Өнегелі өмір

Адамзат баласының бойындағы адамгершілік, ізгілік, кішіпейілділік және қарапайымдылық мінездер мен қасиеттер жайында Қасиетті Құран Кәрімде жиі баяндалады. Ал көне қытай философы Конфуций өз еңбектерінде осы аталған мінез-құлықтарды тектіліктің, парасаттылықтың жарқын көрінісі деп санайды.

Өткен ғасырдың 1978-79 жылдарынан бастап әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне (ол кезде С.М.Киров атындағы мемлекеттік университет) Куба Республикасы, Монғол Халық Республикасы, Вьетнам, Лаос, Ауғаныстан елдерінен бір топ жастар келіп, философия-экономика, химия, филология факультеттерінде білім ала бастады. Алғашында оларға арналған жалғыз орыс тілі кафедрасы және бір ғана декан болды. Ара-тұра университетте шетел азаматтарына арналған дайындық факультетінің қажеттілігі мәселесі ішінара болса да айтылып жүрді. 1985 жылы тамыз айының соңғы күндерінің бірінде маған сол кездегі университет ректоры, академик Ө.А. Жолдасбековтың хатшысы хабарласып, ертеңгі сағат 9.00-де университет басшысының қабылдауына келуімді өтінді.

Алатаудың қақ баурайынан жүзге жуық гектар жерді алып жатқан университет қалашығының алғашқы бөлігінің құрылысы аяқталған кез болатын. Экономика, заң, филология, тарих, журналистика, биология, география факультеттерінің оқу ғимараттары бой көтеріп, кітапхана, тамақтану комбинаты, жатақханалар, оқытушылар мен университет қызметкерлеріне арналған баспана үйлер салына бастады. Бұған қоса 16 қабатты ректораттың бас ғимараты университеттің айбынын асқақтата түскен. Міне осындай игі істердің жүзеге асуына, ұлт мүддесі жолындағы арман-мақсаттардың орындалуы үшін аянбай тер төккен айбынды азамат, қоғам қайраткері, академик Ө.А.Жолдасбековтің еңбегі өлшеусіз екендігін мен ғана емес, барша көпшілік жақсы біледі. Әрі оны ешқашан ұмытпақ емес.

Тоғызыншы қабаттағы ректордың қабылдау бөлмесіне жеңіл лифт жылдам көтерілді. Хатшыға аты-жөнімді айтып, ректордың шақыруы бойынша келгенімді ескерттім. Көп күттірмей ол «кіріңіз» деген ишарат білдірді. Ректор амандық-саулықтан соң, бірден мені шақыртқан себебіне көшті. Одақтың Білім министрлігі ұйғарымымен 1қыркүйектен бастап біздің университетте шетел азаматтарына арналған дайындық факультеті ашылатындығын айтып өтті..Мақсат- Орталық, Оңтүстік Шығыс Азия, Таяу Шығыс, Африка, Латын Америкасы елдері үшін білікті мамандар даярлап шығару.Ол маған «өзіңізді көптен танимын, Москвада бір жыл француз тілін оқып, Ауғаныстанда екі жыл бойы математика факультетінде дәріс оқығаныңыз белгілі. Сіз сияқты тәжірибелі оқытушылардың мүмкіндіктерін пайдалануымыз керек»- деді. Университет басшысының мақтауына марқайып қалған мен, таяуда зейнеткерлік жасқа келетінімді айтып ем, оны ойлауға әлі ерте деді. Ректормен әдемі әңгіме барысында кафедра меңгерушісі кім болатынын сұрап үлгердім. Сіз оны танисыз, өте талантты, қолынан іс келетін, физика факультеті деканының орынбасары Құралай Ахметқызы Аққошқарова деді. Осыдан кейін ол маған сәттілік тілеп, алдағы уақытта жаңа факультет ұжымымен кездесетіндігін айтып, кабинетінен жылы шыраймен шығарып салды. Ректордың кабинетінен шығып бара жатып, өз-өзіме «дипломат» деп іштей күбірлеп қалдым. Бұл ректордың менімен ақылдаспай-ақ, жаңа факультетке ауыстыру жөнінде бұйрық шығарса да өз еркінде ғой деген пендешілік таңданысым еді.

Сонымен не керек, жаңа факультетте қызықты да қиын кезең басталып кетті. Сол тұста біздер физиктермен аралас-құралас болдық. Нақтырақ айтсам, университет өмірінің қазанында қатар қайнадық десе болады. Сондықтан Құралай Ахметқызының жалпы білім беру кафедрасының меңгерушісі болып тағайындалуына өз басым бек қуанышты болдым.

Университет кұрылғаннан бастап 1958 жылдың соңына дейін «физика-математика факультеті» деп қосарланып аталынған білім ошағында 75 адам физикадан, 75 адам математика бойынша білім алатын. Бес жыл бойы екі мамандықтың студенттері бір-бірімізбен жақсы араласып тұрдық. Айта кететін бір жәйт, Құралай Ахметқызы ауылдан келген қыз-жігіттердің сол кезде заман зәруіне айналған орыс тілін тез арада меңгеріп кетуіне көмегін аямады.

Жетпісінші-сексенінші жылдары университет пен деканат тарапынан үздік оқитын студенттерге К.Маркс, В.И.Ленин, С.Н. Киров, әл-Фараби, Ш.Уәлиханов, А.Құнанбаев, М.О.Әуезов атындағы стипендиялар тағайындалатын. Құралай Ахметқызы осылардың ішінде В.И.Ленин атындағы стипендияның иегері болды. Әлі есімде, мен физика факультетінде сызба геометрия пәнінен қазақ және орыс тілінде сабақ беріп жүргенімде, ол кісінің фотосуреті құрмет тақтасынан түспейтін. Бұған қоса ол республика көлемінде өтетін талай мәжілістерге делегат ретінде қатысып отырды. Ғылым, білім жолындағы қазақ жастарының атын бүкіл әлемге паш еткен Құралайдың жұлдызды сағаты сол кезде Бүкілодақтың астанасы Мәскеу қаласында басталды десе болады. Бүкілодақтың студенттері бас қосқан слёт 1971 жылы қазан айының 19-20 күндері Үлкен Кремль сарайында өткен болатын. Міне сол слёттің төрайымы болып КазГУ-дің студенті, қазақ қызы Аққошқарова Құралай сайланып, КОКП Орталық Комитетінің Бірінші хатшысы Л.И.Брежневтің жанында отырып, слеттің жұмысын өзі басқарды. Құралайдың сонда сөйлеген сөзін жер-жерден келген делегаттар, алқалы жиынға қатынасқан көпшілік қауым зор ықыласпен тыңдап, қолдайтындықтарын қызу қол шапалақ соғуымен білдірді. Президиум төрінде Л.И.Брежневпен қатар отыруы былай тұрсын, КСРО басшысының алдында өзін еркін сезініп, онымен салмақты әңгіме құрудың өзі аққұба өңді, жанары оттай жанған, қайсар қыз Құралайдың батылдығы емей немене?! Сол бір әсерге толы тарихи сәттің Одақтық газеттерде басылғандығы да әлі есімде. Жиын материалдары кейін кітап болып басылып шықты. Сондағы Құралайдың слётте сөйлеген сөздерінен байқағаным, Одақ басшыларының есімдерін өзгелер сияқты жеке-дара атап, мадақтап жатпайды. Жасаған баяндамасы нақты мәселелерді көтеріп, оған тиянақты талдау жасауымен, мазмұндылығымен ерекшеленіп тұрды.

Айта кету керек, МГУ-дің түлектері В.А.Леонов пен В.А. Герман сол кездегі ректордың шақыруы бойынша келіп, жаңа факультеттің декандық және кафедра меңгерушісі қызметіне тағайындалған еді. Бұдан басқа факультетке 31 тәжірибелі оқытушылар жұмысқа алынды. Солардың ішінде Қ.А. Аққошқарова, Ж.С.Садықов, Л.С.Торохтий , Р.М.Есбулатова, Т.А.Шуховцова, Е.А. Катековтер күні бүгінге дейін факультетте еңбек етуде.

Өкінішке орай елімізде тәуелсіздікке қол жеткізген тоқсаныншы жылдарға дейін шетел азаматтарына арналған сабақ беру әдістемесі, оқу құралдары мен оқулықтар жоқтың қасы болатын. Факультет деканы ретінде Құралай Ахметқызы сол кезде ең алдымен осы күрделі мәселенің түйінін шешуді қолға алды.Сөйтіп екі-үш жылдың ішінде математика, физика, Қазақстан тарихы тағы басқа негізгі пәндер бойынша материалдар Білім министрлігінің жоспарына сәйкес жарық көрді.Осы арада тағы бір маңызды нәрсені айта кеткен жөн.Университетіміздің дайындық факультетін бітірген түлектеріне Мәскеу арқылы сұраныс өте жоғары деңгейде болды.Бұған дәлел-факультетке қабылдануға тиіс 100 оқушының саны 187-ге дейін жететін.

Соңғы жиырма бес жылдың ішінде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің шетел азаматтарына арналған дайындық факультетінде әлемнің 83 елінен келген үш мыңнан астам жастар білім алды. Бүгінгі таңда факультетімізде әр елден келген 300-350, оның ішінде 150 қазақ диаспорасының өкілдері оқиды.Білім алушыларға қазақ, орыс тілдері, математика, Қазақстан тарихы бойынша 72 оқытушы дәріс береді. Ұстаздарымыздың көпшілігі бірнеше оқу құралдары, ғылыми еңбектері бар білікті де, жоғары білімді мамандар.Соның ішінде Құралай Ахметқызының физика пәні бойынша қазақ, орыс тілдеріндегі оқулықтары мен оқу-әдістемелік құралдары ғылыми ортада ғана емес, оқытушылар мен студенттер арасында да жоғары бағаға және үлкен сұранысқа ие. Міне, шетел азаматтарына арналған дайындық факультетінің бүгінгі күндегі жеткен биігі осылай зор мақтанышпен айтатындай дәрежеде десек артық емес. Әрине келешекте университетіміздің беделін тек республика көлемінде ғана емес, бүкіл шартарапқа одан әрі арттыра түсуге ықпал ететін, үлкен үміт күттіретін факультеттің алар асуы әлі алда екендігі белгілі.

«Жалғыз ағаш орман емес» дейді дана халқымыз. Дегенмен шетел азаматтарына арналған факультеттің осыншама нәтижелер мен жетістіктерге қол жеткізуіне көптен-көп үлес қосқан, айрықша еңбек сіңіргендердің бірі осы бүгінгі мақаламыздың басты кейіпкері, профессор Қ.А.Аққошқарова екендігін баса айтуымыз керек. Әрине Құралай Ахметқызының Отандық ғылымның дамуына және білімді де білікті мамандар даярлап шығарудағы еткен еңбегі ұшан-теңіз. Әрі ол елеусіз, ескерусіз қалған жоқ. Құралай Ахметқызы Аққошқарова- ҚР Инженерлік Академиясының корреспондент мүшесі, «Ерен еңбегі үшін», «Еңбектегі ерлігі үшін» медальдары, Қазақстан Комсомолы Орталық Комитетінің, ҚР Білім және Ғылым министрлігінің және Алматы қаласы әкімінің Құрмет грамоталарының иегері.

Ұлттық университетімізге Елбасының жарлығымен осы қара шаңырақтың түлегі, Ұлттық Академияның академигі, техника ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Бақытжан Тұрсынұлы Жұмағұловтың ректор болып келгеніне көп уақыт бола қойған жоқ. Алайда осы аз ғана мерзім ішінде жаңа басшы көптеген маңызды істердің шешімін тауып, жүзеге асыруда. Мәселен ондаған жылдар бойы қордаланып қалған проблемалардың біріне айналған математика, химия, география, физика факультеттерінің оқу корпустарының құрылысын қара шаңырақтың 75 жылдық мерейтойына дейін тез арада салынып бітуіне барынша күш салды. Жаңа ғимараттардың ашылу салтанатына Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың өзі арнайы келіп қатынасты.

Университеттің айтулы мерейтойына орай ректор Б.Т. Жұмағұлов ұзақ жылдар бойы осы оқу ордасында аянбай жемісті еңбек етіп жүрген бірқатар ұстаздар қауымы мен университет қызметкерлерін орден, медальдармен, құрметті атақтармен марапаттады. Солардың ішінде Қ.А.Аққошқарова да үлкен Алтын медальға ие болды. Салтанатты марапаттау кезінде ректорымыз «Бұл медальды алу-ҚазҰУ-дың Батыры атағын алумен бірдей» деген сөзіне сонда отырған көпшілік ду қол шапалақтап, ризашылықтарын білдірді.

Бүгінгі таңда қоғамымыздағы ең өткір проблемалардың бірі- ұлттық тіл мәселесі. Мемлекеттік тіл мәртебесі жөнінде көптеген іс-шаралар атқарылынып жатқанымен, тоқмейілісуге әлі ерте деп ойлаймын. Мақаламыздың кейіпкері Құралай Ахметқызының ана тіліміздің болашағына ұлт жанашыры ретінде алаңдайтындығы ақиқат.Ол оқытылатын пәндер ғана емес, кафедра мәжілістері мен түрлі деңгейдегі конференциялардың қазақ тілінде жүргізілуіне баса мән береді. Бұған қоса Құралай Ахметқызы - құдай қосқан қосағы, белгілі жазушы С.Досанов шығармаларының алғашқы оқырманы екендігін айта кеткен жөн.

Шетелден келген қандас бауырларымызға туған халқының тарихын, әдебиетін, өнерін тереңірек таныстыра түсу мақсатында факультетіміз бен ЖОО-ға дейінгі дайындық кафедрасының ұйымдастырумен өткізілетін белгілі ақын-жазушыларымыз, басқа да өнер, қоғам қайраткерлерімен кездесу кештерінің басы-қасында, реті келсе алдыңғы сапында жүруі Құралай Ахметқызының кісі сүйсінерлік жақсы қасиеттерінің бірі. Белгілі ғалым, тәжірибелі ұстаз Құралай Ахметқызының осылай ел құрметіне бөленуіне отбасының, шыққан ортасының да әсері болатындығы шындық. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» дейді ата-бабаларымыз. Құралай Ахметқызы-оқыған, көзі ашық, елдің елеулісі, халқының қалаулысы бола білген текті ата-ананың ұрпағы. Әкесі Ахмет Аққошқаров КСРО-ның шетел істері Министрлігінің Жоғары Дипломатиялық мектебін бітірген. Республикамыздың әртүрлі мемлекеттік салаларында жоғары лауазымдық қызметтер атқарған. Анасы Патшайым Тәжібайқызы Тәжібаева табиғи таланты мен табанды еңбегінің арқасында талай жетістіктерге қол жеткізген белгілі ғалым. Ғылым Академиясының корреспондент-мүшесі. Шығыс әйелдері арасында шыққан тұңғыш геология-минереология ғылымдарының докторы. Қазақстан Жоғары Кеңесінің депутаты. Көптеген орден, медальдардың иегері. Алматы және еліміздің өзге де қалаларында ол кісінің есімімен аталатын мектептер, көшелер бар. Ғылымдағы өлшеусіз еңбегі үшін ескерткіш-мүсіні орнатылған.Естеліктер жинағы жарыққа шығарылған. Күні кеше ғана қаламызда П.Тәжібаеваның сексен жылдық мерейтойы кең көлемде аталынып өтті.

Бүгінде Құралай Ахметқызы Аққошқарова аяулы ана, адал жар, сүйкімді әже ретінде баянды ғұмыр кешуде. Қызы Ләйлә- ҚазҰУ-дың түлегі. Түркиядағы Босфор университетінің халықаралық экономика саласының маманы.Ұлы-Данияр биылғы жылы мектепті тәмамдады. Сурет салумен әуестенеді.

Уақыт сынаптай сырғанап өтуде. Қара шаңырақ әл-Фараби атындағы ұлттық университеттегі жарты ғасырға жуық педагогтік өмірімде Құралай Ахметқызымен әріптес, дос, ағалы-қарындастай жақсы қарым-қатынаста келе жатқаныма өзімді бақытты санаймын. Жаратқан ием қолдаған қазақтың осы бір аяулы қызы Құралай Ахметқызы Аққошқарованы алпыс жылдық мерейтойымен шетел азаматтарына арналған дайындық факультеті және өзі басқарып келе жатқан жоғары оқу орындарына дейінгі дайындық кафедрасының ұжымы атынан құттықтай отырып, отбасына баянды бақыт, шығармашылық қызметіне шалқар шабыт, алдағы алар асуларынан дәл осы қарқынмен өтуіне тілектеспін.

Ж.С.Садықов,

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің доценті,

КСРО білім беру ісінің үздігі, ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері