Оралмандар мәселесі – партиялар назарында

13 қыркүйек күні Астана қаласында «Нұр Отан» ХДП-ның мәжіліс залында өткен дөңгелек үстел отырысы жұртты осындай ойларға жетеледі. Атап айтар болсақ Руханият Жасылдар партиясының бастамасымен қолға алынған бұл шараға «Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясы үн қосып, партия аралық отырыс ұймдастырған еді.

Дөңгелек үстелге «Әділет», «Ақжол» партиясы өкілдері, Еңбек және Халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбдіхалықова, Парламент Мәжілісінің депутаттары, Көші-қон комитетінің төрағасы Қабылсаят Әбішев, Заң университетінің ректоры Мақсұт Нәрікбаев және құзырлы органдардың жауаптылары мен оралман өкілдері қатысты. Отырысты Руханият Жасылдар партиясының төрағасы Серікжан Мәмбетәлин жүргізіп отырды.

Қабылсаят Әбішев көші-қонның бүгінгі жетістіктері туралы баяндамасын оқыса, шеттен келген қандастар атынан жазушы Жәди Шәкенұлы көші-қон төңірегінде қордаланған мәселелер мен ұсыныс-талаптарды негіз еткен арнайы баяндама жасады.Жарыссөзге шыққан Қайрат Бодаухан, Бәшір Жаналтай, Зиябек Қабулдин секілді азаматтар да қазақ көшіне тұсау болып отырған мәселелерді нақтылы мысалдармен ортаға салды.

Отырысқа қатысушылар «Халықтың көші-қоны туралы заңына» өзгерістер мен толықтырулар енгізіп, оны оралман өкілдері қатысқан арнайы комиссияның бекітуімен қабылдауды бір ауыздан мақұлдады. Әрі бүгінгі тоқырай бастаған қазақ көшін қайта қозғау туралы ұсыныс-талаптарын білдірді.

Сөз соңында «Нұр Отан» Халықтық Демократиялық партиясының жауапты хатшысы Ерлан Қарин мырза партияаралық отырыс қолға алған бұл мәселелердің аяқсыз қалмайтындығын жеткізді.

Илаһим, солай болғай!

Ж.Мұқай