Қалықтады Қалдыбектің әндері
2010 ж. 04 қазан
5438
1
Астанадағы «Конгресс-Холл» сарайында Қазақстан Жастар одағы сыйлығының иегерi, белгілі сазгер Қалдыбек Құрманәлiнiң жан тербеген әндері шырқалды. Өнер сүйер қауым дарынды сазгердің «Қариялар азайып бара жатыр», «Кiрмешi жиi түсiме», «Қиялдағы қалқа», «Ұмытпа, мені аяулым» және басқа да тамаша туындыларын сүйсіне тыңдап, қошеметпен қол соқты.
Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Қазақстанның халық әртісi Тұңғышбай әл-Тарази Қалдыбектің бақыт туралы әнін айтып берді.
Елорда төрінде «Жас қазақ үні» газетінің Бас директоры, ақын, Халықаралық Алаш сыйлығының лауреаты Қазыбек Иса өз ойларын ортаға салды. «Мен Шардарадан Алматыға өлең іздеп келгенімде, Қалдыбектің шалықтап, қалықтап ән жазып жүрген кезі екен. Екеуміз тез достасып кеттік. Мен сол кезде белгілі себептермен қыздар жатақханасында тұрушы едім. Қалдыбек күнде келеді. Бастапқыда «Мені жақсы көріп келіп жүр екен-ау» деп ойлап қалыппын. Сөйтсем, оның неге келіп жүргенін кейін шыға бастаған әдемі-әдемі махаббат туралы әндерінен байқай бастадым. 1990 жылдардың басында «Ән-аға» әні туды. Мен сол кезде Қалдыбекке арнап өлең жазып едім»,- дей келіп, арнау жырын ақынның өзі оқып берді.
«Қайыққа барған, айыпқа қалған
кештерің
Кеткен жоқ босқа,
өлеңмен бірге өскенің.
Ән-аға жайлы әдемі
әнді жаздың да,
Шәмшінің алдың ескегін!
...Күрес қой өмір,
күндерің өтер жарыспен,
Шаршаған кезде сырласып
қайтқын Арыспен.
Әнші боп кетпе әріптестерің секілді
Қой қайтаратын дауыспен!» – деген өрелі жыры:
«Жаңғалақ досым, жасайсың қанша, білмедім,
Ал әнің болсын мәңгілік!»- деп аяқталғанда астаналықтар дуылтата қол соқты.
Серпер сыйлығының иегері Тамара Асар «Мен ұсынған кеседен Шәй ішіп кетсең қайтеді?» деп ойнақы әннің ажарын аша түсті.
Әнші Әділ Сламхан «Ағаларым-ай» әнін орындады. Қазақ даласының қоңыр дауысты әншісі Саят Медеуов «Қай жақта жүрсің, аяулым» деп әндетті.
Ашық дауысты әнші Еркін Нұржан кеш авторының «Ән-аға немесе Шәмшiмен сырласу» атты үздік туындысын нақышына келтіре шырқай білді.
Ақын Ибрагим ИСА жазған осы әннің соңғы шумағы:
«Тұнса да лала гүлге,
Өксиді дала бірге.
Ескегін қайығыңның
Қалдырдың, аға, кімге?!»- деп аяқталады. Ұлы сазгер Шәмші ағамыз ән айдынындағы асау толқындарда жүзе алатын қайығының ескегін кімге қалдырғаны белгілі болып отыр десек, қателеспейтін шығармыз. Асқақ та сезімге толы әндері халықтың жүрегінен орын алған Шәмшінің асыл мұрасын жалғастырушылардың бірі – Қалдыбек Құрманәлi. Бұл сөзімізді ақын Қазыбек Исаның сонау 1990 жылдардың басында жас сазгерге арнап шығарған өлеңі де қуаттай түседі.
Ерке дауысты Гүлмира Ақүрпекова, әуез үнді, дара дауысты Жұбаныш Жексенұлы, Шымкенттен келген Әбдіхан Бескемпірұлы көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Әбдіхан әдемі орындаған «Ұмытпа, мені аяулым» әнін(сөзін жазған Қ.Иса) Қатты ұнатқан Фариза апай оны «классикалық орындау» деп жоғары баға берді. Белгілі әншілер Сембек Жұмағалиев, Жеңіс Ысқақова, Тахмина Әшімбекова, Айкерім Қалаубаева, жас әншілер Мұрат Тоқашбаев, Есет Сәдуақасов және басқа да өнер иелері сахнаның сәнін келтірді. «Каспий» тобының бес жігіті де бірнеше әнді шырқап, тыңдаушылардың құрметіне ие болды.
Сазгердің ақын Фаризаның сөзіне жазылған «Жайықтың толқындары» атты тамаша әнін Қазақстанның халық әртісi, ерекше дауыстың иесі Мақпал Жүнiсова орындады.
Мемлекеттік сыйлықтың иегері, ақын Фариза Оңғарсынова: «Көрермендердің залға лық толы келгеніне және өнер иесіне білдірген қошеметіне қарап, Қалдыбектің әні үлкеннің де, кішінің де жүрегіне жетіп жатыр деп ойлаймын. Лұқпан Жолдас секілді құрдастары «Қалдыбектің мінезі жыбыр-жыбыр еткен, бірақ әндері жайлы да жайдары» деп айтып жатыр ғой. Мен Қалдыбектің адамдық қасиетін жоғары бағалаймын. Өмірде «бетегеден биік, жусаннан аласа» болып жүретіндердің қолынан ештеңе келмеуі мүмкін. Ер азаматтың әрі шығармашылық иесінің мінезі болғаны айып емес. Бірі балағынан тартатын, бірі аяғынан шалатын қазіргі кезде сондай мінез де керек. Бұрынғы өнер иелерінің жолын қусын деп өзіңе талант берді. Сол өнер жүгін асқар биікке алып шық. Әніңе қол соққан халықтың қуанышы әркез саған қуат беріп жүрсін, шабытыңды келтірсін»,- деп өнер сүйер қауымның ізгі тілегін жеткізді. Фариза ақын Қалдыбекке қазақы ырым бойынша жолың ашық болсын, тіл-көзден аман жүр деп тұмар бейнесіндегі сыйлықты табыс етті.
Бұл күні кейбір кештердегідей даңғұр-дұңғыр әуенге жер тепкілеген әртістер болған жоқ. Ұлттық бояуы мол концертте әрбір көрермен рухани байып, жаны тынығып, көңілі өсіп отырды. Ән кешін белгілі актер Тұңғышбай әл-Тарази мен әртіс Ләйла Сұлтанқызы нәрлі сөзбен, әзіл-қалжыңмен жарасымды жүргізе білді. Сөйтіп, ақындар Қазыбек Иса ашып, Фариза Оңғарсынова жапқан әдемі ән кеші Астананы бір серпілтті.
Қалдыбек Арыстанбекұлы Астана жұртшылығына ризашылығын білдірді.
Айбатыр СЕЙТАҚ
АСТАНА