Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевқа, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты мен Мәжілісінің Төрағалары Қ.Тоқаев пен О.Мұхамеджановқа, Қазақстан Республикасының Премьер-министрі К.Мәсімовке және Қазақстан халқына

«МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ҚОЛДАУ» АКЦИЯСЫНА ҚАТЫСУШЫЛАРДЫҢ МӘЛІМДЕМЕСІ

Біз, республика­мыздағы қоғамдық қозғалыстарды, демократиялық, патриоттық партиялар мен жастар ұйымдарының, сондай-ақ зиялы қауым өкілдерінің басын біріктіретін «Тәуелсіздікті қорғау» халықтық демократиялық қозғалысының ұйымдастыруымен өткен «Мемлекеттік тілді қолдау» акциясына қатысушылар, көтерілген өзекті мәселелерді таразылай келе, мына жайттарды мәлімдейміз.

Қазақ тілі Қазақстан Республикасы тәуелсіздікке қол жеткізбей тұрған шақта, яғни, 1989 жылдың 22-қыркүйегінде Мемлекеттік тіл мәртебесін иеленді. Алайда өткен 21 жылда Мемлекеттік тіл Қазақстан халқын біріктіретін, олардың басын қосатын негізгі факторға толық айнала алмады. Қайта Мемлекеттік тіл мәртебесі күн санап құлдырап, ал орыс тілінің қолдану аясы бұрынғыдан да кеңейе түсті. Басқасын былай қойғанда, іс қағаздары түгелдей мемлекеттік тілге көшірілген министрліктер мен құзырлы мекемелердің өздері соңғы кезде мемлекеттік тілде жолданған ресми хаттарға орыс тіліндегі мәтінін де қоса жіберуді талап ете бастады. Сол сияқты Қазақстанның барлық кітап дүкендерінде, кейбірінде 100 пайыз, кейбірінде 90-95 пайыз тек Ресей баспаларының өнімдері орын теуіп, қазақ тіліндегі кітаптар шетке ысырылды. Осы үрдіс жалғаса беретін болса, біз таяу уақытта өз ақпараттық кеңестігімізден мүлде ажырап қалатындығымыз күмәнсіз. Сол сияқты біздің наразылығымызға құлақ аспай қабылданып кеткен Кедендік одақтың өзіндік зардабы да айқын сезіле бастады. Әзірге ол экономикалық тұрғыда көрініс бергенімен алдағы уақытта оның мемлекеттік тілге де, тіпті тәуелсіздігімізге де қауіп төндіретінін пайымдау қиын емес. Сондықтан бұл орайда да ойланар мәселелер жетерлік. Билік жетістік ретінде бағалаған Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған Мемлекеттік бағдарламасының да кемшілігі шаш-етектен. Ең бастысы, аталмыш бағдарламада мемлекеттік тілді өзге тілдермен теңестіріп қою ниеті байқалады. Қазақ тілінің мемлекеттік тіл екендігі мүлде аңғарылмайды. Егер бағдарламада қадап айтылғанындай орыс тілінің функциясы мемлекеттік тілмен тең сақталар болса онда қазақ тілінің мәртебесі ешқашан көтерілмейді. Бұл кезінде қоғамдық ұйымдардың табандылық танытуы нәтижесінде қол жеткізген, Президент қол қойған «Ел бірлігі» доктринасындағы «Барлық қазақстандықтар, әсіресе өскелең ұрпақ, мемлекеттік тілді меңгеруі қажет» деген талапқа тікелей қайшы келеді.

Бір мәселені айта кетуге тиіспіз. Билік алдыңғы жылы да, өткен жылы да, бұл жолы да «Мемлекеттік тілді қолдау» акциясын өткізбеуге мейлінше тырысып бақты. Қала басшылары былтыр да, биыл да біз «Мемлекеттік тілді қолдау» акциясын өткізетін күнге «Қала күнін» мерекелеуді дәстүрге айналдырып алды. Біз сұраған Алматыдағы Астана алаңы мен Ш.Уәлиханов ескерткіші маңындағы алаңды беруден бас тартты. Тіпті Ө.Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайына да келісім бермеді. Басқа амалымыз болмаған соң Медициналық университеттің залын алуға мәжбүр болдық. Сол 750 орындық залдың үштен біріндейі толмады. Себебі, биліктің өз құзырындағы жоғарғы және орта, арнаулы оқу орындарына, мектептерге, емханаларға, мекемелер мен кәсіпорындарға «Мемлекеттік тілді қолдау» акциясына қатыспау туралы жасырын тапсырма бергені белгілі болды. Акцияға Өнер Академиясы мен ҚазМҰУ-ден келген студенттер өздеріне жатақханадан шығуға тыйым салынғанын, М.Шаханов ұйымдастырып отырған жиынға бармау керектігі туралы үгіт жүргізіліп, декандарының «егер бұған құлақ аспайтындар болса, оқуларымен қоштаса берсін» деп күш көрсеткенін айтты. Кейбір жоғары оқу орындары декандарының акция өтетін жерді төңіректеп, өз студенттерінің келген, келмегенін бақылап жүгендері де әйгіленіп қалды. Міне, осылайша билік тарапынан жүргізілген айла-шарғылар Республикамыздың әр адамына азаматтық міндет боп есептелетін «Мемлекеттік тілді қолдау» акциясына келушілердің жолын кесті. Алайда біз оған мойымаймыз. Өйткені тілді, ұлтты қорғау ешкімнің жеке мүддесі емес.

Біз жыл сайын өткізетін «Мемлекеттік тілді қолдау» акциясында өз талаптарымызды билікке қайталап қоюмен келеміз. Бірақ, олар әлі күнге дейін тіл жанашырлары көтерген мәселелер төңірегінде оң шешім қабылдаған емес. Билік тек бастауын «американдық ұлттан» алатын, көп ұлттан бір ұлт жасауға негізделген «қазақстандық ұлт» идеясы мен 1 млн. гектар жердің Қытайға жалға берілуінен ғана бас тартқандай болды. Өзге проблемалар сол күйі қалды. Сондықтан біз бұрын көтерілген мәселелерге жаңа талаптар қосып, қайта ұсынып отырмыз:

1. Қазақ тілінің мемлекеттік тіл мәртебесін алғанына 21 жыл толса да, әлі күнге дейін мемлекеттік тіл туралы арнайы заң жоқ. Мемлекеттік тілге деген мұндай немқұрайдылықты бізден өзге бірде-бір өркениетті елден кездестіре алмайсыз. Сондықтан Қазақстан Парламенті «Мемлекеттік тіл туралы» заңды биылдан қалдырмай қабылдауы тиіс;

2. Мемлекеттік тілді үштің бірі етіп әлсіретуге, орыс тілін де мемлекеттік тіл ретінде заңдастыруға бағытталған, қитұрқы саясат негізінде өмірге келген, балабақшадағы екі жасар нәрестеден бастап үйренуге міндеттелген «Үш тұғырлы тіл» саясаты «әркім бірінші кезекте өз анасын, өз ана тілін бойға сіңіруі керек» деген әлемдік ұстанымға және педагогикалық қағидаттарға қайшы келеді;

3. Мемлекеттің біртұтастығы мен қоғамдық бірізділіктің сақталуы үшін Қазақстан Республикасы Конституциясының 7-ші бабының 2-ші тармағы өзгертілуге тиісті. Яғни, «Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі қазақ тілімен тең қолданылады» деген норма алынып тасталып, оның орнына «мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында, сондай-ақ, өзге де қоғамдық емес ұйымдардың іс қағаздары тек қана мемлекеттік тілде жүргізіледі. Мемлекеттік тілге ешқандай тіл теңестірілмейді» деген норма енгізілуі тиіс;

4. Мәдениет және ақпарат министірлігінің құрамында Тіл комитеті қызмет етіп келеді. Турасын айтсақ, министрлік аясындағы комитеттің құзыры қордаланып қалған Мемлекеттік тіл проблемаларын шешуге дәрменсіз. Сондықтан Мемлекеттік тіл агенттігін құруды ұсынамыз;

5. Еліміздегі қалалар мен елді-мекендерде түгелдей дерлік алабажақ жарнамалардан аяқ алып жүре алмайсыз. Олар орысша, ағылшынша, тіпті басқа тілдерде көрініс табады. Қазақшасы сауатсыз, сақау жарнамалардан көз сүрінеді. Мұндай мәнсіздікті және басқа да проблемаларды реттеу үшін Тіл инспекциясын құру қажет деп білеміз;

6. Мемлекет басшылары мен лауазымды қызмет иелері барлық отандық, шетелдік ресми кездесулерде мемлекеттік тілде сөйлеуге міндеттеліп, республика көлеміндегі мемлекеттік іс-шаралар, мемлекеттік тілде жүргізілсін. Мемлекеттік тілді білмейтіндер ілеспе аударма қызметін пайдаланатын болсын. Мемлекеттік тілді мойындамайтындар, оны оқып, үйренуге тырыспайтындар – мемлекеттік қызметке алынбасын;

7. Мемлекеттік тілді дамытудың инновациялық-технологиялық орталығын құру және қолданбалы тілмен айналысатын арнайы институт ашу да аса қажетті іс. Себебі, ХХІ ғасырда қазақ тілін ғылым-білімнің, экономиканың, банк жүйесінің, салық саласының (т.б.) төл тіліне айналдыру кезек күттірмейтін мәселе. А.Байтұрсынұлы атындағы институт теориялық іргелі ғылыммен айналысудан аса алмай отыр. Мемлекеттік тілді барлық салаға бір жүйемен ендіру үшін онымен арнайы институт айналыспай болмайды;

8. Тәуелсіз ел атанғанымызға 19 жыл, қазақ тілінің мемлекеттік мәртебе алғанына 21 жыл толса да мемлекеттік тілде 24 сағат хабар тарататын бір телеарнаның болмауы елдігімізге сын. Билік үш телеарна ашуға уәде берді. Бірақ бұл да құрғақ уәж бола ма деп қауіптенеміз. Тіпті кейбір телеарналардағы қазақ тіліндегі хабарлардың көбі түн жарымына қарай ысырылған, немесе аударма ұзын-сонар кинофильмдер арқылы қазақ тіліне бөлінген уақыт есебінен толықтырылған. Бұл салада да егеменді мемлекеттің рухына сай жаңа көзқарас, жаңа өзгеріс қажет;

9. Бүгінгі таңда Қазақстанның ақпарат кеңістігін Ресейдің бұқаралық ақпарат құралдары он-он бес есе басымдықпен жаулап алғаны ешкімге құпия сыр емес. Кейде көкейде «Осы біз Қазақстанда тұрамыз ба, немесе Ресей Федерациясының қарамағына еніп кеттік пе?» деген сұрақ көлденеңдейді. Халыққа анда-санда елдегі шындықты айтып тұратын «31-телеарна» да Ресей алпауытына сатылып, егеменді ақпараттық тәуелсіздігімізге елеулі деңгейде көлеңке түсірді. Енді Қазақстанға келіп тарайтын 5 мыңнан аса Ресей газет-журналдарына қосылып, бұл арна да Ресей идеологиясын алға тарта бастады. Ақпараттық экспансияның салдарынан мемлекеттік тіл өрісі күрт құлдырады. Сондықтан Қазақстанның ақпарат кеңістігін басқа елдердің идеологиясын насихаттау мақсатында пайдалануға жол берілмесін;

10. Қазір әрбір мектеп бітіруші түлек қай тілде оқығанына қарамастан қазақ тілінен тест тапсырады. Алайда, орыс мектебін бітірген оқушы үшін ол тестің ешқандай құндылығы жоқ. Сондықтан мемлекеттік тілден тапсырылған тест барлық жағдайда ҰБТ нәтижесінде ескерілуі тиіс;

11. Шетелдегі қандас­тарымыздың тілі мен төл мәдениетін, салт-дәстүрін сақтау мәселесі жыл өткен сайын күрделеніп келеді. Билік оларға қамқорлық танытудың орнына, елім, жерім, тілім деп келген қазақтардың өзіне орыс тілін білу қажеттілігін алға тартуда. Бұл – мемлекеттік тілді мансұқтау әрі оралмандар құқығын аяқ асты ету болып табылады. Сонымен қатар олардың атамекенге оралуын едәуір деңгейде шектейді. Біз биліктің қандас бауырларымызға деген мұндай көзқарасымен келіспейміз;

12. Президент мырза, тіл саласындағы тартыс тым ұзаққа созылды. Қазір Мемлекеттік тілді дамыту, дамытпау, қазақ ұлтын сақтап қалуға тырысу, не тырыспау бір-ақ адамның, негізінен өзіңіздің ғана қолыңызда тұр. Егер Сіз таңертең тапсырма берсеңіз, түс қайта барлық облыстың әкімдері, барлық министрлер, аудан, мекеме басшылары іске кіріседі. Елдің бұған көзі анық жетті. Сондықтан да біз көтеріп отырған мәселенің дұрыс шешім табуы тікелей өзіңізге ғана байланысты.