Панар шамның түбінде қиял құсын ұшырдым

Тұрсынәлі РЫСКЕЛДИЕВ,

ҚХР мемлекеттік «Тұлпар» әдебиет сыйлығының иегері:

– Сіздің арғы беттен Атажұртқа оралуыңызға не себеп болды? Түпкі мақсатыңыз қандай еді?

– Мен Қытайдағы солшыл әпербақан саяси науқан кезеңінде Қызыл төңкеріс найзасының ұшына ілініп, заңсыз түрмеде, зынданда жаттым. Төрт жылға жуық тап жауы қатарында еңбекпен өзгертуде болдым. 1962 жылғы 29 мамыр оқиғасы (Қытайдағы қазақтардың Қазақстанға босқын болуы) кезінен бастап, 1975 жылға дейін баспасөз құқығым болмады. Осы мезгілдегі жан азабы мен тән азабы, көңіл-күйдің күйреуі жүрегіме ерте жара салды. Рухани жақтағы ашыну – әділетсіз, озбыр, қара дүрсін саяси науқандарға деген өшпенділік – кектің қоламтасын қоздатып, отын тұтатты. Бұл менің жаныма бір жағынан өмір бойы ұмытылмас уытты зардап таңбасын басқанымен, екінші жағынан жігер-қайрат берді. Алыс болашақтың нұрлы сәулесі көңілімнің қараңғы түкпіріне жылу құйғандай сезілді. Түбінде бір дүлей боран айығып, жайма-шуақ, күнгей өмір бауырына тартатындай байқала берді. Өйткені мәңгілік нәрсе жоқ қой. Тарихта бір патша қанша жыл таққа отыра алады? Билік ауысқанда әрине саясат өзгереді. Заман түлейді...

Болашақтан күдер үзбеген­діктен, баспасөз құқығым болмаса да, көңіліме түйген ащы шындықты барынша еркін көсілтіп, қаламымның қарымы жеткенше жазып, құпия сандығымның түбіне тастай бердім. Күндіз ауыр жұмыста болсам, кеште ұйқыдан талыққанша сығырайған панар шамның түбінде қиял құсын ұшырдым. Шабытым шалқыды. Ащы өмірден тұщы шындыққа қорапталған, өз жүрегімнің қалауындағы көркем шығармалар туды. (Мүмкін бұл еңбектерім сол кезде жарияланса басым кетер еді). Олар құпия сақталды.

Мен ғана емес, бүкіл Қытайдағы қаламгерлер Дың Шияупың билік басына шыққан соң, алақайлап, малақайларын аспанға атты. Көркем әбебиет бостандық алып, қапастан шықты. Өйткені Қытайдың таққа жаңа отырған Елбасы «Әдебиет – мәңгілік, саясат бір мезгілдік нәрсе, сондықтан әдебиет саясат үшін қызмет істеуден қалу керек» деді. Сонан бастап әлгі басым кететін аса қатерлі шығармаларым алдыға түсіп, бөгетсіз жарық көре бастады. Сөйтіп Қытайда «Тасқын» трилогиясы, «Тау тағысы» романым мен «Өркен», «Бесік» , «Шырғалаң», «Арыз», «Қара көлдің балықтары», «Мысал әңгімелер»(«Тамызық») қатарлы он шақты хикаят әңгіме, мысалдар жинағым жарық көрді. «Іле салтанаты» атты бес бөлімді телефильм экранға түсіріліп, көрермендермен жүздесті. Сөйтіп, Қытай мемлекеттік Жазушылар одағына мүше болып, Қытайдың бірінші дәрежелі жазушысы деген кәсіптік атағын алдым. Қытай Халық Республикасының таңбасы басылған Мемлекеттік таңдаулы дарынды атаған берді. (Бұл - Халық жазушысы дәрежелі, Қытайда халық жазушысы деген атақ болмайды). Мемлекеттік мәдениет саласында еңбек сіңірген қайраткер атағына да қол жеткіздім. Қытай мемлекеттік әдебиет көркемөнер сала­сындағы әйгілі адамдар энциклопедиясына кіргізіп, шығармашылық жетістігімді таныстырды. Сөйтіп Қытай елі қайта алақанына сала бастады. Адам қашанда жақсылықты да, жамандықты да ұмытпауы керек қой. Қытайдағы Шынжаң өлкесінің аз санды ұлттардан шыққан бес кәсіптік жазушының бір болып, жұмыс істемей, еңбекақы, іссапар қаражатын алып, 15 жылдай еркін жазушылықпен шұғылдандым. Бұл менің өнімді еңбек еткен жылдарым болды. Кесек туындыларым осы мезгілде қағанақ жарды.

Солай бола тұра, Атамекенге оралуға аңсарым ауды. Бір түрлі тартар күш жетегіне алып, бүйрегім бұра берді. Ол күш – еліміздің тәуелсіздігі екені түсінікті. Аңсарымызға орай, Елбасы шетелдегі қазақтардың атамекенге оралуына үндеу тастады. «Ары тұр, аулақ десе»,- бәлкім...

– Қытай мемлекеттік сыйлығының иегері екенсіз. Жалпы, Қытайдағы әдебиет сыйлығын беру үлгісі қалай? Сізге бұл сыйлықты қандай еңбегіңіз үшін берді?

– Мен Қытайдың мемлекеттік әдебиет сыйлығын «Қара көлдің балықтары» атты хикаяттары топтамам үшін алдым. Қытайдағы әдебиет сыйлықтар аймақ, облыс, өлке, мемлекеттік деп төрт дәрежеге бөлініп беріледі. Мемлекеттік әдебиет сыйлығы 5 жылда бір рет ең үздік деп танылған шығармаларға ғана (ол сөзсіз кітап болып жарық көрген болу керек) беріледі. Оны Мемлекеттік Жазушылар одағы, Мемлекеттік Әдебиет көркемөнер бірлестігі, Мемлекеттік ұлттық істер комитеті, соңында Қытайдың үкіметі бекітеді. Әдебиет танушылардан құрам тапқан комиссиясын құрып, солардың екшеуінен өткізеді. Әр өлкедегі қаламгерлерді мемлекеттік сыйлыққа сол жердің Жазушылар одағы мен Әдебиет көркемөнер бірлестігі тарапынан ұсынады. Бірақ, ұсынғанның бәрі жоғарыдағы електен өте бермейді. Қазақ қаламгерлеріне 5 жылда бір-екі сан ғана тиеді. Мұнда бір ескеретін жайт – бұл сыйлық саясат өзгермей тұрған кезде де берілген. Ол кездері халық коммунасын құптаған шығармаларда мемлекеттік сыйлық алған. Дың Шаупың билік басына шыққан соң, коммуна тарады да, халық коммунасының халыққа әкелген апатын жазған шығарма шынайы көркем болса мемлекеттік сыйлық алды. Қаламгерлер сіңірген еңбегі үшін, онан өзге де мемлекеттік дәрежелі марапат, даңқ куәлігі сияқты сыйлықтар болады. Ол – әдебиет сыйлығы емес. Атажұртқа келгендердің кейбіреуі соны малданып жүр.

– Сол Атажұртқа келгендердің қатарында сізден өзге мемлекеттік әдебиет сыйлығын алған кімдер бар?

– Марқұм Жақсылық Сәмитұлы «Атамекен» атты әңгіме-хикаяаттар топтамасы үшін алған. Ақын Серік Қапшықбайұлы «Жылдар арасында» атты өлеңдер жинағы үшің алды. Бұлардан өзге Атамекенге қоныс аудармаған, келіп-кетіп жүрген қаламгерлерден алған бірнешеуі бар. Қажықұмар Шабданұлы да екінші рет тұрмеге кетпей тұрып, «Қылмыстың» бірінші кітабына алған. Мемлекеттік сыйлықты Қытай қаламгерлеріне бір бөлек, аз санды ұлт қаламгерлеріне «Қытай мемлекеттік аз санды ұлт әдебиет сыйлығы» деп бөлек беретін. Кейін пікір туылған соң қосып жіберіп, «Мемлекеттік тұлпар әдебиет сыйлығы» деп беретін болған.

– Атажұртқа келген соң осындағы орта, немесе әдеби қауым сізді және шығармаларыңызды қалай қарсы алды?

– Мен әдеби басылымдарға шығарма ұсына бастағанымда, атақ-сыйлықтарыма ешкім де көңіл бөлген жоқ. Ол кезде «Қазақ әдебиетінің» бас редакторы Жүсіпбек Қорғасбек екен. Менің жағдайымды ұғыса келе «Шығармаңызды беріңіз, жаратсақ басамыз, жаратпасақ өкпелемеңіз» деді. «Жылан ордасы» деген әңгімемді көріп: «ойы күңгірт екен» деп бетіме үңіле қарады. Ал «Тұқым» атты әңгімемді бас изеп басты. Бір жыл ішіндегі «Қазақ әдебиетіне» шыққан әңгімелерге Әмірхан Меңдеке баға жазып, «Тұқымды» сәтті шыққан әңгімелер қатарында ауызға алды. Сонан кейін менің шығармаларым әдеби басылымдарда үздіксіз жарық көре бастады. Сол кездегі (1999-2000 жылдары) Әдебиет және мұрағат комитетінің төрағасы Әлібек Асқардың алдына барып едім, «өзіңізге ұнаған бір кітабыңізды ұсыныңыз» деді. «Ұлы көш» романының бірінші кітабын ұсындым. Бір-екі жыл кешігіп барып, Иманғали Тасмағанбетовтың қол ұшын беруімен 100 кітаптың қатарында «Өлке» баспасынан 2001 жылы жарық көрді. Оның екінші кітабы Әлібек Асқардың бекітуімен «Ел орда» баспасыынан шығып оқырман қауыммен бет көрістірді. Үшінші кітап ұзақ жатып 2009 жылы «Өлке» баспасынан шықты. Ал менің Қытайда 40 неше жыл жазып, қилы кедергімен жарық көрген он шақты кітабымды үкімет тапсырысымен шығару мүмкін емес болды. Ондай талап қою да мен үшін жолсыздық. Баспалар демеушілік жасап, әрі балаларым күш шығарып, қазірге дейін 8 том жарық көрді.Оның екі томына «Жазушы» баспасы, 6 томына «Қаз Ақпарат» баспасы қамқорлық жасап жарық дүниеге әкелді. Баспа директоры Қонысбек Ботпай мырзаға айтар алғысым шексіз!

Жарық көрген кітаптарым әдеби жыл қорытындыларында жақсы бағасын алып жүрді. 2006 жыл Сорос-Қазақстан қоры өлең-әңгімелерге жабық бәйге жариялады. Марқұм Зейнолла Серікқали сыншының ұнатуымен «Бал арасы» атты әңгімем бәйгеден келіп, «Қайран дүние» атты жинаққа «Қазақстанның жаңа прозасы» деп кіргізді. Кейінгі жылдардағы республикалық әдеби байқауларда бәйгеден төрт әңгімем келіп, соның бірі «Кек» бірінші орын алды. Шыққан кітаптарыма оқырман қауымның бағасы жаман емес. «Ұлы көш» романын таба алмай, өзіме телефон шалып, іздеп жүрген бірталай оқырманды кездестірдім. Ал әдебиеттанушы-сыншы­лардың менің шығармаларым туралы не деп жазғанын оқыған боларсың.

– Сізді және шығар­ма­ларыңызды Атамакендегі қа­лам­­дастарыңыз қақпай­ламағаны байқалып тұр. Десе де көңіліңізге келген жайттер жоқ па?

– Мен өзімді қоя тұрып, басқалар жөнінде айтайын. Мұрқұм Жақсылық сәмитұлы менің түсінігімше мықты жазушы еді. Атажұртқа Қытайдағы қызметін тастап, менен бұрынырақ келді. Отбасын ҚазҰМУ -дың шығыстану факультетінде мұғалімдік істеп, еңбекақысымен асырады. Зейнеткерлік жасқа толғанда, демалысқа шыға алмай, арызданып бармаған жері жоқ. «Қытай мен Қазақстанның көші-қон туралы және өзара еңбек келісім шарты жоқ» делініп көңілде жүрген шаруасын әл ете алмай кетті. Кітпатпрын сыйлыққа ұсынып көріп еді, алғашқы қадам да-ақ аттап баса алмады. Егер оралман қаламгер болмағанда, ортадан ойып сыйлық алатын жазушы екенін көзі қарақты әдебиет танушылар айтып жүр. Өз қалам қарымымды байқайын деп «Алаш» сыйлығына кітап ұсынып көрдім. «Жалғасы шықпапты» деген сылтаумен ештеңе бұйырмады. Мүмкін бағалаушылардың көбімен таныстық, ара­ластығымның жоқтығынан болар. Ал Қытайдан атақ-сыйлықтармыздың Атажұртта онша ілікке алынар түрі байқалмайды. Зейнеткеріке шығу мұнда мүмкін болмаған соң, Қытайдан пенция алып жүрмін. «Таңжарық» атты пессьам республикалық драммалық шығармалар байқауында сараптан өтіп, жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар атанған пьесалардың қатарында таңдамалы жинақтың екінші кітабына кірді. Ал театр ұжымымен тілдессем, сахналасуы үшін – грант немесе демеуші қажет екенін айтады. Оны қалай әл ете қоярмын! Енді бір көңіліме сызат түсіргені – кейбір қайшылығы бар топтар мен жіктерге жеке адамдардың өзара дау-дамайына араласпайтын әдетім бар еді. Ұлтшылдығым болса да, рушылдығым жоқ. «Бүгінгі проза» деген мақаламда Әбдіжәміл Нұрпейісовтың «Соңғы парыз» романын жаңа тынысты проза қатарында бағалаған едім. Ол кісінің қарсыластарына жақпай қалды. Талай жерде алдымнан шықты. Кейде жолым кесіліп те қалады. Өз басым қаламгерлердің бәрін бірдей көрем. Көңіліме ұнаған шығарманың авторын танымасам да, оны көрмесем де айтарымды бүкпей жақсы бағасын бердім. «Әңгіменің жүрегі» атты мақаламда Сағадат дейтін қыздың екі әңгімесін бірдей талдаппын. Бірі – «Жаға жар», енді бірі «Қара сұлба». Сөйтсем авторы екеу емес, бір адам екен. Екі әңгіменің бірінде әкесінің атын, екіншінде фамияиясын жазыпты. Өзгелерден ұғып «Қара сұлбаны» қалдырдым. Ол қызды қазірге дейін көргем жоқ. Шығарманың құнына қарамай адамға қарап баға беру – асқан әділетсіздік болар еді. Ал қарама-қарсы екі жақтың біріне жақсаң, екіншісіне ұнамай қалуың мүмкін.

Тарихи ұлы тұлғалар, ерекше оқиғалар кесек көркем шығармалар туралы түрліше көзқарас, таным-түсініктердің, барлық қаламгерлердің ой-санасында ұқсамайтындығы табиғи. Сол жөнінде талас туыла қалса, жеке бастың мінін теріп, жыртығына қол салу – меңіңше мәдениетсіздік, батыра айтсақ – жабайылық. Осындай жайттерге қынжыламын. Егер қаламгерлер топқа бөліну керек болса, дарындылар мен дарынсыздар болып жіктелгені жөн шығар. Дарындалардың алтыбақан ала ауыз болса, оның түбі неге барып соғады? Дарынсыздарға жем түседі. «Шөп те өлең, шөңге де өлең, өсек те роман» болып жамырап шыға келеді. Сөйтіп көркем шығарма былғанады. Осы күнде дарынды қайсы, дарынсыз қайсы парықталмай барады ғой. Оны қайткенде жыға тануға болады? Оның бір тәсілі – сындағы талас-тартысқа еркін жол қою керек. Бірақ ол үшін өштесіп кек сақтамау қажет. Сыннан қорыққан, сын айтушыны қақпайлаған адамнан әділет жөнінде үміт күтуге болмайды. Ғылыми айтыстан шындық туады. «Әкеңді Алатауда бір жыққанмын, менікі жөн» дегенге үнсіз қалу да әділетсіздікке жол беру. Әлемнің әдебиет алаңы да айтысқа толы. Ғылмыи айтыс үшін соттасып жатқан әдебиеттанушы, сыншыларды көргем жоқ.

– Арғы бет пен бергі беттің көркем шығармалары сөз болғанда кейде ол жақтағы ағайынның қаламынан туған дүниелерді бұл жақ бірден қабылдамай жатады. Немесе қазіргі жас қаламгерлер сіздердің шығармаларыңыздан тек көне сүрдекті қарастыруға ғана ыңғай танытатындар бар сияқты. Сіз оған қалай қарайсыз?

– Арғы беттің қаламгерлері кирилицаны шетінен таниды. Қазақстанда дүниеге келген көркем шығармаларды бәрі оқи алады. Төте жазуды бұрын Қазақстандықтарда қолданғандықтан, сол кездегі жарық көрген көркем шығармалармен тіпті ертеден таныс. Мен Абай жолы романын 50 неше жылдың алдында орта мектепте оқып жүрген кезімде төте жазудан оқығам. Демек, бізде бергі беттің әдеби туындылары ертеден белгілі. Оның бері жағында екі ел тату кезінде өзіміз Қазақстанның оқулығымен көзімізді аштық. Студент шағымда әлем әдебиетінен Қытай тілі арқылы хабар тапқаныммен, Қазақстанда тәржімаланып жарық көрген әлем классиктернің кітаптарынын пайдалану орайына сол кездері ие болдық. Қазақстандағы қаламгерлердің төте жазуды танымайтындары рас. Сол себепті Қытайдағы қазақ әдебиетінен хабары болмайды. Ал Атамекенге оралған қаламгерлердің жарық көрген кітаптарының тиражы шамалы.

Бірен-саран қаламдас­та­рыма болмаса кітабымды бере алмадым. Өз күшіме сү­йеніп шығарған кіптарымды негізінен кітапханаларға қо­йып жүрмін. Әдеби басылымдарда оқырманмен бет көріскен шығармаларымды кім қаншалық оқығанын біл­меймін. Өзге Қытайдан келген қаламгерлер де мен сияқ­ты. Сондықтан біздің әдеби туындыларымызды әсі­ресе Қазақстандық жас қаламгерлердің таныс емес екендігі түсінікті. Сол себепті біздің шығармаларымыздан бірден жаңалық күте қоймайды. Қытайда аштықтың жойылуы, капиталистік елдерге есік ашу Қазақстанға қарағанда бір талай ерте болды. Әлем әдебиетіндегі жаңалық та Қытайдағы қаламгерлерге ертелеу әсер етті. Нобель сыйлығын алған әр ел қаламгерлерінің (аударма) көп томдығы Қазақстанда енді ғана жарық көріп жатыр. Қытай тіл жазуында мұнан жиырма неше жыл бұрын шыға бастаған. Мұнан сырт қытайша, ұйғырша, қазақша шығатын «Дүние әдебиеті» дейтін қомақты журнал бар. Сондықтын ондағы қазақ қаламгерлеріне де ықпалы тимей қоймады. Өзімнің көркем шығармаларымдағы сана ағымы, модернизм, психологиялық проза стилінің жылт беруі де соның әсері. Өзгелерді білмеймін, Қазақстандық бірталай қаламдастарым мені түсініп қалды. Шығармаларымды талдап мақала жазып та үлгерді. Төкен Әлжантегі мен Төрехан Майбас менің көп томдығым туралы көлемді мақала жазып, әдеби басылымдарға ұсынды. Мені түсінген деген осы ғой.

– Шеттен келген ағайындар Қазақстаннан «аламын» деп емес, «беремін» деп келуі керек» дегенді жиі айтамыз. сіз не алдыңыз? Не бердіңіз?

– Атажұрттан кітап шығару, әдеби басылымдарда шығармаларымның жарық көру хағдайын жоғарыда айтып өттім. Өзімнің отбасыма үкімет тарапынан үш бөлмелі үй берілді. Мұның бәрі маған жасалған қамқорлық яғни алғаным деп қараймын. Ал менің бергенім – Атажұртының азаматтығын алған бала-шағам. Дүниеде адамнан артық не бар? Өз басым қазақ елінің ұлы мұраты – тәуелсіздік, ұлт тағдырының басын оңға қарату, алаш рухы мен идеясы. Менің көркем шығармаларымның арқауы – негізінен осы түйіндерге құрылған. Мұны да алаштың ұранына үн қосқаным деп санаймын. Меніңше, осылар бергенім болар.

– Сіздердің осы әдеби ортаға бейімделулеріңізге немесе қоғамның ішкі қатпарына үңіліп, қаламгерлермен араласуыңызға кедергі бар ма?

– Мен қай елде болсам да, саясатқа, саяси партиялардың ішкі арыпталас, айтыс-тартыстарына зауқым соқпайтын әдетім бар. Қытайдағы кезімде де саяси науқанға қатысты зор жиындарда залдың артқы қатарында отырып алып, роман оқушы едім. Ал менің ішкі арпалысым, түпкі идеям негізінен шығармаларымда кеңінен бейнеленеді. Солай болғандықтан атамекенде де қоғамның ішкі қатпарларына үңіліп жүрмін. Ол «Ұлы көш» романымда айқын байқалады. Менің әдеби ортаға бейімделіуіме ешкім кедергі болған жоқ. Жалпы оралмап атаулыға бір түрлі қақпай бар сияқты... Мәселен: бір ақсақал «Қазақ әдебиеті» газетіне үлкен мақала жазды. Тақырыбы – «Есіктен кіріп төрлеме!» Мазмұны – қарапайым қандастармен жерлік адамдар жерге таласы туралы. Мақала авторының атын атамай-ақ қояйын, мұнан нені түсінуге болады? Шетелден келіп жатқан қазақтардың бәрі атажұрттан кетіп қалып, қайта оралғандар емес, солардың ұрпақтары мен екі елдің шекарасы бөлінгенде арғы бетте қалып қойғандар. Демек Елбасының үндеуіне үн қосып, елге оралғанына кінәлі ма? «Төрлемесі!» несі?! «Босағадан өрлеме!» деген сөз ғой?! Бұл қандастар үшін неткен ауыр трагадия десеңізші. Ақылға салып көріңіздер? Бекер обалы бар ұлтжанды азаматтар қандастары үшін шырылдап-ақ жүр. Сол үшін төбеміз көкке жеткендей болады. «төрлемені» әлгі адамдай ашық айтпаса да, сабан астынан су жүгіртіп, әңгіртаяқ көтеретін аз санды кісілер жоқ емес. Ондай пиғыл жүрек ауыртады... Кейбір дөкей шығармада оралмандарды жерден алып жерге салса оған не бетімізді айтамыз?! Сұмдық емес пе?!

– Сіздің әдеби туын­ды­ларыңызда классикалық үл­гімен қатар, жаңаша іздену тәсіліңіз де бірден байқалады. Жалпы модернизмдік жа­ңашыл ағымдарға деген көз­қарасыңыз қалай?

– Мен модернизм, постмодернизм туралы түсініктерімді «Әдебиет айдыны» газетіне басылған «Бүгінгі проза» туралы мақаламда жазған едім. Оны тағы да қайталай қажеті шамалы. жинақтап айтқанда, бұл ағын әлем әдебиетінде дүниеге келгелі бір ғасырдан асты. Мұны құптаушылар да, ұнатпаушылар да, үзілді-кесілді қарсылар да табылады. Біздің елімізде де солай. Бірақ оны тосу ешкімнің қолынан келмейді. Көркемдік туралы сөз ашпаған күннің өзінде, бұл ағым – өзінің бүкпесіз бояусыз, шыншылдығымен құнды. Ол адам жанының терең қатпарларына үңіледі. Пенделіктің тым арыда жатқан хайуандық сезімдерінде, жексүрын, әрі аянышты қылықтарын айпарадай ашуға батыл. Өз басым әдебиеттегі бұл ағымды құптаймын. Бірақ жансыз еліктеп, көшіріп қолдануға қарсымын. Ұлттық түс, бояу беріп, өз тұсымнан өріс іздеп ізденемін.

– Қазіргі қолға алғалы жатқан шығармаларыңыз ту­ралы және болашақ жоспар­ларыңыз жайлы не айтасыз?

-Менің 17 жасымда тұңғыш өлеңім, 18 жасымда алғашқы әңгімем жарияланды. Сонан бірі 53 жыл еңбектендім. Оның көбі Қытайда жарық көргенімен Қазақстанда әлі толық басылым тапқан жоқ. Бір-екі томдық шығармаларымды реттеп, дайындау үстіндемін. Онан соңғы жоспарым әзірше беймәлім. Құдай қуат берсе көре жатармын.

– Қазіргі жастар шы­ғармашылығына қаратқан көз­қарасыңыз қалай? Несі ұнайды, несі ұнамайды?

– Қазіргі жас қаламгер­лердің әдеби туындыларынан зор үміт күтетінім жайлы бұрынғы жарық көрген мақалаларымда да біраз аялдаған едім. Бүгінгі таңның қолына қалам алған әдебиет­шілері, біріншіден; сауатты, әдебиеттану ғылымынан тәп-тәуір хабары бар, оқығандар. Екін­шіден; Қызыл империяның ұшқары саясаты көркем шы­ғарманы озбырлықпен жетегіне алған. Кеселді заманның бұғауынан азат болған тәуелсіз елде жасап жатыр. Қалай жазу өз еркінде. Үшіншіден; әлем әдебиетінен ешқандай қақпай қөрмей барынша еркін сусындайтын дәуірде өмір сүруде. Өзге әдеби басылымдардағы аударма арқылы пайдалануға болатын көркем шығармаларды былай қойғанда, Астанадағы «Аударма» баспасынан Нобель сыйлығын алған әлем классиктерінің көп томдығы толассыз жарық көрген. Әлем әдебиетінен қалай пайдаланамын десе жағдай бар. Оның бер жағында қазіргі жас қаламгерлердің бір талайы орыс тілінен сырт ағылшын, француз, неміс тілін біледі. Қытайдан келген жас қаламгерлер қытай тіл-жазуына жетік. Демек әлемнің озық әдеби ағымдарын, жетістіктерін өзге ұлт тілдері арқылы да еркін қолдануына мүмкіндік бар. Төртіншіден, бүгінгі жас авторлар ізденгіш, талғампаз, үйренуге шөгел тозығы жеткен көне сүрдектен қашқақтайды. Мейлі проза, поэзияда жалаңдықтан, ұраншылдықтан кісімсіп көркем шығарма арқылы ақыл, үгіт-нәсихат айтудан аулақ. Ойды астарлы, образды жазуға, бейнелеуге тырысуда. Ұнамайтын жақтары ( барлық жас қаламгерлерге қаратылмайды). Бірінші, кейбір жас авторлар ұлтымыздың әдеби тілінен жұтаңқырап жүр. «Тілге жарымаған жазушы - бізге жарымаған етікші сияқты» деген сөз бар. Екінші, енді біреулер әлем әдебиетінде жаңа ағымдарға жансыз еліктеп, модернизм, постмодернизм сияқты ағымдардың өз шекпенінен шыққандай шығармаларды дүниеге әкеліп жүр. Ұлттық бояу, нақыш-өрнек беруі кемшіл. Үшінші, біреулер байырғы классикалық ағымда жазылған алыптардың көркем туындыларына үрке қарайды. Әдебиетте жаңа ағымдар пайда болғанда, көне ағымдарды түгелдей жоққа шығару деген сөз емес. Іздену жан-жақты болу керек. Тіпті, одақ кезінде саясаттың жетегінде амалсыз кетіп қалған керемет көркем шығармалар бар. Огың өзімізге пайдалы көркемдік тәсілдерін үйренген жөн.

– Қазақстандағы қазіргі әдеби байқаулардың жағдайы қалай? Бұл жөнінде не айтасыз?

– Мен «бір өлең - бір әлем» бәйгесі сіргесін жиғаннан кейін «Бәйгеге бәрекелді!» деген мақала жазып, «Қазақ әдебиетіне» ұсынған едім. «біреулерге қатал тиіп кетер» деп сол кездегі бас редактордың орынбасары Бекжан басуға қосылмады. «Ана тілі» газетіне қысқартып, майдалап, жұқартып берді. Осы мақаламда лайықты бағасын алған өлеңдерді де, лайықсыз артық бағасын, иә кем бағасын алған өлеңдерді де (бірнешеуін) талдағанмын. Әрине, жақсы болса неге, нашар болса неге дәлелденуі керек қой. «Бір өлең – бір әлем» байқауының бір жақсы жері – бәйгеден келген өлеңдер «Қазақ әдебиеті» газетіне басылды. Сондықтан оған баға жазуға мүмкіндік болды. Ал өзге ашық-жабық әдеби байқауларды жүлделі шығармалар әдеби басылымдарда жарық көрмейді. Кітап болып шықса оны қаламгеолер, сыншылар көре алмайды. Бұрынғы жылдарда «жабық» байқаулар өте әділ болған. Кейінгі жылдар ішті-тысты, ым-жымын білдірмей жіберетін жағдайларға көзіміз жетіп жүрді. «Сын түзелмей, мін түзелмейді» дейтініміз қайда? Сын-сараптан қорық­қан көркем шығарманы – жүлдегер деуге бола ма?

– Әңгімеңізге рахмет.

Әбу ЖАРҚЫНҰЛЫ