СЫР БОЙЫНДАҒЫ ЕҢСЕЛІ ЕСКЕРТКІШ

0
2574

Сыр елінің бас қаласы – Қызылордада алты қырдың астынан жұрт үңіліп қарайтындай еңселі, зәулім ескерткіш ашылды Ол – алты алаштың, керек десең Тұран әлемінің мықты мемлекет қайраткері, мәрт батыры, даңқты қолбасшысы, ақылман биі, шебер сәулетшісі дара қазақ Жалаңтөс баһадүрге арналды.

Мұсылмандардың ораза айт мерекесімен қабат келген бұл салтанатқа еліміздің түкпір-түкпірінен ат арытып жеткен ғылым құдығын қазған академиктер, қолына қалам ұстаған илһәм перілері – ақындар,жазушылар , аспандағы аққуға үнін қосқан әншілер-жыршылар, сонымен бірге талай жыл халық басқарған ел ағалары әуелі шаһар орталығындағы төрт күмбезді жаңа «Ақмешіт» мешітінде айт намазын оқыды. Одан шыққасын осы мешітке қарама қарсы «Жібек жолы» даңғылының бойынан еңсе көтерген ескерткіштің түбінде батырдың аруағына арнап құран бағыштады. Алқалы жиында қарағанда басыңдағы тақияң түсетін «Жалаңтөс баһадүрдің» шымылдығын түрілді.

Ел есінде қаларлықтай өткен жиын «Тұран топырағының даңқты перзенті-Жалаңтөс баһадүр» атты ғылыми-танымдық конференцияға жалғасып, «Жалаңтөс баһадүр» деректі жаңа фильмімен ұласты. Мерекенің соңы ақындар айтысына, сосын түрлі мәдени- көпшілік шараларға ұласты. Ал сол әлем бас иетіндей Жалаңтөс баһадүр кім өзі?

Жалаңтөс Сейітқұлұлы жарық дүниеде 80 жыл /1576-1656жж/ ғұмыр кешіп, барлық өмірін өзі жасаған дәуір халқының азаттығы,тәуелсіздігі және тыныштығын ойлап, әрі сол жолға басын өлімге тігуден еш қаймықпаған нағыз баһадүр қазақ осы Жалаңтөс десек қателеспейміз. Қол астына тек өз ұлтының ұландарын емес, барша өзбек, қазақ, қарақалпақ және қырғыз туғандарды да топтастырып, соларға билік еткен және солардың бірлігі үшін дұшпанының жаналғышына айналған ол өле-өлгенінше тағынан таймаған нар тұлға. Қайда жасаса да, қайда билік етсе де кіндік кескен жеріне қаны тартып, олардың айтқандарынан қарақан басының қамын ойлап бірде бір рет бас тартпаған ел үшін туған азамат осы Жалаңтөс.Біз оны-Жалаңтөсті көзімізбен көрмесекте, оның сөздерін құлағымызбен естімесекте ескі тарих,көне көз шежірелер солай дейді. Ел аузында ол жайлы ертегіге,аңызға татырлық әпсаналар жетіп артылады. Оған мысал да, нақты деректер де көп.

Жалаңтөс елін жаудан, дұшпаннан қорғау үшін соғыс өнеріне айырықша көңіл бөлген .40 тан астам жекпе-жек шайқаста еш тізе бүкпеген.Бір сөзбен айтқанда ол жеңілудің не екенін білмей өткен әскербасы десек артық айтқандық емес. Қарамағына 10 мыңнан астам атты жауынгер ұстаған. Оларды мылтық, зеңбірек сияқты әскери жарақтармен қаруландырған. 1644 жылы Пәкістан, Ауғанстан және Үндістанды билеп тұрған Монғол империясы және Бұқар хандығымен соғысып, қарсыласқан жауларына күйрете соққы бергені тағы бар.Сол жолы .Бабырдың ұрпағы Жаһан шаһтың екі баласы басқарған Монғол әскерлері айқасудан пайда таппайтыны білген соң , қолдарын көкке көтеріп, жеңілгендерін мойындайды.. Ал іргесіндегі Бұқар хандығын өзі дүниеден өткенше ешқандай тырп еткізбей, ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстайды. Жалаңтөстің осындай мәрттігін, қаһармандығын айтқанда қазақ тұрмақ өзбектердің де ауызының суы құриды.

-Біз мақтануға келгенде алдымызға жан салмайтын халықпыз ғой- деді Сыр елінің тумасы, атақты академик-математик Асқар Жұмаділдаев. – Атилланы, Фарабиді, Жалаңтөсті және Қашғариды, тағы сол сияқты тұлғалардың бәрін қазақ дейміз. Меніңше, солардың ішіндегі нағыз жалғыз қазақ осы Жалаңтөс. «Неге?» дейсіздер ғой? Себебі, оның өмір жолы, туған жері, өлген мекені, ел басқарған қызметінің бәрі тайға таңбасқандай ап-анық. Қазақшылап дәлірек айтсақ, руы – әлімнің төртқарасы. Мұнан әрі қарай оның қазақ екенін айтып, дәлелдеп сөз етудің түк те қажеті жоқ. Нүкте, осымен бітті. Көршілес өзбектердің өздері де «Жалаңтөс біздікі»деп дауласа алмайды. Ал жоғарыда айтқан ғұламаларымыздың барлығын қазақ деу үшін қып-қызыл кеңірдек керек. Әйтпесе, жеңе алмайсың. Ең аржағы әл-Фарабиді де. Тек оны біздікі дейтініміз Отырарда туғаны ғой. Болмаса қазақ деп қалай айтамыз? Ол кісі шығармаларын қай тілде жазғанын білесіздер ме?..

Дәлдікті, нақтылықты сүйетін ғалымның сөзіне жиналғандардың ешқайсысы дау айтқан жоқ..

Өкінішке орай осындай әлемге танымал азаматымызды біз тәуелсіздіктен соң барып қана танып, біліп жатырмыз.Оған дейін жұмған аузымызды ашпадық десек асыра айтқандық болмас. Тек ара-кідік баспасөзде бірдеңелерді сөз еткініміз болмаса. Дейтұрғанмен ештен кеш жақсы деген. Азғана жыл болса да Баһадүрдің атамекенінде біраз шаралардың басы қайырылды. Қазалыда бұдан бес жыл бұрын үлкен той өтіп, арыстандай айбатты,жолбарыстай қайратты Жалаңтөс бабамызға ескерткіш орнатылды. Бұған жиналған жамағат жамырасып, бек ризашылық білдірді. Содан кейінгі бүкілхалықтық игілікті шара осы.

Бүкіл қызметін өзбек жерінде өткізіп, кісі елінде сұлтан болып жүрсе де бір бүйрегі отанына тартып туған біз білетін мұндай нарқасқа қазақ әзірге осы шығар. Қаршадайынан әскери мектепте оқып, соғыстың небір тактикасы мен стратегиясын шебер меңгерген ол әуелі азғана топқа, сосын бір тайпаға тура сөзділігінің, ақ алмастығының арқасында би болып сайланады. Одан Бұхарада білім алады. Бағдатқа кетіп, тағы да оқиды 1626 жылы Самарқандқа әмір болып тағайындалады. 40 соны басқарады.

– Жалаңтөс Баһадүр тек елін қорғаған даңқты батыр, әскери қолбасшы ма? Ол- халқының қамын ойлаған нағыз қамқор мемлекет қайраткері. Өзі басшылық еткен Самарқанды билеп тұрған тұста қол астына З мыңнан астам құл ұстап, олардың әрқайсысына шаһардың жасыл-желекке айналуы үшін тал еккізуді үрдіске айналдырған. Оған ерекше мән бергені сонша, он тал-ағаш өсірген құлға бас бостандығын берген – дейді Қызылорда облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы, мемлекет және қоғам қайраткері Сейілбек Шаухаманов. – Бұл күндері бізді өзбектер «ағаштың екі жауы бар, бірі-қазақ, екіншісі- ешкі» деп әзіл- қалжың айтады. Ал тал егуді Жалаңтөс бабамыз үйреткенін онша мойындағысы келмейді….

Бұған қоса тағы бір айтарымыз сол құлдардың күшімен салдырған медреселерде кіл ақсүйектер емес қара бұқара халықтыңда балалары ақы -пұлсызсыз оқып, білім алған көрінеді.

Жалаңтөс бабамыздың тұстасы, ғылым мен мәдениеттен және сәулет өнерінде мол хабардар болған ғұлама Махмұд Бин Әмір Уәли заманында 7 томдық «Бахр әл-асрар» деген еңбек жазған Бұл кітап энциклопедиялық шығарма. Соның 6 томын осы Жалаңтөс баһадүрге арнаған

…Ұлтымыздың ұлы ұланына айналған тұлға жайлы жазушылар Бегімбай Ұзақбаевтың «Жалаңтөс баһадүр», Жұбатхан. Мұратбаевтың «Тұран баһадүрі» көлемді әрі тұшымды романдары жарық көрді. Ақын-драматург Иранбек Оразбаевтың пьесасы Қызылордада сахналанды. Бұған да шүкіршілік дейміз..Ал өзбектер ол туралы әдемі көркем фильмді баяғыда шығарды. «Ялантуш біздікі», «Самарқанда денесі жатыр» деуден әлі де болса қайтпайды олар. Даңқты адамды кім болса да «біздікі» деу – тарих заңдылығы. Біз болсақ оның қазақ екенін осындай жиындарда айтып, дәлелдегенімізбен оны толық зерттеп те бола алмай жатырмыз. Сондықтанда алда атқарылар іс көп, тек ескерткіш орнатып, нағыз қазақ осы Жалаңтөс деп кеуде көтеріп мақтанумен шектеліп қалуға болмайды.Тарихтың түбіне тереңірек үңілуіміз керек

Ізмұрат ҚҰРБАНБАЕВ,

Қызылорда қаласы

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз