Өнерде өз орны бар ОРАЗҒАЛИ

d0b5d180d0bbd0b0d0bd-d0bcd183d185d0b0d0bcd0b5d182d0bad0b0d0bbd0b8-d181d183d180d0b5d182

1974-ші жылдың көктемі. Алматының Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваториясын бітіруші жас музыка маманы Оразғали Сейтқазыға келешекте еңбек ететін жұмыс орнын таңдау міндеті тұрды. Қобыз-прима және қылқобыз мамандығы бойынша 5 жыл бойы үздік оқыған Оразғалиды жұмысқа шақырғандар аз болған жоқ. Атақты Құрманғазы атындағы оркестрдің бас дирижеры Шамғон Қажығалиевтың оркестрге шақыруы, Гурьев (қазіргі Атырау), Семей музыка училищелерінен және басқа да өнер ордаларынан түскен ұсыныстар Оразғалиды көп толғандырды.

Ақыры ойлана келе әкесі Жүнісбектен ақыл сұрауды жөн көрді. Сүйікті ұлының сөзін тыңдаған әке біраз ойланып, өз шешімін айтты: «Көп жердің сені шақырып жатқаны мені қуантады, бірақ та Семейдің орны бөлек, небір ғұламалар шыққан оның топырағы қасиетті де киелі. Семей жеріне өз жүрек қалауымен барған қай адамның болсын міндетті түрде жолы ашылады, балам. Және де Семей өз аталарымыздың жері ғой. Сенің атаң – менің ардақты әкем Төлеубай да сол Семейдің суын ішіп, топырағын басып, адал еңбегінің арқасында сол жерде үлкен абыройға ие болған. Менің де балалық кезімнің Семейде өткені әлі күнге дейін есімнен кетпейді. Қорыта айтқанда, сенің Семейге барғаның дұрыс болады деп ойлаймын, бірақ та соңғы шешімді өзің жаса». Ұлы Отан соғысына қатысып, Сталинград майданында жарақат алып елге қайтқаннан кейін көп жыл Қарағанды қаласында жауапты басшылық қызмет атқарып көпті көрген, көзі ашық әкесінің осы ақылы бойынша Оразғали сол 1974 жылы Семейдің М. Төлебаев атындағы музыка училищесіне қобыз класының оқытушысы болып орналасты. Міне, содан бері 35 жыл уақыт өте шығыпты. Ұзақ жыл қажымай, талмай атқарған еңбегінің арқасында бір кездегі балаң жігіт бүгін еліміздің бүкіл шығыс өңіріне танымал, абыройлы да салиқалы өнер қайраткеріне айналды. Музыкалық училищеде (колледжде) үзбей 27 жыл жұмыс істеген Оразғали Сейтқазы қарапайым оқытушылықтан бастап барлық қызмет сатысынан өтті. Әр жылдары комсомол ұйымының хатшысы, сынып жетекшісі, бөлім меңгерушісі, кәсіподақ комитетінің төрағасы, партия ұйымының хатшысы міндеттерін абыроймен атқарды. 6 жыл колледж директорының оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болып, оқу орнының өсіп-өркендеуі жолында үлкен еңбек сіңірді. О. Сейтқазы оқытушы ретінде колледжде істеген жылдары 50 шақты қобызшы маманды тәрбиелеп, өмірге жолдама берді. Музыкалық білім саласының ерекшелігі бойынша оқытушының әр оқушыға 4-6 жыл көлемінде жеке дара сабақ өткізетінін ескерсек, бұл - өте жоғары көрсеткіш. Оқушыларының барлығы дерлік республикамыздың түкпір-түкпіріндегі музыка, өнер ордаларында, мәдени ошақтарда жемісті еңбек етіп жүр. Республикамыздың музыкалық колледждерінде қызмет істейтін Клара Жаманшалова, Жұмабибі Жайлаубаева, Нұролла Бекжанов, Жанар Қожахметова, Маржан Көшкінбаева, Салтанат Шәріпова, Кенжеш Елубаева, Шолпан Бошанова сияқты төл шәкірттерінің жемісті еңбектерінің арқасында бүгінгі күні Павлодар, Семей, Өскемен, Теміртау, Ақтөбе, Алматы, Степногорск қалаларында және бұрынғы Семей облысының барлық ауданында Оразғали Сейтқазының өзіндік ұстаздық мектебі қалыптасып, тамырын тереңге жайды десек артық емес. Алматыдағы Құрманғазы атындағы ұлттық консерваториясының білікті ұстаздарының бірі, қазақтан шыққан тұңғыш кәсіби жоғары білімді сыбызғышы Талғат Мұқышев та Оразғалидың төл шәкірті. Ондаған шәкірттері облыстық, республикалық конкурстар мен фестивальдердің лауреттары және дипломанттары атанды.

О. Сейтқазы 2001 жылы Семей мемлекеттік педагогикалық институтының «Музыкалық білім» кафедрасына ұстаздық қызметке ауысты. Осы уақыт ішінде О. Сейтқазы бұл оқу орнында да үлкен абыройға ие болды. 2007-ші жылдың шілде айында институт ғылыми кеңесінің бірауызды шешімімен О. Сейтқазыға «профессор» академиялық атағы берілді. 2004, 2006 жылдары 2 оқулық құрал және әдістемелік-нұсқау жинақтары баспадан жарық көрді. «Киелі қобыз құдіреті» атты монографиясы баспаға дайындалуда. 2008 жылдың 15 желтоқсанынан осы кезге дейін Семейдің Ә. Қашаубаев атындағы мемлекеттік филармониясының директоры қызметін атқарып келеді.

О. Сейтқазының сонау бала кезінде, отбасында әкесі Жүнісбек, шешесі Зәмзәм баулыған тәрбиеден басталған музыкаға деген құштарлығы өмір бойы жалғасып келеді. Оның сан қырлы шығармашылық жолында ерекше аталатыны – орындаушылығы оның Қарағанды музыка училищесінде оқыған кезінен бүгінге дейін жалғасын тауып келеді. Бұл оның музыкаға деген шынайы берілгендігінің белгісі. Баз біреу оқу орнын бітірер-бітірместен «осыдан құтылдым ба» дегендей аспабын ойнамай тастап кетіп, бірер жылдан кейін бұрынғы шеберлігінен мүлдем айрылып қалады. Өкінішке қарай, мұндай жағдай жиі кезігіп тұрады. Осы жағынан алғанда да О. Сейтқазыны нағыз музыка патриоты, фанаты деуге болады. Атақты ұстаздары, дәулескер қылқобызшы Дәулет Мықтыбаевтан, Қазақстанның халық артисі, қобызшы-профессор Фатима Балғаевадан, өнертану ғылымының докторы Болат Сарыбаевтан алып қалған қобыз өнерін О. Сейтқазы сахнада насихаттап, дәріптеп келеді. Оның кәсіби орындаушылық жолы 1970-ші жылдан, яғни, атақты ғалым Болат Сарыбаев құрған, қазақ тарихындағы ең алғашқы көне аспаптар ансамблінде ойнаудан басталған болатын. Осы ансамбль құрамында О. Сейтқазы «Қыз-Жібек», «Құлагер» және т.б. фильмдерге музыка жазуға қатысқан. Ұстаздық қызметімен қатар О. Сейтқазы 1974-ші жылдан бері Семейдің Ә. Қашаубаев атындағы мемлекеттік филармониясында да қарқынды еңбек етіп келеді. Әр жылдары филармонияның «Әсем», «Семей сазы», «Ғасырлар пернесі», «Қазына» ансамбльдерінде, «Бибігүл» қазақ халық аспаптары оркестрінде ойнаған. Концерттерде әрдайым жеке қобызда ойнап, домбырамен ән де шырқаған. «Қазына» ансамбілін өзі құрып, көп жыл оған жетекшілік жасаған. Әртүрлі ансамбль, оркестрлерде басшы музыкант-орындаушы ретінде кейінгі кезге дейін ойнап келді. Филармонияның «Әсем» ансамбілінің құрамында 1975-ші жылы Франция сахналарында, қазақ халық аспаптары оркестрінің құрамында 1992-ші жылы Москваның әлемге әйгілі Чайковский концерт залында өнер көрсеткен. Осы жерде ерекше атап өтетін жағдай: Франция сахналарында О. Сейтқазы қылқобызда жеке орындаушы, ансамбль құрамында қобыз-прима аспабында ойнаушы болып қана қоймай, домбырамен шырқайтын дәстүрлі әнші ретінде де көрініп, талғампаз көрермендердің зор ілтипатына ие болған. Қобызшы Оразғалидың әншілікке бой ұрып әуес болуы оның жастайынан отбасында әкесі мен шешесінің айтуында халық әндерінің небір інжу-маржандарына сусындап өсуі, консерваторияда ұлы әнші Жүсіпбек Елебековтың алдын аз да болса көруі үлкен себеп болса керек. О. Сейтқазы қобызшы және дәстүрлі әнші ретінде республикалық телеарналарда сан мәрте өнер көрсетіп, кезінде жұртшылыққа танымал болған. Үнтаспаға жазылып қазақ радиосының «алтын қорында» сақтаулы О. Сейтқазының қылқобызда ойнаған концертік бағдарламасы эфирден беріліп тұрады.

О. Сейтқазының енді бір қыры – дарынды дирижерлығы және жақсы ұйымдастырушылық қасиеті. Кезінде музыкалық колледждің қазақ халық аспаптары оркестрін басқарса, 2003-ші жылдан бері Ә. Қашаубаев атындағы Семей мемлекеттік филармониясының «Бибігүл» қазақ халық аспаптары оркестрінің бас дирижеры қызметін абыроймен атқарып келеді. Орекең бас дирижер ретінде «Бибігүлдің» кәсіби деңгейін біршама жоғары сатыға көтерді. Оркестрдің аспаптық құрамы өсті, репертуары кеңейді, шеберлікті шыңдау жолында әр орындаушымен тыңғылықты жұмыс жасалды. Осының арқасында оркестр республика көлеміне біршама танымал өнер ұжымына айналды. Оркестр 2005, 2006 жылдары Алматының «Қазақконцерт», Абай атындағы опера және балет театры залдарында жеке есепті концерттерін өте жоғары деңгейде өткізіп, талғампаз көрермендердің зор ілтипатына ие болды. Сонымен қоса, оркестр 2006-шы жылдың наурыз айында Астана қаласында өткен халық аспаптары оркестрлерінің I-ші Халықаралық «Сарыарқа» фестиваліне қатысып, жүлде алып, абыройлы оралды. Оркестрдің Алматыдағы, Астанадағы концерттерін көріп тыңдаған КСРО халық артисі Шамғон Қажығалиев, Қазақстанның халық артисі Төлепберген Абдрашев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Айтқали Жайымов, Дүйсен Үкібай және тағы басқа да өнер қайраткерлері Оразғали Сейтқазының дирижерлық шеберлігіне жоғары баға берген болатын. О. Сейтқазының басқаруындағы «Бибігүл» оркестрімен еліміздің атақты әншілері: ССРО халық артисі, Социалистік Еңбек Ері Бибігүл Төлегенова, Қазақстанның халық артистері Бекен Жылысбаев, Алтынбек Қоразбаев, Роза Рымбаева, Қазақстанның еңбек сіңірген артистері Мариямгүл Төлегенова, Толқын Забирова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Махмұт Тойкеновтер үлкен сахналарда сан мәрте өнер көрсеткен.

О. Сейтқазы – дарынды композитор ретінде де танымал. Сазгерлікпен студент кезінен бері шұғылданып келеді. Қазақ халық аспаптары және үрмелі аспаптар оркестріне, хорға, жеке аспаптарға арналған шығармалардың, оншақты күйдің, жүзге тарта әннің авторы. Сонымен қоса, осы кезге дейін 300-ге тарта шығарманы қазақ халық аспаптары оркестріне өңдеп түсірген. 50-ден аса әні кірген «Қазақстаным менің» және «Кел, билейік, Сәулешім» атты 2 ән жинағы баспадан жарық көрген. Әндері мен күйлері мерзімді басылымдарға да шыққан. Жинақтарына кірген таңдамалы әндерінде патриоттық, нақыл-өсиет және махаббат тақырыптары барынша кеңінен қамтылған. Көтерілген тақырыптары тәлім-тәрбиелік жағынан өнерсүйер қауымға, әсіресе жастарға ой салары хақ. Ән әуендері де құлаққа жағымды, тыңдаушы және орындаушы жүрегінен бірден орын табатын, сырлы сазға толы, айтуға жеңіл, өлең мәтіндерімен жақсы үйлесімін тапқан. Абай және Шәкәрім өлеңдеріне шығарған әндері ұлы ақын-композитор бабаларымыздың өзіндік әуез нақышына дәлме-дәл келіп тұр. Бұл -сазгердің Абай мен Шәкәрім­нің музыкалық шығармашылығын терең зерттегенін айқын аңғартады. Сазгердің «Алаш гимні», «Қазақстаным менің», «Қазақ елім», «Мәңгілік алау», «Жастарға», «Семей орманы», «Отаным-анам» әндері болашақта хор, ансамбль ұжымдарының репертуарынан берік орын алатыны күмән туғызбайды. Таза халықтық нақыштағы «Туған жерім», «Жіберме, қазақ, есеңді», «Дұғай сәлем», «Сағынамын», «Қарқаралы», «Жігіттер, ойын арзан, күлкі қымбат», «Дос жүрегі», «Асқақ еткім келеді», «Кешіргей бізді бабалар», «Кәрілік» әндері жалпы сипатымен халық шығармашылығына етене жақын, өзіндік бояу, реңі бар сәтті дүниелер болса, махаббат тақырыбына жазылған әндері лирикалық көңіл күйді бейнелейді. Оның композиторлығы жайында қорыта айтқанда, бүгінгі күні ол - танымал қолтаңбасы қалыптасқан дарынды сазгер. Оның музыкасының ерекшелігі: ұлттық ән нақышы еуропаның классикалық музыка нақышымен және ұлтымыздың аспаптық музыка жанрының ерекшеліктерімен біте қайнасып, өзіндік бояу реңімен айқындалады. О. Сейтқазының шығармалары өңіріміздің кәсіби және әуесқой орындаушыларының репертуарынан берік орын алып, үнемі насихатталып жүр. Әндері облыстық және қалалық деңгейде өтетін түрлі өнер байқауларында шырқалуда. Хорға арналған шығармалары музыкалық колледж бен педагогикалық институттың мемлекеттік емтихан бағдарламаларына енген. «Кешір, жаным» атты әні 2006-шы жылы қазақ радиосы өткізген «Ән шеру» хит-парадында 4-5 ай қатарынан 1-ші орында болып, соңында жылдың ең үздік 10 әні қатарына еніп, бүкіл республикаға тарап кетті. Бұл ән сонымен қатар көп тиражбен шыққан «Арман-ай» үнтаспасына да енген. О. Сейтқазының сазгерлік шығармашылығына Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Теміржан Базарбаев, Олег Жанияров, Мәулет Рахимбаев, Қазақстанның халық артисі Алтынбек Қоразбаев және Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, өнер зерттеуші Жарқын Шәкерімдер ресми түрде тиісті оң бағаларын берген.

1966-шы жылдан осы кезге дейін О. Сейтқазы әуесқойлық көркемөнердің дамуы жолында да көп тер төгіп, бұл салаға үлкен үлес қосып келе жатқан азамат. Қарағандыдағы №2 мектеп-интернаттың оқушыла­рынан құралған домбыра үйірмесін басқарудан басталған бұл іс кейіннен Алматыда, Семейде және облыс аудандарында жалғасты. Семей қаласындағы зоотехникалық-малдәрігерлік институтының, аң терісі-мех техникумының, қызмет көрсету колледжінің, аудандардағы «Қарабұлақ» және «Абыралы» кеңшарларының ол басқарған әуесқой қазақ халық аспаптары оркестрлері қалалық және облыстық деңгейдегі өнер сайысында сан мәрте жеңімпаз атанған. «Қарабұлақ» оркестрі Алматыға барып, республикалық телеарна арқылы өнер көрсету дәрежесіне де ие болған. Семей мемлекеттік педагогикалық институтының О. Сейтқазы басқаратын әуесқой қазақ халық аспаптары оркестрі 2002, 2004 жылдары көркемөнерпаздар ұжымдарының облыстық байқауының 1-ші дәрежелі лауреаты атанып, «Облыстың үздік әуесқой оркестрі» атағын иеленді. Сонымен қоса, О. Сейтқазы институт оқытушылары мен студенттерінен құралған «Шыңғыстау» атты фольклорлы-этнографиялық ансамбльге жетекшілік етеді. Ансамбль 2005 жылы «Қазақстан» ұлттық телеарнасының «Жеті саз» бағдарламасы арқылы өнер көрсетті және ансамбльдің концерттік бағдарламасы толығымен қазақ радиосының қорына жазылып алынып, республика көлеміне эфир арқылы беріліп тұрады.

О. Сейтқазының осынау сан қырлы да кең ауқымды ұстаздық және шығармашылық еңбегі ескерусіз қалған жоқ. Ол «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі», «Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері» Құрмет белгілерімен, Білім және ғылым министрінің, Мәдениет және ақпарат министрінің Құрмет грамоталарымен марапатталған. Алайда осындай үлкен дарын иесінің ерен еңбегі билік-үкімет тарапынан толықтай өз дәрежесінде бағаланды дей алмаймыз. Әйтсе де Орекең құрметті атақтардың біріне әбден лайық азамат деп ойлаймыз. «Дарындардың барлығы орталықта шоғырланған, моральды және материалды қолдауды соларға көрсету керек» деген психология жоғарғы билікте отырған азаматтарымыздың санасында әбден қалыптасып қалған. Сондықтан да болар шеттегі жатқан небір дарын иелері көбінесе ескерусіз қалады да, кейін уақыт өте келе бәріміз әттеген-ай дейміз. Лайым солай болмаса екен деп тілейік!

Әбу ЖАРҚЫН