«Қаралы көш» халыққа жол тартты

Қазақстан Жазушылар Одағы­ның ұйымдастыруымен қара шаңы­рақтың Әдебиетшілер үйінде 15 қыркүйек күні жазушы Жәди ШӘКЕНҰЛЫНЫҢ «Тұран» баспасынан жарық көрген «Қаралы көш» атты тарихи романының талқысы өтті.

Аталған шараға Қазақстан Жазушылар Одағы басқарма төрағасының бірінші орынбасары, «Алаш» Халықаралық әдеби сыйлығының иегері, ақын Ғалым Жайлыбай, ф.ғ.д., профессор әдебиетші ғалым Тұрсынбек Кәкішев, ҚХР мемлекеттік сыйлығының иегерлері, жазушы Т. Рыскелдиев пен ақын С. Қапшықбаев, «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, жазушы Ж. Ахмади, ақындар Ж. Бөдеш, Р. Ниязбек, жазушы Н. Қапалбек, З.Сәнік, Б. Елубай, жас қаламгерлерден Д. Байтұрсынұлы, Ы.Дәбей, т.б. қатысты. Шараны жас ақын Саят Қамшыгер жүргізіп отырды.

Әдеби талқылауға жиналған қаламгерлер Ж. Шәкенұлының «Қаралы көш» кітабын ерекше жорғары бағалады. Алғашқы сөзді алған Ғ. Жайлыбай жаңа көркем шығармаға деген нақты көзқарастардың айтылуын, жалаң мақтауға бой ұрмауды алдын-ала ескерте келе, автордың еңбегіне терең сүйінішін білдірді. Сонымен бірге, жуықта ғана Қазақстан Жазушылар одағына мүше болуымен шын жүректен құттықтады. Осыдан кейін көрнекті жазушы Жанат Ахмади «Қаралы көш» кітабы туралы арнайы баяндама жасады. Ол өз баяндамасында ондағы кейіпкерлердің тыныс-тіршілігі хақында, романдағы бас кейіпкер Елісхан Әліпұлы бастаған қаралы көш керуенінің «тар жол тайғақ кешулеріне» аянышты қан төгістердіне оқырманның бей-жай қарай алмайтынына көз жеткізгенін атап өтті. Жалпы көркем шығарманың өн бойындағы адам жанына ерекше әсер ететін тарихи шындықтың шымыр топтасқан тұстарына айрықша тоқталды. Романды бүгінгі қазақ прозасына қосылған кесек еңбек ретінде бағалады.

Ал көрнекті әдебиетші ғалым Т. Кәкішев жиналған әдеби қауымды руға, топқа, жік-жікке бөлінбей бір тұтас қазақ халының мұңын мұңдап, жоғын жоқтауға, алауыздықтан аулақ болуға, яғни рухани тұтастыққа шақырды. Бүгінгі әдебиеттен де соны күтетінін білдірді. «Қаралы көш» романына ақ жол тілеп: «Жәдидің беделі бұрында әдеби қауым арасында қалыптасып үлгерген еді, ал мынау «Қаралы көш» кесек туындысы тіпті асқақтата түскендей» деп шынайы лебізін білдірді.

Сөз кезегінде Серік Қапшықбаев бұл туындынға жоғары баға беріп, Мемелекеттік сыйлыққа ұсыну керектігін ортаға қойса, Т.Рыскелдиев, З.Сәнікұлы бастаған алқалы топ «Қаралы көшке» Қазақстан Жазушылар Одағының «Халықаралық Алаш әдеби сыйлығын беру керек» деген ойларын ортаға салды.

Әбу Жарқынұлы