АҚМЕШІТТІК АЗАМАТТАРДАН ҮЙРЕНЕР ҮЛГІ КӨП

Қызылорда қаласында өткен Жалантөс баһадүрдің тойы шымкенттік делегация (оның ішіне мінәйі себептермен біз де кіріп кеттік) үшін сегізінші қыркүйек күні кешке облыс әкімінің орынбасары Ырзақұл Нұртаев мырзаның делегация мүшелеріне арнап «ауызашар» беруімен басталды. Тек ораза ұстағандардан ұстамағандарымыз әлденеше есе көп болғаны сәл қолайсыздық туғызғандай сезіндік...Ас та төк дастархан басындағы әңгіме той жайы, Жалаңтөс батыр жайы ғана сөз болған біржақты күйде қалып қоймай, жалпы бүгінгі таңның өзекті мәселелерін кеңінен толғаған келелі кеңеске айналды. Соның ішінде кәзіргі ең күйіп тұрғаны – жақында ғана жарияланған, Тілдерді дамытудың алдағы онжылдыққа арналған мемлекеттік бағдарламаның жобасы қызу пікірталас тудырды. Орынбасар мырзаның «бәрі де жайлап өзінің орын-орнына жайғасады, асығудың қажеті жоқ, қай тілде білім алғысы келеді, оны әрбір мектеп оқушысы өзі шешеді» деген, ести-ести елдің құлағы жауыр болған жауапқа белгілі саясаткер Жасарал Қуанышәлин мен осы жолдар авторы дәлелді, дәйекті уәж сөзді алға тартты. Шынында да, біздің заман – космостық жылдамдық заманы, ол ешқандай жайбарақаттықты көтермейді. Жобаны мән беріп оқысаңыз, жиырма жылда шешілмеген түйіннің ендігі он жылда шешілер түрі байқалмайды. Көбі сырты – жылтыр, іші – сылдыр сөз. Мысалы, бағдарлама жобасында ең басты мәселе – қазақ тіліне деген жаппай қажеттілік тудыру жайлы айтылмайды да. Ол болмаған жағдайда қалғанының бәрі бос әңгіме екені белгілі. Ал, мектепке енді баратын баланың тілді таңдауға құқы да жоқ, өйткені кәмелетке толмаған адам заң алдында өз ісіне жауап бермейді, сол себепті бала үшін мектеп тілін ата-ана таңдайды. Демек, біздің бұнымыз да көзбояушылық. Ал, жүз пайызға жуық қазақ тұратын Қызылордада қырық бір мың қазақ оқушының он алты(!) мыңы орыс сыныбына баратыны қалай?..

Әйтсе де тойға қайта оралайық. Жалаңтөс баһадүр ескерткіші тоғыз жолдың торабына, жақында ғана пайдалануға берілген жаңа, сәулетті, «Ақмешіт» атты аппақ орталық мешіттің қарсы бетіне орналасыпты. Бұл екі ғимарат орнының таңдалуында мін жоқ! Айналасы айта қаларлықтай кең. Тек той айт мейрамының бірінші күніне қойылған екен, сонда да болса жаңа мешіт іші айт намазына келушілерге толмады... «Мұсылманшылық әсте-әсте» ғой деп өзімізді-өзіміз жұбаттық.

Баһадүрдің ат үстіндегі жалпы биіктігі он екі метр ескерткішіне облыс бюджетінен 120 млн.теңге бөлініпті. Көп жылдан бері көптің ойында жүрген игі істің жүзеге асу бақыты Болатбек Қуандықовтың маңдайына бұйырыпты. Жалпы, бұл әкімнің іскерлігі жайлы тойға келген ағайын тарапынан аз мадақ айтылған жоқ. Біз өзіміз жоғарыда аталған екі нысаннан бөлек қаладағы орталық алаңның абаттануын, шаһар көшелерінің жөнге келіп қалғанын айтылған сөздің айғағы ретінде қабылдадық.

Орталық алаң арнайы сөз етуге тұрарлық екен. Аумағы атшаптырым. Облыстық, аудандық соттың елде жоқ керемет ғимараты мен Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің үйі алаңның сол жақ қапталын толығымен көмкеріп тұр. Қасқа маңдайда қайта жасақталған Нартай Бекежанов атындағы облыстық драма театры алыстан көз тартады.

Қорқыт Ата демекші, бүкіл еліміз бойынша, барлық облыстардың ішінде қазақтың эпостық қаһармандарының арасынан тек Қызылорда облысында ғана күй атасының, күллі әлемде сазды шекті аспаптар негізін салушының атында оқу орны бар. Жаса, Сыр елі! Жаса, Сыр елінің ұлтшыл басшылары! Оңтүстіктіктер бір кезде облыс орталығындағы Машинажасаушылар сарайына Алпамыс батыр атын беріп еді, кейін алып тастады. Кәзір ол Опера және балет театрына айналды, бірақ аты жоқ! Сөйтпесе, ол Шымкент бола ма...Біз «Қорқыт, Алпамыс, Қозы-Көрпеш, Баян-Сұлу, т.б. бүкіл түркі әлеміне ортақ тұлғалар» деп басымызды ала қашып жүргенде «ортақ екен» деген жоқ біреуін әзірбайжандар, екіншісін өзбектер иемденіп алды. Мерейтойларын да дүнинжүзілік деңгейде дүрілдетіп өткізіп жатыр. Біз ше? Біз, «я там был, мед пил, по усам текло, а в рот не попало» деп Пушкин айтқандай қонақ болып бардық, ішіп-жеп қайттық, қожайындарға рахмет айттық...Енді бір күні «Қозы-Көрпешті» башқұрттар жекешелендіріп алады. Амандық болса, ол күнге де «жетерміз»...

Тағы да тойға оралайық. Жалаңтөс баһадур құрметіне ұйымдастырылған ғылыми конференцияға кей ағаларымыз дайындықсыз келгенін мойындап жатқанда академик, математик Асқар Жұмаділдаевтің «мен тарихшыларға сенбеймін, сіздер ең болмаса бұдан кейін елді жаңылыстырғанды қойыңыздар» дегені сол күнгі сөздің алды болғанын атап өту керек. Десін-демесін, елдің ескі-жаңа тарихын зерттейтін екі бірдей институты бар мемлекет біз ғана шығармыз...

Тойдың екінші тәлімі – облыс әкімінің қаланың төрт жерінде 50 киіз үй тіккізіп, қалың елге ас беруі болды. Сонымен қатар кешке қарай ұлттық спорт түрлерінен орталық алаңда үлкен жарыс өтті, концерт берілді, айтыс болды. Жалпы, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйініне келсек, ұлттық құндылықтарды ұлықтауды көбіміз ақмешіттік азаматтардан үйренсек артық болмайды екен. Жоғарыда аты аталған Ырзақұл Нұртаев мырза Қармақшы ауданын басқарып тұрғанда аудан бюджетінен есебін тауып он бір млн.теңге үнемдеп, «Жыршылар үйін» салып бергенін ауызашарға қатысқан атақты жыршы, Әміреден кейін Парижды таңқалдырған екінші қазақ әншісі, университетте жыршы-термешілер дайындап жатқан ұстаз, профессор Алмат Алмасов ауыз толтыра айтып берді. Бұл ретте бір жыл бойы үстемелеп-үдеп соққан табиғат сынағына сыр бермей шыдап Шығыс Қазақстанға қазақы шырай беріп жатқан Бердібек Сапарбаев осы елдің түлегі екенін еске сала кеткен де артық болмас деп ойладық. Бекеңнің бүгінгі ізбасарлары эстафетаны абыроймен алға апаруда екен. Осы қалыптан таймаңыздар, бауырлар!

Өмірзақ АҚЖІГІТ