ҚЫТАЙДАҒЫ БАУЫРЛАРДЫҢ РУХАНИЯТЫ

(Қытай сапарынан естелік)

Тұрсынбек Кәкішев,

Жәди Шәкенұлы

(Жалғасы. Басы өткен санда)

Сол дүлдүлдердің көзі тірі рухы болған, осы ауданының тумасы қытайдағы көрнекті айтыс ақыны Құрманбек Зейтінғазыұлына жолығудың да сәті түсті. Асқазанның қатерлі ісігіне шалдығып пышаққа түсіп, үйінде демалып жатсада бізді қонақ үйден тауып, біраз сыр бөлісті.

1958 жылы «ұлтшылдарға» қарсы күрес тұсында әкесі қуғынға ұшырап, өзі де оқудан қуылған Құрманбек 1978 жылдан кейін ғана ес жиған халық қатарында қырандай сілкініп, айтыс ақындарының дауылпазына айналыпты. Отыз жыл талмай шауып, жиырма мәрте бас жүлдені еншілеп, «Ерекше еңбек сіңірген халық ақыны», «Халық ақыны», «Құрметті ақын» секілді ШҰАР-дың жоғарғы дәрежелі марапаттардына ие болыпты.

Айтыс өлеңдері ШҰАР оқулықтарына кіріп, «Ақындар айтысы», «Жылып өткен жылдар-ай» жыр жинақтары жарық көрген екен. Ақын жайында «Нөсер» атты мақалалар жинағы да жарық көріпті. 1991 жылы Қазақстанда, 1992 жылы Түркияда, 1994-1996 жылдары Моңғолияда, 2006 жылы Гермения, Франция, Голландия елдерінде өнер сапарымен болып, алыстағы ағайындарды да ақындық жырымен сусындатып қайтыпты. Бір бөлім шығармалары қытай тіліне де аударылыпты.

Бір қызығы Шынжаң қазағының айтыс өнері десе Құрманбек, Құрманбек десе Шынжаң қазағының айтыс өнері ауызға алынады екен.

Қытай қазақтарында 1905 жылдан бастап айтыс өлеңдер жазбаша тарағанымен, арнайы зерттелмеген. 1980 жылдардан бері қарай «Қазақтың байырғы айтыстары» (1985ж) «Ақындар айтысы» (алты том, 1933,1995, 1999, 2003ж), «Өлең тойы» (1999ж), «Қазақтың қазіргі айтыстары» (2000ж), «Қоңыробадағы қоңыр әуен» (2001ж), «Ақ өзен салтанаты» (2002ж), «Жекпе-жек» (2003ж) «Айтыс – сөз барымтасы» (2005ж) «Ақындар айтысы» (2006ж), секілді көптеген кітаптар жарық көріпті. Бұдан басқада Ә.Қалиұлы, Ж.Мырзаханов, Субихай, Б.Кәсей сияқты ғалымдар мен жазушылардың еңбектерінің де зерттеу өзегіне айналған екен.

1979 жылы тұңғыш рет ШҰАР орталығы Үрімжі қаласында ақындар айтысы өткізіліп, сонан бергі 30 жыл ішінде ШҰАР дәрежелі 4 рет, облыс дәрежелі көп рет әрбір аймақта жылына 2 рет айтыс өтіп келеді екен. Ақындар айтысы ондағы бауырларымыздың ұлттық болмысын сақтайтын тамаша дәстүрлі мектебіне айналғанымен қуандырады екен.

Құрманбек Зейтінғазыұлы бастаған дүбірлі додада Жамалхан Қарабатырқызы, Бүбімәри Жақыпбайқызы, Мейрамхан, Бердіхан Абайұлы бастаған Қайрат Құлмұхамед, Еркін Ілиясұлы, Әбдіғани, Айғаныш, Ғазиза, Шүғыла, Бауыржан, Нүрзия, Серік, Шәкен, Гымыңгүл, Гүлден, Ержанат, Ұлжалғас, Құмар, Гүлзира, Жанар, Бекболат, Лиза секілді айтыс ақындарының шоғыры қалыптасыпты.

Шіңгілде болған азғана сәттерімізде Күйтүн телевизиясының тілшісі Айдынбек Шәріпханұлы, Алтай аймақтық телевизиясының тілшісі Зәтелбай Естербайұлы «Сәлиқа-Сәмен» жайында, Шынжаңдағы қазақ әдебиеті және Құрманбек ақын жөнінде де біраз лебіздерімізді жазып алып қалды.

25 шілде күні таңертең Шіңгілден аттанып, Коктоғай ауданына қарай беталдық. Шынжаң қазақ әдебиетінің көрнекті тұлғасы, әйгілі ақын Ақыт Үлімжіұлының, даланың көкжалы атанған Оспан батырдың ауылы, Өр Алтай қазақтарының алғашқы ұлт азаттық күресіне бесік болған алтын ұяға соқпай кетуіміз мүмкін емес еді.

Күркірей ағып жатқан асау Ертіс, Алтайдың аспанға бой созған ұлы таулары талай-талай тарлан шежіресін шерткісі келіп ойға батып жатқан сияқты. Осы даланың бір бүйірін түртіп қалсаңыз болды сөйлей жөнеледі екен. Сол туған даласы Ақыт жайынан да ақтарыла тіл қатады.

Ақыт Үлімжіұлы (1868-1940) ақын және ағартушы, белгілі қоғам қайраткері. Шынжаңның Көктоғай ауданында туған. Араб, парсы, моңғол, орыс тілдерін меңгерген. Шығыс классиктері мен қазақтың жырауларынан өнеге қабылдаған. 1891 жылы Қазан баспасынан «Жиһаншаһ Тамұз Шақұғлы» атты кітабы жарық көрген, кейін ол кітап көп рет басылған. 1897 жылы орыс ғалымы профессор Николай Катанов «Деятель» журналының сол жылғы 8-9 санында осы шығарма туралы тоқталған, осыдан кейін іркес-тіркес «Хисса хабдү-мүлік» (1902, 1904, 1909 ж.), «Ахуал қиямет» (1908 ж.), «Әдеби ғахлия» (1909 ж.), «Керей ишаны Мұхаммед мумиын» (1909 ж.), «Хисса Сейфулмәлік» (1895, 1909, 1914), хисса «Сейд Жағфар шам әулие сұлтан Сейд» (1894 ж.) секілді тоғыз кітабы Қазан, Орынбор, Семей баспаларында 17 рет басылған.

1991 жылдан бері монғолияда «Қажыбаян», «Ақіретбаян», «Жиһаншаһ», «Ғахылия» секілді төрт кітабы, Шынжаңда таңдамалы шығармаларынан екі томы, атажұрт-Қазақстанда 2007 жылы «Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы» жағынан «Жиһаншаһ» атты таңдамалы томы жарық көрсе, 2008 жылы Алматы қаласында ақынның 140 жылдығы салтанатпен атап өтілген еді. Сондай аяулы жанды Шың Шысай сынды зұлым 1940 жылы 72 жасында Үрімжі түрмесінде жауыздықпен қинап өлтірген екен.

Ақыт Үлімжіұлының Шынжаң қазақ әдебиетінің ғана емес күллі қазақ жазба әдебиетінің іргетасын қалаушылардың бірі екендігіне жұбанғанымызбен сүйегі жерленген Шәкүрті жеріндегі қабірінің басына әліге дейін ешқандай ескеркіш қойылмағаны көңілімізді құлазытты.

Ақынның көзі тірі ұлы, белгіді дінтанушы ғалым Ғазез Ақытұлын іздеп едік, ол кісі сырт аудандардың біріне жолаушылап кетіпті. Біздің осы ауылға ат басын тірегенімізді естіген Қызыр Алдажарұлы деген Ақыттың марқұм болған ақын немересінен туған Сайран Қызырұлы, Оспан батырдың немересі Нұрлан Нәбиұлы және ақын Нағыз Мұхамедұлы, орта мектеп мұғалімі Толқын Соғысайұлы алдымыздан шықты. Тектілердің тұқымы құр жіберуден ұялса керек, уақытымыздың тарлығына қарамай киіз үйлі саяжайдың бірінен арнайы дастархан жайып, ақсарбастың басына бата қылдырды. Ел мен жердің әңгімесі шертіліп, сөз екі ел арасындағы көш-қон тақырыбына ауысқанда Нағыз Мұхамедұлы мынадай әңгіме айтты:

- Қазіргі көші-қонның тоқырауына себептің көбі Қазақстан жағынан болып отыр. Үрімжідегі елшілік визаны уақытында ашпай, кем дегенде 1-2 ай ұстайды. Ал жақында шешем мен бауырларымды көшіріп, Зайсанның Майқапшағай кеден бекетінен өткізіп келдім. «Алып жүрген тракторларың бар екен» -деп өндіріс құралы ретінде пайдаланып жүрген өз мүліктеріне кеденнен өтерде 33 мың қытай юанын алды. Бұл деген сұмдық қой! Азғана ақшамен бара жатқан олар барғанда қалай күн көреді? Ал көшірісіп барып оны көріп тұрған менің қасымдағы жігіттер жағасын ұстады. Олар да көшпек ниетте еді. Ана сұмдықты көріп үміттері селге кетті. Ал Қазақстан жағы осындай мәселелерді жөнге сала алмай отырғанда қалай көшіп бармақпыз.

Біз Нағыздың назына жауап бере алмай төменшіктей бердік. «Әй, ұятсыздар-ай!» -деп іштей ғана қынжылдық. Бір байқағанымыз бұл Нағыздың ғана жанайқайы емес, талай ағайынның өкпесін қара қазандай қылған шындық екен. Тіпті көптеген ағайынның кері көшіп кетуіне сондай сорақылықтар себеп болған көрінеді. Батыр елдің әулетінен батыра айтқан сөз естісек те ондағы ағайындармен қимай қоштастық.

Аудан орталығынан шыға бере Оспан жайындағы әңгімені тағы бір мәрте айтысып, шалғайда жатқан батыр қабіріне сырттай бет сипауға мәжбүр болдық.

Шығыс Түркістан аталған Шыңжаң өңірінен шыққан ұлт-азаттық қозғалысының жетекшісі, халық батыры Оспан Сламұлы (1899-1951 ж.ж.) осы ауданның Өндірқара деген жерінде туған.

1934 жылы Моңғолияның Баян-Өлгей жеріне барып жүріп, Оспан қолға түсіп, өзін ұстамақшы болған әскердің біреуін өлтіріп, бір бесатар, бір қылыш, 500 оқ алып құтылады. 1936 жылы “құрал жинау жүргізілгенде ” амалсыз бір бөлімін тапсырып береді. 1939 жылы 24 желтоқсанда Ақыт қажы ұсталғаннан кейін Есімханмен ақылдасып екеуі атқа қонады. Есімхан жүйрік ат табуға, Оспан қару-жарақ дайындауға келісіп, уағда бойынша тез қаруланады. 1940 жылы ақпанда Көктоғай ауданы әкімі Шүй Рылиң мен қасындағы сақшы бастықтарын тарпа бас салып, басын кесіп қолдарын қандайды. Осылайша Оспан батыр ұлт-азаттық көтерілісінің пілтесін тұтандырады. Осыдан кейінгі ұзақ жылдық ұлт-азаттық күресіне тікелей жетекшілік етеді. 1945 жылы қыркүйекте бүкіл Алтай аймағын қытайлардан азат етіп, өзі аймақтың уәлиі болады. Уаң Жын бастаған қызыл қытайлардың Шыңжаң жеріне кіруімен Гансу жеріне қарай шегіне соғыс жасайды.

1951 жылы ақпанда Қанамбал тауының Хайзы деген жерінде қапыда қолға түсіп, 1951 жылы 28 сәуір күні қытай коммунистерінің әскери сотының үкімімен атылған екен. Қазіргі кезде ондағы үкімет Оспанды «банды» деп атайтындықтан жұрттың бәрі оны ашық әңгіме қылудан қорқады. Деседе, ағылшын жазушысы гофедей Лиястың: «Оспан батыр егер бұдан бес-алты ғасыр бұрын дүниеге келгенде аталары Мөңке, Шыңғыс және Темірлан деңгейлес ұлы қолбасшы болар еді» деп баға бергені талай ойларға жетелейді.

Сейітхан Әбілқасымұлының “Оспан батыр ” романы (Алматы, “Ана тілі” баспасы), Жақсылық Сәмитұлының “Сергелдең” романы (Алматы, “Ана тілі” баспасы), “Оспан батыр ” мақалалар жинағы (Алматы. “Арда”баспасы 2007ж) секілді кітаптар арқылы да қазақстандық оқырмандар батыр есіміне біршама қанық. 2009 жылы қыркүйекте Алматы қаласында батырдың 110 жылдығы арнайы атап өтілді.

Көктоғайдың көп шежіресінің бірі «Бүркітбай батырдың әні» болса, енді бірі әйгілі Зуқа батырдың хикаясы екенін білетінбіз. Үрімжі-Алтай тас жолының жиегінде – алдымыздағы Белқұдық деген жерде үлкен қорымда зұлым үкіметке қарсы шыққан қас батырдың сүйегі жатыр. Бұл күндері үлкен зиратқа айнала бастаған қалың мазарлықты көргенде еріксіз тізгінімізді іркіп, тіземізді бүктік. Батыр рухына дұға бағыштадық.

1928 жылы дәл осы жұртта отырғанда Алтай аймағындағы қытай ұлығының жұмсауымен Ма Дарың деген дүңген қапияда бүкіл ауылдағы елу неше адамды қырып, Зуқаның басын кесіп алып, Сарсүмбе қаласына апарып құлағынан іліп қойған екен. Сондағы шаһиттердің бәрі де осы зиратқа қойылыпты. Кейіннен, яғни 1980 жылдардың басында Түркиядағы ұлы Сауат қажы Зуқаұлы туған жеріне оралып, бұрынғы ескі мазардың сыртын қызыл кірпішпен қоршап, жаңа қорған тұрғызыпты.

Жәбір-жапа көрген еліне қорған болған Зуқадай ерін халқы да қастерлеп олай-бұлай өткен жолаушының бәрі оның басына түсіп құран оқитын болыпты. Оспан батыр да өз кезінде осы Зуқа батырдан бата алған деп аңыз етіседі жұрт. Ердің егейлігі жайында сыр шертетін Батырхан Құсбегиннің «Зуқа батыр» романы Қазақстанда да жарық көріп еді.

(Жалғасы бар)