БАУЫРЖАН МОМЫШҰЛЫН ЕСКЕ АЛУ, КЕМПІР МЕН ҚЫЗ ЖОЛДАҒАН ҒАШЫҚТЫҚ ХАТ ЖӘНЕ АЛМАТЫДАҒЫ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ КЕШ…

0
2775

(Ш.Айтматов туралы эсселер кітабынан)

1997 жылы 16-мамырда Алматыдағы 3 мың адам сиятын Республика сарайында Шыңғыс Айтматов екеуміздің «Ғасыр айрығындағы сырласу» атты бірлескен шығармашылық кешіміз өтетін болды. Бұрын Шікең Алматыға қанша келіп жүрсе де мұндай деңгейде, оның үстіне қырғыз, қазақ халықтарының бауырластығын қамтыған, екі елдің алдыңғы қатарлы театр қайраткерлерін, әншілерін араластырған үлкен кеш жоспарланған емес еді. Бір күн бұрын «Қазақстан» қонақүйінің үлкен залында баспасөз, радио, телеарна қызметкерлеріне арналған жүздесу өткен-ді. Сонда бір журналист «Құз басындағы аңшының зарын» бір ретті місе тұтпай екінші рет қайталап оқығанын айтты. Оған әсіресе Бауыржан Момышұлының біз суреттеген, жұрт есінде қалатын тосын, оқыс мінездері, әсіресе Кубаға барған сапарында өзіне сырттай ғашық болған бір әйелдің меселін қалай қайтарғаны және мәшинесін сатады деп үміттенген саудагерлерді пистолетімен қорқытып 40-50 рет жатқызып, тұрғызғаны қатты ұнады. «Осы ұлы адам туралы әлдебір себептермен кітапқа енбей қалған естеліктеріңіз бар ма?» деп сұрады әлгі журналист. Оқырман жұртқа ұғынықты болу үшін кітаптағы жігітке ұнаған екі әңгімеден үзінді келтіре кетейін:

(Басы өткен санда)

«Айтматов. А.Бектің «Воло­колам тас жолы» шығармасын Жамбыл малдәрігерлік техни­кумында жүргенімде оқып, Баукеңе сырттай сүйіспеншілігім оянған. Ол өзінің ерлігімен, азаматтық қайсар тұлғасымен бірнеше ұрпақтың құрметіне бөленіп үлгерді. Мен сондай даңқты батырдың арамызда тірі жүргеніне таңданатын едім әрі маған ондай тұлғалардың бәрі өткен ғасырларда ертегілермен бірге жасасып өтіп кеткендей көрінетін.

Кейін Лениндік сыйлық алғанымда, Баукеңнің Алматыдан көңіл толқытар жеделхат жолдап, ағынан жарыла құттықтайтынын, Мәскеуде, Алматыда талай мәрте жүздесіп, емен-жарқын сырласатынымызды қайдан білейін? Бірде Арбаттың бойында жолығып қалған батыр ағамыз:

– Шыңғыс, ел арасында мен жайлы 120 вагон өсек бар, соның 1 вагоны шындық та, қалған 119-ы өтірік. Фидель Кастроның арнайы шақыруымен Кубаға барғанымда, – деп әңгімесін жалғады ол, – сүйріктей қоңыр қыз жаныма жетіп кеп:

– Полковник, Сіз жөнінде көп оқығандығымнан болар, кішкентайымнан өзіңізге сырттай ғашықпын. Қаласаңыз, әйеліңіз болайын. Еліңізге алып кетіңіз, – дегені.

Еш қымсынар емес, еркелей басып, қарсы алдыма кеп тұрды.

– Бойжеткен, – дедім сонда көзіне тік қарап, – қазақта «Қыз күнінде бәрі жақсы, жаман әйел қайдан шығар» деген мақал бар. Сен менің мінезімді білмейсің ғой, білсең, бұлай айтпас та едің…

Өзі сұранып тұрған қызды некелеп алып келсем ғой, мен жайлы өсек-аяң 200 вагоннан асып жығылар еді…

Екеуміз жарыса күлдік.

Шаханов. …Ол кезде жазушылар өзгелерге қарағанда әлдеқайда ауқатты тұратын еді ғой. Тіпті орташа жазушының өзі жыл аралатып шыққан кітабының қаламақысына бір машина сатып ала беретін. Олар кейде үкімет бағасымен берілетін жеңілдікті де пайдаланатын. Баукеңнің де машинасы бар. Алматы облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы, әдебиет, өнер адамдарына ерекше қамқор боп жүретін Асанбай Асқаровқа анда-санда ғана телефон шалып, жүргізуші шақыртып, қажет жеріне барып-келіп жүреді деп еститінбіз. Жалпы алғанда, машинасы мінілмей, қаңтарылып тұрады десе де болғандай.

Жыл сайын көрші республика­лардан келіп, машина сатып алушылар Жазушылар одағын төңіректейтін. Ондағы ойлары: жазушы деген есеп-қисапқа жоқтау халық, машинасын арзандау бағаға саудалап, майлап, сырлап, қымбат бағаға кері жөңкітіп жіберуге әбден қолайлы. Екі ортада пайдаға қарық боласың да қаласың.

Сөйтіп дәніккен қулар бір жазда жазушыларды тағы да ығыр ете бастайды. Сонда ерегіскен біреу тұрып: «Бауыржан машинасын сатады деп естідім. Барып, саудаласып көріңдер. Тілін тапсаңдар, өзі жомарт адам, тіпті тегін беріп жіберуі мүмкін», – деп, екі пайдакүнемді Момышұлының үйіне жұмсайды.

Баукең ертеңгі шайын қанып ішіп, үстіне шапанын жамылып, газет қарап отырса керек. Екі саудагер есік қағып, ішке еніпті. Қазақтың салт-дәстүрін қатаң ұстанған қонақжай Баукең танымаса да, екеуін төрге шығарып:

– Әй, қатын, қазан көтер, – деп, ас үй жаққа дауыстайды.

Екі қолын алдарына сыйдыра алмай отырған қос қонақ мұрын астынан міңгірлеп, негізгі шаруаларын айтпақ боп, қозғалақтай бастағанда, батыр:

– Тоқтаңдар! – деп шорт үзеді. – Қазақтың дәстүрі бойынша, мейман сыбағалы асын жеп болмай, келген шаруасын ауызға алмайды.

Шай ішіледі. Артынан үйме табақ ет келеді. Тамақ жеп, қол шайып, қайтадан жайғасқан меймандарына Баукең:

– Ал енді келген шаруаларыңды айта беріңдер. Рұқсат, – деп, өзі темекісін жайбарақат езуіне апарады. Сонда таңертеңнен бері құдайдай сыйлап отырған қонағының бірі тұрып:

– Сізді машинасын сатады деп естідік… Мінбейтін көрінесіз… Сатсаңыз, біз алар едік, – деп кібіртіктеп әңгімесін бастайды.

Табиғатында сатуды, бір затын біреуге саудалауды білмей өткен әрі олай етуді өзіне ар санайтын мәрт адам қаны басына шапшып, мұрты тікірейіп, орнынан атып тұрып, жазу үстелінің суырмасынан пистолетін суырып алады да:

– Встать! – деп ақырады. Тізелері діріл қаққан екеуі орындарынан жалма-жан ұшып тұрады.

– Ложись! – деп бұйырады қайтадан.

Жан тәтті емес пе, қолына пистолетін ойнатқан Момышұлының «встать!», «ложись!» деген әмірін амалсыздан орындап, 40-50 рет жатып-тұрған әлгілер ақыры қара терге түсіп, діңкесі құриды.

– Кругом! – дейді әлден уақытта құшыры қанған батыр. – Марш! Машинаны сендерге сатқанша, өртеп жібергенім артық!»

– Ал Бауыржан Момышұлы туралы кітапқа енбеген, яғни сәл ыңғайсыздау тимесін деген ниетпен бүгіп қалған екі естелігім бар еді, – дедім мен. Реті келген сұраққа орай соның бірін назарларыңызға ұсынайын: Бірде маған Баукең телефон соқты. Өйткені екі күн бұрын Лермонтов атындағы орыс драма театрында өткен бір жиында үй телефонымның нөмірін жазып алған еді. Неге екенін қайдам, ол әңгімесін бірден орысша бастады.

Мен Баукеңнің сөзін бөліп:

– Сіз кімге телефон соғып тұрсыз? – дедім.

– Я звоню Мухтару Шаханову, – деді ол даусын көтеріп.

– Мұхтар Шаханов орыс ұлтының перзенті ме еді? – дедім мен қызынып. – Өзіңіз қаншама жылдардан бері қазақ халқының салт-санасын, дәстүрін, тілін сақтау жайлы жүйелі әңгімелер айтып келесіз. Сөйте тұра өз ана тіліңізді менсінбес мінез танытасыз, қазақ азаматына орыс тілінде тіл қатасыз. Сөзіңіз бен ісіңіздің арасында екі жарым шақырым айырмашылық бой көрсетіп тұр… Сау болыңыз!

Осылай дедім де телефон тұтқасын тастап жібердім.

Жарты минут уақыт өтер, өтпесте Баукең қайта телефон шалды:

– Мұхтар, кешір айналайын, – деді ол салиқалы үнмен. – Әскери тәрбие, әскери психология және ондағы орыс сөзінің қуаты бүкіл санамды жаулап алған. Кейде қазақша сөйлеп тұрып та орыс тіліне ауысып кете беремін. Орыстандыру саясаты біздер арқылы зор табысқа жетті. Ұлттық құндылықтарға жүрдім-бардым қарап, ит боп кеттік қой. Сының өте орынды және одан шама-шарқымша қорытынды шығаруға уәде етемін!

Сол тұстағы аға, ата буын саналатын ақын-жазушы қауымы өкілдерінің басым көпшілігі өз қатесін мойындауға құлықсыз болатын. Бауыржан Момышұлының рухани тазалығы және тоталитарлық жүйе қалыптастырған өз ағат ісін батыл мойындап, ағынан жарыла кешірім сұрауы, менің ол кісіге деген ықыласымды онан сайын қанаттандыра түсті.

Енді Республика сарайында өтетін кешке қайта оралалық. Жасыратыны жоқ, ол кезде қазақта ақын-жазушы көп болғанымен, Республика сарайында, өзіне 3 мың жанкүйер жинау оңай шаруа емес-ті. Сондықтан бұрын бұл сарайда тек Олжас Сүлейменов екеуміздің ғана кешіміз өтіп тұратын. Ал Айтматовты насихаттап әуре болудың мүлде қажетсіз шаруа екені белгілі. Тек жұрт құлақтанса жетіп жатыр. Сонымен, халық залға сыймай қалды. Көп адам үзіліссіз үш сағаттан астам уақытқа созылған кеш бойына түрегеп тұрды. Алдымен Қырғыз Республикасының Пре­зиденті Асқар Ақаевтың Бішкек­тен екеуміздің шығармашы­лық кешімізге арнайы жіберген құт­тықтау хаты оқылды. Кейіннен баспасөзде жарияланған сол хатта мынандай жолдар бар еді:

«…Сіздердің өмірлік ұстанған бағыттарыңыз бен шығармашылық ерекшеліктеріңіз Қазақстан, Қырғызстан халықтары арасында үлкен құрмет биігіне көтерілді. Бүкіл Орталық Азия аймағында екі мемлекеттің бірдей халық жазушысы абыройын қатар иеленген, екеуіңіздей қаламгер жоқ екені айқын.

Сіз, Шыңғыс Төреқұлұлы, ХХ ғасыр тудырған ерекше дара тұлғаның бірісіз. Әлемдік мәде­ниеттің рухани өркен жаюына қосқан үлесіңіз де орасан. Дүниежүзі оқырмандарының бірнеше ұрпағы Сіздің шығармаларыңыз негізінде тәрбиеленді. Сіз қырғыз халқының хас батырына, ұлттық мақтанышына айналдыңыз…

Сіз, Мұхтар Шаханұлы, Шығыс­тың даналығы мен Батыстың алғыр­лығын поэзияңызға қатар ендірген Азия құрлығындағы дара тұлғалы ақынсыз. Бүкіл Кеңестер Одағындағы демократиялық қозғалыстардың тұңғышы боп саналатын, 1986 жылғы Қазақстандағы Желтоқсан оқиғасы кезінде тоталитарлық жүйе қыспағында қалғандарды қорғауда азаматтығыңыз бен ақындығыңызды салып, қазақ халқының өнегелі перзенті ретінде ерлікке барабар іс еттіңіз…

Сіздерге қайталанбас биік ұшу, шырқау шығармашылық өріс тілеймін!»

Қазақ, қырғыз және орыс тілдерінде өткен шығармашылық кештегі алғашқы сөз Айтматовқа берілді. Ол қырғыз-қазақ елдерінің сан ғасырлардан бері жалғасып келе жатқан бауырластығына, «Манас» эпосына және Мұхтар Әуезовтің дара шығармашылығына тоқтала келіп, өткен жылы «Рауан» баспасынан жарық көрген екеуміздің ортақ шығармамыз «Құз басындағы аңшының зары» мен Қырғыз академиялық театрында белгілі режиссер Алмас Сарлықбаев қойған «Сократты ескеру түні» атты драмамыздың қалай жазылғанына және қандай мақсатты алға тұтқанымызға кеңірек тоқталды. Мұнан соң қырғыз әртістерінің орындауында «Сократты ескеру түнінен» үзінді көрсетілді. Сөз кезегі берілгенде мен де соңғы кезде жазылған жырларымды жатқа оқи келе, Айтматов екеуміздің өтінішімізге орай қырғыздың атақты мүсіншісі, Лениндік сыйлықтың лауреаты Тұрғанбай Сыдықов Мұхтар Әуезовтің биік тұлғалы ескерткішін тастан қашап жатқанын жеткіздім. «Бұл Мұхтар Әуезовтің қырғыз жеріндегі тұңғыш ескерткіші болмақ» дедім мен.

Соңынан Шікең екеуміз алма-кезек оқырмандар сұрақтарына жауап бердік. «Егемен Қазақстан» газетінің 1997 жылғы 20-мамыр күнгі санында белгілі журналист Еркін Қыдыр Айтматовқа қойылған сұрақтарды былай саралапты:

– «Шыңғыс Төреқұлұлы, есі­міңізді әлемге танытқан алғашқы шы­ғармаңыз – «Жәмила» повесін қазақ жерінде «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетінде жарияладыңыз. Одан кейін «Бетпе-бет», «Қош, Гүлсары», «Ақ кеме», «Ғасырдан ұзақ күн», «Жанпида»… Бұрынғы шығармаларыңызбен салыстырғанда соңғы еңбегіңіз «Кассандра таңбасы» мүлдем өзгеше сипатта. Тіпті, оны басқа адам жазғандай, өзге Айтматовты көргендей болдық. Қарапайым оқырман мен үшін сіздің бұрынғы шығармаларыңыз үйренері көп, тағылымы зор өмір мектебінің оқулықтары іспетті. Дегенмен олардың авторы өзіңіз. Жаңа заман белесінде тұрып, сол шығармаларыңызды қайта қарасам деген ойыңыз жоқ па?

– Сұрақ орынды. «Кассандра таңбасы» туралы шетелдерде де әртүрлі пікір бар… Шынында да, бұл шығарманың бас кейіпкерінде Отан жоқ. Ол менің жаныма жақын қырғыз немесе қазақ ауылын мекендемейді. Ғарышта, станцияда өмір сүреді, ғалым-ғарышкер. Ұзақ жылдар бойы жасанды адамдарды дүниеге әкелуді зерттеген ғалым жерге қайтудан үзілді-кесілді бас тартты. Сөйтіп, өз күнәсін жуып-шаю үшін ғарыш тақуасына айналды. Сондықтан да оны мазалаған мәселе ауыл, елдің әңгімесі емес, жұмыр жердің, адамзаттың жағдайы. Ал енді мен осы шығармаға «Жәмила», «Ақ кеме» баспалдақтары арқылы келдім. Егер сол шығармалар тумаса «Кассандра таңбасы» да жазылмас еді…

«Жас Алаштың» жігіттері де ол кісіні өткір сұрақтарымен мазалап-ақ жатыр. Кейбір қисынсыз сауалдар тұсында да Айтматов қабағын шытқан жоқ…»

(Жалғасы бар)

Мұхтар ШАХАНОВ

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз