Әбләзовтің экс-сыбайласы Украина ІІМ-інің басқарма басшысы болып тағайындалды

БТА банктің бұрынғы басшысы Мұхтар Әбләзов жымқырған 3,3 млрд долларды заңдастыруға көмектесіп, кейін экономикалық рақымшылыққа ілінген заңгер Елена Тищенко Украинаның Ішкі істер министрлігінде басқарма басшысы болып тағайындалды.

Фото facebook.com

Фото facebook.com

Жаңа тағайындау жөнінде елдің ІІМ басшысы Арсен Аваков Facebook-тегі өзінің парақшасында хабарлайды.

Ол Тищенко жайында “бірегей тұлға, өзіне жүктелген ауыр міндеттерге төтеп бере алады” деп жазады. Аваков мұндай мамандар саусақпен санарлық екенін де жасырмайды.

“Бұл  адам біз үшін өте тиімді болмақ, ол Украинадан заңсыз шығарылған активтерді қайтаруға көмектеседі. Бұл адам осы деңгейдегі қызметтерде бұрындары істеген. Өте беделді, мүмкіндіктері зор адамдармен бетпе-бет келген кездері де болған, алайда Тищенко оларға тойтарыс бере алды”, – деп жазады Аваков.

ІІМ басшысы Елена Тищенконың халықаралық деңгейдегі заңгер екенін айтты. Тищенко туған елі мен Ұлыбританияда толыққанды білім алған.

Еске сала кетсек, 37 жасар төрт баланың анасы Елена Тищенко 2013 жылы Мәскеуде ұсталған болатын. Оны ресейлік құқық қорғау органдары Кипрдан ұшып келген тұста құрықтаған.

Кейін жүргізілген тергеу амалдарына сүйенсек, Тищенко БТА банкінің экс-басшысы Мұхтар Әбләзовтің сенімді тұлғасы болған. Ол банк меншігіндегі үлкен сомаларды шығаруға және заңдастыруға қатысқан. Әйелге қарсы Ресейде бірнеше қылмыстық іс қозғалды.

Тергеушілер Тищенконың Әбләзов бастаған заңсыз келісімшарттарын жасасуға көмектескенін,  сыбайластарды іздеумен айналысқанын айтады. Алайда қозғалған қылмыстық істің бірі соңына дейін жеткізілмесе, екіншісі бойынша әйелді тұтқындау мүмкін болмады.

2014 жылдың 3 қаңтарында Тищенко рақымшылыққа ілінді.

Дереккөз: Nur.kz