Қазақстанға Қытайдан келетін жұмысшылардың күрт көбеюі қоғамды алаңдатып отыр

Қытай азаматтары Қазақстанның еңбек нарығын жаулауда. 2015 жылдың алғашқы жарты жылдығында олардың саны шамамен екі есеге өскен.

6ae5c55d1476c057d0595022de9de321

Бұл жөнінде еңбек және әлеуметтік даму комитетінің төрағасы Ақмәди Сарбасов мәлімдеді.

Сарбасовтың айтуынша, ағымдағы жылдың бірінші жартысында 38,3 мың шетелдік азамат жұмысқа рұқсат алған. Соның ішінде 12,36 мыңы — Қытай азаматтары. Яғни, Қазақстандағы әрбір үшінші шетелдік жұмысшы Қытайдан келген. Бұл туралы 7kun.kz сайты хабарлады.

Өткен жылы олардың саны 6,5 мыңнан сәл асып тұрған еді. Көбіне ҚХР азаматтары құрылыс, кен өндіруші өнеркәсіптерде жұмыс істейді. Комитет төрағасы Қазақстан заңнамасына сәйкес, Қытай азаматтарына жұмысқа рұқсат беруде санын шектемейтінін жеткізді.

Қазақстандағы әрбір үшінші шетелдік жұмысшы Қытайдан келген.

Оқырманның есінде болса, 8 шілдеде Қазақмысқа қарасты Ақтоғай кен орнында 21 қытайлық жұмысшы кен асханасында төбелес шығарған еді. Оның салдарынан 31 адам зардап шеккен болатын. Бұл тіпті үкіметтің шұғыл отырысына себеп болған-ды.

Ресми органдар биылғы жылы ақпанда қазақстандықтардың жұмыссыздар санын 460 мың деп мәлімдеген болатын. Ал, вице-премьер Бердiбек Сапарбаев осы жылдың өзінде дағдарыс салдарынан 120 мың адам жұмыссыз қалады деген болжам айтқан еді. Алайда, ресми емес дерек Қазақстанның жұмыссыздар саны миллионға таяу екенін де көрсетеді.

Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері қарай жұмыссыздықты шешуге түрлі бағдарламалар қабылдап келеді. «Жол картасы» аясында қала орталықтарында бірнеше жылдан бері мамандар дайындалуда. Соған қарамастан бұл мәселе әлі күнге дейін шешілер емес.

Атқарушы билік кейбір техникалық мамандықтарға маман жетіспейтінін алға тартады. Солай бола тұра, ЖОО бітірген мамандардың айтарлықтай бөлігі жұмыссыз қалып жатады. Бұған нақты себеп ретінде жұмыс беруші мен оқу орындары арасында студенттерді қызметке орналастыру жайлы келісім жоқтығы алға тартылады.

Ресми емес дерек Қазақстанның жұмыссыздар саны миллионға таяу екенін де көрсетеді

Бұл мәселе жөнінде жақында парламентте де айтылған еді. «Бәріміз білеміз, қазір ЖОО-дарға студенттер қабылдау мен жас мамандар шығару шарасы өтіп жатыр. Бұл ретте мемлекеттік білім гранттарының экономика қажеттілігіне сай бөлінбейтіні жыл сайын қайталанып отыр», – деген осы мәселені Мәжілісте арнайы көтерген депутат Меруерт Қазыбекова.

Ол атап өткендей, 2014 жылы мемлекеттік грантпен бітіріп шыққан 9 мыңдай ЖОО түлегі жұмыссыз қалған.