Серік Ахметовтің ісі бойынша алғашқы отырыс 10 минуттан әрі аспады (фото)
2015 ж. 27 шілде
2249
0
Экс-премьер-министр Серік Ахметовтің ісі бойынша алғашқы отырыс 10 минуттан әрі аспады.
Бүгін, 27 шілде күні, Қарағанды облысының қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық сотында экс-премьер-министр Серік Ахметовке және 20 экс-шенеунік пен коммерциялық құрылым басшыларына қатысты алдын ала сот тыңдалымы басталды деп хабарлайды NUR.KZ тілшісі сот залынан.
Тыңдалымдар сайланып қойылған қосшы билер қатысатын сот залында өтіп жатыр. Себебі бұл — зал сот ғимаратындағы ең ірі залдардың бірі. Алайда ірі залдың өзі сотқа қатысқысы келетіндердің барлығын сыйдыра алмады. Сол себепті сот БАҚ өкілдерін өзге ғимаратта жайғастыру шешімін қабылдады. Тілшілер үшін орнатылған мониторларда соттың тікелей трансляциясы жүргізілді.
Серік Ахметовтің ісімен қатар, Қарағанды облысының бұрынғы әкімі Бауыржан Әбдішев, Қарағанды қаласының экс-әкімі Мейрам Смағұлов пен 21 әкімдік қызметкерлерінің соты да өтіп жатыр деп жазды Азаттық Радиосы.
Бүгінгі алғашқы тыңдауда айыпталушылар тізімі мен оларға тағылған айыптар мен баптар аталды. Сот барысында судья Исламхан Есенбаев адвокаттардың сұрауы бойынша 15:00-ге дейін үзіліс жариялаған. Адвокаттар судьядан іспен танысып шығуға рұқсат алған.
Жауапқа тартылған шенеуніктерге пара алды, ірі көлемде бюджет қаржысын жымқырды, қызмет өкілетін асыра пайдаланды, заңсыз түрде кәсіпкерлікпен айналысты деген айыптар тағылған.
Ал Ахметов $2 млн-нан астам пара алды деп айыпталып отыр.
Серік Ахметовтің адвокаты Николай Лесник Бүгін Азаттыққа берген сұхбатында «Ахметов өзіне тағылған айыптардың барлығын жоққа шығарады» деп мәлімдеді.
Ахметов былтыр 22 қазанда «өз еркімен» Қорғаныс министрі қызметінен кеткен. Ал 19 қарашада Мемлекеттік қызмет және жемқорлықпен күрес істері жөніндегі агенттік Серік Ахметовті үйқамаққа алды. Ал Әбдішев пен Смағұлов 2014 жылдың күзінде қамауға алынған.
Ахметов 2012 жылдың қыркүйегінен 2014 жылдың сәуіріне дейін премьер-министр қызметін атқарған.
Серік Ахметов — Әкежан Қажыгелдиннен кейін істі болған екінші экс-премьер. 1994 жылдың күзінен 1997 жылдың күзіне дейін үш жыл премьер-министр қызметін атқарған Әкежан Қажыгелдинді 2001 жылы Қазақстан жоғарғы соты 10 жылға бас бостандығынан айыру туралы сырттай үкім шығарған.
Оған да «қызметін асыра пайдаланды, бюджет қаражатын ұрлады» деген айыптар тағылған. Қажыгелдин биліктен кейін оппозицияға өткен болатын. Ол өзіне тағылған айыптардың саяси астары бар деп мойындамаған.
Источник: Nur.kz