға кешірек кіріп, жол бастаушыларымыздың бірі Бақыт Қарияұлы деген дәрігер азаматтың жолдас-жораларының жайған дастаханында болып, қонақ үйге жайғастық.

Шынжаң қазақ әдебиетіндегі көрнекті тұлғаның бірі – тарихшы, жазушы Асқар Татанайұлы. Біздің сәлем беріп, дұға оқитын шаңырағымыздың бірі де сол Асекеңнің баласы Көбен Асқарұлының үйі болатын. 26 шілде күні таңертең ерте бізге амандаса келген «Алтай аясы» аталатын журналдың бас редакторы, ақын Болат Ғазезұлы үй иелерінің асыға күтіп отырғанын жеткізіп, бізді солай бастады.

Асқар атамыздың шаңырағына іліне бере алдымыздан шаққан Көбен Асқарұлы бастаған бір топ жапырыла амандасып, есік ашып үйге кіргізді. Асакеңе бағыштап құран сүрелерін оқып, дұғамен бет сипадық. Үй иелері қазақ салты бойынша көк қасқа қой әкеліп бата жасатқызды.

Әдебиеттің Алтай өңіріндегі қара шаңырағының біріне айнала бастаған бұл үйдегі әңгімелер әрине әдебиет және Асқар төңірегінде өрбіді. Көбеннің өзі де ақындығынан қалса тарихшы, жазушы екен, әңгіменің де майын тамызып айтады.

Қытай қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі Асқар Татанайұлы 1906 жылы Қыран өзенінің Ертіске құяр сағасындағы Нәдіреке аралында дүниеге келген екен. Ауыл молдасынан оқып, сауатын ашқан Асқар 1930 жылдан бастап өлең жаза бастапты. 1934 жылы Сарсүмбеден қысқа мерзімді мұғалімдер курсын оқып, 1934 жылдары «Алтай» және «Шынжаң» газеттерінің алғашқы сандарында өлеңдері жарық көре бастапты.

1934 жылы Шәріпхан Көгедаев Зайсаннан баспа машинасын алдырып, Алтайда тұңғыш рет баспахана құрғанда Асқар алғашқылардың бірі болып әдеби жұмыстарға да араласып, «Талап», «Қалың мал», «Құлдықтан құтылғандар» секілді пьессалар, «Малбикенің өмірі», «Беген шабылған Қарасеңгір», «Батырлар жыры», «Екі палуан», «Адасқан аю», «Өтірікші шал» сияқты дастандар жазған екен.

Осыдан кейін оқытушы, мектеп директоры, ойын-сауық үйірмесіне жетекші, мәдениет мекемесінің бастығы сияқты әртүрлі жұмыстар атқарыпты. Қытай қоғамындағы саяси қозғалыстардың жүруімен басына бұлт айналып, 1958 жылы «ұлтшыл, оңшыл», 1966 жылы «кері төңкерісші», «ұлтшыл» деген атпен қуғынға ұшырапты. 1977 жылы жаладан құтылып, 1979 жылы зейнетке шығып, 1994 жылы 19 сәуірде бұл дүниеден аттаныпты.

Асқар Татанайұлы ілгері-кейінді болып он неше дастан, жиырмаға тарта пьесса, мыңнан астам өлең, көптеген тарихи әңгімелер жазып қалдырған. «Арқалық батыр» атты тарихи дастаны, «Үш кезең», «Азамат үні» атты өлеңдер жинағы, «Тарихи дерек, келелі кеңес»(екі кітап) атты тарихи әңгімелер жинағы, «Бір ғасыр» өлең романы, «Ел қорғаны – Абылай» дастаны, «Өмір-майдан» жинағы, «Шәріпхан» романы жеке-жеке кітап болып жарық көріпті. Біраз еңбектері қытай тіліне де аударылыпты.

А. Татанайұлының есімі Қытайда жарық көрген энциклопедиялық томдарға, сөздіктерге, оқулықтарға енген. Ол Қытай мемлекеттік жазушылар қоғамының, Қытай аз ұлт жазушылар қоғамының, Қытай ұлттар әдебиетін зерттеу қоғамының, Шынжаң жазушылар қоғамының мүшесі болған.

2008 жылы Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының «Атажұрт» баспа орталығынан «Ел қорғаны -Абылай» (дастан, өлеңдер) деген атпен жарық көріп, Алматы қаласында 100 жылдығы арнайы атап өтілген-ді.

Асқар Татанайұлының өмір жолы мен шығармашылығына кеңінен тоқталған Көбен сөзінің соңында:

- Үлкен кісінің (әкесін солай атайды екен) жинаған әдеби дүниелері өте көп еді. «Мәдениет төңкерісі» аталатын зобалаң тұсында бір бөлімін елге көз қылып өртеп жіберіп, аса керектілерін шешеміздің қабіріне сақтап аман алып қалған болатын. Деседе он жылға жуық жер астында жатқан қағаздың көбі шіріп кетіп, бір бөлім жазбалары ғана аман қалыпты. Кейін соларды құрастырып, «Тарихи дерек, келелі кеңес» секілді кітаптарына пайдаланды. Сол ескі қолжазбалар мен кейінгі жылдары өз қолымен жазған дүниелерінің бәрі де менің қолымда тұр. Жақында жергілікті әкімдіктерге айтып, арнайы қорғап, сақтау жөнінде өтініш білдіргенмін. Қазірге жауап жоқ, - дегенді айтты.

Біз «Қазақстан тарапына жеткізіп, сондағы мұрағат қорларына өткізбейсіз бе» деген өтініш айтып едік, оған қосылмайтын ыңғай танытты. Деседе ел қолындағы ескі мұралардың қазақ тілді оқушысы күн сайын азайып бара жатқаны көңілімізге де түрліше күдік ұялатпай қоймады.

Біз әңгіме қызығымен отырғанда есіктен ат жақты, сұңғақ бойлы бір азамат сәлем бере кірді. Көбен:

- Ержан Кәзімұлы, Алтай аймақтық уәли мекемесі бас хатшысының орынбасары. Алтай күнбетінде өткен әйгілі Мәми бейсі Жұртбайұлының шөбересі, - деп таныстырды.

Біздің ылғи да ұлы адам­дарға тағзым жасап, үлкен шаңырақтарға сәлем беріп келе жатқанымызды естіп, үй иелері сәлемнің сәтін арнайы орайластырса керек. Амандық сұралып, таныстық аяқтағаннан кейін Көбен Ержанды тағы бір мәрте толығынан таныстырып өтті.

- Ер Жәнібек бабамыз өмірден озар шағы таяғанда керейдің игі жақсыларын жинап алып: «жердің шетіне, жаудың өтіне, орыс пен қытайдың ортасына келдік. Бірақ ханымыз бір, бәрі бір біз қазақ хандығының еліміз. Сол үшін де жырақ кетсек те бүтіндігімізді бұзбау үшін қазақ хандарының ұрпағынан ел басқаратын төре әкелейік» десіп Әбілпейіз ханның Көгедай, Сәмен, Жабағы есімді үш ұлын алдырған екен.

(Жалғасы бар)