ТЕМІРЖОЛ ТАРЛАНЫ

d0bcd0b0d180d0b0d182-d0b0d0b1d181d0b8d0bcd0b5d182d0bed0b2-d0bad0bed0bcd0b8d181d181d0b0d180-d0bad0bed0bfd0b8d18f-d0bad0b0d180d0b8d0bc

Қарағанды теміржолының комиссары, қайраткер

басшы Кәрім Әжібековтің туғанына 110 жыл

1940 жылдың 19 қазан күні ВКП(б) Орталық комитетінің және КСРО Халық Комиссарлары Кеңесінің Қаулысымен «Қарағанды темір жолы» құрылды, бұл қазақ темір жолы құрылуының бастауы еді.

Қазақстанның солтүстігі мен оңтүстігін қосқан Трансқазақстан магистралінің бұл бөлігі республиканың экономикалық және мәдени дамуының күретамырының біріне айналды. Бұған дейін салынған Орынбор-Ташкент, Түркістан-Сібір(Түрксіб) жолдары негізінен Ресей мен Орта Азияның арасын байланыстырушы көлік жолы рөлін атқарды. Олармен Ресейдің орталық аудандарына мақта, көкөніс және жеміс-жидектер жеткізіліп тұрды.

Ұлы Отан соғысы кезінде Қарағанды темір жолымен Қазақстаннан Оралға көмір, темір, мыс, қорғасын, мырыш және басқа да кеңес елінің қорғанысына қажетті металл тасымалданды. Әр тоғыз оқтың біреуі Балқаш пен Жезқазған мысынан құйылды. Өткен ғасырдың 30-жылдары бұл жерлерден академик Қ.Сәтбаев мұнайдың, газ бен алтынның орасан зор қорын тапты. Орталық Қазақстан сондай-ақ бұл кезеңде бидай мен мал өнімдерін өндіруде негізгі рөл атқарды. Соғыс жылдары Қарағанды темір жолы КСРО Мемлекеттік Қорғаныс Комитетінің ауыспалы Қызыл Туын жеңіп алды.

Осы даңқты темір жолмен Қазақстан Компартиясы ОК бірінші хатшысы Жұмабай Шаяхметовтің жіберуімен келген, 1948 жылдан 1956 жылға дейін Қарағанды теміржолының саяси бөлімнің бастығы болып істеген Кәрім Әжібектің де тағдыры тығыз байланысты. Ол республиканың солтүстігі мен оңтүстігін қосқан Мойынты-Шу (500км) желісі құрылысының штаб комиссары болған кезеңінде еңбектегі ерлігі үшін 1951 жылы «КСРО Құрметті теміржолшысы» атағына ие болды.

Кәрім Әжібеков 1900 жылы бұрынғы Семей уезінде, қазіргі Павлодар облысы, Лебяже ауданындағы Корт ауылында, қазақтың Мәшһүр-Жүсіп пен Сұлтанмахмұт Торайғыров секілді ұлы ақындары жырлаған ақ қайыңдар мен мөлдір көлдер өлкесінде, сол аймаққа кеңінен танымал ұста, қару-жарақ шебері, Уақ руынан шыққан атақты Ер Көкше мен Баян батырлардың ұрпағы болып табылатын Әжібектің үйінде дүниеге келді. Қазақ Ордасының ханы Абылайдың атынан Қытай императоры Цянь Лунмен келіссөзге қатысқан Баян баһадүрге күллі түрік поэзиясының тарланы Мағжан Жұмабаев тұтас поэма арнаса, ұлы ғалым Шоқан Уәлиханов қазақ батырлары жайлы ғылыми мақаласында Баян батырға кеңінен тоқталады.

Ауылдағы молдадан араб тілін үйренген Кәрім Алтай өлкесінде оқуын орыс тілінде жалғастырады. Тағдыр Кәрімнің жолын ұлы тұлғалармен тоқайластырды. Бозбала кезінде ол қазақтың ірі жазушысы Жүсіпбек Аймауытовпен, Томск университетінің студенті Қаныш Сәтбаевпен танысады, павлодарлық ақын Павел Васильевтің өлеңдерін құмарлана тыңдайды. Сондай-ақ ол Павлодарда өз сүйіктісін кездестіреді. Әйгілі татар көпесінің қызы Файка Мірқадамқызы Айтикинамен танысып, 1931 жылы соған үйленеді.

1921-27 жылдары К.Әжібеков Семейдегі Казпедтехникумде және ІІ-деңгейдегі совпартшколада оқиды. 1920-30 жылдары ол партия тапсырмасымен сауатсыздықты жоюмен, аштықпен күреседі. Жауапты партиялық тапсырмаларды орындау үшін Семейге, Павлодарға, Қарқаралыға, Оңтүстік Қазақтан облысының Арыс ауданына, Шығыс Қазақстан облысының Ұлан ауданына, Лениногорск қаласына жіберіледі.

Кәрім Әжібеков адал да таза адам ретінде көшпелі халықтың малын тәркілеу кезінде жаппай ашаршылық пен халықтың аштықтан қырылуына апарып соққан партиядағы «асыра сілтеушіліккке» қарсы ашық күреседі. 1929 жылдың 31 тамызында Павлодар округтік партия комитетінің жабық мәжілісінде Кәрім Әжібеков қатты сынға алынса, 1933 жылы Жарма ауданының хатшысы кезінде аштыққа ұрынған көшпенді халықтың заңды талабын қолдағаны үшін партия қатарынан шығарылады. Бірақ үш айдан кейін қайта қабылданады. Оның қуғын-сүргін мен зұлматтан аман қалуы таңқаларлық жағдай.

1933-39 жылдары Қазақ ССР Халық комиссариаты Кеңесінде жұмыс істеген К.Әжібеков үкімет тапсырмасымен Түрксібке жіберіледі. 1942 жылдың ақпанынан 1943 жылдың шілдесіне дейін ол осы жолдың Шымкент бөлімшесінің басшысы болып қызмет атқарады. Өзіне «бронь» берілгеніне қарамай, сұранып жүріп майданға аттанады. Алдымен 2-Белорусь майданында, кейінірек Жапонияның Квантун армиясына қарсы Забайкал майданында артиллерия батареясын басқарған Кәрім Әжібеков Отанының ер жүрек ұлы ретінде көзге түсіп, «За боевые заслуги», «За победу над Германией», «Берлинді алғаны үшін», «Кеннигсбергті алғаны үшін», «Будапешті азат еткені үшін», «За победу над Японией» және басқа да көптеген жауынгерлік медальдарға ие болады.

Армиядан қайтқан жас офицер 1947-48 жылдары Ақмола облыстық партия комитеті хатшысының орынбасары болып қызмет істейді. Жалындап тұрған жас бар қайратымен бейбіт өмірге белсене араласады. 1948 жылдың күзінде Кәрім Әжібеков Қарағанды теміржолы саяси бөлімінің бастығы болып тағайындалады. Соғыс жылдары теміржол көлігінде Жоғарғы Басқолбасшының бұйрығымен енгізілген бұл саяси жоғары қызмет 1948 жылғы қыркүйекте ВКП(б) ОК Қаулысымен қайтадан ашылды. Саяси бөлімнің басты міндеті - мемлекеттік және еңбек тәртібінің сақталуын қадағалау, теміржолшылардың саяси және еңбек белсенділігін арттыру, тасымалдың мемлекеттік жоспарын орындауды және асыра орындауды қамтамасыз ету болып табылатын. Өз жұмысында жоғары кәсіби деңгейімен, жылы сөзімен, сабырлы мінезімен ерекшеленген, жаңалыққа жаны құмар, әрқашан істің тиімділігін көздейтін Кәрім Әжібеков теміржолда алғашқылардың бірі болып селекторлық кеңес өткізуді енгізді.

Сондай қызу күндердің бірінде Қарағанды темір жолының бастығы Николай Элагин мен Кәрім Әжібеков Алматыдағы Қазақстан Компартиясы ОК бірінші хатшысы Шаяхметов ұйымдастырған шұғыл кеңеске шақырылды. Күн тәртібінде экономикасы дамыған солтүстік облыстарды республиканың оңтүстігімен және Орта Азия республикаларымен қосу мәселесі тұрды. Ол кезде Қарағандыдан Алматыға жету үшін Ақмола-Көкшетау-Петропавл-Омбы-Барнауыл арқылы жүру керек болатын. Осы жолды 1300 шақырымға қысқартып, Транссібір мен Түрксіб магистральдарын қосу үшін Мойынты-Шу желісі салынатын болды. Қазақстан Компартиясы ОК және республика үкіметі «халықтық құрылыс» деп жария еткен бұл құрылысты Қарағанды темір жолы жағынан Кәрім Әжібеков, Түркісіб жағынан Мұстафа Қазыбеков, ал республикалық комиссияны сол кездегі ҚазССР Министрлер Кеңесі Төрағасының орынбасары Дінмұхамед Қонаев басқарды. Құрылыс өте қиын климаттық жағдайда жүзеге асырылды. Темір жолмен қатар оның бойына өнеркәсіптік және мәдени тұрмыстық инфрақұрылымы бар Сарышаған, Шығанақ, Мыңарал, Қияқты, Хантау сияқты стансалар салынды. Құрылыста істеген халық арасында Кәрім Әжібеков жауапкершілігі мол, қайырымды, кішіпейіл басшы ретінде көзге түсті. 1953 жылы 25 қазанда іске қосылған бұл темір жол желісі құрылысшыларының қаһармандық еңбегі үшін белгілі қазақ ақыны Хамит Ерғали «Үлкен жолдың бойында» деген поэма арнады.

Кәрім Әжібеков сондай-ақ Ақмола-Павлодар теміржол құрылысына белсене атсалысты. Қарағандыны Кузбаспен, Магнитогорскімен қосқан, тың өлкесі үшін өте үлкен маңызға ие бұл жол 1952 жылы 16 ақпанда салынып бітті. Солтүстік және Орталық Қазақстанның тың және тыңайған жерлерін игеру Ақмола қаласын Кеңес одағындағы ең үлкен теміржол торабының біріне айналдырды. Тыңды көтеру кезеңіндегі Қарағанды магистралі теміржолшылар арасында жүргізген нәтижелі саяси жұмысы үшін Кәрім Әжібековті мемлекет басшылығы «Тыңды игергені үшін» медалімен марапаттады.

Қарағанды теміржолының комиссары ретінде Кәрім Әжібеков тұрғын үй және мәдени-тұрмыстық нысандардың салынуын қатаң партиялық бақылауда ұстап отырды. Ақмолада сол кездегі республикадағы ең үлкен теміржолшылар сарайы (қазіргі Астанадағы Опера және балет театры), емхана, мектептер, демалыс үйлері салынды. Оның назарынан Қарағанды мен Павлодардың, Бурабай мен Атбасардың, Құсмұрын мен Ерейментаудың, Ағадырдың, Жезқазған мен Балқаштың темір­жол­шылары да тыс қалған жоқ.

Кәрім Әжібеков тамаша ұл-қыздарды тәрбиелеп өсірді. Үлкен қызы Үміт - МГУдің философия факультетін үздік бітірді, қазір профессор. Екінші қызы Элеонора Омбының теміржол институтын бітірді. Ұлы Әділ - Мәскеудің көлік институтын бітірді, бүгін білікті профессор. Ол тәрбиелеп өсірген жиені Роза Хұсайынқызы да қазір профессор, медицина ғылымының докторы.

Ата жолын қызы Элеонорадан туған, атасының құрметіне Кәрім аталған жиен немересі де қуды. Еліміздің астанасы Алматыдан Ақмолаға көшірілген кезде Көлік және коммуникация министрі, жап-жас Кәрім Мәсімов Ақмоладағы бір кездегі өзінің атасы отырған кабинетке жайғасты. «Үйдің жақсы болмағы – ағашынан, жігіттің жақсы болмағы – нағашыдан» деген халық даналығы тағы бір рет өз дәлелін тапты.

Кәрім Әжібеков 1961 жылы Целиноград қаласында қайтыс болды. Қадірлі де құрметті жерлестерін соңғы сапарға шығарып салуға мыңдаған целиноградтықтар келді. Шынында да Кәрім Әжібековтің есімі ел есінде жүрегі таза, жаны жайсаң, іскер де әділ басшы ретінде сақталып қалды. Көнекөз қариялар 1958 жылы күзде Қазақ темір жолының кезекті бір үлкен партиялық жиынында Кәрім Әжібековтің Ақмола қаласы (бүгінгі Астана) - Тың өлкесінің астанасы болашақта еліміздің саяси орталығы ғана емес, сонымен бірге индустрия орталығы да болады деген көрегенділік сөзін бүгін құрметпен еске алады. Астана шынында да қазір Евразияның индустриалды және инновациялық орталығына айналып келеді. Жас Астананың зауытынан жоғарғы жылдамдықта жүретін электровоздар мен халықаралық деңгейдегі жолаушылар вагоны шығатын кез алыс емес. Бұл - бүгінде туғанына 110 жыл толып отырған Құрметті теміржолшы, қайраткер басшы Кәрім Әжібеков көп күш жұмсаған теміржол саласының дамуына қосылған үлкен үлес болмақ.

Марат ӘБСЕМЕТОВ,

ҚР Ұлттық Мұрағаты бас директорының орынбасары