Прокуратура педофилдерге химиялық кастрация жасауды ұсынды
2015 ж. 15 шілде
1910
0
Бұл туралы президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде зорлық-зомбылықпен байланысты, оның ішінде кәмелетке толмағандарға қатысты қылмыстық құқық бұзушылықтарға қарсы күрес мәселелері бойынша баспасөз мәслихатында Бас прокуратураның Қылмыстық үдерістің сотқа дейінгі кезеңінің заңдылығын қадағалау жөніндегі департаментінің басшысы Құсайын Игембаев айтты.
“Прокуратураның үйлестіру кеңесі жуырда өткен отырысында жасөспірімдер мен кәмелетке толмағандарға жыныстық зорлық жасау қылмыстарының алдын алу мәселелерін талқылап, осы қылмыспен күресуді біршама оңтайландыратын ұсыныстарды ішкі істер органдарына жолдаған болатын. Мәселен, кәмелетке толмағандарға жыныстық зорлық жасаған адамдардың психикасында паталогия бар ма, жоқ па дегенді анықтау үшін оларға міндетті түрде психологиялық-психиатриялық сараптама жасалуы керек. Егер ондай патология бар болса, оның тағы да осындай қылмыс жасауының алдын алу үшін химиялық кастрация жасау керек дегенді ұсынамыз. Бүгінде бұл мәселе мемлекеттік органдарда қаралып жатыр”, – деп атап өтті ол.
Игембаевтың айтуынша, прокуратура ішкі істер органдарына осындай жыныстық зорлау қылмыстарымен күресетін, оны ашатын, тергейтін арнайы бөлімдер болу керек деген ұсыныстар жасаған.
Бүгінде ондай шаралар министрлікте қолданылып жатыр. Және де жыныстық зорлау қылмысы бойынша сотталған адамға тұрақты түрде әкімшілік қадағалау орнату қажет деген ұсыныстар да бар.
“Тағы бір ұсыныс – электронды құралдар арқылы педофилдерді іздеп табу туралы әдістеме және жедел іздестіру амалдарының алгаритмін құру жұмысы тағы да осы ішкі істер органдарына тапсырылды. Осындай әдістеме мен алгаритм болатын болса, біз көп жағдайда интернет арқылы да балалар порнографиясы бар сайттарға жиі кіретін адамдарды анықтап, алдын алу шараларын қолдануға үлкен мүмкіндік болады деп ойлаймыз”, – дейді департамент басшысы.
Дереккөз: ИА "Казинформ"