Тәуекелшіл, тәубешіл, Өмір сүйгіш, өктембіз!

d0bfd0bed18dd0b7d0b8d18fjpg3

Смағұлға

Арқаңа жылдар жүк артсын,

Асуы биік мұзартсың.

Алғашқы таңның шапағы,

Жүзіңді шалып қызартсын.

Жан дүниең жылға жамырап,

Ғұмырыңның көшін ұзартсын...

***

Маңғаз әлем—Маңғыстаудың жеріне,

Келіп қалдым Қарабура Елінен.

Қарабауыр қасқалдақтың көлінен,

Қара нардай Қаратаудың белінен,

Туар, өсер, өлінер,

Соққан желмен желінер,

Көз моншақтай бөлінер,

Көңілдерге көмілер.

Келіп қалдым, ағайын,

Болмасам да кәміл Ер!

Біз бір уақыт бұл өлкеден кеткенбіз,

Өмір-өзен, дария-судан өткенбіз.

Орал тауын бұлт шалғанда

Қазанға,

Ер Шора боп:

-Мен барғанша қар жаумасын,

Нұр жаусын!

Мен барған соң қар жаумаса,

Қан жаусын!

Деген сертпен жеткенбіз.

Кәрлі қыспыз, көктембіз,

Көгілдір көк Көктенбіз.

Күн күркіреп, жай атып,

Көздің жасын төккенбіз.

Тәуекелшіл, тәубешіл,

Өмір сүйгіш, өктембіз!

Соған тәубе еткенбіз.

Аманбысың, ағайын

Көріспеппіз көптен біз...

***

Күнбағыстың күлтесіне ұқсаған,

Қуаныш пен бақыт жолын нұсқаған,

Ай сәулесін сәусілдетіп ұстаған,

Өте шығып, қайран жастық, тездетіп,

Қауыштырдың қалбалақтар қарттыққа,

Дей салатын зілмауыр жүк арттық па,

Белгісіздеу бағытпенен тарттық па,

Бұндай уақта ой олақ та, сөз кетік...

«...Бір меңіңе Бұқара мен Самарқанды берер ем...»

ХАФИЗ

Зеңгір көктей аққан жұлдыз –

нұр сызған,

Рауандасаң күн көзіндей бір қыздан.

Еленадай соқыр Гомер тамсанған,

Кіріп келіп қартты қалт-құлт тұрғызған.

Шымқай шабыт дариядай шалқыса,

Ой, қиялың зеңгір көкте қалқыса.

Арасында о дүние мен бұ дүние,

Тұла бойың түгел иіп, балқыса,

Жанарыңа дүние дүйім шалынса,

Ай сәулесі, күннің нұры шағылса.

Жүрек байғұс, балапандай тыпырлап,

Тылсым сырға табынса, тым бағынса

Осы болып көрінгендей дер шағың,

Жан дүниеңде жағылғандай зер шамың.

Өкінбейсің ағыл-тегіл жыр жазсаң,

Інжу-маржан нүктесі-ару моншағы

ТӘУЕЛСІЗДІК ЖЫЛДАРЫ

Жерді сатып жібердік,

Ерді атып түнердік.

Күресіндей күрелдік,

Тыншу таптық, тірі өлдік,

Тәуелсіздік жылдары.

Туған тілді таптадық,

Жемқорларды ақтадық.

Мәңгүрттерді мақтадық,

Арамзаны жақтадық,

Тәуелсіздік жылдары.

Ет-сүйектен жаралған,

Ұшырасса оралман.

Жедік :« Жетер,- деп,- бәрі Аллам!»,

Несібесін қаралған...

Тәуелсіздік жылдары.

Батыс-Шығыс шаңдаттық,

Ақымақтығымызды аңдаттық.

Тірлік жасап қаңбақтық,

Той-тойладық, жамбы аттық.

Тәуелсіздік жылдары.

Ауыл жақтан ағылар,

«Жетімбұрыштан» табылар,

«Сайын» дейтіні тағы бар,

Балалардың неткен «бағы» бар!

Тәуелсіздік жылдары.

Алтай-Атырау арасын,

Алты ай жүріп барасың.

Сыздатқан жан жарасын,

Бұл - менің көзқарасым...

Тәуелсіздік жылдары

***

Тимеген киім өтекке,

Жас сәбиді жетектеп.

Тағы бірі тартып етектен,

Келін кетіп барады,

Шығыңқылау бүйірі,

Балапандарын өбектеп.

Үлкені болар соңында,

Қояндай қояр секектеп.

Кезеңде мынау көкек көп,

Тепкісіне тіршілік,

Төзсе болды, тек ептеп...

***

Оталдыра алмай көлікті,

Алаңда қалдым аялдап.

Қайдағы көрініс елітті,

Қос жанарымды жай алдап.

Ақ қанат, алтын кірпікті,

Періштелерге айналған.

Сәнханадағы тірлікті,

Бақыладым үнсіз айнадан.

Өмірде білдім, қате бар,

Әрбірі - «Мисс» таңдаса.

Хор қызы боп та кете алар,

Қу тіршілік болмаса...

***

Әңгіме айтсам аз білген,

Күркеде өлең жаздым мен.

Гүл аштырып жібердім,

Ұластырып мезгілмен.

Тау басында толғадым,

Себеп болып қонғаным.

Ертесіне етекте

Жазам дедім қалғанын.

Кейін соны ұмыттым,

Өкінішті ойды ұлыттым.

Жел жазып жүр жалғасын,

Желегімен бұлттың...

***

Абайға аңсар ауып тұр алдымда кеткен,

Бұл уақытта болар-ау

Жамбыл да жеткен.

Сырласып Сәкен, мұңдасып

Мұқағали да,

Бір-біріне үйренісіп қалды ма ептеп?!

Адамзаттың ақылман ардақтар дені,

Мәңгіліктің мекені -Аруақтар Елі!

Жұпар ауа жұтып қал дегендейін,

Қаперіне алмай жүр бар уақта мені...

***

Соғылғандай сом алтыннан сүйегі,

Менен басқа жанның бәрі киелі.

Біреуге атқан оқ болса да айналып,

Доға сызып, маған келіп тиеді,

Соған жаным кәдімгідей күйеді.

Жұрттың дені сөз қылады тек мені,

Маған тиер қақпаға доп тепкені.

Жаңбыр шайған шаң-тозаңдай көктегі,

Амандассаң, айта бастар өкпені...

Жымың-жымың етер Өмір өтпелі...

***

Дидарынан күлкі лебі арылмас,

Ұшырасты маған гүлдей қарындас.

Әңгімеге құмар екен соншалық,

Ертегі, аңыз, аят, хадис сарындас.

Көзге елестер көктемгі асау ағыстай,

Құз жартастай тұрған өзін тағы ұстай.

Мына мендік жан дүниеге жұмбақтау,

Өкініш сол...қойды ешбір қабыспай!

***

Қиын іс жоқ бала-шаға бағудан,

Талшық етер бір үзім нан табудан.

Сақырлаған сары аязда ошақты ,

Отын тауып түтетуден, жағудан.

Үрейді алар ұйлығысып көп қатер,

Білсең бір тал шырпы боп та өрт жетер.

Бәйтерекке айналатын бұтақты ,

Ескермесең ешкілер де жеп кетер.

Таңғажайып табиғаттың қыры бұл,

Таусылмайтын тіршіліктің жыры бұл.

Ерте көктем шалшық суда шыбындар.

Жамсатады-ай жайын балық ұрығын...

***

Еркелеп, сәл шолжаңдай сөйлегенің,

Мәңгірген мендік сезімге «Өй!» дегенің.

Естігенде күлкіңді балалығым,

Ұстайды ұмыт қалған кейде менің.

Жалт-жұлт етсе жауыннан жеке шықтар,

Қабағың да сүйкімді екен шытқан.

Сәулелі нұр сияқты сезінемін,

Жан дүниемді тазартып өте шыққан...

***

Нағыз ақын жырлары,

Жан-жүрекке жайланып.

Жаққан алау, нұрлары,

Жерді жүрсе айналып.

Желқайықтай ырғалып,

Ай қараса ойланып,

Күн қараса бір қалып,

Қазығына байланып...

***

Уақыттың аққан кезде өзені,

Ескі сағат тіршіліктің көзі еді.

Кәдімгідей қымбаттығы білініп,

Тұратұғын қабырғаға ілініп.

Оймышталып бедерленген бір беті,

Көзі жылт-жылт етер мысық суреті.

Жүріп тұрса ертелі-кеш сыртылдап,

Сергитінбіз құпия, тылсым сыр тыңдап.

Кәдімгідей көзге көрік күндерде,

Ес болатын тас қараңғы түндерде.

Уақыттың аққан кезде өзені,

Ескі сағат тіршіліктің көзі еді.

Маятнигі - шолған әкей жан-жақты,

Шешей - дедік шынжырлаулы

салмақты.

Керуен-көштей көрінетін сиқыр бар,

Сағат тілін шыр айналдырған цифрлар..

***

Жер – ұлы Отан, топырағың осыдан,

Жәбірейіл етегімен тасыған.

Жаратушы жақсылап бір илеген,

Ащы тер мен көздің кермек жасынан.

Ол — Құдай ғой, білген біздік тағдырды,

Өз қолымен берген өнер, ән, жырды.

Тілді берген мақұлықтан айырып,

Жайдың отын, жел ,сел, ақ қар,

жаңбырды.

Талап қыл деп, тас қияға өрлеген,

Сыйлай салған күш-қайратты кернеген.

Ақыл, сана, ой, парасат жетеді,

Өкініштісі... неге нысап бермеген?!

***

Кәдімгідей мініп жүрген қазанат,

Десін халық, мені ақын, азамат.

Жүрмін қазір алмайын деп мазалап,

Арыстанның азу тісін тазалап.

Қарамастан зейнеткерлік жасыма,

Киіп алып төбетейді басыма,

Қызмет жаққа адымдаймын асыға,

Көлеңкемді көлбеңдетіп қасыма,

Ауру қалсын, әдет қалмас осы ма?!

***

Мына заман жытқырлардың заманы,

Қосылмасаң тиюі мүмкін залалы.

Қадыр-қасиет, адалдығың күлкілі,

Күмілжиді алдында оның Заң әлі.

Нар-Нарық кеп Капиталға ұласты,

Жын–жыбырлар бүршік жарып,

гүл ашты.

Айды аймалап, жұлдыз жиып

жүргендер,

Бүгіндері Күнге созды құлашты.

Біржолата бай мен кедей бөлінді,

Ажыратқандай жүрек, тілек, көңілді.

Қу Тіршілік таразыға айналды,

Өлшейтұғын Өмір менен Өлімді.

***

Өлең-жыр...Алла берген өз бұйымым,

Іздедім ғұмыр бойы сөз биігін.

Сананың сахарасында көп сандалдым,

Жібере салар самал тез құйынын.

Өткердім өз басымнан мезгіл сынын,

Осының шексіздігін сездім,шыным.

Кекілді жас баладай бір қуыстан

Мәз болдым тапқанымда сөздің сырын.

Көкіректе біртүрлі бүркініп нұр,

Бұлттардай тамшы емес,іркіліп жыр.

Түпке маржан тұндырған сияқтанар,

Теңіздей толқығанда түркілік тіл...

***

Өлшейтұғын құрал жоқ залалды енді,

Түсініксіз тұрлаусыз заман келді.

«Таңғы нәсіп-Тәңірден» дейтін қазақ,

Сыртқа еркін шығармас самал демді.

Тұла бойы біртүрлі -ирелек бір,

Таусоғар темір тәшкі сүйрелеп жүр.

Нәпақа тапсам дейтін болмысы осы,

Қурайдай көкірегі күйрелек құр.

Жан-жақтан жау келгендей анталасқан,

Дүние дүйім-тіршілік жанталасқан..

Жалт қарайтын жалғыз жан таба

алмадым,

Сансыз сауын айтсам да алты Алаштан...

***

Бүтін адам болмайды бұл ғаламда,

Мойнын бұрмас қолыңды бұлғағанға.

Бәрі жарты жартының жартылары,

Күлге айналған сусыма құм заманда.

Адам жарты болған соң, арман жарты,

Еңірейді мұң-зар боп барған қалпы.

Қайғы да,қуаныш та мың бөлек боп,

Көрінер тым жадағай,жалған нарқы.

Өзендер бастапқыдай күркіремес,

Жауын да ағыл-тегіл сіркіремес.

Керуен- көшін көктемнің қарсы алатын,

Кемпірқосақ бір күн бар,бір күн елес.

Аң-құстай жем жейтұғын небір қолдан,

Бүтіндер майдаланған тобыр болған,

Естиміз тек жеті қат зеңгір көкте,

Айшылық айналасы темір қорған,

Алланың дәрегейінде өңірлер бар,

Кептелген қылкөпірге өмір де бар...

***

Жолым болмай жүруші еді ұдайы,

Қартайғанда көп қолдадың,Құдайым!

Ғайып ерен-Қырық шілтен кеп кетті,

Илеме деп лайым, жер лайын.

Келді қырқы қырық бояу көктемше,

Ұл менен қыз күміс қанат кептерше.

Мен пақырға «тірі жүр!» деп бұйырды,

Ұясынан пыр-пыр ұшып кеткенше.

Е,Құдайым,қабыл болғай аяның,

Тәуба! Тәуба! Қолды көкке жаямын.

Жырларымның жалғаны жоқ,жарандар,

Тура өзіме ұқсас өмірбаяным?!

***

Жазды Тағдыр,

Жарық дүниені көруге,

Ай мен күнге ғұмырыңды өруге.

Келер күннің керуеніне еруге,

Несібе, дәм, ризығыңды теруге.

Жазды Тағдыр,

Туғаннан соң өлуді,

Пешенеге жазылғанды көруді.

Алқынып сол соңғы демді жұтқанша,

Беймәлімдеу бір бақытқа сенуді.

Жазды Тағдыр,

Алланы да ойлауды,

Теңіз ойдың тереңіне бойлауды.

Қоңыраудың тіліндей боп байлаулы,

Тіршілікті оятуды қоймауды...

***

Қателік жас адамға жарасады,

Түзеуге Уақыт оған қарасады.

Шофырдай бірдемені бұрай салып,

Құйғытып асулардан әрі асады.

Қателік қиын болар қартайғанда,

Қуат-күш,қажыр-қайрат ортайғанда.

Жапалақтай жалп ету қиын емес,

Тозыңқы табандағы нәл тайғанда

***

Тұлпардың хикмат бар деп текірегінде

Бергенде тулағансып, төзім хабар.

Сүп-сүйкімді қыздардың көкірегінде,

Мұзды мұхит мүлгитін кезі болар.

Осым дұрыс па екен деп алаңдайсың,

Әлемде жарыместеу жан бар қанша?

Сынық қоңырау жарығын

таба алмайсың,

Қаңғырлаған үнінен аңғармасаң...

***

Сан алуан сөзді қиқалап,

Екі бай қарнын сипалап.

-Рахат қой,-деп,-бұл Өмір!

Дем жетпей селк-селк күледі.

Ай тұрсын аман арайлы,

Зеңгір Көк зәрмен қарайды.

«Біз үшін уақыт-көген ғой,

Қайда барасың ?»-дегендей...

***

Әз халқым айтар, сірә да,

Аш жаннан ақыл сұрама!

Көкірек соған қосар сөз:

-Кекшілден сақ бол, сынама!

Айтпаймыз, ойдан кендеміз,

Құрығандай құмда демде із.

Шалынысып жатамыз,

Себебі сол...пендеміз...

***

Өлең тілімен ой тердім,

Термегенде енді...қайтермін?!

Бұлаңдай ұшқан бұлттан,

Оқ жыландай жай көрдім.

Байқадым белі талғанын,

Білген соң дүние жалғанын.

Теңізден қашқан бейбақтың,

Көз жасы мөлт-мөлт тамғанын,

...Көкірегімнен ізде қалғанын!

Жарылқасын БОРАНБАЙ