Қырып-жойғыш депутат па, турфирма директоры ма кінәлі?..
2015 ж. 04 тамыз
2407
3
Турфирма директоры мәжілісмен Светлана Романовскаяны "балағаттады және қоқан-лоқы жасады" деп айыптады. Кәсіпкер мен халық қалаулысы екеуінің арасындағы ұрыс-керісті таспаға жазып, ғаламторға салған.
Бұл туралы КТК арнасы хабарлайды.
Ал дауға себеп болған туристік жолдама екен. Депутаттың өзі қазір Түркияда демалып жүр. Келген соң мәселені тек сотта шешпекші.
Депутат Светлана Романовская жазғы демалыстың қамын қыста ойлап, жарты жыл бұрын Түркияға жолдама алған екен. Халық қалаулысы «TourMagazine» компаниясы арқылы бизнес-класстан екі билет сатып алыпты.
Сөйтсе, бұл турфирма 700 жуық туристі тентіретіп, кейін жабылып қалған «Travelsystem» компаниясымен бірігіп жұмыс істеген екен. Қожайыны депутаттан эконом-класспен ұшып, қалған қаржысын қайтарып беруге ұсыныс жасаған.
“Депутат бұған мүлдем көнбеді. Қырамын-жоямын деп қорқытты. Бірінші балағатын таспаға жазып үлгермедім. Екінші ретінде де бас-көзге қарамай айқайды салды”, – дейді туристік компания басшысы Әсел Нұркебаева.Кейін кәсіпкер «Романовская мені балағаттады» деп мәжіліс төрағасына ашық хат жолдаған. Екеуінің арасындағы әңгімені таспаға жазып, тіпті әлеуметтік желілерге таратыпты.
Романовскаяның өзі қазір сол Түркияда бес жұлдызды қонақ үйде демалып жүр. Телефон арқылы хабарласқанымызда, депутат тапсадағы ұрыс-керістен бейхабар екен. Кәсіпкерді мүлдем балағаттағаным жоқ деп отыр. Керісінше, турфирма басшысының талай рет дауыс көтеріп, тіл тигізгенін айтады.
“Елге келген соң турфирма басшысына қатысты сотқа арыз жазамын. Адвокаттармен сөйлесіп қойдым. Менің демалысымды бұзды. Түркияға келсем, жарты жыл бұрын алып қойған қонақ үйдің ақысы төленбеген. Яғни, жұрттың ақшасы заңсыз айналымда жүр. Депутат емес, тұтынушы ретінде өз құқығымды қорғаймын. Сөйтіп, туристерге үлігі көрсетемін”, – дейді мәжіліс депутаты Светлана Романовская.
Кәсіпкер мен депутат арасындағы дау қазір қоғамда да қызу талқылануда. Заңгерлердің айтуынша, депутат жұмыстан тыс жерде де мемлекеттік қызметкердің ар-намыс кодекісі бойынша балағаты үшін жазалануы тиіс.
“Романовскаяның да дөрекі әрекеті дәлелденетін болса, партиядан да шығуға және депутаттақ мандатынан айырылып қалуға толық негіз бола алады.Тур агенттіктің төрайымының табандылығына байланысты”, – дейді заңгер Мақсат Ілиясов.Ал Рамоновская екі аптадан кейін ғана елге оралады. Депутат тынығып, теңіз жағасында әбден күнге қыздырынып келген соң көптен күткен демалысының шырқы бұзған кәсіпкерді сотқа сүйремек.
Яғни, 24 жыл тұтынушылардың құқығын қорғау лигасын басқарып келген Романовскаяға енді өз басын даудан арашалап алуға тура келеді.
Дереккөз: КТК арнасы